
Ер (тағы еркек) — ересек адамның еркегі. Бала, не жас өспірім болған ерлерді ұл деп атайды.
Өзге еркек сүтқоректілердей, ердің геномы жиі анасынан X-хромосомасын және әкесінен Y-хромосомасын алады. Жалпы, ұрықтың кейін ұл болатынын оның Y-хромосомасында бар SRY гені арқылы білуге болады. Андрогендер көбейтетін жыныстық жетілуі кезінде ерлерде екінші реттік жыныс белгілері пайда болады да, ер мен әйел арасындағы физикалық айырмашылықтар көбейе түседі. Осылар қатарына қаңқа бұлшық еті тінінің үлкеюі, бойының мен сақал-мұртының өсуі және дене май қыртысының азаюы бар. Ер анатомиясын әйелінен айыратыны — ер репродуктивті жүйесі, оған жұмалақ, шәует шығаратын түтік, қуықалды без, атабез қосалқысы, пенис жатады. Екінші реттік жыныс белгілері қатарында жіңішкелеу жамбас белдеуі мен кішірек емшегі бар.
Адамзат тарихы бойы бар гендерлік рөлдер ерлердің қабілеттері мен артықшылықтарын белгілеп жүрген. Ерлер жиі әскери қызметке шақырылады немесе өлім-жетім деңгейі жоғары кәсіптерге жіберіледі. Діни ережелердің біразы ерлерге арнап жеке міндеттер салады, мысалы сүндеттеу рәсімі. Ерлер әйелдерге қарағанда зорлық-зомбылыққа көбірек кінәлі де, оған көбірек құрбан да болады.
Транс-ерлер — гендерлік сәйкестігі жеке, туғанында әйел болған ерлер. Интерсекс ерлердің анатомиясы әйелдің де, ердің де әдеттегі анатомиясына сәйкес келмейді.
Этимологиясы
Ер сөзі бірдей мағыналы көне түркі тіліндегі *ēr сөзінен шыққан. Оның этимологиясы әбзелді білдіретін ер омонимінің этимологиясынан ерекшеленеді.
Еркек сөзі биологиялық еркек жынысын білдіретін көне түркі тіліндегі *ẹrkek ~ *hẹrkek сөзінен шыққан. Оның когнат қатарына түрік пен қырым татарының erkek, қырғыздың эркек және әзербайжанның erkək сөздері жатады. Жігіт сөзі де көне түркінің сөзінен шыққан, оның алғашқы оқылуы *yigit болған және мағынасы жас жігіт болған делінеді.
Биологиясы

Адамдардағы шәует жасушалары X, не Y-хромосомасына ие болады. Аналық жыныс жасушасына Y-хромосоманы ие шәует жасушасы жетсе, ұрық еркек кариотибіне ие болмақ.
Ер мен әйел адамдардың биологияларында бірнеше айырмашылық бар. SRY гені көбіне Y-хромосомасында табылады және ол жұмалақтың дамуына әкеледі, ол кейін еркектерге тән басқа да ерекшеліктерді құруға жауапты. Еркектердегі жыныс дифференциациясы аталық безге тәуелді жолмен жүреді, ал әйелдердің дифференциациясы гонадқа тәуелді емес.
Біріші реттік жыныс белгілері (басқаша айтқанда жыныс мүшелері) — дүниеге келген кезде адамда пайда болатын және ұрпақты болу процесінің ажырамас бөлігі болып табылатын ерекшеліктер. Ерлер үшін бірінші реттік жыныс белгілеріне пенис пен жұмалақтар жатады.
Ересек адамдар түрлі басқа да ерекшеліктері арқылы жыныстық диморфизм көрсетеді, олардың біразы көбеюге де қатыспайды. Ерлер мен әйелдер дене өлшемдері, дене құрылысы және дене құрамы бойынша ерекшеленеді. Ерлердің, әйелдермен салыстырғанда, жиі бойы ұзынырақ, салмағы үлкенірек болады. Ерлерде, әйелдерге қарағанда, арық және сүйек массасы көбірек және май массасы төмен болады.

Екінші реттік жыныс белгілері деп біз жыныстық жетілу кезінде адамдарда пайда болатын ерекшеліктерді атаймыз. Бұл ерекшеліктер адамдар жыныстық диморфизмінің ең байқалатын сипаттамасына жатады, алайда олардың бірінші реттік жыныс белгілерінен ерекшелетіні — көбею процесіне қатыспайтыны. Ерлерге ғана тән екінші реттік жыныс белгілері қатарына:
- кеңейген иық;
- көбейген дене шашы;
- үлкен көмей шодыры;
- бала, не әйелмен салыстырғанда төмен дауыс кіреді.
Ерлердің салмағы әйелдермен салыстырғанда үлкен болады. Орта есеппен алғанда, ерлердің бойы әйелдердікімен салыстырғанда 10%-ға ұзынырақ болады. Орта есеппен алғанда, ерлердің белі жамбасымен салыстырғанда кеңірек болады, әйелдерде бұл ерекшелік әдетте керісінше келеді. Әйелдерде әдетте сұқ саусағы мен аты жоқ саусағы бір-біріне көлемі бойынша ұқсайды және сұқ саусағы аты жоқ саусағынан ұзынырақ болады. Ерлерде сұқ саусағы, керісінше, қысқа келеді.
Көбею жүйесі

Ерлердің ішкі жыныс ағзалары қатарына жұмалақтар, сперматозоид шығаратын гонадтар, қуықалды без, жыныс бездері, бульбоуретраль бездері, сперматозоидты ұстайтын аналық без қосалқысы, шәует шығаратын түтік пен несеп жолына жетілген шәуетті жеткізетін шәует шашатын түтік жатады.
Ерлердің сыртқы жыныс ағзалары қатарына шәуетті сыртқа шығаратын пенис пен жұмалақты ұстайтын ұма жатады.
Ерлер көбею жүйесінің мақсаты — құрамында ДНҚ-сы бар шәуетті шығарып, ұрпақ құру мақсатымен әйелде бар аналық жыныс жасушасына жеткізу. Шәует әйелдің жатырына, жұмыртқа жолына жетіп, ұрыққа айналады да, ерлер осылайша буаздық процесіне қатыспайды. Ерлердің көбею жүйесін зерттейтін ғылым андрология деп аталады.
Денсаулығы

Дүниежүзілік денсаулық сақтау саласындағы гендерлік теңсіздіктердің көпшілігі әйелдерге қатысты болса да, ерлер төмен нәтиже көрсететін жағдайлар да бар. Мұндай жағдайлардың бірі — қарулы қақтығыстар, онда көбінесе ер адамдар тікелей құрбан болады. 1955 жылдан 2002 жылға дейін 13 елдегі қақтығыстарды зерттеу барлық зорлық-зомбылықтан қаза тапқандардың 81% ер адамдар екенін көрсетті. Бұл еркектік идеалдарды агрессивті, қарсыластық мінез-құлықпен байланыстыратын әлеуметтік сенімдерден туындайды.
Ескертпелер
- Қазақстанның кейбір өңірлерінде ұл сөзінің орнына бала сөзі қолданылады.
Тағы қараңыз
- Ерлік
- Патриархат
| Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Еркек |
- Еркек