Қолдау
Тегін жүктеу және ақпараттық платформа

Досжан Құрақов (Құрақтың Досжаны) (2 сәуір 1878, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Н.Ілиясов ауылы - 20 қаңтар 1944, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Н.Ілияс

Досжан Құрақұлы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Досжан Құрақов (Құрақтың Досжаны) (2 сәуір 1878, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Н.Ілиясов ауылы - 20 қаңтар 1944, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Н.Ілиясов ауылы) - домбырашы, күйші. Құрақтың Досжаны Сыр өңірінде өмір сүрген, барлық саналы ғұмырын өнерге, оның ішінде күй өнеріне арнап, өлмес мұраны кейінгілерге жеткізген дәулескер күйші. Ол 1878 жылы Қызылорда облысы, бұрынғы Тереңөзек (қазіргі Сырдария) ауданының Нағи Ілиясов атындағы ауылда дүниеге келген. Шығу тегі – Кіші жүз – Байұлы – Жаппас – Жылкелді руынан. Туыстарының отбасылық шежіресіне сәйкес одан әрі былай тарқатылады: Жылгелді - Есмұрат - Құрман - Дәулетімбет - Әлібек - Азат - Құрақ. Құрақтың Наурызбай, Үбіжар деген балалары болған. Ыбырай мен Досжан – Наурызбайдың балалары. Үбіжардан бала болмаған. Анасы өмірден өткен соң 4 жасар Досжанды туған атасы Құрақ бауырына басып алған. Құрақтың Досжаны аталуы да сондықтан. 8 жасында домбыра тарта бастаған Досжан 12 жасына дейін Сыр бойының көптеген күйшілерінің күйлерін шебер орындау дәрежесіне жеткен. Есейе келе оның есімі Сырдан асып, Арқаға, Қостанай, Торғай, Ақтөбе аймақтарына жайылған. Өз заманындағы дәулескер күйшілер Шал, Мырза, Әлшекей, Қазанғаптардың күйлерін тыңдап өскен ол өзі де күйлер шығара бастаған. Тереңөзек, Сырдария, Жалағаш аудандарын, Қызылорда маңындағы ауыл-ауылды аралап, халыққа өз өнерін паш еткен. Қарсы кездескен күйшімен күй тартысып жарысқан. Оған Бәти қызбен күй тартысы мысал бола алады. Құрақтың Досжаны 1938 жылдан бастап атақты ақын Нартай Бекежановтың концерттік бригадасының құрамында болады. 1939 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, өнер көрсетеді. Елге келген соң «Қызылөзек», Тельман, Жәдігер мектептерінде домбыра үйірмелерін, оркестрлер ұйымдастырады, жас ұрпақты өнерге баулып, шәкірттер тәрбиелейді.

Құрақтың Досжаны - саналы ғұмырын қазақ мәдениетін, оның ішінде күй өнерін өркендетуге арнап, соңына мол рухани мұра қалдырған дәулескер күйші. Құрақтың Досжаны 1944 жылғы 20 қаңтарда 66 жасында өмірден өткен. Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, қазіргі Нағи Ілиясов ауылынан бірнеше шақырым жердегі ескі қорымға жерленген. Туған ағасы Ыбырай екеуіне бір құлпытас қойылған. 1978 жылы Құрақтың Досжанының 8 күйін шәкірті, күйші Исламбек Ысқақов (1930-1982) Ташкент қаласында пластинка етіп шығарды. 2008 жылы жарыққа шыққан "Сыр сүлейін сұрасаң" атты антологияға бірнеше күйі енгізілді. Қазақ телевизиясы мен радиосының эфирінен дәулескер күйші Құрақтың Досжаны жайында бірнеше рет хабарлар жасалды. Қызылорда облысы, Сырдария ауданында аудандық ұлт-аспаптар оркестрі 1974 жылдан бері Құрақтың Досжанының атымен аталады. Оркестр құрамында 40-қа тарта өнерпаздар бар. Олар түрлі аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орындарды иемденіп келеді. Оркестрдің жетекшісі әрі дирижері - «Мәдениет саласының үздігі», «Сырдария ауданының құрметті азаматы» Сансызбай Сәдуақасов. Күйші Құрақтың Досжанының шығармашылығын 30 жылдан бері зерттеп жүрген туысы - журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Индира Ибраева. Ол - Құрақтың Досжанының туған ағасы Ыбырайдың немересі (Күйлерінің атауы осы зерттеушінің мәліметтеріне орай жаңартылды).


Шығарған күйлері

    • "Ақмоншақ"
    • "Көкек"
    • "Қыпың"
    • "Қара жорға"
    • "Терісқақпай"
    • "Бәти қыз"
    • "Кербез төре"
    • "Жетім қыз"
    • "Шалқыма"
    • "Қоңыр қаз"
    • "Шек-шек, Шегіркөк"
    • "Азаматым аттанды"
    • "Абыржыма, ағайын"
    • "Азамат болдың, Алматым". Соңғы 3 күйін үйреніп алған адам болмаған.

1964 жылы фольклортанушы Мардан Бәйділдаев Досжанның 32 күйін үнтаспаға жазып алған.

Шәкірті Исламбек Искаков 1978 жылы Досжанның 8 күйін өзінің күйлерімен қоса орындап, пластинка етіп шығарған. .

Жоғары