| Сүйінішқожа хан өзб. Suyunchxoʻjaxon / Suyunchakxon / Suyunchik Sulton | |||
| Лауазымы | |||
|---|---|---|---|
| |||
| 1512 — 1525 | |||
| Ізашары | Мұхаммед Қасым Күхбүрде | ||
| Ізбасары | Келді Мұхаммед | ||
| |||
| наурыз 1511 — желтоқсан 1512 | |||
| Ізашары | Мұхаммед Шайбани (1500–1510) | ||
| Ізбасары | Көшкінді хан (1512–1530) | ||
| |||
| 1503 — 1511 | |||
| Ізашары | Сұлтан Махмұт хан | ||
| Ізбасары | Мұхаммед Қасым Күхбүрде | ||
| Өмірбаяны | |||
| Дүниеге келуі | 1454 Өзбек хандығы | ||
| Қайтыс болуы | 1525 Ташкент, Бұхара хандығы | ||
| Әкесі | Әбілқайыр хан | ||
| Анасы | Рәбия сұлтан бегім | ||
| Балалары | Келді Мұхаммед Наурыз Ахмет хан Ойсұлу | ||
| өңдеу | |||
Сүйінішқожа хан (парсы: سویونچ خوجه خان; өзб. Suyunchxoʻjaxon / Suyunchakxon / Suyunchik Sulton; 1454–1525 жылдар, Ташкент) — Темір әулетінен шыққан Мырза Ұлықбектің ұрпағы, 1511–1512 жылдары Бұхара хандығында билік құрған және Ташкент уәлаятының (1503/1508–1525) үлестік билеушісі болған Шайбанилер әулетінің өкілі.
Сүйінішқожа ханның билік еткен кезеңінен бастап және оның мұрагерлері тұсында аймақтың әдеби өмірінде өзбек тілінің рөлі күшейе түскені байқалады, ал Ташкент көптеген зиялы қауым өкілдерін өзіне тартатын орталыққа айналды.
Есімі
Сүйінішқожа сұлтанның шын есімі — Әбу Наср Камал ад-дин Сүйініш бек, осыған байланысты тарихи әдебиеттерде оның есімі Сүйінішқожа хан және Севиндж-хаджа ретінде де кездеседі.
Шығу тегі
Өзбек ұлысының негізін қалаушы Әбілқайыр ханның (1428–1468) он бір ұлы болған, оның тоғызыншысы — Сүйінішқожа сұлтан. Сүйінішқожа сұлтанның анасы Рәбия сұлтан бегім — Темір әулеті мемлекетінің билеушісі Мырза Ұлықбектің (1409–1449) қызы. Әбілқайыр хан мен Рабия Сұлтан бегімнің тағы екі ұлы болған: Сүйінішқожа сұлтанның ағасы — Көшкінді сұлтан және інісі — Ақбұрын сұлтан.
Саясат және әскери қызметі
XV ғасырдың соңғы онжылдықтарынан бастап Сүйінішқожа сұлтан Өзбек ұлысындағы билік үшін Керей хан мен Жәнібек ханға қарсы Шибанилердің шайқастарына, сондай-ақ XVI ғасырдың басында жиені Шайбани ханның Мәуереннахрға жасаған жорықтарына қатысты.
Белгілі дін ғұламасы әрі саяхатшы, тарихшы Рузбехан Исфахани Сүйінішқожа ханға мынадай сипаттама береді:
| «Мәртебелі айбынды, ізгі ниетті сұлтан, даңқты билеуші, жоғары дәрежелі падишах Сүйінішқожа сұлтан — ұлы хан Әбілқайыр хан мәртебелісінің болмыс теңізіндегі [маржаны]... Ташкент тағы мен оған қарасты аймақтар оның мәртебелісінің құдіретті де айбынды қолында». |
Жаңа әулеттің негізін қалаушы Шайбани хан (1500—1510) 1503 жылы (басқа мәліметтер бойынша 1508 жылы) Ташкент иелігінің сұлтаны етіп өзінің көкесі — Сүйінішқожа сұлтанды тағайындады. Қожа Әбілбақа ибн Бахауддиннің «Жами ал-мақамат» (XVII ғасыр) шығармасындағы мәліметтерге сәйкес, Сүйінішқожа сұлтан бастаған Шайбанилер әскері Ташкентті қоршауға алып, Шейх Хауанд Тахурдың ұрпағы Қожа Тахир ұйымдастырған қаланың ерлікпен қорғалуына қарамастан, соңында оны басып алған.
