| Шара Баймолдақызы Жиенқұлова | |
Ш. Жиенқұлова "Театральная декада" журналында. 1936 жыл | |
| Жалпы мағлұмат | |
|---|---|
| Туған күні | 18 шілде 1912 |
| Туған жері | Алматы, Ресей империясы |
| Қайтыс болған күні | 21 мамыр 1991 (78 жас) |
| Қайтыс болған жері | Алматы, Қазақ КСР, КСРО |
| Азаматтығы |
|
| Мамандығы | актриса, биші, педагог |
| Белсенді жылдары | 1938-1957 |
Шара (Гүлшара) Баймолдақызы Жиенқұлова (18 шілде 1912, Алматы — 21 мамыр 1991, Алматы) — биші, педагог. Қазақстанның халық артисі (1938; 1936 жылдан Қазақстанның еңбек сіңірген артисі).
Өмірбаяны
Арғын тайпасының Қаракесек руынан шыққан.
- 1929 — 30 ж. ҚазПИ-дің тарих факультетінде оқыды.
- Өнер жолын Қазақ драма театрынан бастады.
Тұңғыш ойнаған рөлі — Б.Майлиннің “Майдан” пьесасындағы Пүліш. Бұдан кейін Еңлік, Қарагөз (М.Әуезовтің “Еңлік — Кебек” пен “Қарагөзінде”), т.б. рөлдерді сомдады.
- 1934 ж. Музыкалық драма театрына (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ауысты. Мұнда Әуезовтің “Айман — Шолпан” музыкалық драмасында, Е.Г. Брусиловскийдің “Қыз Жібек”, “Жалбыр” және “Ер Тарғын” операларында ұлттық билерді орындады.
- 1936 ж. Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, ұлттық би өнеріміздің әсемдігіне өзге халық өкілдерін тәнті етті. Қазақтың тұңғыш ұлттық балеті — “Қалқаман — Мамырда” (1938) Мамырдың партиясын орындады.
- 1938 ж. “Амангелді” фильмінде Балымның рөлін экранға шығарды.
- Балетмейстер Л.А. Жуковпен бірлесіп И.Н. Надировтың “Көктем” балетін қойды.
- 1940 — 1962 ж. Қазақ филармониясында қызмет етті.
- 1962 — 66 ж. Қазақтың ән-би ансамблін басқарды.
- 1966 — 75 ж. Алматы хореографиялық училищесінің директоры болды. Осы жылдары ұлттық би өнерін дамыту үшін ел аралап, халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, халық билерін зерттеді. Соның нәтижесінде “Тәттімбет”, “Айжан қыз”, “Қара жорға”, “Қырық қыз” билері дүниеге келді. Жиенқұлова — сахналық образдардың ішкі жан сұлулығын бидегі пластикалық шешіммен шебер шендестіре білді. Гастрольдік сапармен көптеген шет елдерде болды. 1958 ж. Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысты.

2012 Қазақстан пошта маркасы
Шәкірттері
- Қазақстанның халық артисі Г.Талпақова
- Қазақстанның еңбек сіңірген артистері
- Қ.Қарабалина
- Б.Байжұманова, т.б.
Фильмографиясы
- 1938 - Амангелді - Балым
- 1957 - Біздің сүйікті дәрігер - балетмейстер
Марапаттары
- Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1968).
- Ленин орденімен
- 2 рет Еңбек Қызыл Ту
- “Құрмет Белгісі” ордендерімен
- медальдермен марапатталған.
Шара Жиенқұлова атында Республикалық қазақ би байқауы
Шара Жиенқұлованың шығармашылығы қазақ биінің республикада кәсіби дамуына жол салды. Қазақтың алғашқы кәсіби бишісінің қол жеткізген жетістіктері қазақ биінің дамып, өркендеуіне өз үлесін қосты. Ш.Жиенқұлова атында Республикалық дәстүрлі қазақ би байқауы өтіп тұрады. Онда жаңа талантты орындаушылар мен балетмейстерлер өз шығармашылығымен көзге түсумен қатар жалпы қазақ биінің дамып, жетілуіне үлкен ықпал етуде. Өзінің эволюциялық даму жолында талай белестерді артқа қалдырған осы өнердiң жетiстiктерiнiң бiрi, қазақ қыздарына би өнері атты ғаламды ашқан - Шара Жиенқұлова атындағы қазақ биiнiң Республикалық байқауы болды деу керек. Осы байқау қазақ би өнерінің өркендеуіне қандай үлес қосып келе жатыр деген сұраққа жауап іздедік.
