Төлеу Көбдіков (15 маусым 1874 жыл, Қарқаралы уезі, Дағанды болысы, Мүзбел қонысы – 23 қараша 1954 жыл, Шар қаласы) – қазақтың халық ақыны, айтыскер, жыршы, Абайдың көрнекті шәкірттерінің бірі. Қазақтың дәстүрлі ауыз әдебиеті мен жазба поэзиясының сабақтастығын жалғастырған ақындардың қатарында орын алады. Оның шығармалары туған жер, ел тағдыры, еркіндік, адамгершілік, әділет, тарихи оқиғалар мен халық тұрмысы тақырыптарына арналды.
Төлеу Көбдікұлының шығармашылығында 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа арналған «1916 жыл» («Сарыарқа») толғауы, «Ақын тойы», «Шұбартау», «Атайлақтың толғауы», «Қырық уәзір» дастандары ерекше орын алады. 1948 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі болды. 1954 жылы оған «Қазақ ССР-нің халық ақыны» құрметті атағы берілді.
Өмірбаяны
Төлеу Көбдікұлы 1874 жылғы 15 маусымда бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезінің Дағанды болысына қарасты 2-ауылдағы Мүзбел қонысында (қазіргі Абай облысы Аягөз ауданы аумағы) дүниеге келген.
Әкесінің шын есімі – Көпжер. Кейін Батыс Сібірде құжат рәсімдеу кезінде тегі «Ковдков» болып жазылып кеткен. Ақынның туған күні де құжаттарда наурыз айымен көрсетілгенімен, туған-туыстарының естеліктеріне сәйкес, шешесі Қуандықтың айтуынша, ол Қоянды жәрмеңкесінің туы көтерілген күні – 15 маусымда дүниеге келген.
Төлеудің анасы Қуандық – өз дәуіріне белгілі ақын. Ол атақты Ақтайлақ бидің кенже ұлы, белгілі ақын Сабырбайдың қызы болған. Осылайша Төлеу нағашы жұртынан ақындық дәстүрді бойына сіңіріп өсті.
1943 жылы Семейге келген сапарында Мұхтар Әуезов Төлеу ақынмен кездесіп, оның өнеріне жоғары баға берген. Жазушы сол жылы орыс қаламгері Павел Кузнецовқа жазған хатында: «Облыста бұрын неге көрінбегенін кім білсін, Төлеу деген ірі ақын бар екен... Төлеу ақсақалды көргенде мен Қуандықпен кездескендей күйге келдім...», – деп жазған.
Қайым Мұхамедханов Төлеу Көбдікұлын Абайдың әдеби мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі ретінде бағалап: «Абайдың ерекше әсерімен, Абай мектебінің өнегесімен жазба әдебиет үлгісінде көптеген өлең, дастандар тудырған Төлеу, Нұрлыбек, Сапарғали, Тәңірберген, Шәкір сияқты сауатты, дарынды халық ақындарын да Абай мектебінің шәкірттері деп есептеу ләзім», – деп жазды.
Білімі және ақындық жолының басталуы
Төлеу ауыл молдасынан сауат ашып, мұсылманша хат таныған. Он бес жасынан бастап ауыл арасындағы ойын-тойларда жыр айтып, айтысқа түсіп, халық дастандарын жатқа орындауымен көзге түсті.
Өзінің ақындық жолының басталуын кейін былай еске алған:
Қой жайдым қызыл шақа тасқа жаяу,
Көңілім жаяу жүріп болды қаяу.
Түк қалмай табанымнан түсіп қалды,
Бір тұғыр әкеп берші, ағатай-ау.
Бұл оның бала кезінде шығарған алғашқы өлеңдерінің бірі саналады.
Жас ақынның қалыптасуына ұлы Абайдың ықпалы зор болды. Ол бірнеше рет Абай ауылында болып, ақынның әңгімесін тыңдап, өнегесін көрген. Әуелде суырыпсалмалыққа ден қойған Төлеу кейін Абай дәстүріне бет бұрып, жазба поэзияға көбірек көңіл бөлді.
