«Хабар» агенттігі» АҚ — Қазақстанның жетекші мемлекеттік медиа холдингінің бірі, оның құрамына «Хабар» және «24KZ» телеарналары кіреді. 1995 жылы негізі қаланған.
| «Хабар» агенттігі | |
| |
| Түрі | акционерлік қоғам |
|---|---|
| Құрылды | 23 қазан 1995 жыл |
| Құрушы | Дариға Назарбаева |
| Орналасуы |
|
| Басты адамдары | Кемелбек Ойшыбаев (Басқарма төрағасы) |
| Операциялық кірісі | ▼ 229,6 млн теңге (2024) |
| Таза табыс | ▲ 79,8 млн теңге (2024) |
| Қызметкерлер саны | 997 адам (2023) |
| Басшы компания | 100% акциясы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне тиесілі |
| Сайты | khabar.kz |
Тарихы
Құрылу тарихы
1994 жылы 20 мамырда Қазақ ТВ-ның ақпараттық қызметі негізінде «Қазақстан телевидениесі және радиосы» республикалық корпорациясының құрылымында «Хабар» Ұлттық телевизиялық ақпарат агенттігі құрылды.
Даму кезеңдері
1995 жыл: Үкімет қаулысымен «Хабар» агенттігі» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылып, «Қазақстан-1» арнасынан тәулігіне 4,9 сағат хабар тарату уақыты берілді.
1997 жыл: «Хабар» жеке жиілікте эфирге шығып, тәуліктік хабар тарату көлемін 14 сағатқа дейін арттырды. Бағдарламалардың 35%-ын өз күшімен өндірді.
1998 жыл: Агенттік жарғылық капиталына мемлекет 100% қатысатын жабық акционерлік қоғам болып қайта құрылды. Осы жылы Астанада филиалы ашылды.
2003 жыл: «Хабар» агенттігі ЖАҚ «Хабар» агенттігі» АҚ болып қайта тіркелді.
2010-2013 жылдар: «Хабар» мега-жобалар (мысалы, «Чемпион», «ХабарStars» шоулары) шығара бастады.
2011-2014 жылдар: Агенттік көп сериялы телехикаялар, соның ішінде «К вам едет доктор Ахметова», «Алдар Көсе», «Жаным», «Бауыржан Момышұлы», «Күләш» сияқты танымал туындыларды түсірді.
Бағдарламалық саясаты
«Хабар» өз жұмысының алғашқы күнінен бастап ақпаратты жедел жеткізуді басты мақсат етті. Агенттік Қазақстанда алғаш рет онлайн-қосылу, breaking news, телекөпір сияқты инновациялық тәсілдерді қолдана бастады.
Танымал бағдарламалары:
- 1995 жылдар: «Хабар-әскер», «Я – налогоплательщик», «Парламентская неделя», «Еркем-ай», «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы (1996 ж).
- 2000 жылдар: «Хабар-ньюс», «Бизнес-Хабар», «Ұят болмасын...», «ХХІ ғасыр көшбасшысы», «Бетпе-бет».
- 2010 жылдар: «Нысана», «Азамат», «Бармысың, бауырым», «Жігіттің сұлтаны», «Жұлдызды дода».
Халықаралық қызметі мен жетістіктері
«Хабар» агенттігі халықаралық ұйымдармен белсенді жұмыс істейді:
- ABU (Азия-Тынық мұхит хабар тарату одағы) және ЕХТО (Еуропалық хабар тарату одағы) мүшесі.
- Журналистік жетістіктері: «Золотой глагол» EMMY сыйлығына ұсынылды, «Великий Петр» медалімен марапатталды. «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы ТМД елдерінің медиафорумында үздік деп танылды (1998). «Полигон» тарихи хикаясы Мәскеу Халықаралық кинофестивалінде «Үздік телевизиялық мини-сериал» номинациясын жеңіп алды (2022).
