Қолдау
Тегін жүктеу және ақпараттық платформа
  • Уикипедия

Футбол (ағылш. foot — аяқ, ball — доп) — спорттың командалық ойын түрлерінің бірі. Футбол – әлемге аса танымал ойындардың бірі. Ойынның негізгі мақсаты қарсылас

Футбол

  • Басты бет
  • Футбол

Футбол (ағылш. foot — аяқ, ball — доп) — спорттың командалық ойын түрлерінің бірі. Футбол – әлемге аса танымал ойындардың бірі. Ойынның негізгі мақсаты қарсылас команданың қақпасына аяқпен немесе басқа да дене мүшелерімен (қолдан басқа) қарсылас команда салған саннан көбірек доп салу болып табылады.

Футбол
Санаты

Командалық ойын

Командадағы спортшылар

11

Құрал-жабдық

футбол добы

Алғашқы жарыстар
Жылы

1872

Әлем чемпионаты

1930 жыл

Халықаралық федерация
Атауы

ФИФА

Қаланған уақыты

1904 жыл

Федерация басшысы

Джанни Инфантино

Сайты

https://www.fifa.com/

Қатысты жобалар

Санат:Футбол

Портал:Футбол

Ортаққордың логотипі Ортаққордағы медиафайлдар

Мазмұны

Матч сипаттамасы (ережелері)

Толық мақаласы: Футбол ережелері
 
Футбол алаңы

Халықаралық футбол ассоцияцияның (IFAB) әртүрлі деңгейде және әр түрлі футболшылар топтары үшін (мысалы, жасөспірімдер үшін, әйелдер үшін, мүмкіншілігі шектелген адамдар үшін және т.б. үшін) ресми түрінде қабылданған ойын шарттарының 17 нұсқасы бар.

Әр командада максималды 11 ойыншы (қосалқы ойыншыларды санамағанда), оның біреуі — қақпашы. Өз айып алаңында қақпашыдан басқа ойыншы допты қолымен ұстауға болмайды.. Қақпашыдан басқа ойыншылар қорғаушылар, жартылай қорғаушылар, шабуылшылар болып бөлінеді.

Бір ойынның аты - матч, матч екі 45 минуттық бөлімнен (тайм) тұрады. Ойын арасында 15 минуттық үзіліс бар.

Ойын мақсаты - команданың допты қарсылас команданың қақпасына салу (гол) және өз қақпасына салғызбау. Матчта көбірек доп салған команда ұтады.

Егер де матчтың нәтижесінде екі команда да бірдей гол салса - тең ойын деп саналады. Бұл жағдайда тағы қосымша уақыт (15 минуттан екі рет) берілуі мүмкін. Егер де қосымша уақыттан кейін тең ойын болса - матчтан кейінгі пенальти жүптары өткізіледі.

Ойын алаңы

Ойын алаңының ұзындығы 100-110 м, ені 64-75 метрлік тіктөртбұрышты алаңда өткізіледі. Биіктігі 2 м 44 см, ұзындығы 7 м 32 см-лік 2 қақпасы бар. Қақпалардың сыртына тор керіледі.

Төрелік

Футболшылардың ойын кезінде ережеден мүлт кетпеуін алаңдағы төреші және оның екі көмекшісі – алаңның екі бүйіріндегі шектеу сызықтарда тұрып бақылайды. Егер ойыншы спортқа қайшы әрекет жасаса немесе төрешінің қабылдаған шешімімен таласса, Бас төреші сары карточканы көрсетіп, ескертуге міндетті. Егер ойыншы ойынды дөрекі бұзса не бұзақылық жасаса төреші қызыл карточканы көрсетіп, ойыншыны алаңнан аластатуға құқы бар.

Техникасы

Техникалық ойыншы допқа ие болып, дәлме-дәл пас жасайды, допты баспен ұрып, қарсыласын алдайды, қақпаны көздеп шабуыл жасай алады. Допқа ие болу деп, допты тебер алдында не пас жасарда доптың қозғалысын баяулату немесе тоқтатуды айтады. Жоғарыдан ұшып келе жатқан допты аяқтың басына салып тоқтатып, аяқты көтеріңкіреп және босаңсытып, сосын доппен бірге төмен түсіру керек.

Ойын тәсілі

Футбол ұжымдық ойын болғандықтан, команданың барлық он бір ойыншысының ойын тәсілдерін түгел әрі шебер орындай білуі шарт деп саналады. Команданың қабыл алған ойын жүйесіне байланысты футболшылар алаңда нақты орындарда тұрады. Ойыншылардың алаңда орналасу жүйесі әртүрлі болады, оларды таңдау командадағы ойыншылар құрамасының қалай іріктелуіне байланысты.