Ақын өзінің шығармашылық тамыры туралы:
Нәпсіні жамандықтан тыйып жүрмін,
Көңліме жақсы сөзді түйіп жүрмін.
Нағашың он жеті ақын дегеннен соң,
Солардың ыстығына күйіп жүрмін..., – деп жазған.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс және «1916 жыл» («Сарыарқа») толғауы
Төлеу Көбдікұлы шығармашылығындағы ең елеулі туынды – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске арналған «1916 жыл» атты көлемді толғау. Бұл шығарма кейін алғашқы жарияланымдарда «Сарыарқа» деген атаумен белгілі болды.
1916 жылғы 25 маусымда Ресей императоры Николай II Түркістан мен Дала өлкесіндегі 19-43 жас аралығындағы ер азаматтарды тыл жұмыстарына алу туралы жарлық шығарды. Бұл жарлық қазақ даласында жаппай наразылық туғызып, ұлт-азаттық көтерілістердің басталуына себеп болды.
Шұбартау өңірінің халқы да туған жерін тастап, Қытайға үдере көшуге қамданады. Осындай алмағайып кезеңде ел ақсақалдары жұртты тоқтату үшін билік өкілдерін емес, сөзі өтімді, елге беделді Төлеу ақынды алға шығарады.
Ақын осы тарихи сәтте туған «1916 жыл» толғауын айтып, халықты туған жерден айырылмауға үндейді. Толғауда туған өлкенің табиғаты, ата-баба қонысының қасиеті, халықтың салт-дәстүрі, ел бірлігі мен ұлттық рух кеңінен жырланады. Ақын:
Сары Арқа! Қош-аман бол салқын белім,
Малға жай, жанға рахат шалқар көлім...
деп туған жердің қадірін ерекше тебіреніспен суреттейді.
Толғаудың әсері соншалық, елдің Қытайға көшуі тоқтап, жұрт туған жерінде қалуға бел байлағаны жөнінде халық жадында сақталған деректер бар. Осы оқиға ақынның халық арасындағы беделін бұрынғыдан да арттырды.
1936 жылы Қазақстандағы 1916 жылғы көтерілістің жиырма жылдығына орай жарық көрген «1916 жыл» атты жинаққа толғаудың небәрі он алты жолы ғана енгізілді. Соған қарамастан, шығарма әдеби ортада үлкен қызығушылық тудырды.
Жинақты оқыған ақын Ілияс Жансүгіров Мұхтар Әуезовтен: «Мына жырдың иесі кім? Өлеңі жақсы екен», – деп сұрағаны туралы дерек сақталған.
Осыдан кейін Мұхтар Әуезов ақынның тағдырына ерекше көңіл бөліп, оның қайда жүргенін анықтауға кіріседі.
Қуғын-сүргін жылдары
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Төлеу Көбдікұлы бұрынғы Дағанды болысында кеңестік қызметтер атқарып, болыстық атқару комитетінің жұмысына қатысқан.
Алайда 1928 жылдан кейін басталған тәркілеу мен саяси қуғын-сүргіннің зардабы ақынға да ауыр тиді. «Бұрынғы би-болыстардың ықпалында болды» деген желеумен ол 1930 жылдың қаңтарында Қарқаралыдағы әйгілі «Қоңыр абақтыға» қамалып, он жылға сотталды.
Бұл жылдары ақынның отбасы да үлкен қайғы-қасіретке ұшырады. Інісі Мұқаш түрмеде қайтыс болды. Ақын жазасының жартысын өтегеннен кейін 1934 жылы ғана бостандыққа шықты.
