
Шаңды дауыл — шөл, шөлейт және жыртылған далада топырақтың немесе құмның жел арқылы тасымалдануы және ауа құрғақ кезде, борпылдақ топырақты алапта соғатын қатты жел. Бұл Қазақстанда жылдың жылы мезгілінде байқалатын ерекше атмосфералық құбылыстардың бірі. Әдетте шаңды дауылдар желдің жылдамдығымен және топырақ жамылғысының сипатымен тығыз байланысты. Олар топырақтың ұлпаларын ұшырып, өсімдік тамырларын ашып тастайды да, ауыл шаруашылығына көп зиян келтіреді. Ең күшті шаңды дауыл миллиондаған тонна шаңтозаңды жүздеген (кейде мыңдаған) километрге тасымалдайды. Мұндай шаңды дауылды қара дауыл деп те атайды. Шаңды дауыл көбінесе жазда, кейде көктемде және қарсыз қыста болады.
Кездесу аймақтары
Қазақстан
Шаңды дауыл Қазақстанның оңтүстігіндегі құмды шөлдерде, Балқаш көлінің оңтүстігінде кездеседі. Ең қатты шаңды дауылдар Арал маңында жылына 50 күнге дейін соғады. Мұнда ауағы құм мен шаңнан басқа Арал теңізінің түбінен кепкен улы тұз да көтеріледі. Сондықтан Арал маңының шаңды дауылы адамға аса маңызды. Оның үстіне тұз, құм және шаң массалары желмен жүздеген, мыңдаған километр қашықтыққа тасылмалданып, Тянь-Шаньның қарлы-мұзды белдеулеріне дейін жетеді. Ол жерлердегі мұздықтардың еруін жылдамдата түседі.
Басқа елдер
Оңтүстік-шығыс, шығыс тауларында шаңды дауыл негізінен байқалмайды, өйткені олар тастақты және сазды аудандар болып есептеледі. Сонымен қатар шаңды дауылдар Африкада (Сахара шөлінде және соған жақын аймақтарда), Арабия түбегінде және Таяу Шығыстың кейбір елдерінде, Моңғолия мен Қытайдың шектес аймақтарында, АҚШ-тың орталық бөліктеріңде, Оңтүстік Американың пампасында, Аустралияның орталық және батыс штаттарында және Орта Азияда байқалады.
| Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
- Қазақстан географиясы. 2019, Атамұра. 183-184 бет
- География
- Ауыл шаруашылығы