| World Boxing | |
| | |
| Мүшелік: | 118 ұлттық федерация |
|---|---|
| Штаб пәтері: | Chemin du Levant 6, Renens, 1020, Швейцария |
| Басшылары | |
| Ұйым түрі: | Халықаралық спорт федерациясы |
| Президент |
|
| Құрылды | 13 сәуір 2023 жыл |
| https://worldboxing.org/ | |
Ортаққордағы World Boxing | |
World Boxing — әуесқой бокстың дамуына және бокстың Олимпиада қозғалысының маңызды бөлігі болып қалуын қамтамасыз етуді көздейтін коммерциялық емес, халықаралық спорт федерациясы. Ұйым Швейцарияда тіркелген.
Тарихы
Әуесқой бокстағы дағдарыс
2016 жылғы Олимпида ойындарынан кейін бокс жарыстарындағы төрешілік қатты сынға алынды. Әсіресе 56 келіге дейінгі салмақтағы ширек финалдық кездесу – ресейлік Владимир Никитин мен ирландиялық Майкл Конлан арасындағы жекпе-жек пен 91 келіге дейінгі салмақтағы ресейлік Евгений Тищенко мен қазақстандық Василий Левит арасындағы финалдық жекпе-жек күдік тудырды. Тищенко мен Никитин алтын медаль иеленді.
Жемқорлық жайлаған ұйымның қызметін тексеру туралы коммиссия құрылды. Құрылған зерттеу комиссияны канадалық заңгер Ричард Макларен басқарды. Профессор Ричард Макларен бұған дейін Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) тәуелсіз комиссиясын басқарған. Ол 2014 жылғы Олимпиадаға байланысты Ресейде мемлекеттік деңгейде допинг қолдану жүйесі болғанын әшкерелеген еді. .
2016 жылғы Олимпиададан кейін AIBA аталған турнирге қызмет көрсеткен барлық төрешілерді шеттетілді. Ұйымның басшысы тайвандық 2017 жылдың қараша айында У Чинг-Куо қызметтен кетті.
2017 жылы AIBA президенті У Чинг-Куо кеткен соң уақытша президент қызметін алдымен италиялық вице-президент Франко Фальчинелли, ал 2018 жылдың қаңтарынан бастап өзбекстандық Гафур Рахимов атқарды. Президенттік сайлауда оған қарсылас болған қазақстандық вице-президент Серік Қонақбаев еді. Бірақ Рахимовтың АҚШ Қаржы министрлігінің санкциялық тізіміне енгізілуіне байланысты ХОК алаңдаушылық білдірді. Бұл жағдай бокстың олимпиадалық мәртебесіне қауіп төндірді. Рахимов делегаттарға бокстың 2020 жылғы Токио Олимпиадасы бағдарламасынан шығарылмайтынын және барлық қажетті шаралар қабылданатынын уәде етті. Нәтижесінде ол төрт жылға президент болып сайланды: 134 делегаттың 86-сы қолдап дауыс берді, үш бюллетень жарамсыз деп танылды.
Халықаралық олимпиада комитеті IBA жағдайында әрқашан қаржы қайдан алынып жатқандығы белгісіз. Қаржылық ашықтықтың болмауы ХОК-тың бұл ұйымды мойындаудан бас тартуының басты себептерінің бірі болды деген хабарлама жасады. Себебі ұйымның қарызы $20 млн-ға жетіп, басқару, қаржылық ашықтық және төрешілік мәселелерінде сынға түсті.
ХОК мен IBA арасындағы дау
2019 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) басқару, қаржылық ашықтық, төрешілік және этика мәселелері бойынша талаптардың орындалмағанына байланысты IBA-ның мүшелігін тоқтатты. Сол кезде Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) ұйыммен ынтымақтастықты түпкілікті тоқтатты. Бұл шешім бірауыздан қабылданды: ХОК-тың 70 мүшесінің ішінде тек біреуі ғана қарсы дауыс берді. Токио Олимпиадасында (2021 жылы) бокс жарыстарын ХОК-тың арнайы комиссиясы ұйымдастырды.
2020 жылдың желтоқсанынан бастап ұйымды ресейлік Умар Кремлев басқара бастайды. Ол 2018 жылдың қарашасында ұйымның атқарушы комитетіне кірген. Бұған дейін Ресей бокс федерациясының бас хатшысы қызметін атқарған.
