Қолдау
Тегін жүктеу және ақпараттық платформа
  • Уикипедия

Мәмлүк сұлтандығы (араб.: سلطنة المماليك‎), Салтанат аль-Мамалик), сондай-ақ Мәмлүк Мысыры немесе Мәмлүк империясы деп те аталады — XIII ғасырдың ортасынан XVI

Мәмлүк сұлтандығы

  • Басты бет
  • Мәмлүк сұлтандығы

Мәмлүк сұлтандығы (араб.: سلطنة المماليك‎), Салтанат аль-Мамалик), сондай-ақ Мәмлүк Мысыры немесе Мәмлүк империясы деп те аталады — XIII ғасырдың ортасынан XVI ғасырдың басына дейін Мысыр, Сирия аймағы және Хиджаз жерлерін билеген мемлекет. Орталығы — Каир қаласы. Мемлекетті сұлтан бастаған, азат етілген құл-жауынгерлерден құралған мәмлүктердің әскери кастасы басқарды.

Мәмлүк сұлтандығы
араб.: سلطنة المماليك‎
Sultanat al-Mamalik

Сұлтандық
←
 
←
 
←
 
←
 
←
 
←
1250 — 1517 →
Каталан атласы бойынша мәмлүк байрағы Телінген елтаңба (1413)

Әл-Насыр Мұхаммед сұлтан тұсындағы Мәмлүк мемлекетінің ең жоғарғы кеңею шегі (XIV ғ. бірінші жартысы)
Астанасы Каир
Ірі қалалары Александрия, Дамаск, Алеппо
Тіл(дер)і
  • араб (ресми тіл)
  • мәмлүк қыпшақ тілі
  • оғыз
  • адыг
Діні
  • Сунниттік ислам (мемлекеттік)
  • Шииттік ислам (азшылық)
  • Алауилер (азшылық)
  • Христиандық (азшылық)
  • Иудаизм (азшылық)
Ақша бірлігі Динар, дирхем
Халқы 17 000 000
Басқару формасы Жартылай феодалды стратократиялық сайланбалы монархия
Династиясы Бахри мәмлүктері (1250—1382)
Бурджи мәмлүктері (1382—1517)
Мысыр сұлтаны
 - 1250 — 1257 Айбек (бірінші)
 - 1516 — 1517 II Тұманбай (соңғы)
Каир халифы
 - 1261 II Әл-Мұстансир
 - 1508 — 1517 III Әл-Мұтауаккиль
Мемлекеттің негізін Дешті Қыпшақтан шыққан түркі-мәмлүктер қалаған.

Сұлтандықтың негізі 1250 жылы Мысырдағы Айюб әулетін тақтан тайдыру нәтижесінде қаланып, 1517 жылы Осман империясының жаулап алуымен өз өмір сүруін тоқтатты. Мәмлүктер тарихы, билік құрған элитаның этникалық тегіне немесе әскери корпустарының атауына байланысты, негізгі екі кезеңге бөлінеді:

  • Бахри кезеңі (1250–1382) — билік басында негізінен түркі (қыпшақ) текті мәмлүктер болды.
  • Бурджи кезеңі (1382–1517) — билікке черкес (адыг) текті мәмлүктер келді.

Сұлтандықтың алғашқы билеушілері Әйюбилер сұлтаны Әс-Салих Әйюбтің (1240–1249) мәмлүк жасақтарынан шығып, 1250 жылы оның мұрагерінен билікті тартып алды. Сұлтан Құтыз бен Бейбарыс бастаған мәмлүктер 1260 жылы моңғолдарды ойсырата жеңіп, олардың оңтүстікке қарай жылжуын тоқтатты.

Кейіннен олар Әйюбилердің Шамдағы әмірліктерін жаулап алды немесе өздеріне вассалдық тәуелділікке түсірді. Сұлтан Бейбарыс Каирде Аббас әулетін қайта тіктегенімен, олардың рөлі тек рәсімдік сипатта болды. XIII ғасырдың соңына қарай Бейбарыс, Қалауын (1279–1290 жж. билік еткен) және Әл-Ашраф Халил (1290–1293 жж. билік еткен) сияқты сұлтандардың қажырлы еңбегінің арқасында мәмлүктер крестшілер мемлекеттерін толықтай бағындырып, өз иеліктерін Мукурра (Нубия), Киренаика, Хиджаз бен оңтүстік Анадолыға дейін кеңейтті. Әл-Насыр Мұхаммедтің үшінші рет билікке келуі (1293–1294, 1299–1309, 1310–1341 жж.) сұлтандықтың ұзаққа созылған тұрақтылық пен гүлдену кезеңіне ұласты. Алайда одан кейін билік оның ұлдарына ауысқан тұста мемлекет ішкі қырқыстарға бой алдырып, нақты билік лауазымды әмірлердің қолына өтті.

Осындай әмірлердің бірі — Барқұқ 1382 жылы, содан соң 1390 жылы сұлтанды тақтан тайдырып, Бурджи әулетінің билігін орнатты. Оның мұрагерлері тұсында шетелдік басқыншылықтар, тайпалардың көтерілістері мен табиғи апаттар салдарынан империядағы мәмлүктердің ықпалы әлсіреп, мемлекет ұзаққа созылған қаржылық дағдарысқа ұшырады. Сұлтан Барсбейдің тұсында қазынаны толтыру мақсатында маңызды шаралар қолға алынды; атап айтқанда, Еуропамен арадағы саудаға монополия орнатылып, салық жинау үшін ауылдық жерлерге әскери экспедициялар ұйымдастырылды. Сондай-ақ ол 1426 жылы Кипрді бағындыру арқылы мәмлүктердің халықаралық аренадағы беделін арттырды.

