Тышқанбай Тілеубердіұлы (1832–1891) — би, шешен.
Орта жүздің Керей руынан шыққан. Оның қарауындағы елдер Құнанбай би ауылымен қатарлас, аралас көшіп-қонып жүрген. Тышқанбай екі ел арасындағы елшілікте көбірек жүрген мәмлегер кісі ретінде танылған. Ол көбінесе, Абай, Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия ауылдарынан табылады екен. Мұхтар Әуезов "Абай жолы" эпопеясында Абай ауылындағы жиынға келген Тышқанбайды беделді би-шешендердің қатарында айтады.
Мұқыр сайлауында Абай соққыға жығылды дегенді естіп, ат жетер жердегі ел адамдарын жинап, «Абайды сабатып, тыныш отыра алмаймыз» деп атқа мінген. Абай Тышқанбаймен, балаларымен достық қарым-қатынаста болған. Бұл туралы Тышқанбайдың немересі Ырыздықбайдың (Социалистік Еңбек Ері) естеліктерінде айтылған. Естелік Абайдың Семейдегі республикалық әдеби-мемориалдық қорығыңда сақтаулы.
- 1832 жылы туғандар
- 1891 жылы қайтыс болғандар
- Қазақ би-шешендері