Қолдау
Тегін жүктеу және ақпараттық платформа
  • Уикипедия

Асанәлі Әшімұлы Әшімов (8 мамыр 1937 жыл, Жайылма, Сарысу ауданы, Жамбыл облысы – 21 желтоқсан 2025 жыл, Алматы) — кеңестік және қазақстандық кино және театр ак

Асанәлі Әшімұлы Әшімов

  • Басты бет
  • Асанәлі Әшімұлы Әшімов

Асанәлі Әшімұлы Әшімов (8 мамыр 1937 жыл, Жайылма, Сарысу ауданы, Жамбыл облысы – 21 желтоқсан 2025 жыл, Алматы) — кеңестік және қазақстандық кино және театр актёрі, режиссёрі, театр педагогы, профессор, Қазақ КСР халық әртісі (1976), КСРО халық әртісі (1980), Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1973), КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974), Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері (2017).

Асанәлі Әшімұлы Әшімов
Сурет
2020 жылғы Қазақстан пошта маркасындағы Әшімов
Жалпы мағлұмат
Туған күні

8 мамыр 1937 (1937-05-08)

Туған жері

Жайылма, Сарысу ауданы, Жамбыл облысы, Қазақ КСР, КСРО

Қайтыс болған күні

21 желтоқсан 2025 (2025-12-21) (88 жас)

Қайтыс болған жері

Алматы, Қазақстан

Мамандығы
  • актёр
  • режиссёр
  • театр режиссері
  • театр педагогы
  • профессор
Белсенді жылдары

1957–2025

Бағыты
  • тарихи фильм
  • драма
  • мелодрама
  • атыс-шабыс
  • көркем фильм
  • комедия
Жұбайы
  • Майра Айманова
    ​
    ​
    (қай. 1993)​
  • Гүлсім
  • Маржан
  • Бағдат Құдайбергенова
    ​
    ​
    (үйл. 2002)​
Марапаттары
Қазақстанның Еңбек Ері
Қазақстанның Еңбек Ері
1 дәрежелі Достық ордені
Құрмет ордені
Құрмет ордені
КСРО халық әртісі Қазақ КСР-нің мемлекеттік сыйлық лауреаты

Мазмұны

Ерте жылдары және білімі

Әшімов 1937 жылғы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылмада дүниеге келген. Байұлы тайпасының Шеркеш руынан шыққан.

Екінші дүниежүзілік соғыстың қатал жылдарындағы балалық шағы туралы осылай деді:

  Алғашқы қар жауғанша жалаң аяқ жүрдім. Бір күні сабақ кезінде қалың қар жауған еді. Барлық сыныптастарымды ата-аналары үйлеріне алып кетті. Ал мен суық саз мектепте жалғыз қалдым. Ол кезде тоғыз жаста едім. Түні бойы қатты қорыққаным соншалық, таңертең мектептен он жасқа есейіп шыққандай болдым.  

1956–1961 жылдары Әшімов Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетін актёр мамандығы бойынша бітірген.

1961 жылдан ол Қазақфильм киностудиясына актёрлік штатқа қабылданды. 1964 жылдан бастап Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актёрлік құрамында.

Сахна

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасында: Мұхтар Әуезовтің «Абайында» Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Қалтай Мұхамеджанов, Шыңғыс Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Уильям Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, Макс Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, Игорь Вовнянконың «Апатында» бас кейіпкер, тағы да басқа көптеген қойылымда көрнекті актёрдің айшықты өнегесі мен өрнекті ізі жатыр. Ал, Әшімовтің қара шаңырақ сахнасындағы соңғы күрделі жұмысы Герхарт Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы доктор Клаузен. және т.б көптеген бейнелерді сомдады.

Кино

Әшімов қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген актёрлердің бірі делінеді. Оның кинодағы Бекежан (Қыз Жібек, 1971), Шадияров (Атаманның ақыры, 1971), Мәмбет (Сарқырама, 1973), Қасымханов (Трансібір экспресі, 1977), Кемел (Нан дәмі), Нұрғазы (Алатаудың ай мүйізі), Қаражал (Жаушы, 1980), Шыңғыс хан (Бұлғар даласынан ескен жылы жел, 1998) рөлдері белгілі болды.

Әшімов режиссёр ретінде де кең танылды. Ол сахналаған Николай Гогольдің «Ревизор» (1979, өзі Дуанбасының рөлін ойнады), Ғабит Мүсіреповтің «Амангелді», И. Оразбаевтің «Мен ішпеген у бар ма?!» (екеуі де 1987), С. Ванустың «Сұлтан болсам егер мен» (1988), Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» (1989) спектакльдері мен ол түсірген «Жылан жылы» (1981, Цой Гук Инмен бірге; 1982 жылы Таллинде өткен бүкілодақтық 15-кинофестивальдің дипломына ие болды), «Шоқан Уәлиханов» (1984; 4 сериялы телефильм, өзі Шыңғыстың рөлін ойнады), «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» (1995) фильмдер Әшімовтің режиссерлік шығармашылығының да кең ауқымын көрсетеді. Әшімов өнеріне арналған «Асанәлі» деректі фильмі (1986, реж. И. А. Вовнянко) түсірілді.

