Бактериялық тыңайтқыштар – құрамында өсімдікке пайдалы топырақ микроорганизмдері бар тыңайтқыш заттар. Бактериялық тыңайтқыштарды топыраққа енгізгенде ондағы биохимикалық процестер күшейіп, өсімдіктің тамырлары арқылы қоректенуі жақсарады. Қазақстан|да Бактериялық тыңайтқыштардан нитрагин, азотбактерин, фосфорбактерин, т.б. қолданылады. Нитрагин – бұршақ тұқымдас өсімдіктерге қолданылатын тыңайтқыш. Оның құрамындағы бактериялар өсімдік тамырларына шоғырланып, көбейіп, ауадан азот жинайды. Оны сіңірген өсімдік, өсуін жақсартады. Азотбактерин – құрамында азот бактериясы бар тыңайтқыш. Ол, әсіресе, көкөніс пен картопқа өте пайдалы. Фосфорбактерин – құрамында көп мөлшерде микроорганизм спорасы бар (1 г-нда 6 – 8 млрд.) тыңайтқыш. Бұл бактериялар фосфордың органикалық қосылыстарын ыдыратып, ондағы фосфорды өсімдік сіңіре алатындай дәрежеге келтіреді.