Бостандыққа шыққанымен, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін басталған кезде оның үлкен ұлы Құлжанбек із-түзсіз жоғалады. Осы оқиғадан кейін Төлеу Көбдікұлы өзіне де қауіп төнгенін сезіп, отбасымен бірге Батыс Сібірге қоныс аударуға мәжбүр болады. Ол жақта біраз жыл қойшылықпен айналысып, шығармашылықтан уақытша қол үзеді.
Мұхтар Әуезовтің ақынды елге қайтаруы
1936 жылы жарық көрген «1916 жыл» жинағындағы «Сарыарқа» толғауының үзіндісі Мұхтар Әуезовтің назарын аударды.
Әуезов Абайдың немере інісі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтан ақын туралы мәлімет сұрайды. Әрхам Ысқақов Төлеудің Батыс Сібірде жан сауғалап жүргенін хабарлайды.
Осыдан кейін Мұхтар Әуезов Қазақстан Жазушылар одағы арқылы қаражат бөлдіріп, Әрхам Ысқақовты арнайы ақынды елге алып келуге жібереді.
Әрхам ақсақал Төлеу ақынның үйінде бірнеше күн болып, туған еліне оралуға көндіреді. Ақын сол кезде:
Жастардың қатарына қосамын деп,
Әрхам-жан сүйреп отыр кәрі ағасын...
деп ризашылығын өлеңмен білдірген.
Елге оралған соң Төлеу Көбдікұлы Шар өңіріне қоныстанып, шығармашылық жұмысын қайта жалғастырды. Оның өлеңдері облыстық «Екпінді» газетінде жүйелі түрде жарияланып, ақын әдеби ортаға қайта танылды.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы шығармашылығы
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде Төлеу Көбдікұлы жетпістен асқан ақсақал еді. Соған қарамастан, елдің рухын көтеруді ақындық парызы санады. Майдандағы жауынгерлерге, тыл еңбеккерлеріне арнап көптеген патриоттық өлеңдер жазды.
Оның «Майданға аттанады ақындар да», «Малғұнға», «Төлегенге», «Ұлдарыма», «Жаудан жерім тазарды», «Жеңіс серті» сияқты шығармалары жауынгерлердің ерлігін, халықтың бірлігін және Жеңіске деген сенімін жырлады.
Жеңіс күнін ақын зор қуанышпен қарсы алып:
Ерікті еркін дәуір, кеңдік бізде,
Кемдік жоқ, бәрі жолдас, теңдік бізде.
Тарихта өлмес, өшпес мәңгі қалған
Жеңімпаз әлемге аян ерлік бізде...
деп халықтың бейбіт болашағына сенім білдірді.
Соғыс жылдары Қазақстан Жазушылар одағының тапсырмасымен ел аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. 1942 жылы ақындар Сапарғали Әлімбетов, Қалиқан Алтынбаевпен бірге Аягөз және Шұбартау аудандарын аралады. Көп жылдан кейін туған жеріне қайта оралған сапарында атақты «Шұбартау» толғауын шығарды.
Айтыс өнері
Төлеу Көбдікұлы қазақтың көрнекті айтыскер ақындарының бірі болды. Ол жас кезінен айтысқа түсіп, суырыпсалма өнерімен танылды.
Бізге жеткен айтыстарының қатарында:
інісі Мұқашпен айтысы;
Уәйіспен айтысы;
Нұрлыбекпен айтысы;
Бәтима қызбен айтысы;
Әбдірахманмен жұмбақ айтысы
бар.
1943 жылы Алматыда өткен республикалық ақындар айтысына Семей облысының ақындарын бастап барып, жүлделі орын иеленді.
Айтыстарында ақын ел бірлігі, әділдік, адамгершілік, білім мен өнер тақырыптарын көтеріп, тапқырлығымен ерекшеленді.
Абайдың 100 жылдық мерейтойы
1945 жылы Қазақстанда ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 100 жыл толуы кең көлемде аталып өтті.
Төлеу Көбдікұлы тарихи мерейтойға қатысып, осы оқиғаға арнап көлемді «Ақын тойы» толғауын жазды.