2021 жылдың сәуірінде IBA «Газпроммен» демеушілік келісімшарт жасады. Ресейлік компания 2022 жылға дейін ұйымның бас серіктесі мәртебесін алды. Сол жылдың тамызында Кремлев барлық қарыздың жабылғанын мәлімдеді. Алайда ХОК өкілдері IBA-ның Ресейдің мемлекеттік компаниясына тәуелділігіне алаңдаушылық білдірді.
2022 жылы Ереванда өткен IBA-ның кезектен тыс конгресінде жаңа президенттік сайлау өткізу мәселесі қаралды. Делегаттардың 106-сы сайлау өткізудің қарсы дауыс берсе, 36-сы қолдады, ал төртеуі қалыс қалды.
2022 жылдың көктемінде Ресейдің Украинаға агрессиясына бағытталған санкциялар аясында AIBA басқа да халықаралық спорттық ұйымдар сияқты ресейлік боксшыларды ірі турнирлерден шеттеткен еді. Алайда бұл тыйым бар болғаны жарты жылға ғана созылды. Осы уақыт ішінде ұйым жаңа президенттік сайлау өткізді.
14 мамырда Стамбулда өткен IBA конгресінде Кремлев жаңа төрт жылдық мерзімге президент болып қайта сайланды. Сайлауға Кремлев жалғыз кандидат ретінде тіркелді, оның қарсыласы, нидерландтық Борис ван дер Ферст, басқа халықаралық бокс ұйымына қатысқаны үшін IBA ережелерін бұзды деген негізбен сайлауға 5 күн қалған кезде шеттетілді. Кейіннен Борис ван дер Ферст бұл шешімді Спорттық арбитраж сотында (CAS) даулаған және істі жеңіп алған.
World Boxing құрылуы
Келесі жанжал 2022 жылдың қыркүйегінде болды. IBA ұйымы Халықаралық олимпиада комитеті тарапынан ресейлік және беларусь спортшыларын елінің туымен қатыстыруға тыйым салуына жауап ретінде украиналық боксшыларды жарыстарға қатыстырмай қойды. IBA ресейлік боксшыларға ұлттық рәміздерімен халықаралық турнирлерге қатысуға рұқсат берді. Мұндай шешімге жауап ретінде АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Чехия, Ирландия және тағы бірқатар елдер 2023 жылғы ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаттарына қатысудан бас тартты.
АҚШ пен Ұлыбритания бастаған бірқатар елдер Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) шығатынын және жаңа ұйым – World Boxing («Әлемдік бокс») құратынын жариялады. Жаңа ұйымның басты мақсаты – Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) ресми мойындауына қол жеткізу.World Boxing-те қазірдің өзінде уақытша атқарушы кеңес құрды. Оның құрамына Германия, Нидерланд, Филиппин және Швеция өкілдері кірді. Ұйым басшылығына кәсіби спортшылар тартылды: Токио Олимпиадасының чемпионы Лорен Прайс (Ұлыбритания) және 2020 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ричард Торрес (АҚШ).
2023 жылдың сәуірінде жаңа халықаралық ұйым – World Boxing құрылып, бөліну одан сайын күшейді. Ұйымды Борис ван дер Ворст басқарды, ал оның мүшелері қатарына Еуропа, Азия, Оңтүстік Америка елдерінің басым бөлігі, сондай-ақ АҚШ, Канада және Австралия кірді. Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) World Boxing жағына шығып, 2023 жылдың маусымында IBA-ның мойындалуын қайтарып алды. Сол жылдың қазанында ХОК ұлттық олимпиадалық комитеттерге IBA-мен әріптестік орнатпау туралы ескерту хат жолдады.
World Boxing пен ХОК арасындағы ынтымақтастық
2025 жылдың ақпанында ХОК уақытша түрде World Boxing-ті мойындап, наурыз айында оған олимпиадалық бокс турнирін ұйымдастыру құқығын берді.
IBA 2025 жылы ерлер арасындағы әлем чемпионаты өткізуді жоспарлаған болатын. Ұйымның сайтында жарыстың мамыр-маусым айларында өтетіні көрсетілген. Бастапқыда турнирді Астанада өткізу жоспарланған, бірақ 2024 жылдың қарашасында Қазақстан World Boxing-ке қосылып, жарысты қабылдамайтын болды.
World Boxing тұңғыш әлем чемпионатын 4-14 қыркүйек аралығында Ливерпульде өткізді. Қазақстанға үш кезеңнен тұратын Әлем кубогының бірін қабылдау бұйырды (қалған екеуі Бразилияда және Үндістанда өтеді).