Рузбихан Исфахани өз еңбектерінде Сүйінішқожа сұлтан әскерінің құрамы туралы жазған. Оның айтуынша, он мыңнан асатын қол «тегі моңғолдармен және шағатайлармен араласпаған» өзбек атты әскерінен тұрған. Автор бұл әскердің артықшылықтарын жоғары бағалаған.
Шайбанилердің жоғарғы ханы — Бұхара хандығының ханы
1511 жылғы, Мерв шайқасында Шайбани ханның күтпеген өлімінен кейін бірнеше ай өткен соң, Сүйінішқожа хан жоғарғы хан болып сайланды. Оның таққа көтерілуі Самарқанда, Әмір Темірдің Бибі ханым атауымен кеңінен белгілі жұма мешітінде өтті.

Сол уақытта сефевидтік І Исмаил шах шығысқа қарай шабуылын жалғастыра берді: Герат шайқассыз алынып, басты лауазымдарға шахтың адамдары тағайындалды. 1511 жылдың көктемінде І Исмаил Оңтүстік Түркістанның Әмудария сыртындағы аймақтарына кіреді. Мұхаммед Темір сұлтан мен Ұбайдулла хан Шайбани ханның бұрынғы уәзірі қожа Камаледдин Махмұт Сағаржи арқылы І Исмаилдан Мәуереннахрға кірмеуді өтінеді, шах бұл ұсынысқа келіседі. Туыстарының бұл әрекеті Сүйінішқожа ханның наразылығын тудырды. Нәтижесінде Әмударияның сол жағалауындағы барлық аудандар қысқа уақытқа Сефевидтерге өтіп, оң жағалауы Шайбанилердің қолында қалады. Сүйінішқожа хан істің мұндай нәтижесімен келіспей, «Шайбанилер туысының қаны үшін кек алуға тиісті адаммен татуласу мүмкіндігіне жол бергісі келмеді».
Ферғана жорығы

1511 жылы Сүйінішқожа хан әлі Бабырдың тұсында наменгер болып тағайындалған сол жердің билеушісі Сұлтан Саид ханға қарсы Ферғанаға жорық ұйымдастырды. Олардың арасындағы шайқас Ангрен өзенінің бойында өтіп, оған Сүйінішқожа ханның өзі тікелей қатысты. Сұлтан Саид ханның әскері сан жағынан екі есе басым болғанына қарамастан, күл-талқан етілді. Сүйінішқожа хан Ферғанаға келіп, Әндіжанда ұлы Келді Мұхаммедті қалдырып, өзі Ташкентке қайтты. Ал Сұлтан Саид хан Шығыс Түркістан тарапқа қашып кетіп, кейін ол жерде Моғолстан (Мамлакат-и Моголийе) мемлекетінің негізін қалады.
Ғыждуан шайқасы
1512 жылы Сүйінішқожа ханның билігі тұсында Ғыждуанда шешуші шайқас өтті. Бұл соғыста бір тараптан Мәуереннахр Шайбанилері, екінші тараптан Наджм Сани бастаған Сефевидтік Иран әскері бетпе-бет келді. Шайқас барысында Ұбайдулла хан бастаған Шайбанилер Наджм Сани армиясын толықтай талқандап, шешуші жеңіске жетті.
Бұхара хандығындағы саясат пен билік
Сүйінішқожа хан таққа отырғаннан кейін, өз туыстарына Шайбани хан мәжбүрлеп тартып алған иеліктерін қайтарып берді. Ал Шайбани ханның ұлы Мұхаммед Темір сұлтанға қосымша елдің оңтүстігіндегі аймақтарды — Кеш, Несеф, Гузар және Дербентті соған іргелес жатқан жерлерімен, яғни Әмудария жағалауына дейінгі аумақты иелікке берді. 1512 жылдың соңында барлық шайбанилік сұлтандар Самарқанға жиналып, Ұбайдулла ханның келісімімен билеуші болу үшін осы жерге Сүйінішқожа ханның ағасы — Көшкінді сұлтанды шақырады. Осыдан кейін Сүйінішқожа хан жоғарғы хан лауазымынан бас тартып, жолының үлкендігіне байланысты оны ағасына береді. Осылайша Көшкінді хан (1512—1530) әулеттің жоғарғы ханына айналады.
