Қолдау
Тегін жүктеу және ақпараттық платформа

Адам капиталы (ағылш. human capital) — адамның және жалпы қоғамның алуан түрлі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдаланылатын білім, білік және дағдылардың

Адами капитал

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Адам капиталы (ағылш. human capital) — адамның және жалпы қоғамның алуан түрлі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдаланылатын білім, білік және дағдылардың жиынтығы. Бұл терминді алғаш рет 1958 жылы американдық экономист Джейкоб Минсер қолданды, кейін 1961 жылы Теодор Шульц пен 1964 жылдан бастап Гэри Беккер бұл идеяны дамытып, адам капиталына салынатын инвестицияның тиімділігін негіздеді және адам мінез-құлқына экономикалық тұрғыдан келуді тұжырымдады.

Цифрлық өркениеттегі адам капиталының дамуына бағытталған негізгі сын-қатер — әлеуметтік-технологиялық инфрақұрылымның трансформациялану жылдамдығы. Жұмыскердің еңбек ету мүмкіндігін, олардың еңбегінің жемісті болуын, еңбек өнімділігі мен сапасын көтеретін білім, біліктілік ілім, тәжірибе нысанында адамдарға салынатын капитал. Адами капитал заттық (жеке) капиталдан: сатылмауымен, сатылып алынбаушылығымен, тек қана адам капиталы жасаған қызметтер ғана сатылатындығымен дараланады.

Анықтамасы

Бастапқыда адам капиталы ретінде адамның еңбек ету қабілетін арттыратын инвестициялар жиынтығы — тек білім мен кәсіби дағдылар ғана түсінілді. Кейіннен бұл ұғым кеңейді. Дүниежүзілік банк деректері бойынша, оған тұтынушылық шығындар — отбасының тамақтануға, киім-кешекке, тұрғын үйге, білімге, денсаулық сақтауға, мәдениетке жұмсайтын шығындары, сондай-ақ мемлекеттің осы мақсаттарға арналған шығыстары жатады.

Кең мағынада адам капиталы — бұл экономикалық дамудың, қоғам мен отбасы дамуының қарқынды өндірістік факторы. Оған еңбек ресурстарының білімді бөлігі, білім, зияткерлік және басқарушылық еңбек құралдары, өмір сүру және еңбек ортасы кіреді.

Адам капиталы — инновациялық экономика мен білім экономикасын қалыптастыру мен дамытудың басты факторы.

Адам капиталының жіктелуі:

  1. Жеке адам капиталы.
  2. Фирманың (кәсіпорынның) адам капиталы.
  3. Ұлттық адам капитал.

Тарихы

Терминді ең алғаш 1958 жылы Джекоб Минсер өзінің «Адам капиталына инвестициялар және табысты жеке бөлу» атты мақаласында ұсынды. Кейіннен бұл ұғым Теодор Шульцтің (1961) және Гэри Беккердің (1964) еңбектерінде көрініс тапты. Адам капиталы теориясының негізін қалағаны үшін Теодор Шульцке 1979 жылы, ал Гэри Беккерге 1992 жылы экономика саласындағы Нобель сыйлығы берілді. Сондай-ақ, 1971 жылғы Нобель сыйлығының иегері Саймон Кузнец те бұл теорияға елеулі үлес қосты.

Адам капиталы теориясы институционалдық теорияның, неоклассикалық теорияның және басқа да экономикалық ілімдердің жетістіктеріне негізделген. Оның пайда болуы нақты экономиканың адам рөлін тереңірек түсінуге деген сұранысына жауап болды.

Негізгі тұжырымдамалар мен зерттеулер

  • Саймон Кузнец: Дамушы елдердің алдыңғы қатарлы мемлекеттер тәжірибесін сәтті қолдануы үшін ең бірінші фактор ретінде «жинақталған адам капиталының жеткіліктілігін» атап өтті. Жоғары сапалы адам капиталы институттық реформаларды, технологиялық жаңаруды және ЖІӨ-нің тұрақты өсуін қамтамасыз ететін басты доминанта болып табылады.
  • Эдвард Денисон: Экономикалық өсу факторларын жіктеді. Ол өсу факторлардың санына емес, сапасына байланысты екенін дәлелдеді. Денисонның пікірінше, бір қызметкердің еңбек өнімділігінің артуына әсер ететін ең маңызды фактор — білім.
  • Теодор Шульц: Адам капиталын индустриялық және постиндустриялық экономиканың басты қозғалтқышы деп санады. Оның есептеуінше, қоғамдағы жиынтық өнімнің 3/4 бөлігі адам капиталын жинақтауға жұмсалады.
  • Гэри Беккер: Адам капиталы ұғымын микродеңгейге (кәсіпорын деңгейіне) көшірді. Ол білім алудың экономикалық тиімділігін есептеп шығарды. Беккердің есебі бойынша, жоғары білімге салынған инвестицияның қайтарымы (пайдасы) жылына шамамен 12-14%-ды құрайды.
  • Беккер «арнайы» және «жалпы» инвестицияларды ажыратып көрсетті. Арнайы дайындық (белгілі бір фирмаға ғана тән дағдылар) кәсіпорынның бәсекелестік артықшылығын, ноу-хауын және брендін қалыптастырады.
Жоғары