Жайыл қырғыны (желтоқсан 1770) — Қазақ-қырғыз соғысы барысында қазақтар мен қырғыздар арасында болған шешуші бас шайқас. Бұл шайқас академик В. В. Бартольд пен Ш. Ш. Уәлихановтың еңбектерінде «Бас шайқас немесе Жайыл батырдың көзін жою» деген атаумен белгілі.
Шайқас барысы
Қырғыздар Жетісу мен Түркістан өңірлеріндегі үйсін және қоңырат көші-қондарына тонаушылық пен зорлық-зомбылық көрсетті. Осыған байланысты 1770 жылдың желтоқсанында Абылай хан қалың қол жинап, қырғыздарға қарсы үшінші жорығын жасады және оларды күйрете жеңіп, Іле мен Шу өзендерінің аралығын басқыншылардан тазартты. Бұл оқиға туралы генерал-майор Станиславскийдің Сібір корпусының командирі, генерал-поручик И. И. Шпрингерге жолдаған хатынан білуге болады. Хатта Абылай сұлтанның 20 мыңдық атты әскермен жорыққа шыққаны баяндалады. Жорықтың негізгі себебі қырғыздардың қазақтар мен Ташкент арасындағы сауда-саттыққа кедергі келтіруі болған:
«Орта қазақ ордасының Абылай сұлтаны өзіне бағынышты 20 мың қазақтарымен белгісіз бағытқа жорыққа шығуына байланысты барынша сақтық шараларын көру туралы... Олардың Ташкенттің арғы жағында тұратын және ташкенттіктердің оларға, қазақтарға шығуына кедергі келтіретін, ал оларды осы жерден шығарып салып жүргендерді өлтіріп, тонайтын, осылайша оларды барлық саудадан айыратын алыстағы қырғыздармен соғысы бар... Сондықтан да қазір Абылай сұлтанның өзі барлық ұлыстардан мүмкіндігінше ең тәуір атты әскер жинады».
Осы жорықта Абылай Шату асуы арқылы өтіп, Тұро (Төрө) өзенінің маңында қырғыздарға тұтқиылдан шабуыл жасайды және оларды Шу аңғарына дейін ығыстырады. Шуға құятын Қызылсу және Шәмсі өзендерінің бойында қанды шайқас орын алады. Бұл ұрыста барлық қырғыз рулары Абылайға қарсы одақтаса соғысады, бұл оқиға олардың жадында бүгінгі күнге дейін «Жайыл қырғыны» деген атпен сақталған. Қырғыздардың қатты жеңілгені соншалық, мысалы, Солто руының Толқан аталығынан бар-жоғы 40-ақ адам аман қалған.
Қазақтардың қолына тұтқынға түскен Жайыл батыр мен оның екі ұлы Абылайдың бұйрығымен өлім жазасына кесілді.
Осыдан кейін екі халық арасындағы шекара белгіленді. Қырғыздар тұтқындағы барлық қазақтарды босатып, бұған дейін айдап кеткен малдың бәрін қайтарды. Екі тарап бұдан былай бір-біріне шабуыл жасамауға міндеттенді, ал қырғыздар бейбітшілік кепілі ретінде аманаттар (заложники) берді.
В. В. Бартольд бұл туралы былай деп жазған:
Абылай ашық шайқаста қара-қырғыздарды аяусыз жеңіп, олардың елін қатты күйзеліске ұшыратты.
Ш. Ш. Уәлихановтың Абылайдың 1770 жылғы қырғыздарға қарсы әскери жорығының нәтижелері туралы мәліметі:
«Қайсақтар (қазақтар) жеңімпаз болып қалды... Осы шайқастың нәтижесінде барлық қырғыз руларының өкілдері Көкшетауға барып, бейбітшілік сұрады... және аманаттар берді».
- Қазақстан тарихы