| Тим Уолз Tim Walz | ||||
Уолз, 2024 жыл | ||||
| Лауазымы | ||||
|---|---|---|---|---|
| ||||
| 7 қаңтар 2019 жылдан бастап | ||||
| Ізашары | Марк Дейтон | |||
| ||||
| 3 қаңтар 2007 — 3 қаңтар 2019 | ||||
| Ізашары | Гил Гуткнехт | |||
| Ізбасары | Джим Хейгдорн | |||
| Өмірбаяны | ||||
| Партиясы | Демократиялық партия | |||
| Білімі | Чадрон мемлекеттік колледжі (1989) Манкейтодағы Миннесота штатының университеті (2001) | |||
| Ғылыми дәрежесі | әлеуметтік ғылымдар бакалавры (1989) білім берудегі жетекшілік магистрі (2001) | |||
| Дүниеге келуі | 6 сәуір 1964 (62 жас) Вэст Пойнт, Каминг округі, Небраска, Америка Құрама Штаттары | |||
| Туған кездегі есімі | Тимоти Джеймс Уолз (ағылш. Timothy James Walz) | |||
| Жұбайы | Гвэн Уиппл (үйл. 1994) | |||
| Балалары | 2 | |||
| Әскери қызметі | ||||
| Қызмет еткен жылдары | 1981–2005 | |||
| Құрамында болды | ||||
| Әскер түрі | АҚШ әскері
| |||
| Атағы | Команд-сержант-майор | |||
| Басқарды | 125-далалық артиллерия полкі, 1-батальон | |||
| Марапаттары | ||||
| Тим Уолз Ортаққорда | ||||
| өңдеу | ||||
Тимоти Джеймс Уолз (ағылш. Timothy James Walz, /wɔːlz/; 6 сәуір 1964 жыл, Вэст Пойнт, Небраска) — америкалық саясаткер және мұғалім, 2019 жылдан бері қызметтегі Миннесота штатының 41-губернаторы. Демократиялық партияның мүшесі болған Уолз — партияның 2024 АҚШ президент сайлауындағы вице-президенттікке болжамды үміткері. Ол, оған қоса, 2007 және 2019 жылдар аралығында Миннесотаның 1-округінен сайланған АҚШ Өкілдер палатасындағы өкілі болған.
Вэст Пойнт, Небраскада туған Уолз 24 жыл бойы созылған АҚШ әскеріндегі қызметінен кейін ауыл шаруашылығы, өндіріс және білім беру салаларында жұмыс істеген. Ол кейін Небраскадағы Чадрон мемлекеттік колледжінде білім алып, 1996 жылы Миннесотаға көшті. Конгресске сайланғанына дейін ол, сонымен қатар, Манкейтода әлеуметтану мұғалімі және америкалық футбол жаттықтырушысы болған. 2006 жылы ол АҚШ Өкілдер палатасына Миннесотаның 1-округінен сайланып, бес түрлі рет сол лауазымына қайта сайланды да, 2019 жылы басқа лауазымға кетуіне байланысты отставкасын жариялады.
2018 жылғы 6 қарашада Уолз Миннесота штатының 41-губернаторы болып сайланды. 2022 жылы ол қайта сайланды да, 2024 жылғы 6 шілдеде 2024 АҚШ президент сайлауындағы демократтардың басты үміткері Камала Харрис Уолзты өзінің сайлаудағы серіктесі және вице-президенттікке үміткері ретінде таңдады.
Жастық шағы және білімі
Тимоти Джеймс Уолз 1964 жылғы 6 сәуірде,Вэст Пойнт, Небраскада дүниеге келген. Дарлин Роуз (туғанында Рэйман) атты анасы және мектеп әкімшісі болған Джеймс Ф. Уолз атты әкесі болған. Уолз пен оның үш ағайындысы бірге штаттың солтүстік-батыс бөлігіндегі ауылды Валентайн қаласында тәрбиеленді. Уолзтың мектепте оқып жүргенінде әкесіне өкпе обыры диагнозы берілді. Жанұясы туыстарына жақын боламыз деп Бютт қаласына көшті.