Осы кезеңнен кейін сұлтандық тоқырау дәуіріне аяқ басты. Сұлтан Қайытбайдың ұзаққа созылған әрі сыртқы саясаттағы сауатты билігі (1468–1496 жж.) мемлекетте біршама тұрақтылық орнатты, алайда бұл дәуір Осман империясымен арадағы алғашқы қақтығыстармен ерекшеленді. Сұлтандықтың соңғы қауқарлы билеушісі Қансух әл-Ғаури (1501–1516 жж.) болды. Оның билік еткен жылдары қатаң салық саясатымен, әскерді реформалау әрекеттерімен және Үнді мұхитында португалдықтармен болған әскери текетірестермен танымал. 1516 жылы ол Осман сұлтаны I Сәлім-ге қарсы шайқаста қаза тапты; осы жеңілістен кейін 1517 жылы османдықтар Мысырды толық жаулап алып, мәмлүктердің билігіне біржола нүкте қойды.

Мәмлүктер билігі кезінде Каир қазіргі заманға дейінгі дәуірдегі өзінің гүлденуі мен ауқымының шыңына жетіп, сол уақыттағы әлемдегі ең ірі қалалардың біріне айналды. Сұлтандық экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрағанымен, мемлекеттің тиімді географиялық орналасуы оны Еуропа мен Үнді мұхиты арасындағы сауданың басты орталығына айналдырды. Мәмлүктердің өздері табыс көзі ретінде иқта жүйесіне сүйенді. Сонымен қатар олар өнер мен сәулет өнерінің ірі жанашырлары болды: металды нақыштап өңдеу, эмальданған шыны бұйымдары және көркем безендірілген Құран қолжазбалары сол дәуірдегі өнердің жоғары деңгейін көрсетсе, мәмлүк сәулет өнерінің туындылары бүгінгі тарихи Каирдің келбетін құрап, империяның барлық бұрынғы иеліктерінде сақталып қалған.

Мазмұны

Атауы

«Мәмлүк сұлтандығы» — қазіргі тарихнамада қалыптасқан термин.Бахри мәмлүктері билік еткен кезеңдегі араб тілді дереккөздер бұл әулетті «Түркілер мемлекеті» (Дәулет әл-Атрак немесе Дәулет әл-Түрк) немесе «Түркия мемлекеті» (әл-Дәулә әл-Түркия) деп атаған.Бурджилер билігі тұсында мемлекет «Черкестер мемлекеті» (Дәулет әл-Жаракиса) деп те аталды. Бұл атаулар билеушілердің этникалық тегін ерекшелеп көрсеткен. Мәмлүк тарихшылары черкестер дәуіріндегі сирек жағдайларды есептемегенде, билеушілердің «құл» (мәмлүк) мәртебесіне баса назар аудармаған.

Тарихы

Шығу тегі

 
Ибн Зафар әс-Сикиллидің «Сулван әл-Мута» еңбегінің титулдық бетінің безендірілуі. Мәмлүк Мысыры немесе Сирия, шамамен 1330 жыл

Мәмлүк — үй құлы саналатын «ғұламнан» өзіндік мәртебесімен ерекшеленген, еркіндік алған әскери қызметші. Олар әскери өнерді, сарай этикетін және ислам ілімдерін толық меңгергеннен кейін басыбайлылықтан босатылатын. Алайда, азаттық алғанына қарамастан, мәмлүктер өз мырзасына адалдық танытып, оның әулетіне қызмет етуге міндетті болды.

Мәмлүктер кем дегенде IX ғасырдан бастап Сирия мен Мысырдағы әскери аппараттың маңызды бөлігіне айналды. Уақыт өте келе олардың ықпалы артып, Мысыр мен Сирияда билік жүргізген Тулунидтер және Ихшидидтер секілді басқарушы әулеттердің негізін қалады. XII ғасырдың соңы мен XIII ғасырдың басында, Әйюбидтер билігі кезінде мәмлүк жасақтары Мысыр әскерінің басты тірегі болды. Бұл процесс Әйюбилердің алғашқы сұлтаны Салах әд-Диннің (1174–1193 жж. билік еткен) тұсында басталды. Ол Фатимидтер халифатының қара нәсілді африкалық жаяу әскерін таратып, олардың орнын мәмлүктермен алмастырды.

Әрбір Әйюбид сұлтаны мен жоғары лауазымды әмірлерінің жеке мәмлүк жасақтары болды. Әйюбидтерге қызмет еткен мәмлүктердің басым көпшілігі Орта Азиядан шыққан этникалық Қыпшақ түркілері еді. Олар қызметке қабылданған соң сүнниттік исламды қабылдап, араб тілін үйренетін. Мәмлүктер өз мырзаларына барынша адал болды, оларды жиі «әке» деп атайтын. Өз кезегінде, қожайындары да оларға құл ретінде емес, жақын туысындай қарайтын. Олар азаттық алғаннан кейін сарай әкімшілігінен немесе әскерден тиісті лауазымдарын алатын.