Халық би өнерiнiң елiмiздiң Егемендiк алған жылдары кең құлаш жая өркендеуi осы байқауды жандандыруға себеп болды. Бiрiншi байқау 1992 жылы уақыт талабына сай Алматы хореография училищесiнiң қабырғасында өткен болатын. Бұл алғашқы байқауға Мемлекеттiк «Салтанат», «Алтынай» ансамбльдерi де қатысып I және II жүлделi орындарды иелендi. Қазақ халық биiне жаңа бiр леп берген Шымкент қаласынан келген «Қазына» ансамблi болды. Көркемдiк жетекшiсi Сәуле Балбарақованың қойған «Дайдидау» және «Айтабақ ойыны» билерi өзiндiк қолтаңбасымен ерекшелендi. Жеке орындауда «Жайлауда», «Кербез» атты би қойылымдарымен (балетмейстерi Г.Орымбаева), «Сазген» фольклорлық ансамблiнің бишiлерi Айгүл Тати мен Гүлнәр Пiшенбаева орындаушылық шеберлiктерiмен көзге түстi. Бас жүлденi Мемлекеттiк «Салтанат» би ансамблiнің бишiлерi апалы-сiңлiлi Гүлнар және Гүлмира Ғаббасывалар иеленсе, М.Әуезов атындағы Академиялық театр белгiлеген «Образ ашудағы ерекшелiгi үшiн» жүлдесiн Мемлекеттiк «Алтынай» би ансамблiнiң жас бишiсi Айгүл Кульбекова иелендi.
Бiрiншi байқау ұлттық би ауқымын кеңейтуде, шығармашылыққа жол ашқан соны жаңалық, үлкен күш болды. Сонымен бiрге, ұлттық бидiң дамуындағы халықтық би өнерi дәстүрiнiң өрлеу үстiндегi кең ауқымды потенциалын көрумен бiрге, оның пластикалық қимыл-әрекетiнiң қалыптасып, орындаушылық шеберлiгiнiң артқанын көрсетті.
Ал, екiншi байқауды Орал қаласындағы М.Өтемiсов атындағы Батыс Қазақстан университетi тоғыз жылдан соң жаңғыртты. Бұл байқауда жер-жерден келген би ұжымдары халықтық шығармашылықтың алуан түрiн қолдана отырып, ұлттық бидiң өрiсiн кеңейткендiгiнiң куәсi болдық. Байқауға Қазақстанның барлық облыстарынан 300-ден аса өнерпаз жиналды. Қазақстанның халық артисi, белгiлi бишi әрi балетмейстер Болат Аюханов басқарған қазылар алқасы екi күнде 26 ансамбльдiң, 22 жеке орындауда 96 би көрiп талқылады. Бiрiншi күнгi байқаудан кейiн-ақ қазақ халық биiнiң тақырыптық мазмұнының кеңейгендiгi байқалды. М.Өтемiсов атындағы Батыс Қазақстан университетiнiң «Арна» би ансамблi көрсеткен «Қаражорға» ұлттық рухты көтеретiн нағыз көне би болды. Университет студенттерінің орындаушылық шеберлігі кәсіби хореографтардан құрылған қазылар алқасы мүшелерін тамсандырды. Биді қоюшы хореографтың қазақ ұлттық музыка мен киім үлгілерін, би лексикасын жоғары деңгейде меңгерген маман екені бірден белгілі болды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрiк университеттiң «Тұран» би ансамблi ұсынған «Отырар суреттерi» композициясы ежелгi түркi мәдениетiнен мағлұмат бергендей әсер қалдырды.
