Омыртқа бағанасы (лат. Columna vertebralіs) — адам мен омыртқалы жануарлардың тұлға тірек қаңқасы.

Құрылымы және қызметі
Омыртқа бағанасы денеге тірек болып, тұлға мен бас сүйектің қимыл-қозғалысына қатысып, жұлынды қорғайды. Омыртқа бағанасының пішіні адамның тік жүруіне байланысты қалыптасқан.Әртүрлі топтағы жануарлардың омыртқалары әртүрлі, бір-бірінен ерекше құрылымға ие. Жоғары сатыдағы омыртқалы жануарларда омыртқаларының арасында шеміршек қабаты орналасқан және олар омыртқааралық дискілер деп аталады. Олар амортизаторлар ретінде әрекет етеді және омыртқаның қозғалғыштығын қамтамасыз етеді. Әрбір омыртқа оның арасында орналасқан омыртқааралық тесіктерді шектейтін денеден және доғадан, сондай-ақ қылқанды, көлденең және буын өсінділерінен тұрады. Буындық өсінділер омыртқааралық буындарды түзеді, көлденең және қылқанды өсінділерге бұлшық еттер мен байламдар бекиді, олар омырқаларды қозғалысқа келтіреді. Омыртқалардың жоғарғы доғалары жұлынды қоршайды, өсінділер омыртқаларды біріктіреді және оларға бұлшықеттер бекітіледі. ООмыртқа доғалары бірігіп омыртқа өзегін түзеді. Омыртқааралық тесіктерден жұлын жүйкелері шығады. Омыртқа бағанасының түрлі бөлімдерінде омыртқалардың көлемі мен пішіні әр түрлі болады. Ересек адамның Омыртқа бағанасында 7 мойын, 12 кеуде, 5 бел омыртқалары жеке орналасқан, қалғандары бір-бірімен тұтасып сегізкөз (5 сегізкөз отмыртқасы) және құйымшақ сүйектерін (3 – 5 құйымшақ омыртқалары) құрайды. Кеуде омыртқаларына 12 жұп қабырғалар бекиді. Сегізкөз омыртқалары біртіндеп бірігіп, сегізкөз сүйегін түзеді, бір сүйекке – сегізкөзге, ал құйымшақ бірнеше бітіскен омыртқалардан тұратын сүйек.
Жануарлардың омыртқалары
Омыртқа бағанасы омыртқалы жануарлар филогенезінде төменгі сатыдағы хордалы жануарлар хордасының орнында, жануарлардың тіршілік ету ортасына сәйкес жетіледі. Мысалы, балықтардың Омыртқа бағанасының кеуде (қабырғалар орналасқан) және құйымшақ бөлімдері ғана ажыратылады. Құрлықта тіршілік ететін омыртқалы жануарлардың Омыртқа бағанасы мойын (қағанақтыларда өте қозғалмалы), көкірек (жақсы жетілген қабырғалар болады, олар қосмекенділерден басқаларында төссүйекпен жалғасып, көкірек қуысын құруға қатысады), бел (қозғалмалы, қабырғалар жойылып, омыртқа денесінің көлденең буындарымен біріккен), сегізкөз (омыртқалар бір-бірімен не жамбаспен біріккен) және құйрық бөлімдеріне жіктелген. Құйрық бөлімі қозғалмалы (құйрықсыз қосмекенділер, кейбір сүтқоректілерде – жойылған).