Бұл шығармада ақын Абай тойының сән-салтанатын, халықтың қуанышын, ұлттық ойындарды, өнер мерекесін көркем бейнеледі.
Ақын Жақан Сыздықов: «Абай тойында» деген ұзақ өлеңін алсақ, біз білген ақындар Абайды да, Абайдың салтанатты тойын да Төкеңдей жырлап берген емес», – деп жоғары баға берген.
Кітаптары
Төлеу Көбдікұлының шығармалары өмірінің әр кезеңінде және қайтыс болғаннан кейін бірнеше рет жеке кітап болып жарық көрді.
Негізгі жинақтары:
«Алып күшті Отаным» – 1948.
«Өмір жыры» – 1953.
«Өлеңдер» – 1955 (қайтыс болғаннан кейін жарық көрді, құрастырушысы – Сапарғали Бегалин).
«Жырларым» – 1975 (құрастырушысы Мұрат Төлеуұлы).
«Шығармалары» – 2018 («Абай әлемі» сериясы).
2018 жылғы жинақта алғаш рет ақынның көлемді «1916 жыл» толғауының толық нұсқасы жарияланды.
Марапаттары
1948 жылдан бастап КСРО Жазушылар одағының мүшесі болды.
1953 жылы Шар селолық Кеңесінің депутаты болып сайланды.
1954 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен оған «Қазақ ССР-нің халық ақыны» құрметті атағы берілді.
Осы кезеңде Төлеу Көбдікұлы Қазақстанның халық ақындары арасындағы аса беделді тұлғалардың бірі ретінде танылды.
Мұрасы
Төлеу Көбдіков қазақ әдебиетіндегі Абайдың ақындық мектебін жалғастырған көрнекті халық ақындарының бірі саналады. Оның шығармалары қазақ халқының тарихи тағдырын, ұлттық дүниетанымын, туған жерге деген сүйіспеншілігін, ел бірлігі мен адамгершілік құндылықтарын бейнелейтін маңызды әдеби мұра болып табылады.
Ақынның шығармашылық мұрасын сақтауда ұлы Мұрат Төлеуұлының (1937–2015) еңбегі ерекше. Ол ұзақ жылдар бойы әкесінің қолжазбаларын, фотосуреттерін, құжаттарын және жеке заттарын жинақтап, жариялануына ықпал етті.
1975 жылы Мұрат Төлеуұлының құрастыруымен «Жырларым» атты жинақ жарық көрді. Кейін 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Абай әлемі» сериясымен ақын шығармаларының толықтырылған жинағы басылып шықты. Бұл жинақта алғаш рет «1916 жыл» толғауының толық нұсқасы жарияланды.
Жеке архиві
Төлеу Көбдіковтің жеке архиві қазіргі таңда Қазақстандағы бірнеше мәдени мекемеде сақтаулы.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі мен Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорларында ақынның қолжазбалары, шығармалары, жеке құжаттары, фотосуреттері және өміріне қатысты материалдар сақталған.
1974, 1977 және 1991 жылдары ақынның ұлы Мұрат Төлеуұлы аталған музей қорларына көптеген тарихи құжаттарды тапсырған. Қор құрамында:
қолжазбалар;
өлең дәптерлері;
фотосуреттер;
жеке құжаттар;
баспасөз материалдары;
жеке пайдаланған заттары сақталған.
Отбасында ақынның домбырасы, шақшасы, таяғы, кісе белбеуі және басқа да жәдігерлері бүгінге дейін сақталған.
1954 жылы Балқаш қаласында Әлихан Бөкейханның туған інісі Смақан Бөкейханов Төлеу Көбдікұлымен кездесіп, құрмет белгісі ретінде өз таяғын сыйлағаны жөнінде дерек бар. Бұл жәдігер де ақын әулетінің тарихи құндылықтарының бірі саналады.
- Қазақ ақындары