2006 жылы сәуірдің 21-23 күндері араға 5 жыл салып Батыс Қазақстан Университетінде «Ұлттық мәдени мұра және оның қазіргі заманғы мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында үшінші байқау өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 20 ансамбльмен 15 жеке орындаушылар қатысқан бұл байқау да би өнерінің жетістіктерін көрсете алды. Бұл жолы өткен байқауда көрініс алған кемшіліктердің жойылғанын көрдік. Өнер ұжымдарының жетекшілері бұрынғы қойылған билерден бас тартып, өз қойылымдарын ұсынды. Бұл жолғы қойылымдарда философиялық ойлар басым болды. Осы байқауда жігіттер биінің біраз өскеніне куә болдық. Шымкент қаласынан келген Қуат Тәукеев пен Владимир Черняктың орындаған «Қырандар» және «Аңшылар» билерінен қойюшы балетмейстер Зәуре Әжібекованың халық салт-дәстүрін оның музыкалық болмысын түсініп, барынша аша алғандығы көрініп-ақ тұрды. Ал, Талдықорған қаласынан келген Мемлекеттік «Алтынай» би ансамблінің бишісі Ақияр Бекзат болды. Оның орындаған «Саятшы», «Қаражорға» билерін балетмейстер Нағима Тайыр тек осы бишінің табиғи дарынына ыңғайлап қойып, бишінің бар орындаушылық шеберлігін сәтті ашқандығы көрініп тұрды.
Келесі IV-байқау 2012 жылы Шара Жиенқұлованың 100 жылдық мерейтойына байланысты Астана қаласында орналасқан Қазақ ұлттық өнер университетінің «Хореграфия» факультетінде ректор Айман Мусахаджаеваның қолдауымен өткен бұл байқау өте нәтижелі болды. 3 күнге созылған байқау барысында қазақ биінен шебер сыныптар өткізіліп, алғаш рет қазақ және орыс тілдерінде «Қазақ биін оқытудың теориясы мен әдістемесі» атты оқулық жарық көрді. Осыған дейінгі байқауларда Шымкенттік хореограф Зәуре Әжібекова өзі қойған жеке билерімен көзге түскен болса, осы байқауда көпшілік билерімен «Қазына» би ансамблін байқаудың ең үздік ансамблі ретінде көрсете алды. Бұл ансамбль репертуар таңдау жағынан, техникалық орындау шеберлігі жағынан оқ бойы озық тұрды. Тағы бір қуанарлық жағдай басқа ұлт өкілдерінің қазақ билерін меңгере бастағаны болды. Орыс халқы өкілдерінен құралған Қызылжар қаласынан келген «Туған жер» би ансамблінің орындаушылық шеберлігі мен репертуар таңдауы тек қазылар алқасы мүшелерінен ғана емес барлық байқауға қатысушылар тарапынан жылы лебіздерге ие бола алды. Республика деңгейінде өткізіліп отырған осы байқау қазақ биінің сахналық үлгісінің деңгейін, білім беру процесінде қалай дамып отырғандығын, елді мекендерде мамандардың қай бағытта жұмыс атқарып отырғандығын көрсете алып отыр. Бұл байқаулардың ерекшелігі қатысуға ешқандай шек қойылмады. Қала мектеп оқушылары мен қатар елді мекенде тұрып жатқан өнерпаз қатыса алатындығында болды. Алғашқы байқаудан бастап-ақ Шара апамыздың оқушылары мен жоғары оқу орында жұмыс атқарып жүрген оқытушылардың бастамасымен ғана іске асып келеді. Бұл дегеніңіз күндердің күнінде олардың қолынан келмей қалса байқау өтпей қалады деген сөз. Осы жерде би өнерін бір адамдай зерттеп жүрген ғалым Г. Жұмасейітованың: «... Хореография өнеріндегі ізденістер халық дәстүрін сақтап, ұлттық би мәдениетін дамытумен тікелей байланысты».-деген ойына қосыламыз. Олай болған жағдайда би өнерін зерттеп-зерделеп жүрген ғалымдар, осы өнерді келесі ұрпаққа жеткізуде еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымы, әр деңгейде білім алып жүрген студенттер қауымы асыға күткен байқауымыз өтпей қалуы өкініш туғызатынын жасыра алмаймыз. Ал, 2016 жылы өтетін байқау жаңадан ашылған Қазақ ұлттық хореография академиясына жүктелгендей болды. Дегенмен, академияның алғашқы жылдары кадр мәселесін шешіп, оқу бағдарламасын бекіткеше біраз уақыт кетті. Шара Жиенқұлова атындағы V және VI Республикалық қазақ би байқауы 2019, 2023 жылдары осы оқу орнында өтті. Бұл байқаудың ерекшелігі – тек кәсіби бишілер қатысты.