2025 жылдың қаңтар айының басында World Boxing ұйымына 60 ұлттық федерация мүше болды. Қыркүйек айында өтетін Әлем чемпионатына дейін 118 федерация мүше болды.
2024 жылдың 7 мамырында World Boxing ХОК-пен алғашқы ресми кездесуін өткізді. Бұл кездесу бокстың Олимпиада ойындарында қалуын қамтамасыз ету жолындағы ресми ынтымақтастықтың бастауы болды. Сол жылдың қыркүйегінде World Boxing боксты Олимпиада ойындарына қайтару процесін қолдау және оған көмектесу мақсатында Олимпиада комиссиясын құрды. Бұл комиссияны Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин басқарады.
World Boxing-тің 2024–2028 жылдарға арналған стратегиялық жоспары ұйымның тұңғыш конгресінде қабылданды.
Басшылық
World Boxing ұйымын Атқарушы кеңес пен Президент басқарады. Ұйымның тұңғыш конгресі 2023 жылдың 24-25 қарашасында Франкфурт қаласында өтіп, мүшелердің дауыс беруімен Борис ван дер Ворст (Нидерланд) президент болып сайланды.
Конгресс
World Boxing Congress — World Boxing ұйымының жоғарғы басқару органы. Конгресс жыл сайын өткізіліп, ұйымның негізгі шешімдерін қабылдайды, маңызды мәселелерді талқылайды және басқарудағы ашықтық пен қаржылық айқындықты қамтамасыз етеді. Атқарушы кеңес пен World Boxing-тің негізгі комиссиялары Конгресске есеп береді және жыл сайын қызметі туралы есеп ұсынады. Президент пен Атқарушы кеңеске сайлау екі жыл сайын өткізіледі.
Тұңғыш World Boxing Congress 2023 жылғы 25 қарашада Германияның Франкфурт қаласында Mainarcaden Venue орталығында өтті. Бұл жиында ұйым тарихындағы алғашқы сайлау ұйымдастырылып, Президент, вице-президенттер және Атқарушы кеңес мүшелері, сондай-ақ Спорт және жарыстар комитеті, Медициналық және антидопинг комитеті және Қаржы және аудит комитетінің төрағалары сайланды.
Екінші Конгресс (2024)
Екінші Конгресс 2024 жылғы 3 қарашада Колорадо-Спрингс қаласында (АҚШ) өтті. Онда World Boxing жарыстарындағы салмақ дәрежелерінің саны ерлер мен әйелдер үшін 10 категорияға дейін көбейту туралы шешім қабылданды. Осы сессияда Қазақстан бокс федерациясы ұйымның толық мүшесі болып қабылданды. Сонымен қатар Қазақстан тарапы 2027 жылы өтетін Бокстан әлем чемпионатын өткізу туралы өтініш берген.
Келесі Конгресс (2025)
Келесі Конгресс 2025 жылдың қарашасында Нью-Дели қаласында (Үндістан) өтеді. Ол World Boxing Cup 2025 финалынан кейін ұйымдастырылып, Президент, вице-президент және Атқарушы кеңеске жаңа сайлау өткізіледі.
