| Джесси Бакли | |
| ағылш. Jessie Buckley | |
| Джесси Бакли 2025 жылғы Торонто кинофестивалінде | |
| Жалпы мағлұмат | |
|---|---|
| Туған күні | 28 желтоқсан 1989 (36 жас) |
| Туған жері | Киларни, Ирландия |
| Азаматтығы |
|
| Мамандығы | актриса, әнші |
| Белсенді жылдары | 2008 — қазіргі уақыт |
| Марапаттары | «Оскар» (2026) |
| IMDb | |
Джесси Бакли (ағылш. Jessie Buckley; 28 желтоқсан 1989, Киларни, Керри, Ирландия) — ирландиялық актриса және әнші. Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының BBC жасаған алты бөлімді бейімделуіндегі (2016) Марья Болконская, «Табу» (2017) мини-сериалындағы Лорна Боу, «Чернобыль» (2019) мини-сериалындағы Людмила Игнатенко және «Фарго» (2020) сериалындағы Ораэтта Мэйфлауэр рөлдерімен кеңінен танымал.
«Бөтен қыз» (2021) драмасындағы рөлімен алғаш рет «Оскар» сыйлығына үміткерлер қатарынан көрінген. Ал 2025 жылғы «Хамнет» драмасында Уильям Шекспирдің жары Агнес рөлін сомдап, «Оскар», «Алтын глобус», «Critics' Choice Awards», «Actor Awards» және BAFTA сыйлықтарын иеленді.
Өмірбаяны
Балалық шағы мен білімі
Джесси Бакли 1989 жылы желтоқсанда Керри графтығындағы Киларни қаласында Марина Кэссиди мен Тим Баклидің отбасында дүниеге келген. Отбасындағы бес баланың үлкені Джессидің соңынан ерген інісі мен үш қарындасы бар. Джесси Тіпперэри графтығындағы Терлс қаласында орналасқан Ursuline Secondary School қыздар мектебінде білім алған. Анасы осы мектепте вокалдан сабақ бергендіктен, ол ерте жастан мектеп қойылымдарына белсене араласады. Қыздар мектебі болғандықтан, Джессиге ерлердің де рөлдерін сомдауға тура келген: ол «Вестсайд хикаясы» мюзикліндегі Тони мен «Шахмат» қойылымындағы Фредди Трампер бейнелерін сәтті шығарып, алғашқы актерлік шеберлігін танытады. Музыкалық білімге де ерекше көңіл бөлген ол Ирландия корольдік музыка академиясында фортепиано, кларнет және арфа аспаптарын меңгерген. Ирландия мюзикл қоғамдары қауымдастығының (AIMS) жазғы курстарына қатысып жүргенде, оның таланты мамандардың назарына ілігеді. Дәл осы жерде оған Лондондағы драма мектептеріне бағын сынап көруге кеңес беріледі. Дегенмен, жолы бірден бола қоймады: «I'd Do Anything» шоуының тыңдалымына барар алдында екі бірдей драма мектебі оны оқуға қабылдаудан бас тартқан еді.
Джесси Лондондағы Корольдік драмалық өнер академиясына (RADA) оқуға түсіп, оны 2013 жылдың қаңтарында тәмамдады.
Шығармашылық жолының бастауы
Джесси Баклидің мансабы 2008 жылы «I'd Do Anything» таланттар шоуына қатысудан басталды. Бұл жоба «Оливер!» мюзиклінің жаңа қойылымында Нэнси рөлін сомдайтын жас талантты іздеуге арналған болатын. Шоу барысында финалға дейін жеткен Джесси екінші орынды иеленді. Алайда, араға жылдар салып, 2026 жылы берген сұхбатында актриса сол кездегі төрешілердің тарапынан дене бітіміне қатысты орынсыз әзілдер (бодишейминг) айтылғанын және 17 жастағы қызды «нәзіктік мектебіне» жіберуі оған ауыр тигенін, өзін «зат ретінде сезінгенін» ашық айтты.
