Ақпараттық технологиялар - ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу, қорғау және тарату үшін қолданылатын әдістер, процестер мен техникалық құралдар жиынтығы. Ақпараттық технологиялар компьютерлік техника, бағдарламалық қамтамасыз ету және телекоммуникациялық жүйелер негізінде дамиды. Ақпарат ағындарын айқындайтын, коммуникаторлар мен қабылдаушылар әрекеттерінің мақсаттары мен тәсілдерін, қарым-қатынас стилін және басқа да ақпараттық іс-әрекеттер параметрлерін анықтайтын жүйелерге шешім қабылдау, сайлау науқандарын жүргізу, халықаралық және ішкі саяси дағдарыстарды реттеу жатады.Ақпараттық технологиялардың мазмұны көп жағдайда ақпарат нарығындағы стратегиясы мен тактикасына байланысты. Мемлекеттің ақпараттық әрекеттеріне және оның органдары мен басқару бөлімдерінің жұмысына сапалық шектеу қоятын негізгі ұстанымдарға мыналар жатады:
- мемлекеттің алға қойған мақсаттарына халықтың жаппай қолдау көрсетуін және оларды жүзеге асыруда жұртшылықты жұмылдыру ("талаптандыру", "сезімді ояту" стратегиясы);
- қандай да бір мәселе бойынша ұстанған көзқарасын қоғамға жеткізу ("қоғаммен байланысты үзбеу" стратегиясы);
- бағынысты құрылымдар мен басқару органдарына қызметтік шешімдерді жүзеге асыру үшін арнайы нұсқаулар тарату ("қызметтік" стратегия);
- қабылданған және жүзеге асырылып жатқан шешімдерді бақылау ("бақылау" стратегиясы);
- әлеуметтік мәселелерді талқылауда мемлекеттік, саяси және қоғамдық ұйымдардың белсенділігін үйлестіру ("күштер тепе-теңдігі" стратегиясы);
- саяси тәртіп пен басқару түрінің жағымды бейнесін қалыптастыру және оппозиция сынына жауап беру ("имидж қалыптастыру" стратегиясы);
- қоғамдық пікірдің назарын қолайсыз әлеуметтік мәселелерден басқа бағытқа аудару ("назарын басқаға аудару" стратегиясы).
Іс жүзінде ақпараттық стратегиялар мен олармен байланысты техникалық міндеттер мемлекет қызметінде белгілі бір қиындықтар туғызуы мүмкін.