Мәмлүктердің ерікті жауынгерлерден (азат туғандардан) артық бағалануының себебі — олардың тәрбиесінде жатыр. Мәмлүктер жастайынан әскер мен сұлтанды өз «отбасы» ретінде көруге бейімделді. Соның нәтижесінде олар өздерінің туған-туыстары мен руластарының мүддесін бірінші орынға қоятын ерікті сарбаздарға қарағанда, билікке әлдеқайда адал деп есептелді.

Әйюбид әмірі әрі болашақ сұлтан Әс-Салих Әйюб 1229 жылға қарай Сирия, Мысыр және Арабия өңірлерінен мыңға жуық мәмлүк жинады (олардың арасында азат туғандары да бар еді). Бұл кезде ол әкесі, Сұлтан әл-Камил (1218–1238 жж. билік еткен) жоқта Мысырдың найыбы (наменгері) қызметін атқарып жүрген болатын. Бұл мәмлүктер өз мырзаларының құрметіне «Салихия» (жекеше түрде — «Салихи») деп аталды. 1240 жылы әс-Салих Мысыр тағына отырғаннан кейін, өз жасағындағы мәмлүктердің көбіне азаттық беріп, оларды жоғары лауазымдарға тағайындады. Ол өзіне дейінгі әмірлерден тәркіленген иқталарды (әскери қызметі үшін берілетін жер үлестері) өз мәмлүктеріне бөліп беріп, олардың экономикалық қуатын нығайтты. Сұлтан Мысырда сондай пәрменді әскери-басқару жүйесін құрды, тарихшы Уинслоу Уильям Клиффордтың сипаттауынша, замандастары сол дәуірдегі Мысырды «Салихилер билеп-төстеген» өлке ретінде таныған.

Тарихшы Стивен Хамфрис «Салихия» тобының мемлекеттегі ықпалының артуы әс-Салихтың жеке билігіне еш қауіп төндірмегенін (олардың сұлтанға деген шексіз берілгендігінен) айтса, Клиффорд бұл топтың ішкі дербестігі мұндай адалдық шеңберінен шығып кеткен еді деген пікірді ұстанады.

Билікке келуі

1249 жылы Жетінші крест жорығы кезінде Франция королі ІХ Людовик Мысырдың Дамиетта қаласын басып алғанда, сұлтан әс-Салих пен оның мәмлүктері арасындағы қайшылық шегіне жетті. Соғыс өрті өршіп тұрғанда әс-Салих қайтыс болып, таққа оның ұлы Тұраншах отырды. 1250 жылғы 11 ақпанда Бейбарыс бастаған «Бахрия» полкі әл-Мансура түбінде крестшілерді талқандаса, сәуірдегі Фарискур шайқасында жау әскері біржолата күйреп, король ІХ Людовик тұтқынға алынды. Осы жеңістерден кейін Тұраншах билікті өз қолына алу үшін әкесінен қалған ескі гвардияны (Салихия) шеттетіп, олардың орнына өзінің жақын нөкерлерін қоя бастады. Бұл шешімге наразы болған салихи әмірлері 1250 жылғы 2 мамырда Фарискурда Тұраншахтың көзін жойып, Әюбилер әулетінің билігін іс жүзінде аяқтады.

Тұраншахтан кейін билік басына әс-Салихтың жесірі Шәжір әд-Дүрр келді. Ол «Бахрия» және «Жамдария» полктеріне жер үлестері мен ерекше құқықтар беріп, олардың қолдауына ие болды. Алайда әскери қолбасшы Айбек билікті жеке иемденуге тырысқанда, бахрилер оны Әюбилер әулетінің мұрагері Мұсамен билікті бөлісуге мәжбүр етті. Осыдан кейін Айбек пен бахрилердің көсемі Фарис әд-Дин Ақтай арасында ашық текетірес басталды. Бұл күрес 1251 жылы Айбектің бахрилердің штаб-пәтерін жабуымен және 1254 жылы Ақтайды өлтіруімен аяқталып, мәмлүктер арасындағы ішкі соғысқа жол ашты.

 
Найза ұстаған сарбаздар. 1371 жыл. Мәмлүк Мысыры немесе Сирия

Ақтайды өлтіргеннен кейін Айбек «Бахрия» мәмлүктерін қуғындай бастады, нәтижесінде олардың көбі Газаға қашты. Алайда 1257 жылы Айбек, артынша Шәжір әд-Дүрр де қастандықпен өлтіріліп, Мысырда билік бостығы орнады. Таққа Айбектің жас ұлы Әли отырғанымен, іс жүзінде билік оның сенімді серігі Сайф әд-Дин Құтұздың қолына өтті. Газадағы бахрилер Мысырды қайтаруға тырысқанымен, жеңіліске ұшырап, Сирия билеушісі ән-Насыр Юсуфтың жағына шықты. Бірақ моңғол шапқыншылығының қаупі төнгенде, Әюби әмірлері өзара татуласуға мәжбүр болып, Бейбарыс та ән-Насыр Юсуфтың қарамағына өтті. 1259 жылы Құтұз жас сұлтанды тақтан тайдырып, билікті толық иемденді де, Мысырдағы қалған қарсыластарын тазартып шықты. Ал Бейбарыс Газада Құтұзға бағынбайтын жеке саяси күш құрып, қарсылықты жалғастыра берді.