Атқарушы кеңес (2025)
- Борис ван дер Ворст
Нидерланд – World Boxing президенті. Ол 2023 жылдың қараша айында ұйымның тұңғыш конгресінде сайланды. Борис Нидерланд Бокс федерациясын басқарып, елдің 24 жылда алғашқы олимпиадалық медальдарын иеленуіне үлес қосты. - Райан О'Ши
Канада – World Boxing вице-президенті және Boxing Canada президенті. Ол спорттық басқару саласында 10 жылдан астам тәжірибесі бар. - Мэтт Холт
Ұлыбритания – World Boxing негізін қалаушы мүшесі және вице-президенті. Ол сонымен қатар GB Boxing бас атқарушы директоры. - Дина Гликидис
Аустралия – World Boxing вице-президенті. Аустралияда спорт әкімшілігі саласында 18 жылдық тәжірибесі бар. Қазір Boxing Australia бас атқарушы директоры қызметін атқарады. - Майкл Мюллер
Германия – World Boxing атқарушы кеңесінің мүшесі. Германия Бокс қауымдастығының спорт директоры және бас хатшысы. Халықаралық бокс жарыстарының стандарттарын жетілдіруге үлес қосқан. - Викторико Варгас
Филиппин – World Boxing атқарушы кеңесінің мүшесі. Бұрын Филиппин Олимпиада комитетінің президенті болған. Қазір Филиппин баскетбол қауымдастығының төрағасы. - Сюзанна Каррландер
Швеция – World Boxing атқарушы кеңесінің мүшесі. Швеция Бокс федерациясының президенті. Әйелдер арасындағы боксты дамытуға ерекше көңіл бөледі. - Маркос Кандидо де Брито
Бразилия – World Boxing атқарушы кеңесінің мүшесі. Тәжірибелі спорт менеджері және заңгер, Бразилия федерациясының президенті. - Эрнан Сальво
Аргентина – Спорт және жарыс комитетінің төрағасы. Аргентина бокс федерациясында 1998 жылдан бері қызмет етіп келеді. - Доктор Армандо Санчес
АҚШ – Медицина және допингке қарсы комитетінің төрағасы. USA Boxing медициналық комитетінің төрағасы болып, 30 жылдан астам уақыт бойы бокстағы медициналық қолдау саласында жұмыс істейді. - Джулия Фелтон
Аустралия – Қаржы және аудит комитетінің төрағасы. Boxing Australia ұйымында 20 жылдан астам тәжірибесі бар. - Лорен Прайс
Уэльс – World Boxing әйел спортшылар өкілі. Токио-2020 Олимпиадасының алтын жүлдегері. Өз тәжірибесін боксшылардың мүддесін қорғау үшін қолданады. - Ричард Торрес
АҚШ – World Boxing ер спортшылар өкілі. Токио-2020 Олимпиадасының күміс жүлдегері. Ауыр салмақтағы кәсіпқой боксшы ретінде спортшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды. - Майк МакЭйти
АҚШ – World Boxing бас хатшысының міндетін атқарушы. Ол сонымен қатар USA Boxing атқарушы директоры. Бокстың Олимпиадалық қозғалыстағы орнын сақтауға күш салады. - Саймон Тулсон
Ұлыбритания – World Boxing атқарушы директоры (дауыс беру құқығы жоқ). Халықаралық спорт менеджментінде үлкен тәжірибесі бар, Халықаралық Олимпиада комитетінде 10 жыл жұмыс істеген.
Турнирлер
- Elite және U19 әлем чемпионаттары – екі жыл сайын өтетін басты турнирлер;
- Құрлықтық чемпионаттар ;
- World Boxing Cup – жыл сайынғы кезеңдік турнирлер сериясы;
- World Boxing Challenge – ұлттық федерациялар өткізетін шағын турнирлерді бір жүйеге біріктіретін бағдарлама.
Әлем чемпионаттары
- 2024 жыл, қазан: алғашқы жаһандық турнир – U19 әлем чемпионаты, Колорадо-Спрингс (АҚШ). Оған 17–18 жастағы 180-нен астам спортшы қатысты.
- 2025 жыл, 4–14 қыркүйек: алғашқы Әлем чемпионаты Ливерпульде (Англия) өтеді.
- 2027 жыл: Әлем чемпионаты Астанада (Қазақстан) ұйымдастырылады.
World Boxing Cup
World Boxing Cup – жыл сайын өтетін халықаралық серия. Боксшылар маусым бойы бірнеше кезеңде бақ сынап, рейтингтік ұпай жинайды. Маусым соңында үздіктер арнайы Финалдық турнирге жолдама алады.
- Алғашқы турнир: 2023 жылдың қазанында Кёльнде (Германия).
- 2024 жылғы серия: Англия, АҚШ және Моңғолияда өтті, финал 2024 жылғы қарашада Англияда ұйымдастырылды.
- 2025 жылғы кезеңдер: Бразилия, Германия және Қазақстанда өтті, финал 2025 жылғы қарашада Үндістанда өтеді.
World Boxing Challenge
World Boxing Challenge – ұлттық федерациялар ұйымдастыратын шағын турнирлер жүйесін біріктіретін жоба. Бұл турнирлердің нәтижелері бойынша боксшылар рейтинг ұпайларын алып, World Boxing Cup пен құрлықтық және әлем чемпионаттарына іріктеледі.
Мүшелікке кірген елдер

| Африка | Америка | Азия | Еуропа | Океания |
|---|---|---|---|---|
| Үлгі:Байрақ/Виргин аралдары | ||||
| Жалпы ұлттық федерациялар: 118 | ||||
- Алфавит бойынша ұйымдар
- Халықаралық спорт ұйымдары
- Олимпиада ойындарындағы бокс