- Junior Eurovision: 2018 жылдан бастап агенттік Қазақстанның бұл байқауға қатысуына мүмкіндік берді. Данэлия Тулешова (6-шы орын), Ержан Максим (2-ші орын), Қарақат Башанова (2-ші орын) сияқты жас таланттар халықаралық деңгейде танылды.
- Тілшілер желісі: Қазақстанның аймақтарынан басқа, АҚШ, Ресей, Бельгия, Франция, Қытай, Түркия және Германия сияқты елдерде де тілшілер пункттері бар.
Қазіргі құрылымы
Қазіргі таңда «Хабар» агенттігі» АҚ келесі арналарды біріктіреді:
- «Хабар» — 20 сағаттық хабар тарататын негізгі арна.
- «24KZ» — тәуліктік ақпараттық арна.
Холдинг құрамы
«Хабар» телеарнасы
«Хабар» арнасы 1995 жылы Қазақ телевизиясының (қазіргі «Qazaqstan» арнасының) ақпараттық қызметі негізінде құрылды. 1997 жылдың 27 қаңтарынан бастап «Хабар» телеарнасы өз жиілігінде хабар тарата бастады. 2013 жылы телеарна жаңа 16:9 кең экранды форматқа көшті. Жаңалықтар мен бағдарламалар эфирге астаналық «Қазмедиа орталығы» телерадиокешенінен шығады.
«24KZ» телеарнасы
2012 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстандағы тәулік бойы жұмыс істейтін тұңғыш ақпараттық арна «24KZ» өз жұмысын бастады, ал 2016 жылғы 1 қыркүйекте «Хабар 24» деген жаңа атаумен эфирге шықты. 2023 жылғы 11 желтоқсаннан бастап бұрынғы «24KZ» атауымен хабар тарата бастады.
Бұрынғы активтері
«Хабар» радиосы
«Хабар» радиосы эфирге 1998 жылы 1 қаңтарда шықты. 1999 жылы 14 ақпанда орнына «Хит ФМ – Хабар» радиостанциясы хабар тарата бастады. Бұл «Хабар» агенттігі мен ресейлік «Хит ФМ» радиостанциясының бірлескен жобасы болды. 2006 жылы «Хабар» радиосы болып өзгертіліп, 2011 жылы жұмысын тоқтатты. Бұрынғы жиілігінде «Classic» радиосы хабар тарата бастады.
«Classic» радиосы
Радиостанция жұмысын 102,8 FM жиілігінде 2011 жылдың 6 маусымынан бастады. Бұл «Хабар» агенттігі мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бірлескен медиажобасы болды. 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап радиостанция «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамына енді.
«Білім» телеарнасы
Қазақстандағы білім беру бағытында хабар таратқан алғашқы арна. 2012 жылдың 5 қыркүйегінде ашылды. 2014 жылы қаңтардан бастап «Мәдениет» телеарнасымен біріктіріліп, «Білім және мәдениет» телеарнасы ретінде хабар тарата бастады.
«Білім және Мәдениет» телеарнасы
Мәдени-танымдық форматта «Білім» және «Мәдениет» телеарналарының орнына 2014 жылы қаңтарда хабар тарата бастады. 2016 жылы 25 қазаннан бастап «Kazakh TV» телеарнасымен бірікті.
«Qazaq TV» телеарнасы
«CaspioNet» деген атаумен халықаралық спутниктік арна ретінде 2002 жылы 25 қазанда жұмысын бастады. Кейін атауы 2012 жылы «Kazakh TV», 2020 жылы «Qazaq TV» деп өзгертілді. Телеарна қазақ, орыс, ағылшын, қырғыз, өзбек тілдерінде хабар таратты. 2022 жылы Президент телерадиокешеніне беріліп, 1 қыркүйектен бастап ел ішіне "Jibek Joly" және халықаралық кеңістікке "Jibek Joly World" (кейінірек "SilkWay") атауымен хабар таратуын жалғастырды.