Қазіргі күні көптеген командалар шеткі қорғаушылар да жиі шабуылға қатысатындай 4-3-3 үлгісінде ойнайды. Мына әдіспен орналасқанда «тазалықшы» төрт қорға-ушының сырт жағында тұрып, олардың қате кеткен жерлерін жөндейді. Қақпашы шабуылдаушыға «шабуыл бұрышын» тарылтып, тосқауыл қою үшін ұмтылып келеді. Баспен қысқа пас беру арқылы әріп тесіңнің шабуылдауына көмектесесің. Қақпаны бойлай баспен пас жасау, қорғаушыны шатастырып, гол салатындай жағдай тудыруы мүмкін. Қорғаушылардың ойыны зоналық ойыншыларды немесе жеке ойыншыны бақылауды міндетіне алу принципіне құрылады. Бірінші жағдайда, қорғаушы алаңның «өз» бөлігіне ғана жауап береді. Жеке ойыншыны бақылағанда әр қорғаушы қарсылас команданың нақты бір ойыншысына бағытталған, тіпті, сөзбе-сөз айтқанда, оның із өкшесінен қалмайтын әрекет жасайды. Қай сызықта ойнап жүрсең де бәрібір. Бастысы, допсыз орын ауыстырудың маңызы доп сенің аяғыңда болғандығынан еш кем емес екенін ұмытпау керек.

Футбол добы

 
Футбол добы

Футбол добының салмағы 396-453 г, диаметрі 68-71 см.

Ойын шарттарын бұзу

   
сары карточка мен қызыл карточка

Ойын шарттарын бұзушылықты фол деп атайды. Бірінші рет тәртіп бұзған үшін - сары карточка беріледі, ал екінші қайталаған үшін - қызыл карточкамен ойыншыны ойын алаңынан шығарады.

Фол (тәртіпті бұзу)

Ең жиі болатын тәртіп бұзулар:

  • Қарсы команда ойыншысын аяқпен тебу
  • Аяқпен қағу
  • Бәсекелеске секіру
  • Бәсекелеске шабуыл жасау
  • Қолмен итеру
  • Бәсекелесті ұрып-соғу т.б.
  • Қақпашыдан басқа ойыншылардың допты қолмен ойнауы

Тәртіпсіздік

Футболда тәртіпсіздікке:

  • төбелес шығару
  • түкіру
  • балағат сөздер мен қылықтар т.б. жатады
  • талапқа бағынбау

Тарихы

 
Англия мен Шотландия арасындағы матч, 1872 жыл

Футбол тарихы XII ғасырдан басталады. Алғаш рет Англияда дамыды. Саяхатшы Гастон де Фуа өз заманында футболды бар ынтасымен бақылап, «Ағылшындар футболды ойын деп есептесе, онда төбелесті не дейді?» деп жазып кеткен екен. Футболға қарсылық көрсеткендер болды. Мысалы, шіркеудегі діндарлар, феодалдар футболға тыйым салынуын талап еткен екен. Өйткені, бүгінгі күнге дейін футбол өте қауіпті ойын саналып келеді.

