Қолдау
Тегін жүктеу және ақпараттық платформа

Бір не бірнеше алып планеталардың маңынан өтетіндіктен, Кентавр астероидтарының орбиталары тұрақсыз, кейде қатты созылған болып келеді.

Кентавр астероидтары

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Кентавр астероидтары жасыл түспен,
алып планеталар қызыл нүктелермен көрсетілген

Кентавр астероидтары — Юпитер мен Нептун орбиталары арасындағы аймақта айналып жүрген астероидтар.

Бір не бірнеше алып планеталардың маңынан өтетіндіктен, Кентавр астероидтарының орбиталары тұрақсыз, кейде қатты созылған болып келеді.

Алғашқы кентавр астероиды 1920 жылы табылды — (944) Идальго, бірақ ол кезде жеке топқа кірістірілмеген еді. Тек 1977 жылдан бастап, (2060) Хирон ашылғаннан кейін, бұлар аспан денелерінің жаңа түрі деп қарастырыла бастады. Және содан бері орбиталары сол шалғай аймақтарда орналасқан басқа астероидтарға да мифологиялық кентаврлардың есімдері берілетін болды.

Бүгіндері мыңға жуық кентавр астероиды белгілі. Ең үлкені — (10199) Харикло, оның диаметрі 260 шақырымға жуықтайды.

Физикалық қасиеттері

Кентаврлар алыс орналасып, салыстырмалы кішкентай болғандықтан, оларды зерттеу қиынға түседі. Қазіргі уақытта еш кентавр астероидының жақыннан түсірілген фотосуреті жоқ.

Бақыланған түстері бойынша оларды келесі екі топқа бөледі:

  • қызылдау, мысалы (5145) Фол;
  • көкшіл немесе сұр-көкшіл, мысалы (2060) Хирон.

Ондай айырмашылық бұл шағын аспан денелерінің әртүрлі пайда болу тарихына байланысты болуы мүмкін. Немесе ғарыштағы радиациялық әсерлердің көлеміне байланысты да болуы мүмкін.

Спектрлік талдау ондай астероидтардың бетінде қандай химиялық құрам табуға болатынын анықтауға көмектеседі. Мысалы, (10199) Хариклода толиндердің және су мұзының іздері табылды. (5145) Фол астероидынан толиндер, оливин, метанол мұзы, күйе белгілері көрінді. (52872) Окироядан — кероген, оливин, су мұзы.

Кейбір кентаврлардың өлшемдері, альбедосы және түстері

(2060) Хирон әрі астероид, әрі комета болып, спектрлік жағынан да күрделі сипатымен ерекшеленеді. Кометалық белсенділігі төмен болғанда, онда су мұзының іздері байқалады; ал белсенділігі жоғарылағанда, бұл іздер ғайып болады.

Сонымен қатар (2060) Хиронда және кометалық белсенділігі байқалған тағы бір кентавр (60558) Эхеклде көміртек монооксиді іздері табылды.

Тағы қараңыз

Жоғары