| Анн Л’Юилье | |
| фр. Anne L'Huillier | |
| | |
| Туған күні | 16 тамыз 1958 (68 жас) |
|---|---|
| Туған жері | Париж, Франция |
| Азаматтығы |
|
| Ғылыми аясы | физика, аттосекундтық физика және ultrafast imaging |
| Жұмыс орны | Лунд университеті |
| Альма-матер | Жоғары қалыпты метебі, Фонтене-о-Роз |
| Ғылыми жетекші | Бернард Каньяк |
| Марапаттары |
|
| Сайты | |
Анн Л’Юилье (фр. Anne L'Huillier; 16 тамыз 1958, Париж) — француз-швед физик. Швециядағы Лунд университетінде атомдық физика профессоры, онда электрондардың нақты уақыт режиміндегі қозғалысын зерттейтін аттосекунд физика тобын басқарады, бұл топ атом деңгейіндегі химиялық реакцияларды түсіну үшін қолданылады. 2004 жылдан бері Швеция Корольдік Ғылым Академиясының мүшесі. Физика саласында әртүрлі марапаттарға ие болды, соның ішінде физика бойынша Вольф сыйлығы (2022) және физика бойынша Нобель сыйлығы (2023, Пьер Агостини және Ференц Крауспен бірге).
Өмірбаяны
Анн Л’Юилье 1958 жылы Парижде дүниеге келген. Ол мансабын эксперименталды физикаға ауыстырмас бұрын теориялық физика және математика бойынша ғылым магистрі дәрежесін алды. 1986 жылы жоғары қарқынды лазерлік өрістердегі көптік иондану бойынша диссертациясымен PhD дәрежесін алды. Чалмерс технологиялық университетінде (Гетеборг) және Оңтүстік Калифорния университетінде (Лос-Анджелес) постдокторантуралық қызметтерді атқарды. 1986 жылдан бастап Саклайдағы Балама энергия және атом энергиясы комиссиясының (CEA) зерттеу бөлімінде толық уақыт жұмыс істеді. 1995 жылы ол Швецияға көшіп, Лунд университетінде алдымен доцент, ал 1997 жылдан бастап физика бойынша толық профессор болып жұмыс істеді. 2007 жылдан 2015 жылға дейін Л’Юилье физика бойынша Нобель комитетінде қызмет етті.
1987 жылы Саклде жұмыс істеп жүргенде, Л’Юилье және оның әріптестері лазерлік сәулелену инертті газ арқылы өткенде, фотондардың атомдармен әрекеттесуі көптеген жоғары жиілікті гармоникалардың пайда болуына әкелетінін және бұл гармоникалардың қарқындылығы (33-ке дейін) төмендемейтінін, бірақ шамамен тұрақты болып қалатынын анықтады.
1991 жылы Л’Юилье Кеннет Шафер мен Кеннет Кулэндермен бірге бұл күтпеген нәтижеге теориялық түсініктеме берді, ал 1994 жылы ол бұл процестің толық кванттық теориясын бірлесіп жазды. Бұл теория сонымен қатар гармоникалардың шығарылуын қалай синхрондауға болатынын — сайып келгенде бір фемтосекундтан қысқа ультрақысқа импульсті қалай жасауға болатынын көрсетті. Бұл нәтиже аттосекунд физикасының дамуындағы маңызды кезең болды.
1992 жылы Л’Юилье Еуропадағы фемтосекунд импульстарын генерациялайтын алғашқы титан — сапфир қатты денелі лазерлік жүйелердің бірін құрған экспериментке қатысты. 2003 жылы Л’Юилье тобы бүгінгі күнге дейін ең қысқа лазерлік импульсті, ұзақтығы 170 аттосекундты алды. 2017 жылы ол фотоиондалу процесін зерттеуге аттосекундтық лазерлік импульс әдісін қолданып, әртүрлі атом қабықшаларынан электрондардың қашу уақытының айырмашылығы ондаған аттосекундтан аспайтынын көрсетті.
Марапаттар
- 1997 — Америкалық физикалық қоғамының мүшесі
- 1998 — Горан Густафссон атындағы физика сыйлығы, Швеция Корольдік ғылым академиясы
- 2003 — Қолданбалы физика бойынша Юлий Шпрингер сыйлығы
- 2004 — Швеция Корольдік ғылым академиясының мүшесі
- 2007—2015 — физика бойынша Нобель комитетінің мүшесі
- 2011 — L’Oréal-UNESCO ғылымдағы әйелдерге арналған сыйлығы
- 2013 — Карл Цейс сыйлығы
- 2013 — Еуропа ғылым академиясының Блез Паскаль медалі (EurASc)
- 2013 — Пьер және Мари Кюри университетінің құрметті докторы
- 2014 — Еуропалық физикалық қоғамның физикадағы әйелдерге арналған Эмми Нётер сыйлығы
- 2015 — Йенадағы Фридрих Шиллер университетінің құрметті докторы
- 2018 — Америка Құрама Штаттарының Ұлттық ғылым академиясының шетелдік мүшесі
- 2019 — Еуропалық физикалық қоғамның кванттық электроника және оптика саласындағы сыйлығы
- 2021 — Оптикалық қоғамның «ультражылдам лазерлер мен аттосекундтық физика саласындағы ізашарлық жұмысы, жоғары гармоникалық генерацияны жүзеге асыру және түсіну және оны атомдар мен молекулалардағы электрон қозғалысын уақыт ажыратымдылығымен визуализациялауға қолдануы» үшін Макс Борн сыйлығы
- 2021 — Австрия ғылым академиясының корреспондент мүшесі
- 2022 — «ультражылдам лазерлік ғылымға қосқан ізашарлық үлесі» үшін физика бойынша Вульф сыйлығы және аттосекунд физикасы» (Ференц Крауш және Пол Коркуммен бөліскен)
- 2022 — іргелі ғылымдар саласында BBVA Foundation Frontiers of Knowledge Award
- 2022 — Оптикалық қоғамның мүшесі
- 2023 — «заттағы электрондардың динамикасын зерттеу үшін жарықтың аттосекундтық импульстарын генерациялаудың эксперименттік әдістері үшін» Физика бойынша Нобель сыйлығы (Пьер Агостини және Ференц Крауcпен бірге)
- 2024 — Поляр жұлдызы орденінің Үлкен крестінің командоры
- Алфавит бойынша тұлғалар
- Алфавит бойынша ғалымдар
- 16 тамызда туғандар
- 1958 жылы туғандар
- Швед корольдік ғылым академиясының мүшелері
- Франция физиктері
- Шведция физиктері
- Физикадан Нобель сыйлығының иегерлері
- Құрмет легионы орденінің иегерлері
- Құрмет легионы орденінің офицерлері
- Құрмет легионы орденінің командорлары
- Физиктер