Шоудан кейін ол бірқатар қайырымдылық концерттеріне қатысып, Лондонның Гайд-паркінде Эндрю Ллойд Уэббердің туған күніне арналған салтанатты кеште өнер көрсетті. Оған «Оливер!» мюзикліндегі негізгі рөлдің дублері болу ұсынылса да, Джесси одан бас тартып, өз жолын басқа жобадан бастауды жөн санады.
2008 жылдың соңында Джесси Стивен Сондхаймның «Кішігірім түнгі музыка» (A Little Night Music) мюзиклінде Энн Эгерман рөлімен дебют жасады. Ол сахнада Морин Липман және Ханна Уэддингем сияқты танымал актрисалармен бірге өнер көрсетті.
2013 жылы Корольдік драмалық өнер академиясын (RADA) бітіргеннен кейін, Джесси Шекспирдің «Глобус» театрының жазғы маусымында «Дауыл» қойылымындағы Миранда рөлін сомдады. Көп ұзамай «Ноэл Кауард» театрында Майкл Грандадж қойған «V Генрих» спектаклінде атақты Джуд Лоумен серіктес болды. 2015 жылы Кеннет Брананың театр компаниясы сахналаған «Қысқы ертегі» қойылымында Пердита рөлін ойнады, бұл қойылым әлемнің түкпір-түкпіріндегі кинотеатрлардан тікелей эфирде көрсетілді.
Экрандағы алғашқы үлкен жетістіктері

Джесси «Индевор» детективті драмасындағы эпизодтық рөлінен кейін, 2016 жылы BBC арнасының «Соғыс және бейбітшілік» жаңа экрандауында Марья Болконскаяның бейнесін сомдады. Оның бұл жұмысын сыншылар жоғары бағалап, The Guardian басылымы актрисаның тақуа әрі қарапайым кейіпкерді «ғажайып шеберлікпен» ойнап шыққанын ерекше атап өтті. Бұдан кейін ол Том Хардимен бірге «Табу» (2017) телехикаясында, сондай-ақ «Соңғы бекет» (2017) және «Ақ киімді әйел» (2018) драмаларында басты рөлдерді атқарды.
2018 жылы Джесси Бакли «Аң» (Beast) психологиялық триллеріндегі Молл Хантфорд рөлімен үлкен экранда дебют жасады. Оның кинодағы нағыз серпілісі «Жабайы раушан» (Wild Rose) музыкалық драмасы болды. Бұл фильмде кантри-әншінің рөлін сомдаған Джесси Гластонбери фестивалінде өнер көрсетуге мүмкіндік алды, ал фильмнің саундтрегі Ұлыбританияның кантри-альбомдар чартында көш бастады. Осы рөлі үшін актриса 73-ші BAFTA марапатында «Үздік актриса» номинациясына ие болды.
2019 жылы Джесси HBO және Sky UK бірлесіп шығарған, 1986 жылғы апатты баяндайтын «Чернобыль» мини-сериалында Людмила Игнатенконың рөлін сомдады. 19 номинация бойынша «Эмми» сыйлығына ұсынылған бұл жоба бүкіл әлемге танылып, Баклидің актрисалық шеберлігін жаңа биікке көтерді. Дәл осы жылы ол америкалық аңызға айналған актриса Джуди Гарлендтің өміріне арналған «Джуди» атты биографиялық драмасына түсті.
Мансабының өрлеуі
2020 жылы Баклидің қатысуымен бірден төрт туынды жарық көрді: «Дулиттл», «Тыңшылық ойыны», «Мисс мінсіздік» және Чарли Кауфманның Netflix-ке арналған «Мұның бәрін тоқтату туралы ойланып жүрмін» психологиялық триллері. Соңғысындағы рөлі үшін актриса «Готэм» сыйлығына ұсынылды. Сол жылы ол танымал «Фарго» телехикаясының төртінші маусымында мейірбике Ораэтта Мэйфлауэрдің рөлін сомдап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
2021 жылы Мэгги Джилленхолдың «Бөтен қыз» фильмінде жас Леда Карузоның рөлін ойнады. Сыншылар бұл жұмысты «нағыз жаңалық» деп бағалап, Баклиге BAFTA мен «Оскар» сыйлығының «Үздік көмекші актриса» номинацияларын алып келді.
