Нұра өзені– Теңіз көлі алабындағы өзен.
| Нұра өзені | |
|---|---|
| |
| Сипаттамасы | |
| Ұзындығы | 978 км |
| Су алабының ауданы | 58 100 км² |
| Су ағысы | |
| Бастауы | Қызылтас |
| • Координаттары | 49°20′23″ с. е. 74°44′04″ ш. б. / 49.339889° с. е. 74.734583° ш. б. (G) (O) (Я) |
| Сағасы | Теңіз көлі |
| • Координаттары | 50°30′55″ с. е. 69°11′54″ ш. б. / 50.51528° с. е. 69.198417° ш. б. (G) (O) (Я)Координаттар: 50°30′55″ с. е. 69°11′54″ ш. б. / 50.51528° с. е. 69.198417° ш. б. (G) (O) (Я) |
| Орналасуы | |
| |
| Ел | Қазақстан |
| Аймақ | Қарағанды, Ақмола облыстары |
Географиялық орны
Қарағанды және Ақмола облыстарының жерімен ағатын өзен. Ұзындығы - 978 км, су жинау алқабы - 60,8 мың км2. Нұра Қарқаралы тауының батыс сілемдеріндегі бұлақтардан басталып, Теңіз көліне құяды. Ұзындығы 10 км-ден астам 200-дей саласы бар.
Бастауы
Нұра Қызылтас тауының батыс сілемдеріндегі бұлақтардан басталып, Теңіз көліне кұяды.
Этимологиясы
Бұл атаудың шығу төркіні жайлы пікірлер әр қилы. Зерттеушілер монғол тіліндегі нураа, нуруу және нур сөздерін бір қатарға қойып, осы сөздердің бәрін нұра сөзінен өрбіген немесе өзгерген түрі деп жаңылыс талдайды. Бұл сөздердің монғол тілінде жеке-жеке мағынаға ие, дербес лексема екендігінде мән бере қарастырғанымыз жөн. Монғол тіліндегі норах - "опырылыс", "құлау"; бурят. нуралта - "құлау, жылжу", монғол тілінен эквенк.тіліне енген "нура" - "жар" деген мағынаны білдірген. Е.Қойшыбаев Нұра атауын талдай келіп, "нұра тұлғасы жер бетінің рельефімен (биіктікпен) байланысты айтылған көне тілдердің қалдығы болуы тиіс" деген пікірге келеді. Ғ.Қоңқашбаев "Нұра — еңіс жерлердегі созыла жатқан жыра, қолат" деп түсіндіреді. Бұл сөздің монғол Нуруу 1.жон, арқа; 2. дөң, жота сөзімен тікелей байланысты екені белгілі.
Гидрологиясы
Нұра жоғарғы ағысында аласа таулардың арасымен, орта тұсында ұсақ шоқылар бойымен және төменгі ағысында төбелі жазықпен ағады. Өзен аңғары жоғары және орта бөлігінде қатты кристалды шөгінді жыныстардан (ені — 2-10 км) түзілген, төменгі жағында аңғары 25 км-ге дейін ұлғаяды. Жайылмасы кең (кейде 15 км-ге дейін) келеді. Тереңдігі 1-4 м. Жылдық орташа су шығыны 19,5 м3/с (сағасынан 369 км жерде). Негізінен қар және жер асты суымен толығады. Жылдық ағынының 92,1%-ы сәуір-мамырда, 7%-ы маусым-қазанда, ал 0,9%-ы қыста өтеді. Жылдық ағынының орташа көп жылдық көлемі (Романовское селосы тұсында) — 473 млн. м3. Өзен қарашаның басында қатып, сәуірде мұзы ериді. Ірі салалары: Ақбастау, Алтынсу, Байғожа, Есен, Ұзынбұлақ, Құланөтпес, Матақ, Ащысу, Үлкен Құндызды, Көкпекті, Шерубайнұра (ең ірісі, 268 км).
Шаруашылық маңызы
Суға тапшы Орталық Қазақстан жағдайында Нұраның шаруашылық маңызы өте зор. Өзен бойында Самарқан, Самар және Шерубайнұра бөгендері салынған. Нұра су құбыры іске қосылған. Сағасында Қорғалжын мемлекеттік қорығы ұйымдастырылған.