Академик В.В. Бартольдтың мәліметтеріне сәйкес, Сүйінішқожа хан Шайбанилердің жоғарғы ханы болып жарияланғанға дейінгі кезеңде, астана Самарқанның ақсүйектері Ұбайдулла сұлтанның диуан басы — Қожа Низамның жетекшілігімен кеңес ұйымдастырған. Ұбайдулла сұлтан Самарқан шонжарларының келісімімен хан болып жарияланып, жұма хұтпасын өз атына оқытуды бұйырады, бірақ кейін бұл туралы Сүйінішқожаға хабарлау үшін елші жібереді. Сүйінішқожа оған өзі жаулап алған аймақты, яғни Бұхараны беретінін айтып жауап қатады. Кейіннен Көшкінді хан жоғарғы хан болып жарияланса да, бүкіл нақты билік Убайдулла ханның қолында қалады. Ол Бұхараға аттанып, сол жерден шайбанилік сұлтандарға иеліктерді бөліп береді.
Ташкент уәлаятындағы саясат
Ағасы жоғарғы хан болып жарияланғаннан кейін Сүйінішқожа хан өз иелігіне қайтады. Бұл уақытта оның орнына қалған Мұхаммед Қасым Күхбүрде Ташкент қамалына бекініп алады, сондықтан Сүйінішқожа ханға Ташкентті қоршауға алуға тура келеді. Бірнеше күндік қоршаудан кейін бекініс алынып, бүлікшілердің кейбірі өлім жазасына кесіледі. Осы сәттен бастап өмірінің соңына дейін Сүйінішқожа хан Ташкент уәлаятын құрметті хан лауазымымен басқаруды жалғастырады.
Қазақ хандары мен сұлтандарына қарсы шайқастар
1509 жылдың 23 ақпанында Шайбани хан солтүстік-шығыс шекараға үшінші рет жорыққа шығуға мәжбүр болды, өйткені бұған дейін Жаныш сұлтан Бұхара мен Самарқанға қарақшылық жорық жасап, көптеген адамды тұтқынға алған еді. Бұл шайқаста 13 мыңдық әскерімен Сүйінішқожа сұлтан да болды. Рузбехан Исфаханидің мәліметінше, Сүйінішқожа сұлтанның әскері шайқас кезіндегі ауызбіршілігімен, жауынгерлік рухымен және батылдығымен ерекше көзге түскен.
1513 жылы Сүйінішқожа хан Ташкентке шабуыл жасаған Қасым ханның бетін қайтарды. Шайқастың қызған шағында Қасым хан атынан құлап түседі, бірақ қарсыластары оны танымай қалғандығының арқасында ғана аман қалады. Академик В.В. Бартольд Мырза Мұхаммед Хайдардың сөздеріне сүйене отырып: «Осыдан кейін Қасым хан жаулап алушылық туралы армандамайтын болды», — деп жазады. Сүйінішқожа хан қазақ сұлтандарына қарсы бірнеше рет жорық жасап, үлкен олжамен оралып отырған.
«Тарих-и Рашиди» еңбегінде 1522–1523 жылдары Ташкент билеушісі Сүйінішқожа ханның қазақтарға қарсы Дешті Қыпшаққа жорық жасап, жеңіске жеткені айтылады, бірақ дереккөзде оның қарсыластарының есімдері аталмайды. Алайда бұл мәлімет бұл жеңілістің Қазақ хандығындағы саяси жағдайға қалай әсер еткенін түсіну үшін тым қысқа.
Оңтүстік Түркістан мен Хорасанға жорықтар

Өзбек сұлтандарының Хорасанға жорық ұйымдастыру үшін Бұхарада өткен жиынына Сүйінішқожа сұлтан да өз әскерімен келеді. Кездесу қорытындысы бойынша Құндыз, Бағлан және Бадахшанға жорық жасау туралы шешім қабылданады. Әскер жорықтан үлкен олжамен оралған соң, Сүйінішқожа хан хандар мен сұлтандарды Хорасанға аттануға көндіруге тырысады, бірақ онысынан ештеңе шықпайды. Содан соң ол амалсыз Ташкентке оралуға мәжбүр болады, онда оған қазақ сұлтандарымен бірнеше рет шайқасуға тура келеді.
Моңғол және қазақ сұлтандарын толықтай жеңгеннен кейін Сүйінішқожа хан Хорасанға жорық жариялады. Шайбанилік хандар мен сұлтандар тағы да Бұхараға жиналып, Әмудариядан өтіп, Гератқа тақап келді. Қала алынуға шақ қалғанда, сұлтандар кенеттен кері қайтуға шешім қабылдайды. Сүйінішқожа хан олардың бұл әрекетіне наразы болса да, амалсыз соңдарынан еріп, Ташкентке оралады. Ол жаңа жорыққа белсенді түрде дайындала бастайды, бірақ кейін бұл жоспарына өзінің қаза болуы кедергі келтіреді.
