Қолдау
Тегін жүктеу және ақпараттық платформа

Ұшқан ата қорымы – Атырау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген тарихи кешендер ескерткіші.

Ұшқан ата

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Ұшқан ата қорымы – Атырау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген тарихи кешендер ескерткіші.

Орналасқан жері

XIV—XX ғасырлардың аралығында тұрғызылған кесенелер тобын құрайтын Ұшқан ата қорымы қазіргі Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 50 км жерде орналасқан.

Аңыздар мен деректер

Ел аузында Ұшқан ата ислам діні қазақ даласына ене бастаған кезеңде өмір сүріп, дін таратқан. Өмірінде талай ғажайып көрсеткен әулие Ұшқан ата соқасының бір соққысымен шөл даладағы тіршілік иесінің барлығының шөлін қандыратын сарқылмайтын бұлақ көзін ашқан».
Бұл аңызды 1953 жылы қорым ескерткіштерін алғаш зерттеген М. М. Меңдіқұлов жариялады. Ол өзінің Ұшқан ата қорымының құлпытастарына арналған ғылыми мақаласында "ақсақалдардың айтуы бойынша, мұнда ертеде бейіттен солтүстік-батысқа қарай 200 м жерде қазіргі шағын бұлақпен толығатын үлкен көл болған. Мұнда көптеген ауылдар көшіп келіп, көл суын пайдаланған. Судың көптігі соншалық одан егіншілер де егін суарған. Осыдан елу жылдай бұрын су тартылғаннан кейін бұл жер қаңырап, иесіз қалған".

Ұшқан ата қорымы және тартылған көлдер.

Ал, қорымның пайда болу тарихы туралы бірнеше аңыздар қалыптасқан. Біреуінде мұнда Ұшқан Ата деген әулиенің жерленгендігі айтылады. Көріпкел, ғалым болған бұл адам өз ағайындарының бітіспес қас дұшпандарының қолына түсіп қалғандығын және оларға ажал қаупі төніп тұрғандығын біліп, бауырларын құтқаруға сонау Мысырдан асығып жетеді, бірақ, жауларының қолынан қапыда қазаға ұшырайды. Әулиені ерекше құрметтейтін жергілікті халық оны осы жерге жерлепті.
Екінші аңызға қарағанда, бұл қасиетті мекенде дүниеден озған белгісіз үш хан мәңгілік орындарын тауыпты. Қорымның осылай «Үш хан» атанған атауы бертін келе дыбыстық өзгеріске ұшырап, халық аузында «Ұшқан» болып кетіпті.
Үшінші дерек қорым атауының ондағы шипалы қасиеті бар бұлаққа орай қалыптасқан «үш аққан» сөзінен туғандығын баяндайды. 1853 жылы топограф Алексеевтің жазғанында, ХVІІІ ғасырда торғауыт қалмақтары мен қазақтар арасында өткен қырғын шайқасқа байланыстырылады, сонда төгілген қанға сәйкес «үш қан» атаныпты.

Ұшқан мекені орналасқан жер ағып жатқан бұлақ суымен ерекшеленеді, әсіресе, көктем мен күз айларында ертедегі көшпелі қазақтардың өмір сүруіне, ортағасырлық сауда-саттық жасаумен айналысқан керуен-жүкшілердің тыныс алуына аса қолайлы орын — керуен сарайда болған. Ұшқан ата қорымында бірнеше ғасырлар бойы әр алуан пошымда діни жерлеу салттарымен тұрғызылған кесенелер тобы қалыптасты. Қорымның оңтүстік-батыс жағындағы Ұшқан ата зираты ертедегі дәстүр бойынша үстіңгі жақ беті топырақпен үйіліп, басына ағаш белгі қойылған. Өткен заманда осыған таяу шағын мешіт бой көтергенімен, ол кейін бұзылып қалған. Үйінділер арасында шикі кірпіштен қаланған сәулет құрылыстарының жұрнақтарын айқын байқауға болады: бұларда XVIII—XX ғасырлардағы қазақ сәулет өнеріне тән көптеген белгілер сақталған.

Қорым және құлпытастар сипаты

Ұшқан ата қорымында кесене, төртқұлақты қоршау, қойтастар, құлпытастар сияқты алуан түрлі ескерткіштер бар. Құлпыстардың өзі жүзден асады. Ұшқан ата қорымы қорымтастан қашалған пішіні мен жасалу техникасы алуан түрлі осынау құлпытастарымен әйгілі. Олардың көпшілігі тасқашау өнерінің көрнекті ескерткіштері болып табылады. Сондықтан Ұшқан ата қорымының құлпытастарына арнайы ғылыми зерттеулер де жасалды.

