
Барекендік (ағылш. Existence, орыс. существование; кейде "Экзистенция", "Барлық", "Болу", "Мәужүт", "бар болу", "екендік") — болушының физикалық, немесе психикалық шындығының қандай болуына қармастан, қалайда шындық ретінде фактті болуы, орындалу, іске асу нақтылығы, объективті шындықтың ғаламда барболу фактісі мен күйі. Болу (ағылш. becoming) сөзі әдетте бір нәрсенің растығын да, кеңістік пен уақыттағы шынайы халін де, терең ішкі қасиеті мен мәнін де білдіреді. Философияда ол болмыстың (being) онтологиялық қасиетін көрсетеді. Мысалы адам жаһанда болушы ретінде онтологиялық болады, оның барекендігі болмысқа сай, сыртқы мүмкіндікке орай оның ғұмыры болып орындалады. Демек, барекендік әрі нақты реалдықты да, әрі потенциялды мүмкіндікті де қамтиды; өзгеріс, уақыт, кеңістік, мән, қасиет... секілді ұғымдар барболуды тануға көмектеседі.
Этимологиясы
"Барекендік" ұғымы Бар және Болу сынды екі фундаменталды түркі қазақ тілі ұғымдарының бірігуінен жасалған философиялық термин. Ол және оның түрлі грамматикалық нұсқалары күнделік тілдік коммуникацияда, әдебиетте, философиялық түсіндірулерде жиі қолданылады. Сөйлемде олар көбінесе бөлек жазылып келеді, ал арнаулы термин ретінде олар бірігіп бір ұғымды, яғни осы дүниеде бар және болып жатқандыты тұтас қамтиды.
Батыстық тіл мәдениетінде Existence делінеді, ол ортағасырлық Латын тіліндегі existentia/exsistentia сөздерінен шыққан. Барекендік пен Экзистенция (Existence) тұтастай бір сөз деуге болмайды, бірақ латын сөзінің мағынасы шамамен барекендік сөзіне ең жақын келеді. Сондықтан аударма жасаған кезде контекстегі мағынаға қарау керек.
Абай Құнанбайұлы бұл ұғымды Мәужүт деп алған, парсыша нұсқада. Бірақ Мәужүт сөзі Қазақы контекстке толық енбеді. Қазақтар осы мағынадағы сөйлеу және жазу мәдениетінде, әсіресе философиялық еңбектерде бұл ұғымды бар және екендік ұғымдарымен бейнелегендіктен, дұрыс нұсқасы барекендік деуге жеткілікті негіз бар.
Философиялық контексте
Барекендік ұғымы метафизикадағы, тіл философиясындағы және философиялық логикадағы маңызды әрі шүңет мәселелерден бастау алады. Мұнда мынадай екі сауал бар: барекендік дегеніміз қасиет пе, әлде нәрсе ме? Егер барболу нәрсенің қасиеті болса, онда барекендік қасиеті жоқ нәрсе бар ма? Әрине, бұл сұрақтарға әртүрлі философиялық пікір желілері әртүрлі түсіндіру ыңғайын береді, және маңыздысы Қасиеттің, Нәрсенің не екендігі туралы түсінік жауапқа үлкен әсерін тигізеді.
Реализм бағытындағы философия бойынша материя мен энергия барекендіктің негізі, барша нақты болып жатқан нәрсе материалдан құралады, барша әрекет энергия шығындайды, барша құбылыстар (сана құбылысы да) тегіс нақты шынайылықтың нәтижесі, табиғи заңдар мен таңдаулар барекендікті іске асырады деп есептейді. Көбіне олар барболу, болмыс (Being) және шындықты (reality) бір нәрсе деп қарауға, немесе барекендік дегеніміз болмыстың екендігі ретіндегі шындық деп тануға бейім.
Идеализм бағытындағы философия бойынша, ойлар мен идеялар барболуда, ал материалдық әлем соның көрінісі, шынайы нәрсе емес деп есептейді. Идеализмде барекендік көбінесе трансценденттікке (нақты мәлім нәрсе екендіктен жоғары шындық) салыстырмалы айтылады. Эпистемологиялық идеализмнің бір түрі ретінде рационализм болмыстың барекендігін тануға болады және ол ақылға сай деп түсіндіреді, әрі барша зат ақыл жібіне байланған, заттарды сол жүйелеп, тәртіпке келтіріп, болдырады деп есептейді. Олар бойынша, барша құбылыс (сана құбылысы да) тегіс өзіндік заттың (the thing-in-itself) сыртында жатқан ноуменді (noumenal) әлем таңбасын түсінудің нәтижесі деп есептейді.
Діни идеология бойынша, заттың барекендігі оның өз мәнінен емес, сыртқы Құдайдың жарату еркінен деп есептейді, барекендік мен мән дихотомиясы бейнелеген дүние жаратылуындағы дуализмді тек Құдай көмегімен шешуге тырысады.
Эмпирицизм бойынша, жеке фактілердің болуы ешқайдан (Құдайдан, не ақылдан) бастау алмайды, ол біздің тәжірибемізде болып жатқан нақты шындық деп есептейді.
Онтологияда барекендіктің анықтамасын беру өте маңызды және іргелі тақырыптардың бірі болып, ол табиғи болмысты, болуды және жалпы шындықты философиялық зерттеуді де, сондай-ақ болмыстың негізгі категориялары мен олардың қатынасын философиялық зерттеуді де қамтиды.
Заманында метафизиканың зерттеу тізімінде болған, кейбір сауалдар қазір онтологияға тән болды, мысалы заттың не екендігі, болуы, немесе бар екендігі, сондай-ақ бұл заттың қалай иерархиялық жолмен топтасып, өзара байланысатыны, қалай ортақтыққа және өзгешелікке ие болатыны қатарлылар.
Хайдеггердің фундаменталды онтологиясы бойынша, барекендік (existence) бәрінің осында болуы болса, ал ғұмыр (экзистенз, existenz) тек адамның ғана барекендігі. Мысалы тас, тау, жұлдыз секілді физикалық заттарда ғұмыр (existenz) жоқ, олар қалыптасып біткен, орындалып болған нәрселер. Тек адам ғана ғұмыр кешіп, өзін еркін жаратып, өзгеше бар болады, яғни жаңарып, жаңа нәрселер жасап, өз мәнін де өзгертіп, жетіліп, не құлдырап, таңдау жасап..., мәңгі тұрақтаспайтын болмыстық шындықты бейнелейді.
Қайнаркөзін көрсету
- Онтология
- Метафизика
- Философия
- Философия ұғымдары
- Терминология