Мәмлүктер өзара таққа таласып жатқанда, Құлағу хан бастаған моңғол әскері 1258 жылы ислам әлемінің зияткерлік және рухани орталығы болған Бағдатты талқандап, батысқа қарай жылжып, Алеппо мен Дамаскіні басып алды. Ортақ жауға қарсы тұру үшін Құтұз бұрынғы жауы Бейбарыспен татуласып, оның Мысырға оралуына рұқсат берді. Құлағу хан Каирге елшілерін аттандырып, Құтұздан моңғол билігіне сөзсіз бағынуды талап етеді. Алайда Құтұз елшілердің көзін жоюға бұйрық беріп, қайтпас батылдық танытты. Тарихшы Джозеф Камминс бұл қадамды «моңғол тағына көрсетілген ең ауыр қорлық» деп бағалады. Көп ұзамай Құлағудың моңғол тағы үшін күресу мақсатында Сириядан кеткені белгілі болады. Осы сәтті пайдаланған Құтұз бен Бейбарыс Сирияны азат ету үшін 120 мың сарбаздан тұратын алпауыт күш жинады. 1260 жылғы қыркүйекте Айн-Жалұт шайқасында мәмлүктер моңғолдарды күйрете жеңіп, Кетбұға ноянды өлім жазасына кесті. Осы жеңістен кейін мәмлүктер Сирия қалаларын қайтарып алды. Алайда Каирге жеңіспен оралған жолда Құтұз бахрилердің қастандығынан қаза тауып, 1260 жылғы қазанда билік басына Бейбарыс келді. Осылайша Мысырда «Бахрия» мәмлүктерінің дәуірі басталды.

Бахри әулетінің билігі (1250–1382)

Сұлтан Бейбарыстың билік құруы

Толық мақаласы: Сұлтан Бейбарыс
 
«Сент-Луи тостағанындағы» (1320–1340) тақта отырған билеуші мен оның нөкерлері. Бейбарыстың сол заманға жуық кезеңдегі ықтимал бейнесі.

1260 жылы Бейбарыс Парсыдағы моңғол Илхандарымен астыртын байланыста болды деген айыппен әл-Мұғитті биліктен тайдырып, Шам (Сирия) өлкесіндегі өз үстемдігін нығайтты. Сұлтан билігінің алғашқы жылдарында мәмлүк жасағын 10 мыңнан 40 мың атты әскерге дейін жеткізді, оның ішінде 4 мың сарбаздан тұратын таңдаулы сұлтан ұланы (хасса) құрылды. Бұл жаңа әскер қатаң тәртіпке бағынып, ат үстінде шабуылдау, қылыш шабу және садақ ату өнеріне жоғары деңгейде машықтанды.

Мемлекет ішіндегі байланысты жеделдету үшін Бейбарыс Мысыр мен Шам арасын жалғайтын «барид» (жүйрік пошта) желісін құрды. Бұл бағыттың бойында көптеген жолдар мен зәулім көпірлер бой көтерді. Оның әскери және әкімшілік реформалары Мәмлүк мемлекетінің айбынын асырды. Ол моңғолдар мен Еуропаның христиан билеушілерінің өзара одақтасуына жол бермеу үшін дипломатиялық айла-шаралар жүргізді, сондай-ақ Илхандар мен Алтын Орда арасына іріткі салып, оларды бір-біріне қарсы қойды. Бұл саясаттың тағы бір мақсаты — моңғолдар билік жүргізіп отырған Орталық Азиядан түркі тектес мәмлүк сарбаздарының тоқтаусыз келуін қамтамасыз ету еді.

 
Атты сарбаздың аюды найзамен түйреп жатқан сәті. Ахмад әл-Мисридің 1371 жылғы «Ниһаят әл-сул» (Жауынгерлік өнердің шыңы) атты еңбегінен алынған сурет.

1265 жылға қарай Мысыр мен мұсылмандық Шам өлкесіндегі билігін толық бекемдеген Бейбарыс, Сирия аумағындағы крестшілердің бекіністеріне қарсы жорықтар бастады. Ол 1265 жылы Арсуфты, ал 1266 жылы Хальба мен Арқаны бағындырды. Бейбарыс крестшілердің жаңа легі келешекте пайдаланбауы үшін Сирия жағалауындағы бекіністерді басып алып, олардың тас-талқанын шығарды.

Ол халықты теңіз жағалауынан ішкері аймақтарға қоныстандырып, жаңа қалалардың негізін қалады. Бұл қадам аймақтағы елді мекендердің жүйесін түпкілікті өзгертті. Мәселен, Аскалон қаласының тұрғындарын Әл-Мадждал Аскаланға көшіруі осы стратегияның айқын көрінісі болды.

1266 жылдың тамызында мәмлүктер моңғолдармен одақтас болғаны үшін Киликия армян патшалығына қарсы жазалау жорығын бастап, көптеген елді мекендерін қиратып бұл патшалықты әлсіретті. Осы тұста Бейбарыс Палестинаның ішкері аймағындағы Сафед қаласын тамплиерлерден, кейінрек Рамланы тартып алды. Жағалаудағы бекіністерге қарағанда, мәмлүктер ішкі өңірдегі қалаларды нығайтып, оларды басты әскери гарнизондар мен әкімшілік орталықтар ретінде пайдаланды.