Әшімов — Жамбыл және Шымкент университеттерінің құрметті профессоры. 1979–1982 жылдары ол педагогикалық қызметпен шұғылданды. 1990 жылдан ол — «Елім-ай» киностудиясының президенті. Парасат орденімен марапатталған.

Кітаптары

  • «Майраның әні»
  • «Жан бөлек»
  • «Алаштың Асанәлісі»
  • «Менің жанрым — күнделік»
  • «Ғұмыр-дария»

Отбасы

 
Әшімов салдыртқан мешіт

Туған ауылында атасы (әкесінің әкесі) Ысқақ пәрідар атымен мешіт салды. Әшімов жыл сайын әкесі Әшім Ысқақұлы атындағы шахматтан облыстық турнир ұйымдастырады.

Шешесі 2002 жылы қайтыс болды.

Әшімовтің тұңғыш әйелі — Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың қызы, опера әншісі Майра Айманова (1938—1993) еді. Екеуі студент кезінде үйленген болатын. Неке 35 жылға, Айманованың қайтыс болғанына дейін созылды. Ұлдары: архитектор Мәди (1959–1999) мен актер Сағи (1961–1999). Некесі кезінде опасыздық жасайтын.

Екінші әйелі — Күлбану, одан туған ұлы — Олжас (1980 жылы туған).

Үшінші әйелі — Маржан, бұл некесі 2-ақ жылға созылды. Одан туған қызы — Сағина (2001 жылы туған).

Төртінші әйелі — Бағдат Мұқашқызы Әшімова (Құдайбергенова) (1971 жылы туған). Бағдат оның дәрігері болған еді. 2002 жылдан бастап соңғы күніне дейін бірге тұрып, 2008 жылғы қаңтарда 70 жасында тағы әке атанды. Кенже баласын өзінің құрметіне Асанәлі деп атады.

Марапаттары

Қазақстан марапаттары

Мемлекеттік және үкіметтік марапаттары

  • Қазақстанның Еңбек Ері Алтын жұлдызы (2017 жылғы 18 мамыр, Ақорда) – қазақ кино өнеріне сіңірген айрықша зор еңбектері үшін, және 80 жас мерейтойы қарсаңында;
  • Отан ордені (2001);
  • Парасат ордені (2007);
  • 1-дәрежелі Достық ордені (2014, Ақорда) – қазақ театры мен кино өнеріндегі ерен еңбектері үшін;
  • Құрмет ордені (2007) – 70 жас мерейтойы қарсаңында;
  • Астанаға 10 жыл медалі (2008);
  • «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі (2012);
  • Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл медалі (2016);
  • Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін медалі;
  • «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» құрметті төсбелгісі;

Жергілікті, аймақтық марапаттары

  • Жамбыл облысының құрметті азаматы (2002)
  • Алматы қаласының құрметті азаматы (2015)
  • Түркістан облысының құрметті азаматы (2017)
  • Сарысу ауданының құрметті азаматы

Басқа марапаттары

  • Платинды Тарлан тәуелсіз сыйлығы (2000)
  • «Шәкен жұлдыздары» фестивалінің тұңғыш сыйлығы (2003)
  • Қазақстан тұңғыш президентінің стипендиясы (бірнеше мәрте)
  • Қазақстан мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік стипендиясы (бірнеше мәрте)
  • Қазақстанның бірнеше жоғарғы оқу орындарының құрметті профессоры
  • 2015 жылы Қыздар университетінің «Ұлағат» алтын медалі
  • Қазақстан Театрлар Ассоциациясының «Сахнагер – 2017» Ұлттық театр сыйлығының «Қазақ театрының дамуына орасан зор үлесін қосқаны үшін» арнайы аталымы (2017 жылғы 27 наурыз, Астана)

Кеңестік кезең марапаттары

Қазақ КСР марапаттары

  • Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі
  • Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1973)
  • Қазақ КСР халық әртісі (1976)

КСРО марапаттары

  • КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері (1974)
  • КСРО халық әртісі (1980)
  • Еңбек ардагері медалі
  • бірнеше мәрте кинофестивальдер сыйлықтары

Халықаралық марапаттары

  • Ресейдің Ломоносов атындағы алтын ордені (2007)
  • ТМД-ның «Достастық жұлдызы» халықаралық сыйлығының лауреаты және Достастық ордені (2011)
  • «Аңыз Адам» Ұлттық сыйлығы (2013)
  • Әлемдік кинодағы зор үлесі үшін ЮНЕСКО халықаралық академиясының «Алтын Қыран» ордені (2007)
  • Алматыда жеке жұлдызды аллеясы ашылған.
←Келесі жазбаАлдыңғы жазба→
Ең көп оқылған - Уикипедия
  • Наурыз 22, 2026

    Жұлдыз

  • Наурыз 11, 2026

    Балықтар

  • Наурыз 11, 2026

    Түрік қағанаты

  • Сәуір 03, 2026

    Ноғай тілі

  • Наурыз 29, 2026

    Құрмалас сөйлем

Студия

  • Уикипедия

Жаңалықтарға жазылу

Байланысу
Бізбен байланыс
© 2025 www.wikimap.kk-kz.nina.az - Барлық құқықтар қорғалған.
Авторлық құқық: Dadash Mammadov
Жоғары