Уолз 1982 жылы Бютт орта мектебін 25 оқушыдан тұратын сыныппен бітірді. Бір жылдан кейін әкесі қайтыс болды. 1989 жылы Уолз Чадрон мемлекеттік колледжіндегі оқуын бітіріп, әлеуметтану ғылымдарының бакалавриатына ие болды. 1995 жылы ол мас күйде көлік жүргізді деген айып бойынша қамауға алынды да, сол кезден бері ішімдіктен мүлдем бас тартқан. 2001 жылы ол Манкейтодағы Миннесота штатының университетіндегі оқуын бітіріп, білім беруден жетекшілік саласындағы магистр болды.
Мансабы

Оқытушы ретінде
Мектеп бітіргенінен кейін Уолз ауыл шаруашылығы және өндіріс салаларында және АҚШ ұлттық гвардиясында қызмет етті. Ол кейін әкесіндей білім беру саласында жоғары білім алды.Чадрон мемлекеттік колледжіндегі оқуынан кейін, ол өзіне ұсынылған WorldTeach бағдарламасы бойынша Қытайда бір жыл бойы мұғалім бола тұрды (ол қазірдің өзінде де кішкене қытайша сөйлейді). Оралғанынан кейін Уолз Аллайанс, Небраскада оқыту және жаттықтырумен айналысып кетті де, сол жерде әріптесі және болашақ әйелі Гвэн Уипплмен танысты. 1994 жылы екеуі үйленді және екі жылдан кейін әйелінің туған штаты, Миннесотадағы Манкейтоға көшті, ол жердегі Манкейто жоғарғы мектебінде Уолз география мұғалімі және жаттықтырушы болған. Ол 1999 жылы америкалық футбол командасын өзінің бірінші мемлекеттік чемпионатына жеткізді. 1999 жылы Уолз Манкейто Вест орта мектебіндегі тұңғыш гей-гетеро альянсының профессорлық кеңесшісі болуға келісті. Уолз бен әйелі, оған қоса, оқушыларды Қытайға апаратын танырлық жаздыгүні сапарларын ұйымдастыратын Educational Travel Adventures бағдарламасына төрағалық еткен.
Әскердегі қызметі
Әкесінің қолдауын алған Уолз 17 жасқа толғанда АҚШ ұлттық гвардиясы қатарына қосылды. Әкесі Корей соғысының ардагері еді және G.I. Bill заңы көмегімен өз оқуын қаржыландырған еді және ұлының дәл солай жасағанын қалаған.
1981 жылы әскерге барған Уолз Ұлттық гвардияда 24 жыл бойы қызмет еткен. Әскери қызметі кезінде ол Аризона, Техас, Арктика белдеуі, Нью-Алм, Миннесота және басқа да жерлерге жіберілетін. Ол жоғары қуатты артиллериямен айналысатын. Қызметі кезінде Уолз су тасқыны мен торнадодан кейін апат салдарын жою лауазымдарында жұмыс істеді және соғысты ешқашан көрмесе де, бірнеше ай бойы шетелде белсенді қызметте болды. 1989 жылы ол Небраска штатының жыл сарбаз азаматы атағын алды. Уолз қызметінің соңына таман команд-сержант-майор дәрежесіне жетті, бірақ 2005 жылы отставкасын жариялағанда АҚШ әскерінің сержант-майорлар академиясындағы курстық жұмысын аяқтамағандығынан мастер-сержант болып қызметін аяқтаған.
АҚШ Өкілдер палатасы
Сайланулары
Уолз Джон Керридің 2004 жылғы президенттік науқанына ерікті болды және көп ұзамай өз округі бойынша науқанның үйлестірушісі, сондай-ақ Керриге арналған ардагерлердің аудандық үйлестірушісі болып тағайындалды. 2006 жылы Уолз АҚШ Конгрессіндегі мүшелікке үміткерлігін жариялады. 2006 жылғы 7 қарашада ол қызметте болған республикашыл Гил Гуткнехтке қарсы жеңіп шығып, 2007 жылғы 3 қаңтарда антын беріп, АҚШ Өкілдер палатасының мүшесі болды.
2008 жылы жалпы дауыстың 62% жинаған Уолз қайта сайланды да, округ тарихындағы екінші толық мерзімге қол жеткізе алған жалғыз демократ болды. Ол кейін 2010, 2012, 2014 және 2016 жылдары қайта сайланды.
