Самай - Орта жүз Ашамайлы Керейден тараған рулар бірлестігі. Шежіре деректері бойынша, Самайдан Жарқын, Мерген, Қазан, Меңгесер, Ақбалық деген рулар тараған.
Шежіресі
Шежіре бойынша Самай руы өз бастауын Тарышы атадан бастайды.
Өлкетанушы Қайролла Мұқановтың "Самай Керей Шежіресі" атты кітабында былай таратылған:
"Тарышыдан бір бала: Шимойын, одан — Естияр, Достияр, Есжияр. Достиярдан — Смайыл, Смағұл, Ысқақ. Смайылдан 5 бала: Ақсары, Жансары, Құрсары, Матақай, Тезағай. Тезағайдан 3 бала: Әйтеке, Тәйтеке, Бәйтеке(Самай). Әйтекеден — Қанай, Қанайдан 2 бала: Әлдеберлі, Шағалақ. Тәйтекеден — Мамай, одан бір бала: Қапсыт. Қанай мен Мамай ерте қайтып, олардың жесір қалған әйелдерін әмеңгерлік жолмен Бәйтеке алады да, олардың балалары Әлдеберліні, Шағалақты, Қапсытты өз балаларымен бірге тәрбиелеп өсіреді. Бәйтекенің өз бәйбішесінен, өз кіндігінен шыққан бес ұл туған екен, олар: Жанбура, Толыбай, Жанкісі, Бақы, Шуай."
Ал жазушы, журналист Жақсыбай Самраттың "Тауағаш деген ел едік" атты кітабында:
"Жоғарыда айтқан Тарышы атамыздың екінші немересі Смайылдың кіндігінен Ақсары, Күрсары, Жамансары, Сақал, Матақай, Шұбар, Самай, Ителі, Қаратау деген тоғыз ұл дүниеге келген... Бәйтекеден(Самайдан) біздің ақсақалдарымыздың көрсетуі бойынша Жанбура, Толыбай, Жанкісі, Досай, Қапсыт, Шуай, Бақы, Сары, Тоғызбай туады... Жалпы Самайдың төрт әйелі болған. Жанбура, Толыбай, Жанкісі, Шуай үлкен әйелден, Қапсыт екінші әйелден, Бақы мен Сары үшінші тоқалдан, ал Тоғызбай жалғыз өзі кіші тоқалдың баласы."
Бәйтеке батырдың "Самай" деп атануы
Бәйтеке батырдың Самай деп атануы туралы бірнеше аңыздар бар:
Бәйтеке батырдың жас кезінің өзінде самай шашы ақ болыпты, содан жұрт оны “Самай” деп атап кетіпті. Кейіннен оның өз балалары да, ұрпақтары да Керей ішінде Самай атаныпты.
Тағы бір аңыз бойынша қазақ-қалмақ соғысы кезінде қазақтар қалмақтың бір батырын өлтіріпті. Ал оның мініп келген шұбар аты көп уақыт бойы осы Самай(Байтеке) батырдың жерінде ешкімге ұстатпай жүріпті. Содан Самай батырдың елін жұрт “Шұбар ат самай” елі деп атап кеткен. Сол ат осы күнге дейін сақталған. Қазірдің өзінде біреу қай рудансың деп сұраса, Самайлар: “Шұбар ат самаймыз” деп жауап береді.
Үкілі Ыбырайдың бір өлеңінде мынадай жолдар бар:
"Хан Абылай тұсында сары Баян
Адамын Орта жүздің малдай бақты.
Кешегі Еменалы-Бәйтекеден
Асқан адам жоқ-ты, ынтымақты..."
Таралған жері
Ұлы Октябрь революциясына дейін қазіргі Солтүстік Қазақстандағы Көлденең Есілдің теріскей бетін, бұрынғы Петропавл уезінің Анастасьевка, Аққусақ болыстарын, Петропавлды мекендеген. Ұраны - Ошыбай, таңбасы - Х (ашамай).
| ||||||||||||||||||||||||||||
- Шежіре
- Тарих
- Қазақ рулары
