
Жылқы шаруашылығы — мал шаруашылығының жылқы өсіретін саласы. Жылқы шаруашылығы бағалы азық-түліктік ет пен сүт өндірумен қатар өнеркәсіпке – тері, қыл, ауыл шаруашылығы жұмыстарына – күш-көлік береді, жылқы қанынан емдік вакцина, сарысу, гамма-глобулин жөне қой мен сиырдың төлділігін арттыратын буаз бие қанының сарысуын дайындайды. Кең байтақ жайылымы бар Қазақстанның көптеген аудандарында жылқы шаруашылығымен айналысу тиімді.
Қазақстанда жылқы шаруашылығы асыл тұқымды жылқы өсіру, ет, сүт өндіру, спортта пайдалану бағыттарында дамуда. Сонымен қатар жылқыны кез келген шаруашылықтың күнделікті қажетін өтеу үшін салт мінуге, жүк тасуға т.б. жұмыстарды атқаруға пайдаланады. Асыл тұқымды жылқы өсірумен арнайы мемлекеттік жылқы зауыттарымен қатар, соңғы уақытта жеке азаматтар мен шаруашылықтар да айналысады. Қазақстан жағдайында табиғи жайылым отын мейлінше толық пайдалануға негізделген ет, сүт өндіру бағытындағы жылқы шаруашылығын дамыту мүмкіншілігі зор. Осы ретте жекелеген аймақтардың табиғи жақсы бейімделген етті-сүтті бағыттағы көшім, "Мұғалжар" атты жаңа жылқы тұқымдары мен қазақы жылқының таза етті бағыттағы жабы атты жаңа түрі шығарылды. Соңғы кезде жылқы саны Қазақстанда қайтадан көбеюде.
- Мал шаруашылығы
- Жылқылар