«Ұлан» — балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекетік газет. Негізі 1930 жылы қаланған. Газет еліміздің ғасырға жуық тарихы бар балалар басылымы және қазақ тілді жас буынның интеллектуалдық, мәдени және патриоттық тәрбиесінде маңызды рөл атқарады.
Тарихы
Газеттің қалыптасу жолы бірнеше тарихи кезеңдерді қамтиды:
- Қалыптасу кезеңі (1930):
Газеттің алғашқы саны 1930 жылы 14 наурызда «Жас Алаш» газетінің ішіндегі қосымша ретінде «Пионер» деген атаумен жарық көрді. Сол жылдың 5 қарашасында басылым дербес мәртебе алып, жеке газет ретінде шыға бастады. Алғашқы редакциясы Алматы қаласы, Гоголь көшесі, 9-үйде орналасты. 1932 жылға дейін Ахмет Нұралин «Пионер» газетінің бірінші редакторы, кейін басшы комсомол қызметінде болған.
- Соғысқа дейінгі жылдар (1937–1941):
1937 жылы басылым атауы «Октябрь балалары» болып өзгертілді. Соғыстың басталуына байланысты 1941 жылғы 28 маусымдағы санынан кейін газеттің шығуы уақытша тоқтатылды.
- Кеңестік кезең (1946–1990):
1946 жылы газет «Қазақстан пионері» деген атаумен қайта жаряланды. Бұл кезеңде газет жаппай сипат алып, «жас тілшілер» (юнкорлар) қозғалысының орталығына айналды.
- Тәуелсіздік дәуірі (1990 — қазіргі уақыт):
1990 жылы басылымға «Ұлан» атауы берілді. Бұл атау ұлттық болмысқа жақын, «жас сарбаз», «айбынды жас» деген мағынаны білдіреді. Тәуелсіздік жылдарында газет ұлттық құндылықтар мен қазақ тілін насихаттаудың басты құралына айналды. Газетті «Қазақстан пионері» атынан «Ұлан» атауына өзгерткен 1989-1991 жылдардағы редакторы Ғалым Доскен еді.
Редакция
Газетті әр жылдары Ә.Исмайылов, Әбілпайыз Ыдырыс, С.Бердіқұл, Фариза Оңғарсын, Уәлихан Қалижан, Бейбіт Қойшыбай, Ғалым Доскен, Б.Сүлейменов, Сұлтан Қалиұлы сияқты қазақтың қабырғалы қаламгерлері басқарды.
«Ұлан» газетін тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан 2008 жылдың қараша айына дейін белгілі балалар жазушысы Сұлтан Қалиұлы басқарды. 2008 жылдың қарашасынан 2012 жылдың шілдесіне дейін Есей Жеңісұлы, 2012-2014 жылдар аралығында Бағдат Мәжитов бас редактор қызметін атқарды. Оның орнына бас редактор қызметіне Жұлдыз Әбділда келсе, 2018-жылдан бұл қызметті Жадыра Нармахан атқарып келеді.
«Ұлан» газетінде тәжірибелі журналист, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Алма Үмбеттегі 1975 жылдан бері еңбек етіп келеді. Редакция алқасы құрамында Гүлфарида Зейнолла, Қарлығаш Досан, Қарлыға Ибрагим сияқты тәжірибелі журналистер бар. Әр жылдары Смағұл Елубай, Жақау Дәуренбеков, Жаңабек Шағатай сияқты белгілі қаламгерлер, Мадина Омар, Ләзиза Нұрпейіс, Ысқақ Дүйсембайұлы, Асхат Еркімбай, Қанат Махамбет, т.б. сияқты бүгінде медиа саласында танымал тұлғалар кезінде «Ұланның» жас тілшісі болды.
«Ұлан» газетінің қазіргі редакциясында Асылан Тілеген Біржанұлы – бас редактордың орынбасары, Дария Талапова Бердақынқызы – газеттің көркемдеуші-дизайнері, Гүлфарида Зейнуллина Қарасайқызы – жауапты хатшы, Нұрлыхан Жұмахан Қасымханұлы, Олжас Павлик Рахатұлы, Жазира Бекболат Қанатқызы – газеттің тілшісі, Ділназ Шаймұратова Бейбітқызы – газеттің корректоры әрі тілшісі қызметін атқарады.
«ЖАС ТІЛШІ» КУӘЛІГІ ЖӘНЕ РЕСМИ МӘРТЕБЕ
11-сыныпқа дейінгі тұрақты авторларға «Жас тілші» куәлігі беріледі. Куәлік ресми мәртебеге ие. Ол шығармашылық бағыттағы жоғары оқу орындарына түсу кезінде портфолионың негізгі бөлігі ретінде қарастырылып, жоғары балл алуға тікелей ықпал етеді.
Редакция өз авторларына ағылшын және қазақ тілдерінде Ұсыныс хаттар (Letters of Recommendation) мен мінездемелер дайындайды. Бұл құжаттар халықаралық гранттар мен шетелдік үздік университеттерге құжат тапсыру кезінде маңызды рөл атқарады.
Газетте оқушылардың мақалаларынан бөлек, журналистік зерттеулер, білім беру жобалары, халықаралық олимпиадалар мен байқаулар туралы ақпараттар тұрақты түрде жарияланып тұрады. Басылым мектеп оқушылары, ұстаздар мен ата-аналар арасында тәрбиелік және ақпараттық құрал ретінде кеңінен қолданылады.
Басылымның миссиясы
Газеттің басты мақсаты — өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіру, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту және балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту. «Ұлан» газеті көптеген қазақстандық жазушылар мен журналистер үшін «үлкен әдебиеттің мектебі» болды. Басылым бетінде оқушылардың өлеңдері, әңгімелері және өзекті мәселелерге арналған мақалалары тұрақты әрі тегін жарияланады.
Құрылымы мен мазмұны
Газет контенті бірнеше бағытты қамтиды:
- Тәрбие және мәдениет: Ұлттық дәстүрлер, тарих және өнер туралы танымдық материалдар.
- Білім және ғылым: Мектеп өмірі, оқу озаттары мен жас ғалымдар туралы ақпараттар.
- Шығармашылық: «Жас тілші» айдары арқылы балалардың төл туындыларын жариялау.
- Қазіргі заман: IT-технологиялар, заманауи хоббилер мен спорт жаңалықтары.
Цифрлық трансформация
ХХІ ғасырда «Ұлан» газеті дәстүрлі баспа нұсқасымен қатар, цифрлық форматта да дамып келеді. Басылымның ресми интернет-ресурсы және әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы оқырмандармен кері байланыс орнатылған. Газет өзін «интеллектуалды жастардың медиа-платформасы» ретінде позициялайды.
Газеттің инстаграмы: https://www.instagram.com/balamendana/
Газеттің фейсбук парақшасы: https://www.facebook.com/langazeti/?locale=cs_CZ
Қызықты деректер
- Газеттің 96 жылдан астам тарихында тек соғыс жылдарында ғана үзіліс болған.
- Басылым Алматыдағы тарихи мекенжайы (Гоголь, 9) арқылы көптеген буынға танымал.
- «Ұлан» — Қазақстандағы жас тілшілер мектебін қалыптастырған ең ірі медиа-бренд.
- Қазақстан газеттері
- Қазақ тілді газеттер
- Ұлан газеті қызметкерлері