Абай энциклопедиясы — қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылық жолына арналған іргелі ғылыми-анықтамалық еңбек. Бұл кітап ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында, Қазақстан үкіметінің 1990 жылғы 22 ақпандағы арнайы қаулысына сәйкес қолға алынған маңызды жобалардың бірі болды.
Тарихы
Энциклопедияны дайындау жұмысын «Қазақ энциклопедиясының» ұжымы жүзеге асырды. Көпжылғы зерттеулер мен жинақтау жұмыстарының нәтижесінде, 1995 жылы «Атамұра» баспасынан қазақ тілінде жарық көрді. Бұл басылым тәуелсіз Қазақстан тарихындағы Абай мұрасын түгендеуге бағытталған алғашқы ауқымды қадамдардың бірі саналады.
Мазмұны
Энциклопедияның мазмұны абайтану ғылымының барлық қырларын қамтиды. Онда ақынның төл шығармаларына, аудармаларына, әлемге әйгілі қара сөздері мен тарихи-зерттеу мақалаларына ғылыми тұрғыда жан-жақты талдау жасалған. Кітапта ұлы ойшылдың дүниетанымына ерекше назар аударылып, оның философиялық, әлеуметтік, діни, психологиялық, педагогикалық, сондай-ақ экономикалық, этикалық және эстетикалық көзқарастары кеңінен ашылған.
Сонымен қатар, жинақта Абайдың өмірбаянына қатысты құнды деректер топтастырылған:
- Ақынның өскен ортасы, ата-тегі және ұрпақтары;
- Ұстаздары мен шәкірттері;
- Шығармаларында кездесетін жер-су атаулары мен тарихи тұлғалардың есімдері.
Басылымда ақын мұрасын зерттеу тарихы да назардан тыс қалмаған. Абай шығармалары бойынша күрделі зерттеулер жүргізген ғалымдар, оның өлеңдерін өзге тілдерге аударған шетелдік қаламгерлер туралы мәліметтер берілген. Ақынның әр жылдары жарық көрген кітаптары мен ол туралы жазылған жекелеген ғылыми еңбектерге қысқаша анықтамалық шолу жасалған.
Бас редакциялық алқа
Күрделі еңбекті әзірлеуге Қазақстанның жетекші ғалымдары, белгілі абайтанушылар және шетелдік авторлар атсалысты. Энциклопедияның ғылыми құндылығы мен сапасы мемлекет тарапынан жоғары бағаланды.
Редакциялық алқа мүшелері
- Рымғали Нұрғалиұлы Нұрғалиев – Бас редактор
- Айтмұхамед Абдуллаұлы Абдулин
- Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдин
- Мұхтар Әлиұлы Әлиев
- Вениамин Михайлович Әмірбаев
- Түймебай Әшімбайұлы Әшімбаев
- Мұрат Тәжі-Мұратұлы Баймаханов
- Иса Омарұлы Байтулин
- Еділ Ерғожаұлы Ерғожин
- Болат Ахметұлы Жұбанов
- Салық Зиманұлы Зиманов
- Нұрғали Көбенқұлов – жауапты хатшы
- Зейнолла Қабдолұлы Қабдолов
- Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдаров
- Манаш Қабашұлы Қозыбаев
- Аманжол Қошанұлы Қошанов
- Зейнолла Молдахметұлы Молдахметов
- Шерхан Мұртаза
- Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов
- Владимир Николаевич Околович
- Еркеғали Рахмадиұлы Рахмадиев
- Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев
- Әбу Сәрсенбаев
- Райымбек Ноғайбайұлы Сейтметов
- Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев
- Олжас Омарұлы Сүлейменов
- Жақау Дүйсенғалиұлы Сыдықов
- Қанафия Темірболатұлы Телжанов
- Байұзақ Алпысбайұлы Төлепбаев
- Ибрагим Хасенұлы Хасенов – Бас редактордың орынбасары
Марапаттар
1996 жылы аталмыш еңбектің авторлары мен шығарушылар тобына, атап айтқанда З. Ахметов, М. Мырзахметов, Р. Сыздықова және М. Құл-Мұхаммедке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.