Қызметі
Уолз палатадағы ауыл шаруашылығы комитетінде, ардагерлер істері жөніндегі комитетте және қарулы күштер комитетінде қызмет етті. Миннесота штатындағы демократ Кит Эллисонмен бірге Уолз президент Буштың Ирактағы әскер санын көбейту жоспарына қарсы шықты. Депутат ретіндегі бірінші аптасында Уолз ең төменгі жалақыны көтеру туралы заң жобасын қолдады, бағаналы жасуша зерттеуіне дауыс берді және Medicare-ді қолдады.
Әдетте республикашылдарға дауыс берген ауданның өкілі болса да, сарапшылар Уолзтың саяси ұстанымдарын ұстамдыдан либералдыға дейін сипаттады. Ол сондай-ақ Ирак пен Ауғанстандағы әскери операцияларды қаржыландыруды жалғастыруға дауыс берді.
Уолз Лугар орталығы мен Маккорт мемлекеттік саясат мектебі құрған Екіпартиялық индексте 114-Конгресстегілер арасында жетінші ең екіпартиялық палата мүшесі (кейде республикашылар қолдаған, басқа кезде демократтар қолдаған ұсыныстарды қолдаған) болды.
Миннесота губернаторы

Миннесотаның демократ губернаторы Марк Дейтонның үшінші мерзімге сайланбаймын дегенінен кейін Уолз губернаторлыққа үміткерлігін жариялады. 2018 жылғы 6 қарашада Уолз губернатор болып сайланды.
2019 жылғы 7 қаңтарда Уолз Миннесота штатының губернаторы ретінде антын берді. Инаугурациясындағы сөзінде ол білім беру мен денсаулық сақтау жүйелері жайлы сөз айтты.
Полицияны реформалауы және наразылық шараларына реакциясы
- Тағы қараңыз: Джордж Флойдтің өлтірілуі
2020 жылғы 26 мамырда, Джордж Флойдтің өлтірілуінен кейін Уолз пен Лейтенант-губернатор Пегги Флэнаган әділеттің орын алуын талап етті де, Миннеаполис полицейі болған Дерек Шовиннің Джордж Флойдті өлтіргеніне қарсы шықты, видеоны «жиіркенішті» деді.
Флойдтың өлімінен кейінгі кең таралған наразылықтарға Уолздың алғашқы реакциясына саяси қарсыластары мен басқа топтар қарсы шықты. Кейінірек ол өлімге жауап ретінде Миннесота легислатурасына полицияны реформалау және ол жайлы есеп беру туралы заңнама бойынша арнайы сессияларды қайта шақыруды бұйырды. Полиция реформасы маусымда бірінші кезектен тыс сессиядан өте алмаған соң, шілдеде екінші кезектен тыс сессия барысында өтті. 21 шілдеде легислатура полицияны реформалау туралы негізгі заңды қабылдады. Жаңа ымыраға келу туралы заң офицерлерге үлкен қауіп төнбейтін жағдайда тұншықтыру қолдануға тыйым салуды қамтыды. Ол адамдарды адамгершілікке жатпайтын және агрессивті мінез-құлықты ынталандыратын ескі жауынгерлерді оқыту бағдарламасына тыйым салды. Жаңа оқыту бағдарламасы полицейлердің аутизммен немесе психикасы сау емес адамдармен бірге жұмыс істеуге және құбылмалы болуы мүмкін жағдайларға деэскалацияға үйретуді талап етті. Ол сондай-ақ өлімге әкелген полиция әрекеттерін тергеу үшін Қылмыстық ұстау бюросында арнайы тәуелсіз бөлімше құрды. Уолз заң жобасына қол қойып, 2020 жылғы 23 шілдеде заң қылды.
2023 жылғы реформалары
Мандат көпшілігі Миннесота демократиялық-фермерлік-еңбек партиясына тиесілі Миннесота легислатурасы мен Уолз бірігіп, штатта бірнеше реформа орнатты, соның ішінде ақысы төленетін демалыс талап етті, каннабисті заңдастырды, инфрақұрылым мен қоршаған орта мәселелеріне жұмсалатын шығындарды ұлғайтты, салықтарды өзгертті, аборт жасау құқықтарын кодтады, мектептердегі тамақтанудың бәрін тегін қылды және қару-жарақ алар бұрын алушыға тексеріс жасауды талап етті.Star Tribune баспасы бұл парламент сессиясын Миннесота тарихындағы «ең ықпалдысы» десе, Уолз оны «ең нәтижелісі» деді. Уолз легислатура қабылдаған барлық дерлік заңнамаға қол қойғанымен, ол дұрыс теңгерімге келмейтінін айтып, такси агрегаторының жалақысын арттыруға арналған заң жобасына вето қойды. Бұл оның губернатор ретіндегі тұңғыш ветосы болған еді.