Мәдениет саласындағы саясаты


Сүйінішқожа ханның билігінен бастап және оның мұрагерлері тұсында аймақтың әдеби өмірінде өзбек тілінің рөлі күшейе түскені байқалады; Ташкент көптеген зиялы қауым өкілдерін өзіне тартатын орталыққа айналады. Сүйінішқожа ханның бұйрығымен бірнеше шығарма парсы тілінен өзбек тіліне аударылды. Кейінірек оның ұлы Наурыз Ахмет хан үшін парсы ақыны Саади Ширазидің «Бостан» атты көркем безендірілген қолжазбасы қайта көшіріп жазылды.
Ташкенттегі үлестік билеушілердің ресми құжаттары да ескі өзбек тілінде толтырылып отырған. Мұндай құжаттардың үлгілері, мысалы, бұрын белгісіз болып келген «Жарлықтар жинағындағы» деректер бүгінгі күнге дейін сақталған. Бұл құжаттар Өзбекстан Ғылым академиясы Шығыстану институтының қолжазба қорында «1644» инвентарлық нөмірімен сақтаулы және ғылым үшін маңызы өте зор. Жинақта XVI—XIX ғасырларға жататын 146 ферман (жарлық), сойырғал және тархандық грамоталар бар; олар хандар мен жергілікті билеушілер тарапынан «әулие» Сұлтан Саидтың ұрпақтары — Қарақан сайиидтерінің атына берілген. Ең ерте жазылған құжатты хижра бойынша 928 (1521/22) жылы Сүйінішқожа хан Сайид Фазыл Әлиге берсе, ең соңғысы — Құдаяр ханның ұлы Насриддин ханның атынан 1292 жылдың ережеп айында (1876 жылдың тамызы) Сайид Жалаладдин қожаның атына жазылған.
Сүйінішқожа хан сауатты билеуші болған әрі өз бабалары Мырза Ұлықбек пен Әбілқайыр ханның дәстүрін ұстанып, өз ордасына белгілі ғалымдарды, жазушылар мен ақындарды жинаған. Олардың арасында Уасифи, Абдулла Насруллахи, Масуд бен Османи Көхистани сияқты тұлғалар аталады. Сондай-ақ, Уасифи 1518 жылдан бастап Сүйінішқожа ханның ұлы Келді Мұхаммедтің тәрбиешісі болды. 1525 жылы хан қайтыс болғаннан кейін ол шәкіртімен бірге Ташкентке көшіп келеді, ал бұрынғы шәкірті дүниеден өткен соң, оның ұлы Әбіл-Мұзаффар Хасан сұлтанның тәрбиешісі болады.
Абдулла Насруллахи Сүйінішқожа ханның тапсырмасымен өзінің «Зубдат әл-асар» атты тарихи еңбегін ескі өзбек тілінде жазып шықты.
Академик В.В. Бартольдтың пікірінше, Масуд бен Османи Көхистанидің «Тарих-и Әбілқайыр хани» атты тарихи еңбегі оқиғаға қатысушылардың бірінің, бәлкім, Сүйінішқожа ханның өз айтқандарына негізделген. Ал өзге пікірлер бойынша, бұл еңбек біздің заманымызға жетпеген құжаттарға сүйеніп жазылған.
Сүйінішқожа ханның есімімен Ташкенттегі әйгілі «Қайқаус» шарбағының (төрт бөліктен тұратын бақ) бой көтеруі тығыз байланысты. Бұл бақта ақындар, жазушылар, музыканттар мен фиқһ (мұсылман құқығы) білгірлері бас қосып, әдеби мәжілістер мен мерекелер өткізіп тұрған. Сонымен қатар, бақ аумағында Ташкент ханының ордасы және негізінен шайқастарда жараланған өзбек сұлтандарына арналған емхана орналасқан.
Отбасы

Сүйінішқожа ханның екі ұлы болды: Ташкентте билік жүргізген Келді Мұхаммед хан (1525–1532) және Ташкентте 1532–1551 жылдары билік етіп, кейін 1552–1556 жылдары Самарқанда бүкіл мемлекеттің ханы болып жарияланған Наурыз Ахмет хан.
Оның немерелері Баба хан мен Дербіш хан Ташкент, Әндіжан және Түркістан аймақтарын бірлесіп басқарды.