«El Arna» телеарнасы
«Ел арна» алғаш 2000 жылы 22 наурызда ашылды. 2002 жылғы 22 наурызға дейін «Хабар-2» деп аталып, тек қазақ тілінде хабар таратты. 2008 жылдан бастап форматы өзгеріп, арнаның контенті жастар аудиториясына бағытталды. 2014 жылғы 18 наурыздан бастап телеарна жұмысын тоқтатып, арна жиілігінде «24 KZ» хабар тарата бастады. 2017 жылдың 27 наурызында «Ел арна» қайта іске қосылып, киноарна ретінде жұмыс істеді. 2025 жылғы 1 мамырда телеарна жұмысын тоқтатты.
Тұлғалары
Басқару органы – құрамында 7 мүшесі бар Директорлар кеңесі, оның үшеуі тәуелсіз директор болып табылады. Атқарушы орган – Басқарма.
Басшылары
| № | Аты-жөні | Басталған жыл | Аяқталған жыл | Лауазымы |
|---|---|---|---|---|
| 1 | Дариға Назарбаева | қазан 1995 | шілде 1998 | «Хабар» Агенттігі» Республикалық Мемлекеттік Кәсіпорнының Бас директоры |
| шілде 1998 | наурыз 2001 | «Хабар» Агенттігі» Жабық Акционерлік Қоғамының Президенті | ||
| 2 | Гүлнар Ықсанова | наурыз 2001 | наурыз 2003 | «Хабар» Агенттігі» Жабық Акционерлік Қоғамының Бас Директоры |
| 3 | Владимир Рерих | 17 наурыз 2003 | ақпан 2004 | «Хабар» Агенттігі» Жабық Акционерлік Қоғамының Бас Директоры |
| 4 | Жанар Әбділдина | ақпан 2004 | 10 мамыр 2005 | «Хабар» Агенттігі» Акционерлік Қоғамының Бас Директоры |
| 5 | Исмаил Игильманов | 27 маусым 2005 | 6 мамыр 2006 | «Хабар» Агенттігі» Акционерлік Қоғамының Бас Директоры |
| 6 | Гүлнар Ықсанова | 6 мамыр 2006 | 3 шілде 2011 | «Хабар» Агенттігі» Акционерлік Қоғамының Бас Директоры, Басқарма Төрайымы |
| 7 | Айдос Үкібай | 3 шілде 2011 | 16 мамыр 2016 | «Хабар» Агенттігі» Акционерлік Қоғамының Басқарма Төрағасы |
| 8 | Алмагүл Ахметжанова | 18 мамыр 2016 | 11 мамыр 2018 | «Хабар» Агенттігі» Акционерлік Қоғамының Басқарма Төрайымы |
| 9 | Алан Әжібаев | 11 мамыр 2018 | 20 тамыз 2019 | «Хабар» Агенттігі» Акционерлік Қоғамының Басқарма Төрағасы |
| 10 | Ерлан Бекхожин | 20 тамыз 2019 | 11 ақпан 2022 | «Хабар» Агенттігі» Акционерлік Қоғамының Басқарма Төрағасы |
| 11 | Берік Уәли | 29 наурыз 2022 | 12 қыркүйек 2023 | «Хабар» Агенттігі» Акционерлік Қоғамының Басқарма Төрағасы |
| 12 | Кемелбек Ойшыбаев | 13 қыркүйек 2023 бастап | «Хабар» Агенттігі» Акционерлік Қоғамының Басқарма Төрағасы |
Танымал жүргізушілер
- Қымбат Досжан
- Ләззат Танысбай
- Ерлан Бекхожин
- Айгүл Мүкей
- Дана Нұржігіт
- Нұртілеу Иманғалиұлы
- Зейін Әліпбек
- Рауан Кенжеханұлы
- Қайнар Олжай
- Серік Абас-шах
- Бибігүл Жексенбай
- Айдос Үкібай
- Берік Уәли
