Ислам Жеменей (1 қыркүйек 1952 ж.т., Иран Ислам Республикасы, Горган қаласы) — шығыстанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ҚР мәдениет қайраткері. Түркияда шығатын «Guncel sanat» журналының Қазақстандағы өкілі, Иран Ислам Республикасы «Фирдауси» атындағы ғылыми-зерттеу қорының ақылдар алқасы мүшесі, Өзбекстан Республикасы «Зәһиреддин Мұхаммед Бабыр» атындағы ғылыми-зерттеу қорының Қазақстандағы өкілі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарапынан «Ерен еңбегі» (2022) үшін төсбелгісі, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану Институты тарапынан «Шығыстану ғылымына сіңірген еңбегі үшін» (2022) төсбелгісі, «Д.Қонаев қорының» мерейтойлық төсбелгісі (2022), Өзбекстан Республикасы Ферғана Мемлекеттік университетінің «Құрметті профессор» (2024) ғылыми атағы берілді.
Еңбек жолы
1929-1933 жылдары Кеңес өкіметінің қысымы салдарынан Иран жеріне қоныс аударған маңғыстаулық қажы Ақмұраттың перзенті, экономика ғылымдарының магистрі, педагог-әдебиетші. Иран әдебиеті мамандығы бойынша Горгандағы орта оқу орнын (1970), Теһрандағы Иран ұлттық университетінің педагогика ғылымдары факультетін психология мамандығы бойынша (1980), Түркиядағы Стамбул университетінің экономика факультетінің магистратурасын (1983) бітірген. Қазақстан Республикасында кандидаттық (1999) және докторлық (2007) диссертациясын қорғаған. Иранның Горган, Бәндәр-Түрікмен, Мешһед, Теһран, Тәбриз қалаларының оқу орындарында 15 жыл әдебиет, философия, қоғамтану, логика, психология пәндерінен сабақ берді. 1990-1993 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінде парсы тілінің оқытушысы, Түркияның «Заман қоғамының» Қазақстандағы өкілі, «Заман-Қазақстан» газеті редакторының орынбасары, «Парасат» журналының редакторы, Иран-Қазақстан бірлескен компаниясының директоры болды. 1996 жылы қыркүйектен Түркістандағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті және Этнография институтының ғылыми қызметкері, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар университеті шығыс кафедрасының доценті болып қызмет істеді. 2000 жылдан бастап М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жетекші ғылыми қызметкері. 2007 жылдан бастап ТарМУ-дың Дулаттану ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, директоры, профессоры. Сондай-ақ 2005 жылы Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері белгісімен марапатталды.
- Ғалымдар