Мұқан (Мықан) Балтекейұлы (1873, қазіргі Сарысу ауылы, Ұлытау ауданы, Қарағанды облысы (кей деректе Телікөл ауылы, Шиелі ауданы) – 1916, Ташкент) – айтыс ақыны, қазақ халқының XIX ғасырдың үшінші ширегі мен XX ғасырдың басында өмір сүрген суырып салма әнші-ақын.
Өмірбаяны
Мұқан 1873 — тауық жылы наурыз айының басында бұрынғы Жезқазған облысының Жезді ауданындағы Сарысу совхозының жерінде ақын Балтекей Қорғанұлының (1830–1917) отбасында дүниеге келген.
Ақынның әкесі Балтекей (Бәлтекей) жырау Қорғанұлы Найман ішінде Бағаналы руының Шоштан бұтағынан шыққан, ал анасы — Алтын, Қоңырат Көтенші руындағы Жанұзақ деген кісінің қызы екен.
Балтекей жырау Қорғанұлы шыққан Орта жүз Бағаналы Найманның Шоштан атасының жартысы Шымкент уезіне қарасты Төрткөл деген жерге қыстаған да, ал қалған жартысы Ақмешіт уезіне қараған Ащыкөл, Телікөл, Айнакөл бойын Бағаналы Найманның Ақтаз, Бесбала руларының ауылдарымен бірге қыстайтын болған. Жазда Балталы — Бағаналы Найманның барлық тайпаларына жататын ауылдарымен бірге Шоштан атаулы ел де Сарыарқаны жайлаған.
1918 жылы тамыз айында Балтекейге ас берілетін болады. Соған дейін қырғыз еліне барып-қайтпақ болып, екі атқосшысын ертіп, Мұқан ұзақ сапарға наурыз айы басталмай тұрып аттанып кетеді. Мұқан қырғыз еліне барып, айлап жатып, өлең айтып, сауық-сайран салып, ол жұрттың ауылдарын әнге, жырға, күйге бөлейді. Ақыры мол сыйлықпен маусым айының ішінде тарту-таралғыға алған дүниесін нарларға теңдеп, сыйлыққа алған малдарды айдап еліне бет алады. Ол жылқы, түйені Ташкент базарына айдап әкеп сатады да, ақшаға айналдырып алады. Мұқан Балтекейұлының туған інісі Қанайдың естеліктеріне сүйенсек, ақын 1916 жылы қырғыз манаптарында және Өзбекстан өңіріндегі қазақтар арасында болып, елге оралу сапарында қаза тапқан. Ташкент қаласында ақынның дүние-мүлкіне қызыққан өзінің шәкірті Софыбек қастандық жасап, ақын соның қолынан опат болған. Бағаналы Найманның Бесбала руының Сырбойылық Кіші жүз Алаша еліне ұзатылған Бәтес деген қызынан туған Жаңыл сұлу Мұқанның бірінші әйелі екен. Жанай — сол Жаңылдан туған тұңғыш баласы. Жанай Мұқанұлы 1920–1933 жылдар аралығында ақын Мансұр Бекежанов басқарған «қызыл керуенде» еңбек еткен. Ол 1933 жылы Қарсы Құзар (Жиделі-Байсын) өңірінде отбасымен бірге қайтыс болған. Жанайдан ұрпақ қалмаған. Мұқанның кіші інісі Қанай бертінде қайтыс болыпты. Қанайдан 1920 жылы туған Құрманбек Шымкент облысындағы Кентау қаласында көп жыл инженер болып, қызмет атқарған, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, 1974 жылдан бастап, Қызылорда облысының Шиелі поселкесінде тұрған еді.
Шәкірттері Әлі Баймағамбетұлы (Қарасары Қыпшақ), Бозай (руы —Тарақты), Зекей, Сыздық Қонақбай ұлдары (руы — Шұбыртпалы Арғын) ақсақалдардың айтуы бойынша, Мұқан ақын Балтекейұлы ортадан жоғары бойлы, жуан мойынды, жауырынды, кең жазық маңдайлы, ұзынша қыр мұрынды, үлкен қой көзді, ат жақты, аққұба өңді, қызыл шырайлы, басы үлкен, ән салғанда дауысы сызылып шығатын, мінезі ауыр, бірақ, қимылы шапшаң, көркем кісі болыпты.
Шығармашылығы
Ол өлеңді ауызша да, жазып та шығарған ақын және домбыра, сыбызғы, сырнайға (гармонға) қосылып, ән төккен әнші де болған. Мұқан Балтекейұлының «Есенқабыл,Есенбек батырларға», «Қалманбай мырзаға» сияқты ірілі-ұсақты дастандары, «Бидашқа», «Батырбек ұстаға», «Ахмет ишанға» атты өлеңдері, қайтыс болар алдында шығарған толғауы, «Бір кәнизакқа» деген сын өлеңі, ақындарға айтқан тоқтау өлеңі сияқты көркем туындылары және ақын Нұралы Нысанбайұлымен айтысы ғана біздің дәуірімізге келіп жетті. Дархан дарын иесінің шығарған өлең-жырлары мол болғанмен, оның басым көпшілігі сақталмаған.
Мұқан Балтекейұлының өсиет үлгісіндегі жырлары адамгершілік парасатқа, ұстамдылыққа шақырды.
«Ақ сұңқар орнына,
Қарға қонып жай алды.
Парамен болыс болғандар,
Білмейді халықты аяуды»
деп кезеңінің кеселін ауыр сынға алды. Ол өлеңдерін шығыстық ғазал үлгісінде жазды. «Ажалмен құтылмайсың қашқаныңмен» деп ақын дүниенің баянсыздығын сопылық поэзия үлгісінде өрнектеді. Оның Нұралымен айтысы, Кете Жүсіп пен Қаңлы Жүсіптің айтысына арналған аралық сөзі сақталған. Ақынның «Есенқабыл, Есенбек батырларға» толғауы эпика жанрындағы құнды дүние болып саналады.
Сонымен қатар, ақын «Ибраһим Әдһам. Тамаша сопылық дастаны», «Раунақ», «Көрұғлы», «Бағаналы Барлыбай батыр», «Қалманбайға», «Қоңырбайға» атты дастандары мен толғау-жырларын жазған. Ол өз аудармасында «Ер Сайын», «Қорлыға», «Сейфулмәлік», «Баһрамғұр», сияқты, т.б. дастандарды жырлаған.
Мұқан ақын мұралары ҚР Ғылым академиясының М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қоры мен Орталық ғылыми кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар қорында сақтаулы. Мұқан мұрасын А. Тоқмағанбетов, Ә. Қоңыратбаев, М. Жармұхамедов, Ж. Әлмашұлы секілді ғалымдар зерттеді.
Әдебиет
- «Қазақ поэзиясының антологиясы» (XX ғасырдың бас кезі). — Алматы: «Ғылым», 1993. — 199-220 бб.
- М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. Қолжазбалар қоры: 804, 805, 811, 817, 820, 863, 936, 1139-бумалар.
- Орталық ғылыми кітапхана. Сирек кездесетін қолжазбалар қоры: 292-қолжазба, 415, 1107-бумалар.
- Т. Мұханұлы. «Мұқан Балтекейұлы» // «Мысты өңір» газеті. — 6 қараша, 2009 ж.
- Тұлғалар
- Көкілташ медресесінде (Бұхара) оқығандар