2024 жыл және Feeding Our Future жанжалы
2024 жылғы маусымда Миннесота штатында орналасқан Feeding Our Future (Болашағымызды тойдыр) коммерциялық емес ұйымының 5 қызметкері COVID-19 пандемиясына байланысы бар 250 миллион долларға бағаланған елдегі ең ірі алаяқтық схемасын жасағаны үшін сотталды. Миннесота білім департаментінің коммерциялық емес ұйымды қадағалай алмағаны үшін Миннесота штатының аудит есебі оны және Уолз әкімшілігін сынаған және Уолз кейін өз кінәсін мойындады да, жауапкершілікті өз мойнына алғанын айтты.
2024 жылғы вице-президенттікке үміткерлігі

- Тағы қараңыз: 2024 АҚШ президент сайлауы
Президент Джо Байденнің 2024 жылы қайта сайланудан бас тартқанынан кейін 2024 жылғы 22 шілдеде Уолз вице-президент Камала Харристің президенттікке үміткерлігін қолдады. Уолз Харристің сайлаудағы мүмкін серіктестері тізіміне бірден түсті де, 2024 жылғы 6 тамызда Харрис ресми түрде Уолзды өзінің серіктесі ретінде таңдады.
Уолз, оған қоса, Дональд Трамп қолдаушыларын және республикашыларды «оғаш» (ағылш. weird) деп атау трендінің және интернет-мемінің авторы делінеді. Уолзтың сайлаудағы Харрис серіктесі жарияланған күні Уолзтың республикашыл қарсыластары оны «Тампон Тим» деп кетті. Бұл оның 2023 жылғы мемлекеттік мектептерде гигиеналық төсемше мен тампондарды «4–12 сынып оқушылары пайдаланатын әр дәретханаға» тегін беруді міндеттейтін заң жобасына қол қойғанынан шыққан лақап аты еді. Уолзтың саяси жақтаушылары оның бұл «есіміне» және қол қойған заң жобасына оң жауап берді.
Саяси ұстанымы
Каннабис

Уолз Миннесота губернаторы ретінде рекреациялық каннабисті заңдастыруды жақтады. 2017 жылы губернаторлыққа үміткерлігін жариялаған Уолз «Миннесота штатында қазіргі сәтсіз саясатты салық түсімін тудыратын, жұмыс орындарын және Миннесоталықтар үшін мүмкіндіктер көбейтетін, Миннесота балаларын қорғайтын және ересектерге өздерінің жеке бостандықтарына негізделген жеке шешімдерін қабылдауына сенетін саясатпен алмастыру мүмкіндігі әлі де бар» деді. 2023 жылғы 30 мамырда ол Миннесота штатында рекреациялық каннабисті заңдастыру заңына қол қойды да, ол 2023 жылғы 1 тамызда күшіне енді.
Экономика мәселелері
2008 жылғы экономикалық дағдарыс кезінде Уолз бірнеше рет салық төлеушінің ақшасын қаржы институттарын құтқару үшін пайдалануына қарсы шықты; қыркүйек айының соңында ол осы мекемелерден проблемалық активтерді сатып алған 700 миллиард долларлық TARP заң жобасына қарсы дауыс берді. Дәл осындай себептермен 2008 жылғы желтоқсанда ол елдің ірі автомобиль өндірушілерін құтқару үшін үкіметтік несие ретінде 14 миллиард долларды ұсынатын заң жобасына қарсы дауыс берді.
Салық төлеушілерге ірі банктер мен автоөндірушілерге ақша беретін несиелік төлемдерге қарсы дауыс бергеніне қарамастан, Уолз 2009 жылғы Америкалық қалпына келтіру және қайта инвестициялау туралы заңды қолдау үшін демократ әріптестерімен бірге дауыс берді. Өкілдер палатасының көлік комитетінің мүшесі ретінде Уолз бұл заң жобасын «конгресстегі әріптестерімен бірге жолдар, көпірлер және таза энергия сияқты қоғамдық инфрақұрылымға инвестиция жасау арқылы жұмыс орындарын құруды және, осылайша, экономиканы қалпына келтіру» мүмкіндігі ретінде қарастырды.