V-байқау барысында жас балетмейстерлер шығармашылығының өскені көрінді. Қазақ ұлттық хореография академиясы студенттерінің «Серілер салтанаты» (қоюшы-балетмейстерлер Анвара Садыкова мен Алмат Шамшиев) бас жүлдені иеленген кермет көркем қойылым болды. Ал, VI-байқауда обылыс орталықтарынан келген би ансамбльдері өздерінің репертуарлары мен қатар қазақ биін орындау шеберліктерімен көзге түсті. Үш байқауға қатар қатысқан Қызылжарлық «Туған жер» би ансамблі ерекше көзге түсті. Екі жыл бұрын ғана құрылған Өскемен қаласынан келген «Алтай» ансамблі әділ қазылар алқасы мүшелері мен көрерменін таң қалдырған өнер ұжымы болды.
Бұл байқаулардың ең негізгі ерекшелігі байқауға тек кәсіби хореографиялық ұжымдардың қатысуы болды. Бұл жағдайда осыған дейін қалыптасып қалған алыс елден келетін ансамбльдер өз өнерлерін ортаға салу мүмкіндігінен айрылды. Бұл байқау жай ғана өнер мерекесi емес, осы өнер түрiнiң әрі қарай қай бағытта дамып отырғанын байыптайтын, ел iшiндегi өнерпаздардың өрiсiн кеңейтетiн бас қосу болды. Байқауға қатысушылар мен оның бағдарламасы халықтың ұлттық тамырынан iнжу-маржан таба бiлетiнiн аңғартты. Осы байқаудың арқасында халық биiнiң сан-салалы үлгілері кеңiнен насихатталуда. Бұндай байқауларда, зерделі кеңестер мен мастер-кластар өткiзудiң мақсаты жаңа таланттарды табу, тәжiрибе алмасу, қазақ биiн оқытып-үйретудi айқындау, би өнерiн дамытып, жетiлдiру жүйесiнiң мәселелерiн шешу, жас буынның шығармашылығын жандандыруға негіз болмақ. Бұл байқаулар ансамбльдер мен жеке орындаушыларды таныстырды. 1992 жылы бастау алған Шара Жиенқұлова атындағы Республикалық қазақ би байқауы (1992, 2001, 2006, 2012, 2019, 2023 жж.) халық биінің даму деңгейін көтеріп, өрісін кеңейтті. Қазақтың алғашқы кәсіби бишісі Шара Жиенқұлова салып кеткен сара жол жалғасын табуда. Би өнеріндегі дәстүр жалғасытығы Шараның оқушылары мен би өнерін зерттеуші ғалымдардың еңбектері арқылы жас ұрпақтың рухани азығына айналып отыр.
- 18 шілдеде туғандар
- 1912 жылы туғандар
- Алфавит бойынша тұлғалар
- Алматыда туғандар
- 21 мамырда қайтыс болғандар
- 1991 жылы қайтыс болғандар
- Алматыда қайтыс болғандар
- Алфавит бойынша актрисалар
- КСРО актрисалары
- Қазақстан актрисалары
- Қазақстан бишілері
- Қазақстан музыка педагогтары
- Қазақстан халық әртістері
- Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегерлері
- Ленин орденінің иегерлері
- Еңбек Қызыл Туы орденінің иегерлері
- Құрмет Белгісі орденінің иегерлері
- Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры әртістері