Киномен қатар актриса театр сахнасында да биіктерді бағындырды. 2021 жылы «Кабаре» мюзиклінде Салли Боулз рөлін сомдап, 2022 жылы беделді Лоуренс Оливье сыйлығын («Үздік актриса») иеленді. Сонымен қатар, 2022 жылы гитарист Бернард Батлермен бірге «For All Our Days That Tear the Heart» альбомын шығарды. Бұл туынды Ұлыбритания чарттарында үздік 30-дыққа кіріп, беделді Mercury Prize сыйлығының шорт-листіне енді.

2022 жылы Джесси Бакли режиссер Алекс Гарлендтің «Еркектер» (Men) атты фолк-хоррор фильмінде жесір қалған әйелдің рөлін сомдады. Фильмнің тұсаукесері Канн кинофестивалінде өтіп, актрисаның Рори Киннирмен бірлескен жұмысы жоғары бағаланды. Сол жылы ол Мириам Тоувстың бестселлері негізінде түсірілген «Әйелдер сөйлейді» (Women Talking) драмасында Фрэнсис Макдорманд, Руни Мара және Клэр Фой сияқты танымал актрисалармен бірге өнер көрсетті.Сонымен қатар, Бакли Чарльз Диккенстің классикалық туындысы желісімен түсірілген «Скрудж: Рождестволық хикая» атты Netflix анимациялық фильмінде кейіпкерлердің бірін дыбыстады.
2023 жылы актриса Оливия Колманмен қайта жұмыс істеп, Теа Шэрроктың «Қарғыс атқан хаттар» (Wicked Little Letters) комедиясына түсті. Дәл осы жылы ол «Тырнақтар» (Fingernails) фильмінде Кэри Маллиганның орнына басты рөлге бекітіліп, Риз Ахмед және Джереми Аллен Уайтпен серіктес болды. Бұл екі туындының да тұсаукесері 2023 жылғы Торонто халықаралық кинофестивалінде өтті.
2023 жылдың мамырында Джесси Баклидің Хлоя Чжаоның «Гамнет» тарихи драмасында Пол Мескалмен бірге басты рөл сомдайтыны белгілі болды. Америка кино институтының (AFI) нұсқасы бойынша 2025 жылдың үздік он фильмінің қатарына енген бұл туынды сыншылардың жоғары бағасын алды. Баклидің Агнес Шекспир рөліндегі шеберлігі нағыз феноменге айналды: Rolling Stone басылымы оның бұл рөлі туралы адамдар әлі талай жыл айтып жүретінін жазса,New York Post актрисаның кейіпкерін «бірде шойындай берік, бірде фарфордай нәзік» деп сипаттап, оның сенгісіз актерлік қуатына таңдай қақты.
Бұл рөл актрисаға әлемдік деңгейдегі триумф алып келді. Бакли «Алтын глобус», «Critics' Choice», «Actor Awards» және BAFTA марапаттарының барлығында «Үздік актриса» санатында жеңіске жеткен алғашқы ирландиялық актриса атанды. Сонымен қатар, Джесси Бакли «Оскар» сыйлығын иеленіп, бұл беделді марапатты алған тұңғыш ирландиялық актриса ретінде тарихқа енді.
Болашақ жобалары
2026 жылдың ақпанында актрисаның алдағы үлкен жобасы белгілі болды: ол Одри Ниффенеггердің «Three Incestuous Sisters» романының экрандауында басты рөлдердің бірін сомдайды. Бұл туындыда Бакли Дакота Джонсон және Сирша Ронанмен бірге апалы-сіңлілі қыздардың бейнесін сомдап, Джош О’Коннормен серіктес болады. Режиссер Алиса Рорвахер тізгінін ұстаған бұл жобаның түсірілімі 2026 жылдың сәуірінде басталмақ.