Білім беру жүйесі

20 жыл бойы мұғалім болып жұмыс істеген Уолз оқытушылардың «еңбегіне қарай» жалақы алғанына (ағылш. Merit pay) қарсы. 2009 жылғы 12 ақпанда сөйлеген сөзінде ол «[Америка] экономикалық болашағы үшін берік негізді қамтамасыз ету үшін... балаларға мүмкін болатын үздік білім беруді қамтамасыз ету біз үшін өте маңызды» деді.
Қару-жарақ заңнамасы
Конгрессте болған кезінде Уолз америкалықтардың қару-жараққа қол жеткізу құқығының жақтаушысы болды. 2018 жылғы Паркленд орта мектебінде болған атыстан кейін, ол Star Tribune мақаласында NRA саяси жеңіс фондын айыптады және оның оған берген науқандық жарналарының бәрін — 18,000 АҚШ долларын — Қайғылы Қаһармандардың Қорына беретінін жариялады. Губернатор ретінде Уолз қару-жарақты реттеуді және шектеуді қолдайтынын білдірді. 2023 жылы ол Миннесота штатында қару-жарақ алушыларына жасалатын міндетті тексерулер енгізетін заң жобасына қол қойды.
Жұмысшылар құқығы және еңбек
2023 жылы Уолз қызметкерлерге ақысы төленетін ауру демалысын беретін және қауіпсіздікті тексеруді күшейтетін заңға қол қойды. Заң, сонымен қатар, құрылысшыларға жалақы ұрлығынан күшейтілген қорғаныс берді.
ЛГБТ құқығы

Уолз ЛГБТ қоғамдастығының құқығын және оларды әр жерде дискриминациядан қорғайтын федералдық заңнаманы қолдайды. 2009 жылы ол Сұрама, айтпа саясатының тоқтатылуын талап етті. 2007 жылы ол елдегі ең ірі ЛГБТ құқық қорғау ұйымы болған Адам құқығы кампаниясынан 90% баға алды. 2011 жылы ол біржынысты некенің заңдастырылуын қолдады. Губернатор ретінде Уолз ЛГБТ қауымдастығын қолдайтын бірқатар заң жобаларына қол қойды. 2023 жылы ол конверсиялық терапия тәжірибесіне тыйым салатын заң жобасына және Миннесотадағы жыныс ауыстыру күтіміне қол жеткізетін заң жобасына қол қойды.
Израиль–Хамас соғысы
Уолз ХАМАС-тың 7 қазанда Израильге жасаған шабуылдарын айыптап, келесі күндері жалаулардың жартылай түсірілгенін бұйырды.2024 жылғы Демократиялық праймериздердің Миннесотадағы нәтижесінде халық 19% «Бәріне қарсымын» деді де, Уолз Газадағы соғысқа қарсы наразылық білдірген студенттерді жақтағандай болды да, «осылай өз ұстанымын көрсеткен — олардың өз құқығы» деді. Кейін Уолз Газадағы атыстың тоқтатылуын қолдайтынын айтты.
Әйелдер құқығы
Уолз әр адамның аборт жасауға құқығы бар екенін алға тартады және Жоспарланған аналық тобы оны 100% деп бағалады. Өмір сақтау құқығы жөніндегі абортқа қарсы ұлттық комитет оған 0% бағасын берді.
- 6 сәуірде туғандар
- 1964 жылы туғандар
- Алфавит бойынша тұлғалар
- Каминг округінде туғандар
- Әскер мақтау медалінің иегерлері
- Терроризмге қарсы ғаламдық соғыс үшін қызмет медалінің иегерлері
- АҚШ педагогтары
- АҚШ саясаткерлері
- Чадрон мемлекеттік колледжі түлектері
- Манкейтодағы Миннесота штатының университеті түлектері
- Әулие Мария Миннесота штатының университеті түлектері
- АҚШ сержанттары
- Миннесота губернаторлары
- АҚШ Демократиялық партиясының мүшелері
- АҚШ Өкілдер палатасының Миннесотадан мүшелері