Тұрымбет Салқынбайұлы (1868, қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Ақтөбе ауылы – 10.12.1946, сонда) – ақын, жырау. Кішкентайынан домбырамен өлең айтып, 13 жасында “бала жырау” атанған. Ескіше сауатты Тұрымбет Балқы Базар, Дүр Оңғарларды ұстаз тұтып, соларға еліктеп өлең шығарған. Шығыстық үлгідегі “Көроғлы”, “Жүсіп – Зылиқа”, “Әуезхан”, “Ақтам”, т.б. дастандарды жырлаған, өзі “Мәжит пен патша қызы” атты дастан шығарған. Кете Жүсіп, Жиенбай жыраулармен айтысқа түскен. Оның “Шырқау дауысы”, “Гөй-гөй”, “Күмісайжан” атты әндері бар. Шығармалары “Пернедегі термелер” (1965), “Айтыс” жинақтарында жарияланған. “Талайды таңырқатқан жырау едім” (1993) атты жеке жинағы жарық көрген.
- Тұлғалар