| Ауыл | |
| Сарайшық | |
![]() | |
| Әкімшілігі | |
|---|---|
| Ел |
|
| Статусы | Ауылдық округ орталығы |
| Облысы | |
| Ауданы | |
| Ауылдық округі | Сарайшық |
| Тарихы мен географиясы | |
| Координаттары | 47°30′15″ с. е. 51°43′07″ ш. б. / 47.50417° с. е. 51.71861° ш. б. (G) (O) (Я)Координаттар: 47°30′15″ с. е. 51°43′07″ ш. б. / 47.50417° с. е. 51.71861° ш. б. (G) (O) (Я) |
| Құрылған уақыты | 1956 |
| Бұрынғы атаулары | Опытное поле (Опытное) |
| Уақыт белдеуі | UTC+5:00 |
| Тұрғындары | |
| Тұрғыны | ▲2260 адам (2021) |
| Этнохороним | сарайшықтық, сарайшықтықтар |
| Сандық идентификаторлары | |
| Автомобиль коды | 06 |
Сарайшық шекарасы | |
Сарайшық (1993 ж. дейін — Опытное) — Атырау облысы Махамбет ауданындағы ауыл, Сарайшық ауылдық округі орталығы. Ауыл жанында Сарайшық көне қаласының орны орналасқан.
Аудан орталығы – Махамбет ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 18 км-дей жерде.
Сарайшық селосында 1929 жылы Тәжірибе алқабы құрылды. Кейін шаруашылық кеңейіп, 1956 жылы Гурьев мемлекеттік ауылшаруашылығы тәжірибе станциясына айналды. Ол Сарайшық (бұрынғы Опытное) селосында орын тепті. Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, академик Аймақ Жайғалиұлы Жанғалиев басшылық еткен 1953 жылдан бастап ауылға жеміс бағы егілді (30 гектар жерге 10 800 түп жеміс ағашы отырғызылып, кейін 60 гектарға жетті). Алуан түрлі сорттар зерттеліп, бақта алманың 153, алмұрттың 15, шиенің 12, өріктің бес, алхорының сегіз, жүзімнің 16 сорты отырғызылып, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. 1962 жылдан 1969 жылға дейін станция директоры Гурьев облысына танымал агроном Нұрмұхан Ауданов болды. Шаруашылық партия комитетінің секретары болып Х.Аманов, селолық кеңестің төрағасы болып Б.Ержанов қызмет етті. Бұл жылдары тәжірибе станциясы Махамбет ауданындағы Заурал кеңшарымен біріктіріліп, №5 Сарайшық бөлімшесі атанды. Ірі шаруашылық құрылып, ғылыми жұмыстар мен шаруашылық қатар, ұштастырып жүргізілді. 1968 жылы Гурьев мемлекеттік ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы Заурал кеңшарынан бөлініп, қайтадан Сарайшыққа көшіп, ғылым саласындағы дербес мекемеге айналды.
1987-1990 жылдар аралығында биология ғылымының кандидаты Жанай Берқалиев директор қызметін атқарды. Бұл жылдары тәжірибе станциясының техникалық базасы нығайтылып, мал басы өсіп, егіс көлемі едәуір кеңейтілді. Тың жерлер игеріліп, көкөніс, мал азығы дақылдары мол дайындалды. Айта кетерлік жайт, осы директор ауылға көптеген жаңа үйлер салғызды. Әр көшеге асфальт төселіп, көшелерге жарық жүргізіліп, көптеген техникалар жаңартылды. 1990 жылы станция тәжірибе шаруашылығына айналды.
1995 жылдың аяқ шенінде Қазақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің қаулысымен және облыстық жекешелендіру комитетінің шешімімен тәжірибе шаруашылығы таратылып, Атырау қаласындағы ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына қосылды. Тәжірибе станциясының ғылыми бөлімдері мен ғылыми кітапханасы да сонда көшірілді.
2010 жылы институттың аты өзгеріп, ол Оңтүстік-Батыс мал және егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Атырау филиалы атанды. Жалпы өмір сүру, жұмыс істеу барысында станция ғылымнан басқа, кәдімгі кеңшарлар секілді шаруашылықпен де айналысты. «Егіз» жайлауында көптеген қой отарлары болса, ауыл басында сауын сиыр кешені, жемдеу цехы, сиыр қора (коровник), ат қоралары болды. «Қаратал», «Жайсаң», «Нұрабай», «Егіз», «Тіленші», «Қосымбай», «Байнияз», «Бескемпір», «Алтын», «Мойнақ» деген қыстақтарда қой, жылқы малдары бағылды. Сөйтіп, 66 жыл бойы республика мен облыстың ғылымын, шаруашылығын дамытуға ауқымды үлес қосқан станция нарықтық экономика талаптарына байланысты Сарайшықтағы жұмысын тоқтатты.
Сонымен қатар, Сарайшықтың өзінде тоқсаныншы жылдары Ержан Мұқашев жетекшілік еткен «Сарайшық» кооперативі құрылды. 2000 жылдың 30 қазанында коопертивті жауып, құжаттарын облыстық жекешелендіру жөніндегі комитетке табыс етті. Сөйтіп, 60-70-80 жылдары Сарайшық ауылын гүлдендірумен қатар, елдің ауыл шаруашылығы ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан станция тарихы қойнауына кетті.
1989 жылы елді мекенде 1757 адам тұрған.1999 жылы тұрғындар саны 1939 адам (970 ер адам және 969 әйел адам) болса, 2009 жылы 1900 адамды (910 ер адам және 990 әйел адам) құрады.
2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша 2260 адамды (1114 ер адам және 1146 әйел адам) құрады.
