
қыркүйек 1972
1973
/
1974Magnavox Odyssey — алғашқы коммерциялық ойын приставкасы. Оны 1972 жылдың қыркүйегінде америкалық Magnavox компаниясы нарыққа шығарған.

Консоль ақ, қара мен қоңыр түсті пластиктен жасалған корпустан және екі контроллерден тұрған. Ол теледидарға қосылатын және қара экранға тек қана ақ бейнелерді шығарған, еш дыбысы болмаған.
Консольдің комплектісіне экранға бекітуге болатын түрлі-түсті мөлдір жапсырмалар кірген. Сонымен қатар, кейбір ойындарға керек болады деген оймен ойын сүйектері, ақша суреттері мен шот жүргізуге арналған қағаз парақшалар да болған. Жарық тапаншасы және оған арналған алғашқы ойындар жеке сатылатын.
Комплектіге 12 ойынды қамтитын картридждер де кірген. Басқа ойындарды жеке сатып алуға болатын. Кейбір ойындар тек экранға жабыстырылатын пластиктің түсіне қарай өзгешеленіп тұратын. Жалпы Magnavox Odyssey үшін 28 видео ойын шығарылған-ды.
Консольдің демонстрациясына қатысқан инженер және кәсіпкер Нолан Бушнелл үстел теннисіне еліктейтін ойынды көргенде, сол жылы Atari компаниясын құрып, нарыққа Pong аркадалық ойынын шығарады. Бұны коммерциялық жағынан алғашқы табысты видео ойын деп қарастырады. Бірақ нәтижеде екі компания арасында патенттік құқықты бұзғаны үшін соттық талас орын алды.
Magnavox Odyssey үшін соңғы ойындар 1973 жылы шығарылды. Приставканың өзін шығаруды компания 1975 жылы тоқтатқан, бұған негізімен инфляция себеп болған.
Жалпы алғанда 350 мыңға жуық консоль сатылды. Әр комплекттің бағасы 99,95 доллар болған. Бірақ Magnavox компаниясының теледидарымен бірге алғанда, консоль бағасы 50 долларға дейін түсетін.
- Ойын консольдерінің бірінші буыны
- Magnavox
- 1972 жыл