1268 жылы мәмлүктер Яффаны бағындырып, 18 мамырда крестшілердің ең ірі бекінісі — Антиохияны алды. 1271 жылы Бейбарыс Триполи графтығына тиесілі атақты Крак-де-Шевалье қамалын иеленді. 1272 жылы исмаилит-шииттік ассасиндермен одақ құрғанына қарамастан, 1273 жылдың шілдесінде мәмлүктер олардың дербестігін қауіпті деп санап, Жабаль-Ансария тауларындағы бекіністерін, соның ішінде Масьяфты да өз бақылауына алды. 1277 жылы Бейбарыс Илхандарға қарсы жорық жасап, Анадолыдағы Елбастан шайқасында оларды тас-талқан етті. Алайда, өз күштерін шамадан тыс шаршатпау және Сириядан келетін жолды моңғолдардың үлкен қолы бөліп тастамауы үшін шегінуге шешім қабылдады.

Мысырдың оңтүстігінде Бейбарыс христиандық Нубияның Мукурра патшалығына қатысты қатаң саясат ұстанды. 1265 жылы мәмлүктер Мукурра солтүстігіне басып кіріп, Нубия патшасын өздеріне тәуелді етуге мәжбүрледі. Осы тұста мәмлүктер Қызыл теңіз жағалауындағы Суакин мен Дахлак архипелагын бағындырды. Сонымен қатар өз бақылауын Хиджазға (Батыс Арабия), Нілдің батысындағы шөлді аймақтарға және Барқаға жүргізуге күш салды.

 
Заһирия кітапханасындағы Сұлтан Бейбарыс кесенесі (Дамаск)

1268 жылы Мукурра патшасы Бірінші Дәуіт мәмлүктердің қолшоқпарын тақтан тайдырып, 1272 жылы мәмлүктердің Қызыл теңіздегі Айдхаб портына шабуыл жасады. Бұған жауап ретінде 1276 жылы мәмлүктер Донгола шайқасында Макурия патшасы Дәуітті тас-талқан етіп, таққа өз одақтастары Шаканданы отырғызды. Осы жеңістің нәтижесінде Каср Ибрим қамалы мәмлүктердің билігіне өтті.

Нубияны бағындыру тұрақты сипат алмаса да, Бейбарыс бастаған жорықтар мен таққа өзіне сенімді билеушілерді отырғызу әдісін оның мұрагерлері де жалғастырып отырды. Дегенмен, сұлтанның алғашқы жеңістері мәмлүктердің Нубиядан жыл сайын алым-салық алып тұруына негіз қалады. Бұл үрдіс XIV ғасырдың ортасында Мукурра патшалығы біржолата күйрегенге дейін үзілген жоқ. Сонымен қатар, қиыр оңтүстіктегі Әл-Абуаб билеушісі Адур да мәмлүктердің айбынынан сескеніп, оларға бас иетінін жеткізді.

Бейбарыс 1264 жылы өзінің төрт жасар ұлы Саид Беркені тең билеуші етіп тағайындап, билікті өз әулетінің қолында сақтап қалуға күш салды. Бұл шешім мәмлүктердің қалыптасқан дәстүріне — сұлтанды тегіне қарап емес, жеке қабілеті мен лайықтылығына қарай сайлау тәртібіне қайшы келді. 1277 жылдың шілдесінде Бейбарыс Дамаскіге бара жатқан жолда қайтыс болып, оның орнына таққа Берке отырды.

Қалауынилердің ерте кезеңі

 
Триполи қоршауы (1289): Қалауын бастаған мәмлүктердің крестшілерге қарсы жорығы.

Билік үшін күресте жеңілген Саид Берке тақтан тайдырылып, 1279 жылдың қарашасында Бейбарыстың жақын серігі әрі орынбасары Қалауын сұлтан атанды. 1281 жылы Илхандар Сирияға қарсы жойқын жорық бастады. Мәмлүктер саны жағынан Илхандар, армяндар, грузиндер мен селжүктерден құралған 80 мыңдық коалициядан әлдеқайда аз болғанына қарамастан, Хомс шайқасында оларды ойсырата жеңіп, Сириядағы өз үстемдігін біржолата бекітті.Илхандардың бұл жеңілісі Қалауынға Сириядағы крестшілердің қалған бекіністеріне соққы беруге мүмкіндік туғызды; 1285 жылдың мамырында ол Марқаб қамалын басып алып, онда өз гарнизонын орналастырды.

Қалауын билігінің алғашқы кезеңі саудагерлер, мұсылман бюрократиясы мен діни топтардың қолдауына ие болуға бағытталған саясатпен ерекшеленді. Ол саудагерлерге ауыр тиген заңсыз салықтарды жойып, Исламның ең қасиетті орындарын — Мединедегі Пайғамбар мешітін, Иерусалимдегі әл-Ақса мешітін және Хеврондағы Ибраһим мешітін ауқымды жөндеуден өткізу мен қайта құру жұмыстарын қолға алды. Кейінірек оның құрылыс қызметі зайырлы және жеке мақсаттарға ауысты, соның ішінде Каирдегі көп салалы ірі аурухана кешені салынды. Илхандармен келісім орнағаннан кейін, Қалауын Мысыр мен Сириядағы ондаған жоғары лауазымды әмірлерді түрмеге жауып, ішкі оппозицияны басып тастады. Ол бұған дейін негізінен түркілерден тұратын мәмлүктер қатарын басқа ұлт өкілдерімен, соның ішінде черкестермен толықтырып, олардан «Бурджия» полкін құрды.

