Қобыланды Батыр жыры — қазақ халқының қаһармандық жыры. Бұл халық ауыз әдебиетінің керемет туындыларының бірі. Негізгі мазмұны — шет ел басқыншыларынан елді қорғау, осы жолда асқан ерлік көрсеткен ер азаматтардың батырлық істерін көрсету. Көркемдік биік қасиеттері жағынан дүниежүзіндегі халықтардың белгілі батырлық эпостарының қатарында тұрған шығарма. "Қобыланды батыр" жырының ең көне түрі бізге жетпеген, өйткені жырды жырлаған ақын, жырау-жыршылар өзі өмір сүрген дәуір тұрғысынан толықтырып, өңдеп отырған. Сондықтан "Қобыланды батыр" жыры көп нұсқалы жыр болып саналады. "Қобыланды батыр" жырын жинау тек 19 ғасырда қолға алынды. Жырдың бізге 29 түпнұсқасы жеткен. Осы 29 нұсқаның 26-сы Қобыланды батырдың ерлігі жайында жазылса, ал қалған 3 нұсқасы Қобыландының балалары Бөкенбай мен Киікбай батырлар туралы жазылған.«Қобыланды батыр» жырының заңды жалғасы болып есептелетін Қарлыға қыздың достығы,махаббаты,ерлік істері жайында тағы бір жыр бар. Бұл нұсқалардың көбісі кейінгі кезде жинақталған. Осы нұсқалардың барлығы да оларды алғаш хатқа түсіріп,оны жырлаған ақын-жыраулардың аттарымен аталған.Бұл нұсқалардың көпшілігі бұрыннан белгілі,халық арасына кең тараған болып есептелген, ғалымдар азды-көпті зерттеген жырлар.Кейінгі кезге дейін белгісіз болған-Дәулетше нұсқасы. Жыр Марабай нұсқасына ұқсас. Бұл жырдың 1884 жылы араб әрпімен жазылған түпнұсқасы Қазан мемлекеттік университетінің кітапханасында сақтаулы тұр.1860 жылы қазақтың белгілі ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің Марабай жыраудан халықтың көптеген ауыз әдебиеті үлгілерімен қатар «Қобыланды батыр» жырын жазып алған.Оның ең көркем,ең қызық бір тарауын Қобыландының Тайбурылмен Қазан ханға қарсы шауып бара жатқан сәтін 1879 жылы басылып шыққан „Қырғыз хрестоматиясына“ енгізді. 1870–1890 жылдарының аралығында «Қобыланды батыр» жырының кейбір үзінділерін В.В. Радлов пен Г.Н. Потанин жариялаған. Осы жырды 1932 жылы С.Сейфуллин, 1939 жылы С.Мұқанов „Батырлар жыры“,„Батырлар“ деген жинақтарға енгізген. С.Сейфуллин,М.Әуезов,С.Мұқанов,Ә.Марғұлан,М.Ғабдуллин,О.Нұмағанбетова. т,б. ғалымдардың зерттеу еңбектерінде «Қобыланды батыр» жырының мазмұндық, көркемдік қасиеті жан–жақты қарастырылған болып келеді. Жеті буынды өлшеммен жырланған эпостың тілі айырықша көркем, эпитет, теңеу, салыстыру, әсерлеу молынан кездеседі.Қазіргі кезде бұл жырдың нұсқалары Мәскеу, Алматы, Орынбор, Қазан, Ташкент және Нөкіс қалаларының мұрағаттарында, Орталық ғылым кітапхана қоры мен Әдебиет және өнер институтының қолжазба және жазбатану бөлімінде сақтаулы тұр.
Кейіпкерлері
Қобыланды – ел қорғаған, жауға қарсы тұрған нағыз батыр тұлғасы ретінде суреттеледі, ол өзінің қайсар мінезімен, жаужүрек батылдығымен, табандылығымен халықтың арман-мүддесін бейнелейді.
Тоқтарбай мен анасы Аналық – Қобыландының ата-анасы. Жырда ата-ана бейнесін танытып, олардың балаға деген сағынышы мен үміті арқылы перзенттің өмірдегі орны айқындалады.
Қараман батыр - жырда қайшылықты кейіпкер ретінде көрініп, оның асығыс әрекеттері мен ақылға емес, күшке сүйенуі кей жағдайда қателікке ұрындырады, сол арқылы жырда ақыл мен сабырдың маңызы айқындалады.
Құртқа – жырдағы ең ақылды, ең көреген кейіпкерлердің бірі, ол тек батырдың сүйген жары ғана емес, оның сенімді серігі, ақылшы кеңесшісі ретінде танылады. Құртқа Тайбурылды баптап өсіру арқылы өзінің даналығын дәлелдейді және болашақты болжай білетін қасиетімен Қобыландының талай қатерден аман шығуына себепкер болады.
Көбікті – жау жақтың өкілі, айлакер әрі күшті қарсылас ретінде суреттеліп, Қобыландының батырлығын айқындай түсетін кейіпкер қызметін атқарады. Көбікті арқылы жырда зұлымдық пен озбырлықтың сипаты көрсетіледі.
Тайбурыл тұлпар - Қобыландының сенімді серігі ретінде бейнеленіп, батырдың ерлігі мен жеңістерінің ажырамас бір бөлігіне айналады, себебі ол қиян-кескі ұрыстарда батырды діттеген жеріне жеткізіп, оның күш-қуатын арттыра түседі.
| Бұл — әдебиет туралы мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. |