  • 1313 жылы белгілі феодал Эдуард II қала ішінде футбол ойнауға шектеу қойған. Тіпті, 1314 жылдың 13 ақпанында король Лондон қаласында футболға қарсы шаралар қолданған деседі.
  • 1389 жылы Ричард II патша сарайы маңында доп тепкендерді өлім жазасына кескен. Патшаға бірнеше мәрте рұқсат сұрап барған футбол жанкүйерлері әрқашан жағымсыз жауап алып отырған.
  • Футболға тыйым салған патшалар тізімі төмендегідей: Генрих IV 1399-1401, Генрих, V 1413 - 1433 ж, Генрих VI 1449-1451 ж, Эдуард IV 1471 ж, Генрих VII 1491 ж, ал Генрих VIII ойыншыларға шектеу қойып қана қоймай, алаң иелеріне тыйым салып, салық салған. Бұндай қатаң қағидаларға мойымаған халық футбол ойнаудан бас тартқан жоқ.
  • Тек 1908 жылы футбол олимпиадалық ойындар тізімінен орын алды.
  • Ал, 1863 жылы Лондонда футболдың жаңа шарттары белгіленді. Жобаға енгізілген ережелерді арнайы комиссия жіті қараған.
  • 1872 жылдан бастап футболдан халықаралық кездесулер өткізілді. Доданы Англия мен Шотландия футболшылар ашты.
  • Ойынды бар ынтасымен тамашалаған жанкүйерлер үшін ойын сәтсіз аяқталды. Өйткені, алғашқы кездесуде есеп ашылған жоқ.
  • 1884 жылы Ұлыбританияда алғашқы ресми кездесу өтті. Жарысқа Англия, Шотландия, Уэльс және Ирландия командалары қатысып, бақ сынасты. Ойын жеңімпазы - шотландықтар болды.
  • 1920 жылы еуропалық футбол бәсекесінде Бельгия мен Чехословакия кездесті. Онда чех футболшыларын ойсырата жеңген бельгиялықтар олимпиада чемпионы болып танылды.
  • Ал 1924 жылы Оңтүстік Америкада ашылған олимпиадада алтынды Уругвай құрамасы ұтты. Олар Югославия, американ, француз, голланд пен Швейцария ойыншыларын қапы қалдырды. Ағылшындардан футболды үйренген Уругвай футболшылары әлдеқайда ширақ еді.
  • Италия мен Испания, Мажарстан, Аустрия, Чехословакия да футболдың қыр-сырларын тең меңгере білді. Бұны 1934-38 жылдары Италия құрамасының екі рет әлем чемпионаты атанғаны дәлелдейді.
  • Ежелгі Шығыс елдерінде (антикалық дәуірде Мысыр, Қытай,) (Грекия, Рим), тіпті Франция, Италия, Англияда футболға ұқсас ойын болған.
  • Ежелгі Мысырдағы футбол тектес ойын біздің эрамызға дейін 1900 жылы танылған.
  • 19 ғасырдың аяғында футбол Еуропа мен Латын Америкасында қарқынды дамыды.
  • 1904 жылы Белгия, Дания, Нидерланд мен Швейцария елдері футбол қауымдастығынан халықаралық федерацияның (FIFA) құрылуына мұрындық болды.
  • 1946-48 жылдары Оңтүстік Америка үш рет қатарынан аргентиналықтардан басым түсті.
  • 1950-60 жылдары футболдан үздік мектептер саналғандар мыналар еді: Лев Яшин мен Игорь Нетто, Альфредо ди Стефано мен Франсиско Хенто, Раймон Копа мен Жюст Фонтэн, Полеи Диди, Гарринча және Жильмар, Драгослав Шекуларац пен Драган Джаич, Иозеф Масопуст пен Ян Поплухар, Бобби Мур мен Бобби Чарльтон, Герд Мюллер, Уве Зеелер мен Франц Беккенбауэр, Ференц Вене мен Флориан Альберт, Джачинто Факкеттии, Джанни Ривера, Жаирзиньо және Карлос Альберте.
  • 1956 жылы Кеңес Одағының футболшылары алғаш рет олимпиада чемпионы атанды. Төрт жылдан кейін олар Еуропа кубогының жеңімпазы танылды.

Футболдың таралу тарихы

Футболдың алғаш 1863 ж. Англияда арнаулы ережесі бекітіліп, тұңғыш қауымдастық құрылды. Сондықтан Англия аталмыш спорт түрінің отаны болып есептеледі. Бірақ футболға ұқсас аяқ -доп ойынының түрлері ежелгі Мысыр, Қытай, Грекия, Римде, ал онан кейінірек Франция мен Италияда дамыған. Кейін бұл спорт түрі біраз өзгерістерге ұшырап, футбол деген атаумен бізге жетті.

19-ғасырдың соңына қарай футбол Еуропа мен Латын Америкасы елдеріне кеңінен тарай бастады. 1904 жылы халықаралық футбол федерациясы (FIFA), 1954 жылы Еуропа футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) құрылды. 1900 жылдан бастап олимпиялық ойындар бағдарламасына енген. 1930 жылдан бастап төрт жылда бір рет әлем чемпионаты және 1958 жылдан бастап Еуропа кубогы үшін жарыстар өткізіліп тұрады.