Киномен қатар Бакли музыкалық шығармашылығын да жалғастыруда. 2026 жылдың наурызында оның The Pogues тобының фронтмені Шейн Макгоуэнге арналған «20th Century Paddy – The Songs of Shane MacGowan» атты трибьют-альбомына қатысатыны хабарланды. Бұл жинақта Джесси әйгілі Hozier-мен бірге дуэт орындайды. Брюс Спрингстин мен Том Уэйтс сияқты аңыздардың басын қосқан бұл альбом 2026 жылдың 13 қарашасында жарық көреді деп жоспарланған.
Қоғамдық имиджі
| Джесси Баклидің «Boulder to Birmingham» әнін орындауы | |
Джесси Бакли тәуелділіктен айығу жолындағы жандарға қолдау көрсететін The Matt Talbot Community Trust қайырымдылық қорының елшісі болып табылады.
Ол телевизиялық бағдарламалардың жиі қонағы болып, онда өзінің әншілік талантын да көрсетіп тұрады. Мәселен, 2019 жылы ол «The Late Late Show» бағдарламасында «Жабайы раушан» фильмінің саундтрегіне енген Эммилу Харристің «Boulder to Birmingham» әнін орындады.
Баклидің «Оскар» сыйлығының «Үздік актриса» номинациясын жеңіп алған тұңғыш ирландиялық актриса ретіндегі тарихи жетістігі ерекше бағаланды. Ирландия президенті Кэтрин Коннолли бұл оқиғаны «тарихи сәт» деп атап, актрисаны шын жүректен құттықтады. Президент Баклидің кино мен театр өнеріне қосқан зор үлесін жоғары бағалап, оның еңбегі ел мақтанышы екенін атап өтті.
Жеке өмірі
2022 жылғы мәлімет бойынша, Джесси Бакли Англияның Норфолк графтығында тұрады. 2023 жылдың ортасында ол бұрынғы телепродюсер, қазіргі уақытта психикалық денсаулық саласының маманы Фредди Соренсенге тұрмысқа шықты. 2025 жылы ерлі-зайыптылардың қызы дүниеге келді.
2026 жылдың наурызында BBC Radio 4 арнасының «Desert Island Discs» бағдарламасына қатысқан Бакли жасөспірім шағында депрессиямен және тамақтану бұзылысымен (eating disorder) күрескенін ашық айтты. Актрисаның сөзінше, бұл қиындықтарды жеңіп шығуға оның актерлік өнер мен музыкаға деген ерекше құштарлығы көмектескен.
Фильмография
Кино
| Жыл | Атауы | Шынайы атауы | Рөлі | |
|---|---|---|---|---|
| 2011 | қысқа | Join My Band | Join My Band | Стелла |
| 2012 | қысқа | Crosswinds | Crosswinds | Джесси |
| 2013 | ф | Джек және жүрек механикасы | Jack et la mécanique du cœur | Луна (дыбыстау) |
| 2014 | ф | Дауыл | The Tempest | Миранда |
| 2016 | қысқа | Ромео мен Джульетта: Қысқа серуен | The Complete Walk: Romeo and Juliet | Джульетта |
| 2017 | ф | Аң | Beast | Молл |
| 2017 | қысқа | Пульсар | Pulsar | Каса |
| 2017 | қысқа | Қызыл жарық | Red Light | Келли |
| 2018 | ф | Жабайы раушан | Wild Rose | Роуз-Линн Гарлан |
| 2019 | ф | Джуди | Judy | Розалин Вайлдер |
| 2020 | ф | Дулиттл | Dolittle | Виктория патшайым |
| 2020 | ф | Тыңшылық ойыны | The Courier | Шейла Винн |
| 2020 | ф | Мисс мінсіздік | Misbehaviour | Джо Робинсон |
