Бұйрықты сөйлем ( орыс. побудительное, повелительное предложение ) - қимыл-әрекетке итермелу мақсатында айтылған сөйлем.
Бұйрықты сөйлем көбінесе ауызекі тілге тән. Бұйрық мағынасы әр түрлі реңкте білдіріледі: егер бұйыру қатал талап мағынасында жұмсалса, дауыс көтеріңкі айтылады, ал өтініш, тілек мағынасында айтылса, бәсең айтылады. Бұйрықты сөйлемдердің баяндауыштары етістіктің бұйрық және қалау райлары арқылы жасалады:
- 1. Баяндауыштары етістіктің бұйрық райының 2-жағында болса, Бұйрықты сөйлем бұйрық, талап ету мәнінде айтылады. Мысалы: - Сен мен не істесем, соны істе! - деді Ұлпан Шынарға сыбырлап (Ғ.Мүсірепов).
- 2. Баяндауыштары бұйрық райының 3-жағында болса, Бұйрықты сөйлем талап, тілек мәнінде айтылады. Мысалы: Қара көктің жал-құйрығы қара ғой, қаралы aт осы болсын! - деді (М. Әуезов).
- 3. Баяндауыштары етістіктің бұйрық райында айтылып, оған -шы/-ші қосымшасы жалғанса, Бұйрықты сөйлем тілек, жалыныш немесе сыпайы түрде бұйыруды, кейде сес көрсетіп, қорқыту мәнін білдіреді. Мысалы: Орныңнан ары отырған бер отырушы, Қолымда қармағым жоқ ілдіргелі (халық өлеңі). - Қане, осы баланың бәйгесін бермей көрші (Ғ. Сланов).
- 4. Баяндауыштары етістіктің қалау, бұйрық райлары тұлғасынан жасалғанда, Бұйрықты сөйлем ұран, үндеу мағынасын білдіреді: Мысалы: - Канта, түс аттан! Қапта тегіс! - деп Көтібақ, Топай, Торғай жігіттерін де тұтас айдап салды (М. Әуезов).
- 5. Баяндауыштары ашық райдың келер шақ тұлғасынан жасалса, бұйрық мағынасын білдіреді. Мысалы: Бүгіннен бастап олармен сөйлеспейсің (М. Әуезов).