Қайтыс болуы
Сүйінішқожа хан 1525 жылы Ташкентте дүниеден өтті. Аңыз бойынша, Сүйінішқожа хан Түркістанда жерленген және оның құлпытасы да сонда делінеді. Алайда бұл аңыз тарихи шындыққа сәйкес келмейді. Сүйінішқожа ханның кесенесі — «Көк күмбез» Ташкенттегі Хазірет Имам ансамблінің құрамындағы Барақ хан медресесінің архитектуралық кешенінде орналасқан.
1525 жылы Ташкент үлесіндегі билік оның ұлы Келді Мұхаммедке өтеді. Ханның замандасы Абдаллах Насруллахи жазған «Зубдат әл-асар» тарихи еңбегінде Сүйінішқожа ханның өлімі туралы баяндала отырып, оның ажал алдында өз ұлын — «сұлтандардың сұлтаны», яғни Келді Мұхаммедті (Мұхаммед сұлтанды) шақырып алып, билікті соған тапсырғаны айтылады.
Әдебиет
- Бартольд В. В. 2 // Сочинения. Работы по отдельным проблемам истории Средней Азии — М.: Наука, 1964. — Т. 2. — 661 б.
- Бартольд В. В. Сочинения. Работы по источниковедению — М.: Наука, 1973. — Т. 8. — 725 б.
- Зияев Х. З.; Буряков Ю. Ф История Ташкента с древнейших времен до победы Февральской буржуазно-демократической революции — Т.: Фан, 1988. — Б. 71. — 296 б. — ISBN 5-648-00434-6.
- История Казахстана — Алматы: Атамұра, 1997. — Т. 2. — Б. 365. — 624 б.
- Материалы по истории казахских ханств XV-XVIII веков. (Извлечения из персидских и тюркских сочинений) / Пер. К. А. Пищулиной — Алма-Ата: Наука, 1969. — 652 б.
- Мукминова Р. Г. К истории аграрных отношений в Узбекистане XVI в. По материалам "Вакф-наме" — Т.: Наука, 1966. — 648 б.
- Смагулов Э.; Григорьев Ф.; Итенов А. Очерки по истории и археологии средневекового Туркестана — Ғылым, 1999. — 231 б.
- Тревер К. В.; Якубовский А. Ю.; Воронец М. Э. История народов Узбекистана. От образования государства Шейбанидов до Октябрьской Революции — Т.: АН УзССР, 1947. — Т. 2. — 514 б.
- Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани Михман-наме-йи Бухара (Записки бухарского гостя) — М.: Восточная литература, 1976. — Б. 106.
- Филанович М. И. Хроника. Открытие археологической выставки «Древний Ташкент» // Общественные науки в Узбекистане — 2003.
- Юдин В. П. Материалы по истории казахских ханств XV-XVIII веков. (Извлечения из персидских и тюркских сочинений) — Алма-Ата: Наука, 1969. — 560 б.
- Юлдашев М. Ю. К истории торговых и посольских связей Средней Азии с Россией в XVI-XVII вв — Т.: Наука, 1964. — 124 б.
- Burton Audrey The Bukharans. A dynastic, diplomatic and commercial history 1550-1702 — 1997. — Б. 11. — 664 б.
- McChesney R. D. Waqf in Central Asia: Four Hundred Years in the History of a Muslim Shrine, 1480-1889 — New Jersey: Princeton University Press, 1991. — 378 б. — (Princeton Legacy Library). — ISBN 978-1-4008-6196-5.
- Mirza Haydar Dughlat's Tarikh-i-Rashidi: A History of the Khans of Moghulistan — Harvard: Harvard University. Department of Near Eastern Languages and Civilizations, 1996. — Б. 304. — 307 б.
- Кайковус чорбоғи // Ўзбекистон миллий энциклопедияси — Т.: Ўзбекистон миллий энциклопедияси, 2000—2005. — Б. 29. — 900 б.
- Келди Муҳаммад // Ўзбекистон миллий энциклопедияси — Т.: Ўзбекистон миллий энциклопедияси, 2000—2005. — Б. 288. — 900 б.
- Суюнчхўжахон // Ўзбекистон миллий энциклопедияси — Т.: Ўзбекистон миллий энциклопедияси, 2000—2005. — Б. 782—783. — 839 б.
- Ғиждувон жанги // Ўзбекистон миллий энциклопедияси — Т.: Ўзбекистон миллий энциклопедияси, 2000—2005. — Б. 27—28. — 59 б.
- 1454 жылы туғандар
- 1525 жылы қайтыс болғандар
- Алфавит бойынша тұлғалар
- Ташкентте қайтыс болғандар
- Harv and Sfn no-target errors
- Шайбани әулеті