

Жасаңшөп тұқымдасы (Crassulaceae) — қос жарнақты бір немесе көп жылдық шөптесін өсімдік. Жасаңшөп тұқымдасының Жер шарының қоңыржай және ыстық аймақтарында, таулы жерлер мен құрғақ тасты беткейлерде кездесетін 35 туысы, 1500 түрі бар. Қазақстанда 6 туысы, 31 түрі кездеседі, ең көп тарағаны — киікоты, жертаған. Сабақтары тік, төселіп өседі. Өте қалың, шырынды жапырағының пішіні — дөңгелек, цилиндр, қалқанша тәрізді. Сыртын өңез жауып жатады. Көбінесе, жапырақтары сабақтың түп жағын айнала дегелектене орналасады, мұның суды аз буландыру үшін маңызы зор. Жасаңшөп тұқымдасының ерекшелігі — фотосинтез процесі түнде жүреді, өйткені жапырақтағы тыныс саңылауы түнде ашылады. Гүлдері қос жынысты, кейде дара жынысты, қос үйлі, сабақ ұшында жеке-жеке орналасады немесе шатырша, шоғырбас, қалқанша, масақ, т.б. гүлшоғырына топтасады. Тостағанша жапырақшасы — 5, 9 кейде 30-дан асады, күлтесі — бесеу. Шыбын арқылы тозаңданады. Жемісі — көп жапырақша, қауашақ тәрізді. Тұқымы — өте көп, ұсақ, жеңіл болғандықтан жел, су, құмырсқалар арқылы таралады. Жасаңшөп тұқымдасының ішінде дәрілік (алтын тамыр, каланхое, т.б.) және әсемдік (эхеверия, бозкілем, түбіртек, т.б.) үшін гүлзарларда, саябақтарда өсірілетін түрлері бар.
- Жасаңшөптер