Қалауын — Салихи әулетінен шыққан соңғы сұлтан болды. 1290 жылы ол қайтыс болғаннан кейін, таққа отырған ұлы әл-Ашраф Халил өз билігінің заңдылығын нығайту үшін әкесінің мұрагері екенін басты орынға қойды. Халил де өзінен бұрынғы билеушілер секілді мемлекеттік аппаратты реттеуді, крестшілер мен моңғолдарға соққы беруді, Сирияны мемлекетке толық біріктіруді және империяға жаңа мәмлүктер мен қару-жарақ ағынын үздіксіз қамтамасыз етуді басты мақсат етіп қойды. Егер Бейбарыс 4 000 мәмлүк, ал Қалауын 6 000–7 000 мәмлүк сатып алған болса, Халил билігінің соңына қарай сұлтанаттағы мәмлүктердің жалпы саны 10 000-ға жуықтады. 1291 жылы Халил крестшілердің Палестинадағы соңғы ірі тірегі — Акраны басып алды, осылайша мәмлүктердің үстемдігі бүкіл Сирия аумағына толықтай орнады.

 
Каирдегі Сұлтан Қалауын кесенесінің ішкі көрінісі (1284–1285 жж.)

1293 жылы Халил қайтыс болғаннан кейін, Мәмлүк мемлекетінде билікке таласқан топтардың өзара тартысы басталды. Келесі жылы Халилдің кәмелетке толмаған інісі әл-Насыр Мұхаммед тақтан тайдырылып, билікке Қалауынның моңғол текті мәмлүгі әл-Әділ Китбұға келді. Одан кейін билік тізгінін Қалауынның тағы бір мәмлүгі, грек текті Хұсам әд-Дін Лажын иеленді. Лажын өз бақылауын күшейту мақсатында иқта жүйесін қайта қарап, оларды өз жақтастарына үлестірді. Алайда ол билікті ұзақ ұстай алмады: 1298 жылы әл-Насыр Мұхаммед сұлтан ретінде қайта таққа отырды. Ол ішкі алауыздық жайлаған елді ІІ Бейбарыс тақтан тайдырғанға дейін басқарды. Қалауынның черкес текті мәмлүгі ІІ Бейбарыс өзінен бұрынғы билеушілермен салыстырғанда әлдеқайда бай, тақуа және мәдениетті тұлға ретінде танылды.

Әл-Насыр Мұхаммедтің екінші рет таққа отырған кезеңінің басында Илхандар мемлекетімен қақтығыс қайта шиеленісті. Ислам дінін қабылдаған Махмұд Ғазан Хан бастаған Илхан әскері Сирияға басып кіріп, 1299 жылы Вади әл-Хазнадар шайқасында мәмлүктерді ойсырата жеңді. Алайда, көп ұзамай Ғазан хан атты әскеріне қажетті азық тапшылығына байланысты Сириядан негізгі күштерін алып кетті де, Илхандардың қалған бөлігі 1300 жылы қайта жасақталған мәмлүк әскерінің екпініне шыдамай шегініп тынды. 1303 жылы Илхандар тарапынан жасалған кезекті шапқыншылық Дамаскінің оңтүстігіндегі Мардж әс-Суффар жазығында тоқтатылды: мәмлүктер бұл шайқаста шешуші жеңіске жетіп, жаудың бетін біржолата қайтарды.

Әл-Насыр Мұхаммедтің үшінші билік кезеңі

 
Мәмлүк сарайының көрінісі; мұнда сұлтан Әл-Насыр Мұхаммед бейнеленген болуы мүмкін. Бұл туынды 1334 жылы Мысырда жазылған Әл-Хариридің «Мақамат» жинағына тиесілі. "Суреттерден билеуші түркілердің бет-әлпеті мен олар ұстанған ерекше сән үлгілері мен жарақтарын анық көруге болады."

II Байбарыс бір жылдай билік құрғаннан кейін, 1310 жылы әл-Насыр Мұхаммед таққа қайта отырды. Оның отыз жылдан астам уақытқа созылған бұл үшінші билігі тарихшылар тарапынан Мәмлүк империясының ең гүлденген дәуірі деп бағаланады. Бұған дейінгі екі кезеңде Қалауын мен Халилдің мәмлүктері үстемдік орнатып, билікке жиі араласқан болатын. Мұндай жағдайды қайталамас үшін әл-Насыр Мұхаммед орталықтандырылған жеке билік (автократия) жүйесін қалыптастырды. Осы мақсатта 1310 жылы өзін тақтан тайдыруға қатысқан барлық мәмлүк әмірлерін, соның ішінде Буржи мәмлүктерін де тұтқындап, жер аударды немесе көзін жойып, иқта жерлерін өз жақтастарына үлестіріп берді. Бастапқыда әкесінің тұсындағы мәмлүктерге тиіспегенімен, 1311 және 1316 жылдары олардың да көбін жазалап, иқта иеліктерін тағы да өз мәмлүктеріне бөліп берді. Осындай реформалардың нәтижесінде 1316 жылға қарай мәмлүктердің саны екі мыңға дейін азайды. Сонымен қатар, әл-Насыр Мұхаммед халифа әл-Мұстакфидің орнына өзі тағайындаған әл-Уатиқті қойып, бас қазыны тек өзіне тиімді үкімдер шығаруға мәжбүрлеу арқылы елдегі саяси және діни билікті толықтай өз қолына шоғырландырды.

Әл-Насыр Мұхаммедтің тұсында мәмлүктер 1313 жылы Илхандардың Сирияға жасаған шапқыншылығына тойтарыс беріп, 1322 жылы Илхан мемлекетімен бітім шартын жасасты. Бұл келісім мәмлүк-моңғол соғыстарына біржолата нүкте қойды. Осыдан кейін әл-Насыр Мұхаммед өзінің билігін нығайту және Қалауын әулетінің (Бахри режимінің) үстемдігін баянды ету мақсатында маңызды саяси, экономикалық және әскери реформалар жүргізіп, елде тұрақтылық пен гүлдену дәуірін орнатты.

