Жабайы жүзім (Vіtіs vіnіfera) — жүзім тұқымдасына жататын, ағаштанып қатайып кеткен көп жылдық шырмауық. Қаратау жотасында (Боралдай тауы, Бозторғай қонысы, Бөген, Көкбұлақ, Қиыршықты өзендері алабында), Талас Алатауының сілемдерінде және Іле Алатауының батысында кездеседі. Биікт. 20 — 30 м. Тамыры тереңге жайылады. Жапырақтары дөңгеленіп келген, жиектері тілімденген, кезектесіп орналасады. Сабағының ұшындағы ширатылған мұртшаларымен басқа өсімдіктерге шырмалып өседі. өсақ гүлдері қос жынысты, қалың сыпыртқыгүл гүлшоғырына топталған. Ж. ж. тұқымынан және вегетативтік (өсімді) жолмен көбейеді. Мамыр — маусымда гүлдеп, тамыз — кыркүйек айларында жеміс береді. Жемісі — ұсақ, қанық қызыл, сарғыш-жасыл, жасыл түсті. Дәмі тәтті не қышқылтым болады. Ж. ж-нің шипалық және емдік маңызы зор. Оның құрамында А1, В1, В2, РР витаминдері бар. Ж. ж. — өте сирек кездесетін өсімдік болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.
- Жүзімдер