| 2020 | ф | Мұның бәрін тоқтату туралы ойланып жүрмін | I'm Thinking of Ending Things | Жас әйел |
| 2021 | ф | Бөтен қыз | The Lost Daughter | Леда |
| 2022 | ф | Еркектер | Men | Харпер Марлоу |
| 2022 | ф | Әйелдер сөйлейді | Women Talking | Мариш Лоуен |
| 2023 | ф | Жағымсыз хаттар | Wicked Little Letters | Роуз Гудинг |
| 2023 | ф | Тырнақтар | Fingernails | Анна |
| 2025 | ф | Хамнет | Hamnet | Агнес Шекспир |
| 2026 | ф | Қалыңдық | The Bride! | Франкенштейннің қалыңдығы |
Телевизия
| Жыл | Атауы | Шынайы атауы | Рөлі | |
|---|---|---|---|---|
| 2010 | с | Махаббат реңктері | Shades of Love | Эмили Стронг / 3 эпизод |
| 2014 | с | Индевор | Endeavour | Китти Баттен / "Trove" эпизоды |
| 2016 | с | Соғыс және бейбітшілік | War and Peace | Марья Болконская / 6 эпизод |
| 2017 | с | Табу | Taboo | Лорна Боу / 7 эпизод |
| 2017 | с | Соңғы бекет | The Last Post | Онор Мартин / 6 эпизод |
| 2018 | с | Ақ киімді әйел | The Woman in White | Мэриэн Голкомб / 5 эпизод |
| 2019 | с | Чернобыль | Chernobyl | Людмила Игнатенко / 5 эпизод |
| 2020 | с | Фарго | Fargo | Ораэтта Мэйфлауэр / 4-маусым |
Дискографиясы
Бірлескен альбомдары
- For All Our Days That Tear the Heart (Бернард Батлермен бірге) — (2022)
Саундтрек альбомдары
- Wild Rose («Жабайы раушан» фильміне арналған) — (2019)
Марапаттары мен номинациялары
| Марапат | Жыл | Санат | Жұмыс | Нәтиже |
|---|---|---|---|---|
| «Оскар» | 2022 | Үздік көмекші актриса | Бөтен қыз | Номинация |
| 2026 | Үздік актриса | Хамнет | Жеңді | |
| Алтын глобус | 2026 | Үздік актриса — драма | Хамнет | Жеңді |
| BAFTA | 2019 | «Үміт күттіретін жас жұлдыз» | ж/е | Номинация |
| 2020 | Үздік актриса | Жабайы раушан | Номинация | |
| 2022 | Үздік көмекші актриса | Бөтен қыз | Номинация | |
| Actor Awards | 2023 | Көркем фильмдегі үздік актерлік құрам | Әйелдер сөйлейді | Номинация |
| 2026 | Басты рөлдегі үздік актриса | Хамнет | Жеңді | |
| «Спутник» | 2021 | Телевизиядағы үздік көмекші актриса | Фарго | Номинация |
| 2026 | Үздік көмекші актриса — драма | Хамнет | Жеңді | |
| «Critics' Choice» | 2023 | Үздік көмекші актриса | Әйелдер сөйлейді | Номинация |
| Үздік актерлік құрам | Номинация | |||
| Канн кинофестивалі | 2021 | Chopard Trophy | ж/е | Жеңді |
| Тәуелсіз рух | 2022 | Үздік көмекші актриса | Бөтен қыз | Номинация |
| 2023 | Роберт Олтмен атындағы сыйлық | Әйелдер сөйлейді | Жеңді |
- 28 желтоқсанда туғандар
- 1989 жылы туғандар
- Алфавит бойынша тұлғалар
- Алфавит бойынша актрисалар
- Ирландия актрисалары
- XXI ғасыр актрисалары
- Алфавит бойынша әншілер
- Ирландия әншілері
- XXI ғасыр әншілері
- Үздік актриса үшін Оскар сыйлығының иегерлері
- Алтын глобус сыйлығының иегерлері
- BAFTA марапаты иегерлері
- Спутник сыйлығының иегерлері
- Тәуелсіз рух сыйлығының иегерлері