Қазақстан футболының таралу тарихы

Қазақстанға футбол 1909-1910 жылдары келді. Әуелі Орал, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Семей, Петропавл қалалары жастарының ермегіне айналған өнер, бара-бара бұқаралық сипат алды. Қолда бар деректер бойынша алғаш команда құру 1911 жылдан басталған. Семейде М.Сайдашев, А.Кәрімов, Ю.Нығматулин, т.б. жергілікті қазақ және татар жастарынан тұратын “Жарыс” командасын құрып, көптеген өнерпаздар мен спортшылардың елге танылуына себепкер болды. Сол команданың құрамында ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов жартылай қорғаушы болып ойнаған. 1914 жылы семейліктер алғаш рет Томск қаласының политехникалық институты студенттерімен жолдастық кездесу өткізді. Бұл Қазақстан футболының кіндігі кесілген жыл болып есептеледі. 20 ғасырдың 30-жылдарына дейін әр қала өздерінше күш сынасып жүрді, алайда республикалық деңгейде жарыстар болмағандықтан, шеберлік баяу дамыды. 1937 жылы Алматының динамошылары “Шығыс қалалары” тобында 3-орынды иеленді. Сол жылдың қазан айында жолдастық кездесулер өткізу үшін Одессадан “Консервщик” командасы келді. Одессалықтар Алматы, Семей, Петропавл қалаларында болып, республиканың ең таңдаулы командаларын ойсырата жеңді. Осы жеңілістен қорытынды шығару мақсатында, “Динамо” командасын күшейту жөнінде шешім қабылданды. Жергілікті командалардан ағайынды Вячеслав пен Павел Трофимовтар, А.Вяшняков, А.Громов, Ф.Ткаченко, Ақтөбеден Н.Писяуков, И.Шариков, П.Луценко шақырылды. Одессаның “Консервщик” командасының ойыншылары ағайынды Константин мен Георгий Бедрицкийлер, Н.Чернец, Г.Ананченко және П.Щербаков “Динамоның” (Алматы) құрамында ойнауға тілек білдірді.

1939 жылы динамошылар Қазақстан чемпионы әрі кубогының иегері атанды. Қазақстандықтар сол жылы КСРО кубогы жолындағы бәсекеде Киевтің динамошыларын тізе бүктірді. Келесі жылы 2004 команда қатысқан ұжымдар арасындағы кубок бәсекесінде топ жарды. Шешуші сында Таганрогтің “Торпедо” командасын 3:1 есебімен жеңген алматылық динамошылар КСРО кубогын иемденді. Қазақстан футболының атын шығарған команданың құрамындағы 8 ойыншы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. Трофимов, Громов, В.Шаповалов сынды футболшылар қан майданнан оралған жоқ. Команда 1947 жылдан бастап КСРО чемпионатында “Б” класында өнер көрсетті. Республикамыздың бас командасы әр жылдары “Динамо”, “Локомотив”, “Урожай”, ал 1956 жылдан бері ”Қайрат” деп аталды.

“Қайрат” өзінің алғашқы халықаралық кездесуін 1957 жылғы 30 қазан күні Финляндияның “Ваrса” командасымен өткізді. Қайраттықтар 4:0 есебімен жеңіске жетті. “Қайрат” командасы КСРО чемпионатының “А” класына 1960 жылы көтерілді. Олар алғашқы матчын Ленинградтың “Адмиралтеец” командасымен өткізіп, 0:0 есебімен тең түсті. “Қайрат” командасының сапында Т.Сегізбаев, Қ.Ордабаев, С.Байшақов сынды өнер көрсеткен қазақ жастары болды. 20 ғ-дың 50-жылдары “Б” класына Қазақстан командалары көптеп өте бастады. 1958 жылы Қарағандының “Шахтер”, ал келесі жылдары Шымкенттің “Еңбек”, Өскеменнің “Восток”, Жамбылдың “Металлист”, Павлодардың “Трактор”, Ақтөбенің “Актюбинец”, Целиноградтың “Целинник”, Жезқазғанның “Еңбек” командалары әуелі “Б” класында, кейіннен “А” класында өнер көрсетті.

КСРО тарағаннан кейін, 1992 жылы Қазақстан дербес мемлекет ретінде Халықаралық футбол федерациясына (ФИФА) мүше болды. Сол жылдан бері ҚР-ның өз чемпионаты өтуде. 1992 жылы “Қайрат” (Алматы, 1993 ж. “Ансат” (Павлодар), 1994-1995 жылдары “Елім-ай” (Семей), 1996 жылы “Тараз” (Тараз), 1997 жылы “Ертіс” (Павлодар), 1998 жылы “Елімай” (Семей), 1999 жылы “Ертіс” (Павлодар), 2000-01 жылдары “Жеңіс” (Астана), 2002-03 жылдары “Ертіс” (Павлодар), 2004 жылы “Қайрат” (Алматы), 2005 жылы “Ақтөбе” (Ақтөбе), 2006 жылы “Астана” (Астана) командалары чемпион болды. Ел кубогы жолындағы бәсекеде 1992 жылы “Қайрат”, 1993 жылы “Достық” (Алматы), 1994 жылы “Восток” (Өскемен), 1995 жылы “Елім-ай”, 1996-97 жылы “Қайрат”, 1997-98 жылдары “Ертіс”, 1998-99 жылдары “Қайсар” (Қызылорда), 1999-2000 жылдары “Қайрат”, 2000-01 жылдары “Жеңіс”, 2001 жылы “Қайрат”, 2004 жылы “Тараз”, 2005 жылы “Жеңіс”, 2006 жылы “Алма-Ата” (Алматы) командалары кубок иегері атанды. 2002 жылы Қазақстан футбол одағы (ҚФО) Азия футбол конфедерациясынан (АФК) шығып, Еуропа футбол одағына (УЕФА) мүшелікке өтті. КСРО құрама сапында Е.Яровенко 24-Олимпия ойындарының (1988, Сеул, Корея) чемпионы болды.