Құлпытастар

Арал-Каспий сәулет өнері ескерткіштерінің белгілі зерттеушісі С. Е. Әжіғалидың анықтамасы бойынша Ұшқан ата қорымының құлпытастары үш топқа бөлінеді:

  • ірі және көлемді ою-өрнектері бар құлпытастар XVIII ғасыр ортасы мен ХІХ ғасырдың басында жасалған;
  • жалпақ бедерлі ою-өрнектер мен эпиграфика, көлемді элементтер үйлесім тапқан құлпытастар XIX ғасыр ортасына тиесілі;
  • ал биіктігі 2,5 м-ден 3,7 м-ге дейінгі бағана тәрізді "алып құлыптастар" XIX ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басында қойылған ескерткіштер болып табылады.

М. М. Меңдіқұлов 1898 жылдан 1906 жылға дейінгі аралықта құлпытас қашайтын Елеусін мен Елбосын Егесіновтер деген өмір сүргендігін анықтады. Зерттеушілер бұл құлпытастар тек Жем аңғарындағы Ұшқан ата мен Қарашұңғыл қорымдарында ғана кездесетінін айтты. Олар "Үстірттің солтүстік-батыс шыңынан алынған ұлутастардан" жасалған бұл құлпытастар сәндік әшекейлерінің алуан түрлілігімен ерекшеленетінін атап өтеді. Олардың ең көнелері құрастырмалы – бір-бірімен біріктірілген үш-төрт мүсінді блоктардан тұрса, ал кейінгілері – ірі ұлутастан шекіліп, тұтас қашалған. Қалыптасқан дәстүр бойынша Ұшқан ата қорымының құлпытастары үш бөліктен – қалың тақтатас тұғыр, беті жайпақ бедерлі ойма өрнекті бағана, бағаналы бөлігін біріктіргенге ұқсайтын, М. М. Меңдіқұлов шартты түрде "капитель" деп атаған жоғарғы мүсіндік бөліктен құралады.
Ұшқан құлпытас капителдерінің ерекшілігі "олардың мүсінделген элементтерден тұратын екі-үш қабаттық ұрылымында. Олардың кейбіреулері жарты шар немесе қима пирамида, трапеция түріндегі геометриялық формамен аяқталып тұрған бағана капителі ретінде құрылған". Құлпытастардың безендірілуінде геометриялық фигуралар өсімдік өрнектерден көбірек. "Қошқар мүйіз", "түйе табан", "құс қанаты" және тағы басқа дәстүрлі элементтер тұрмыстық заттар мен қару-жарақ, эпиграфикамен үйлесім тапқан. Алып құлпытастар композициясында басқа да ою-өрнекті мәнермен қатар құйын сияқты иірімді гүл өрнек пен кете руының таңбасы қосылған. Құлпытастардағы таңбалар мен эпиграфика бойынша С. Е. Әжіғали Ұшқан ата қорымында негізінен кете, адай, шектілердің жерленгенін анықтады. Арал-Каспий аймағындағы қазақ молаларының көпшілігіне құлпытастар қойылған. Зерттеушілер бұны салынуы қиын әрі елеулі шығынды да қажет ететін кесенелер, сағанатамдар мен басқа да ірі қабір құрылыстарымен салыстырғанда, құлпытастар қою біршама жеңілірек болған деп түсіндіреді.

Қазіргі жағдайы

Ұзақ уақыт бойы Ұшқан ата қорымында жүйелі археологиялық зерттеулер жүргізілмеген. Тек соңғы жылдары ғана кешенді ғылыми жұмыстар қолға алынды. 2021 жылы археологтар Жошы ұлысы кезеңіне жататын 23 көне тиын тапты. Олардың қатарында Өзбек хан, Жәнібек хан, Хызыр хан және Мүрид хан дәуірлерінде соғылған мыс және күміс тиындар бар. Бұл олжалар Ұшқан ата маңындағы қоныстың Алтын Орда заманында ірі саяси және экономикалық орталықтармен тығыз байланыста болғанын көрсетеді.

Соңғы археологиялық қазба жұмыстары барысында көлемі шамамен 150×150 метр болатын төбеден ортағасырлық ғимараттың қалдықтары анықталды. Қазба кезінде бірнеше бөлме, қабырға қалдықтары, табалдырық іздері, алебастр сылақтары, қыш кірпіштер және сәндік қаптамалардың сынықтары табылған. Зерттеушілер бұл құрылыстардың XIV ғасыр сәулет өнеріне тән екенін атап өтеді.

Қорым көрінісі мен әр кезеңдегі құлпытастар

ХІХ ғасырдың ортасындағы құлпытастар

ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басындағы құлпытастар

Жоғары