Әл-Насыр Мұхаммедтің билік құрған дәуірі Илхандар мемлекетінің ыдырап, бірнеше ұсақ әулеттік иеліктерге бөліну кезеңімен тұспа-тұс келді. Бұл саяси өзгеріс Мәмлүк сұлтанатына жаңадан құрылған мемлекеттермен тығыз дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, сауда байланыстарын жандандыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, моңғол иеліктерінен келетін мәмлүктер ағыны саяси жағдайларға байланысты саябырлаған тұста, сұлтан бұл мәселені шешудің тың жолдарын тапты. Ол жауынгерлерді даярлау ісіне еркіндік енгізіп, әскери және қаржылық ынталандырудың жаңа тетіктерін қалыптастырды. Мұндай жеңілдіктер жаңадан келген сарбаздардың жағдайын жақсартып қана қоймай, империядан тыс аймақтардағы әскери өнерге құштар жастардың Мысырға келіп, мансап қууына жол ашты.

Бахри мәмлүктері дәуірінің соңы

1341 жылы Әл-Насыр Мұхаммед дүниеден өткен соң, билік тізгіні оның ұрпақтарына көшкенімен, мемлекетте саяси тұрақсыздық белең алды. Бұл кезеңде Әл-Насыр Хасан (1347–1351, 1354–1361) мен Әл-Ашраф Шабанды (1363–1367) есепке алмағанда, мұрагерлердің көбі тек ресми түрде ғана сұлтан саналды. Шын мәнінде, билік мәмлүктердің ықпалды топтары мен олардың жетекшілерінің қолында болды. Сұлтанның ұлдарынан таққа алғаш болып Әл-Насыр Мұхаммедтің өзі тағайындаған мұрагері Әл-Мансұр Әбу Бәкір отырды. Алайда, Әл-Насыр Мұхаммедтің бас кеңесшісі Қаусұн нақты билікті иемденіп, Әбу Бәкірді тұтқындап, артынша өлім жазасына кесті. Оның орнына сұлтанның кішкентай ұлы Әл-Ашраф Күшікті таққа отырғызды.

 
Әл-Насыр Хасан сұлтанның кешені (1356–1363) — оба індеті өршіп тұрған қиын кезеңде салынғанына қарамастан, Каирдегі ең ірі әрі ең қымбат мәмлүк ғимараты болып саналады..

1342 жылдың қаңтарында Қаусұн мен Әл-Ашраф Күшік тақтан тайдырылып, билікке әл-Карактық Әл-Насыр Ахмет келді. Алайда Ахмет Каирді орынбасарына тастап, өзі Әл-Каракқа кетіп қалды. Оның бұл оғаш қылығы мен қаталдығы 1342 жылдың маусымында тақтан тайдырылуына себеп болды. Оның орнын басқан бауыры Әл-Салих Исмаил 1345 жылға дейін билік құрды. Одан кейін таққа отырған Әл-Камил Шабан мен оның інісі Әл-Мұзаффар Хажы бірінен соң бірі мәмлүктер көтерілісінің құрбаны болып, 1347 жылдың соңына қарай қаза тапты.

Әл-Мұзаффар Хажы өлген соң, әмірлер таққа Әл-Насыр Мұхаммедтің 12 жасар ұлы Әл-Насыр Хасанды отырғызды. Оның алғашқы билігі тұсында (1347–1348) басталған бубон обасы елді жаппай қырып, әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа әкелді. 1351 жылы Хасан тақтан тайдырылғанымен, 1355 жылы билікке қайта оралды. Бұл жолы ол өзіне қарсылас әмірлерді қызметтен қуып, әкімшілік пен әскерге мәмлүктердің еркін туған ұрпақтарын — «аулад әл-насты» тарта бастады. Бұл үрдіс Бахри дәуірінің соңына дейін жалғасты. Сұлтанның бұл реформасы ескі гвардияның наразылығын тудырып, соңында 1361 жылы әмір Ялбұға әл-Умари бастаған бүлікшілер Хасанның көзін жойды.

Ялбұға жас сұлтан Әл-Мансұр Мұхаммедтің регенті болып, әскердегі іріп-шіруді тоқтату үшін Байбарыс заманындағы қатаң тәртіпті қайта енгізді. 1365 жылы мәмлүктердің Арменияны басып алу әрекеті Кипр королі I Петр Александрияға басып кіруіне байланысты сәтсіз аяқталды. Сонымен қатар, халықаралық саудадағы тиімді позициялардың жоғалуы мен экономикалық құлдырау Бахри режимін одан ары әлсіретті.

Ялбұғаның тым қатал әдістеріне шыдамаған мәмлүктер 1366 жылы оны өлтіріп тынды. Бұл бүлікті кезінде Ялбұғаның өзі таққа отырғызған сұлтан Әл-Ашраф Шабан қолдады. Шабан 1377 жылға дейін елді өз бетінше басқарды, бірақ Меккеге қажылыққа бара жатқан жолында бүлікшілердің қолынан қаза тапты.

