| Қасым Сүлеймани | |
| Сүлеймани, 2019 жыл | |
| Туған күні | 11 наурыз 1957 |
|---|---|
| Туған жері | Қанат-е Мәлік, Керман, Иран |
| Қайтыс болған күні | 3 қаңтар 2020 (62 жас) |
| Қайтыс болған жері | Бағдат, Ирак |
| Азаматтығы |
|
| Ұлты | парсы |
| Қызметі | генерал-лейтенант |
| Әкесі | Хасан Сүлеймани |
| Анасы | Фатима Сүлеймани |
Қасым Сүлеймани (парсы: قاسم سلیمانی, Гасем Солеймани; 11 наурыз 1957 жыл, Керман останы, Иран – 3 қаңтар 2020 жыл, Бағдат, Ирак) — ирандық әскери қайраткер, генерал-лейтенант, 1998 жылдан бастап 2020 жылы қаза тапқанға дейін Ислам революциясы сақшылары корпусының (Пасдаран) Ираннан тыс жерлерде арнайы операцияларды ұйымдастыруға арналған Құдыс күштерінің басшысы болды. Өмірінің соңғы жылдары Қасым Сүлеймани Ирандағы екінші ең ықпалды адам (жоғары басшы Әли Хаменеиден кейін) және елдің жоғары басшысының оң қолы саналды.
Бұрын құрылыс саласында жұмыс істеген Қасым Сүлеймани 1979 жылы Ислам революциясы сақшылары корпусының қатарына қосылып, 1980 жылы Иран-Ирак соғысы басталғаннан кейін бір топ адамды басқаруға тағайындалды. Соғыс кезінде біртіндеп шені жоғарылаған Сүлеймани «41 Сар-Аллаһ дивизиясының» (парсы: لشکر 41 ثارالله) командирі дәрежесіне қол жеткізеді. Одан кейінгі жылдары Сүлеймани елден тыс жерлердегі операцияларға қатысып, 1990-жылдардың соңында «Құдыс» арнайы жасағының басшысы атанды.
2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі Нью-Йорктегі терактілерден кейін Ирандық дипломаттар Сүлейманидің бастауымен АҚШ-пен бірігіп Талибанға қарсы күресуге келісті. Оған қоса ол Ливандағы Хизбуллаһ тобына көмек қолын созды. Сириядағы азаматтық соғыс кезінде Сүлеймани Башар әл-Асадтың үкіметіне қолдау көрсетіп, Ресейдің әскери интервенциясын жоспарлауға көмектесті. Ол Ирактағы күрдтер мен шииттердің әскери топтарын (милиция) бақылауға алып, «Ирак және Шам Ислам мемлекетіне» қарсы соғысқан Ирак әскерилеріне қолдау көрсетті.
Көптеген ирандықтар Қасым Сүлейманиді «Иран жауларына қарсы күрескен қаһарман» санады, ал басқалары оған «қанішер» деген айып тақты. Біріккен Ұлттар Ұйымы және Еуропа одағы Сүлейманиге қарсы санкциялар енгізді, АҚШ билігі оны террористер тізіміне енгізді.
2020 жылдың 3 қаңтарында Қасым Сүлеймани АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығы бойынша жасалған дрон шабуылының нәтижесінде Бағдат халықаралық әуежайында қаза тапты. АҚШ қарулы күштерінің бұл әрекетін көптеген мемлекет айыптады. 7 қаңтар күні Сұлеймани жерленгеннен кейін бірнеше сағат өткен соң Иран қарулы күштері АҚШ-тың Ирактағы әскери базасын зымырандармен шабуылдады. Шабуыл нәтижесінде АҚШ немесе Ирак азаматтары қаза тапқан жоқ.
- Алфавит бойынша тұлғалар
- 11 наурызда туғандар
- 1957 жылы туғандар
- 3 қаңтарда қайтыс болғандар
- 2020 жылы қайтыс болғандар
- Бағдатта қайтыс болғандар
- Иран тұлғалары
- Иранда туғандар
- Иракта қайтыс болғандар