Футбол ұйымдары

Футбол ұйымдары — футбол ойынының дамуын, ережелерін реттеуді, жарыстарды ұйымдастыруды және ұлттық құрамаларды басқаруды қамтамасыз ететін спорттық бірлестіктер. Бұл ұйымдар жергілікті, ұлттық және халықаралық деңгейлерде жұмыс істейді, футболдың әлемдік популярлығын қамтамасыз етеді.

Халықаралық деңгейдегі негізгі ұйымдар

Футболдың жоғарғы басқару органы Халықаралық футбол федерациялары ассоциациясы (ФИФА, FIFA), ол 1904 жылы Швейцарияда құрылған және әлем чемпионаттарын, құрлық аралық жарыстарды ұйымдастырады. ФИФА құрамында 211 ұлттық федерация бар, ол ойын ережелерін бекітеді және футболдың жаһандық дамуын қадағалайды.

Футбол ережелерін әзірлейтін Халықаралық футбол федерациялары кеңесі (IFAВ) — Англия, Шотландия, Уэльс және Солтүстік Ирландия Федерациялары мен ФИФА бірлесіп басқаратын орган. Континенттік конфедерацияларға УЕФА (Еуропа), КОНМЕБОЛ (Оңтүстік Америка), КОНКАКАФ (Солтүстік және Орталық Америка), АФК (Азия), КАФ (Африка) және ОФК (Океания) жатады, олар аймақтық чемпионаттарды өткізеді.

Ұлттық және жергілікті ұйымдар

Әр елде ұлттық федерациялар бар, мысалы, Қазақстан футбол Федерациясы (ҚФФ) — Қазақстанда футбол додаларын, Премьер-лиганы, Кубокты және ұлттық құраманы ұйымдастыратын мемлекеттік орган. ҚФФ ФИФА және УЕФА мүшесі ретінде халықаралық стандарттарды сақтайды, футболды «спорт патшасы» етіп дамытады.

Футбол клубтары — жарыстарға қатысатын негізгі бірліктер, оларға ойыншылар, жаттықтырушылар, дәрігерлер және менеджмент кіреді. Клубтар ұлттық лигаларда өнер көрсетеді және федерациялардың бақылауында болады.

Реттеу және маңызы

Бұл ұйымдар футболдың таза өтуін, доптар мен алаң стандарттарын қадағалайды, сондай-ақ КонИФА сияқты тәуелсіз конфедерациялар FIFA-ға кірмейтін аймақтарды біріктіреді. Футбол ұйымдарының жұмысы миллиондаған жанкүйерлердің қызығушылығын сақтап, спорттың әлеуметтік-экономикалық рөлін күшейтеді.

Сілтемелер

  • FIFA, Халықаралық Футбол Қауымдастықтарының Федерациясы  (ағыл.)
  • UEFA, Еуропа Футбол Қауымдастықтарының Одағы

"Қазақ Энциклопедиясы", 9 том

 
Портал «Футбол»
←Келесі жазбаАлдыңғы жазба→
Ең көп оқылған - Уикипедия
  • Наурыз 11, 2026

    Асан қайғы Сәбитұлы

  • Наурыз 13, 2026

    Албан руы

  • Наурыз 12, 2026

    Әбіш Кекілбайұлы

  • Сәуір 03, 2026

    Тұз қышқылы

  • Наурыз 18, 2026

    Қазақ рулары

Студия

  • Уикипедия

Жаңалықтарға жазылу

Байланысу
Бізбен байланыс
© 2025 www.wikimap.kk-kz.nina.az - Барлық құқықтар қорғалған.
Авторлық құқық: Dadash Mammadov
Жоғары