Әдебиеттер

  • Amitai Reuven The Logistics of the Mamluk-Mongol War, with Special Reference to the Battle of Wadi'l-Khaznadar, 1299 C.E. // Logistics of Warfare in the Age of the Crusades — Ashgate Publishing, 2006. — ISBN 978-0-7546-5197-0.
  • Asbridge Thomas The Crusades: The War for the Holy Land — Simon and Schuster, 2010. — ISBN 978-1-84983-770-5.
  • Barker Hannah What Caused the 14th-Century Tatar–Circassian Shift? // Slavery in the Black Sea Region, C.900–1900: Forms of Unfreedom at the Intersection Between Christianity and Islam — Leiden: Brill, 2021. — P. 339–363. — ISBN 978-90-04-47071-2.
  • Behrens-Abouseif Doris Cairo of the Mamluks: A History of Architecture and its Culture — Cairo: American University in Cairo Press, 2007. — ISBN 978-977-416-077-6.
  • Behrens-Abouseif Doris Africa // Practising Diplomacy in the Mamluk Sultanate: Gifts and Material Culture in the Medieval Islamic World — I. B. Tauris, 2014. — ISBN 978-0-85773-541-6.
  • The Art and Architecture of Islam, 1250–1800 — Yale University Press, 1995. — ISBN 978-0-300-05888-8.
  • Clifford Winslow William State Formation and the Structure of Politics in Mamluk Syro-Egypt, 648–741 A.H./1250–1340 C.E. — Bonn University Press, 2013. — ISBN 978-3-8471-0091-1.
  • Cummins Joseph History's Greatest Wars: The Epic Conflicts that Shaped the Modern World — Fair Winds Press, 2011. — ISBN 978-1-61058-055-7.
  • Drory Joseph The Prince who Favored the Desert: Fragmentary Biography of al-Nasir Ahmad (d. 745/1344) // Mamluks and Ottomans: Studies in Honour of Michael Winter — Routledge, 2006. — ISBN 9-78-0-415-37278-7.
  • Al-Harithy Howyda N. The Complex of Sultan Hasan in Cairo: Reading Between the Lines // Muqarnas: An Annual on the Visual Culture of the Islamic World, Volume 13 — Leiden: Brill, 1996. — P. 68–79. — ISBN 90-04-10633-2.
  • Levanoni Amalia A Turning Point in Mamluk History: The Third Reign of Al-Nāṣir Muḥammad Ibn Qalāwūn (1310–1341) — Brill, 1995. — ISBN 978-90-04-10182-1.
  • A History of the Sudan: From the Coming of Islam to the Present Day — Weidenfeld and Nicolson, 1961. — ISBN 978-1-317-86366-3.
  • Nicolle David Mamluk 'Askari 1250–1517 — Osprey Publishing, 2014. — ISBN 978-1-78200-929-0.
  • Northrup Linda From Slave to Sultan: The Career of Al-Manṣūr Qalāwūn and the Consolidation of Mamluk Rule in Egypt and Syria (678–689 A.H./1279–1290 A.D.) — Franz Steiner, 1998a. — ISBN 978-3-515-06861-1.
  • Northrup Linda S. The Bahri Mamluk Sultanate // The Cambridge History of Egypt, Vol. 1: Islamic Egypt 640–1517 — Cambridge University Press, 1998b. — ISBN 978-0-521-06885-7.
  • Petry Carl F. The Military Institution and Innovation in the Late Mamluk Period // The Cambridge History of Egypt, Vol. 1: Islamic Egypt, 640–1517 — Cambridge University Press, 1998. — ISBN 978-0-521-06885-7.
  • Petry Carl F. The Mamluk Sultanate: A History — Cambridge University Press, 2022. — ISBN 978-1-108-47104-6.
  • Petry Carl F. The Civilian Elite of Cairo in the Later Middle Ages — Princeton University Press, 2014. — ISBN 978-1-4008-5641-1.
  • Sharon, M. (1995). "A New Fâṭimid Inscription from Ascalon and Its Historical Setting". 'Atiqot 26: 61–86. JSTOR 23457057. https://www.jstor.org/stable/23457057. 
  • Rabbat Nasser O. The Citadel of Cairo: A New Interpretation of Royal Mameluk Architecture — Brill, 1995. — ISBN 978-90-04-10124-1.
  • Rodenbeck Max Cairo: The City Victorious — Cairo: American University in Cairo Press, 1999. — ISBN 0-679-44651-6.
  • Yosef, Koby (2013). "The Term Mamlūk and Slave Status during the Mamluk Sultanate". Al-Qanṭara (Consejo Superior de Investigaciones Científicas) 34 (1): 7–34. doi:10.3989/alqantara.2013.001. 
  • Welsby Derek The Medieval Kingdoms of Nubia: Pagans, Christians and Muslims Along the Middle Nile — British Museum, 2002. — ISBN 978-0-7141-1947-2.
←Келесі жазбаАлдыңғы жазба→
Ең көп оқылған - Уикипедия
  • Сәуір 06, 2026

    Ватикандық Пьета

  • Наурыз 23, 2026

    Адамгершілік

  • Наурыз 12, 2026

    Кіші жүз

  • Сәуір 03, 2026

    АҚШ доллары

  • Наурыз 24, 2026

    Салауатты өмір салты

Студия

  • Уикипедия

Жаңалықтарға жазылу

Байланысу
Бізбен байланыс
© 2025 www.wikimap.kk-kz.nina.az - Барлық құқықтар қорғалған.
Авторлық құқық: Dadash Mammadov
Жоғары