Спорттық фильм (ағылш. Sports film) немесе спорттық кино — кез келген нақты спорт түрі фильм сюжетінде маңызды рөл атқаратын немесе оның орталық тақырыбына айналатын кино жанры. Бұл спорт немесе спортқа қатысты тақырыптар басты назарда болатын туынды болып табылады. Осыған қарамастан, спорт мұндай фильмдерде сирек жағдайда ғана негізгі мәселе ретінде алға шығады және көбіне астарлы, аллегориялық рөл атқарады. Сонымен қатар, спорт жанкүйерлері бұл фильмдердің негізгі мақсатты аудиториясы болмасада, олар мұндай туындыларды жоғары бағалап, үнемі қолдау танытуға бейім келеді.
Ерте кезеңдегі тарихы
Дереккөздер ең алғашқы спорттық фильм туралы түрлі пікірлер айтады. Сценарийсіз өткен матчтар бейнеленген қысқа таспалар 1894 жылдан бастап көпшілікке көрсетілсе, онжылдықтың соңына қарай спортты сипаттайтын сценарийлі қысқа метражды туындылар пайда болды. Ал алғашқы толықметражды спорттық фильмдер біршама уақыттан кейін ғана жарық көрді. Ең алғашқы спорттық фильмдердің көбісі бүгінгі күнге жетпей, жоғалып кеткен деп есептеледі.
Тарихта белгілі алғашқы спорттық таспа 1894 жылы жарық көрген Майкл Леонард пен Джек Кушинг арасындағы бокс матчын бейнелейтін қысқа ролик болды. Бұл туынды алғашқы кинотеатр ашылғаннан кейін небәрі төрт айдан соң көрерменге жол тартты. Дәл осы 1894 жылы бокс кездесулерін бейнелейтін тағы бірнеше қысқа таспалар жарыққа шықты.
Кейбір дереккөздер режиссер Уильям Хейс түсірген және Томас Эдисонның «Edison Manufacturing Company» компаниясы шығарған «The Ball Game» туындысын алғашқы спорттық фильм деп көрсетеді. Бұл қысқа метражды деректі фильм 1898 жылғы «Reading Coal Heavers» және «Newark Bears» командалары арасындағы бейсбол ойынының жазбасы болып табылады. Эдисон келесі жылы «Кейси битте» (Casey at the Bat) поэмасының негізінде де қысқа метражды фильм түсірді.
Алғашқы толықметражды туындылар
Алғашқы толықметражды спорттық фильмге қатысты да зерттеушілердің пікірі әртүрлі. 1913 жылғы «Липтон кубогы» (The Lipton Cup) — желкенді қайық спортына арналған толықметражды драма туындысы,1915 жылғы «Кішкентай күн батуы» (Little Sunset) бейсболды сипаттайтын алғашқы толықметражды фильмдері жарыққа шықты. Спорт туралы алғашқы толықметражды өмірбаяндық туынды — «Right Off the Bat» фильмі «Кішкентай күн батуынан» бірнеше ай өткен соң жарық көрді (кейбір дереккөздер бұл туындыны тарихтағы ең алғашқы толықметражды спорттық фильм деп есептейді). Режиссер Хью Ретикер түсірген бұл фильм бейсболшы Майк Донлиннің өмірін баяндайды, сонымен қатар Донлин фильмде өзін-өзі ойнап шыққан.
Алғашқы кезеңдегі танымалдылығына қарамастан, спорттық фильмдер кейінірек кассалық сәтсіздіктерге жиі ұшырайтын жанр ретінде танылды. Әсіресе 1930 жылдардағы танымалдылық толқынынан кейін, бұл бағыттағы туындылар ірі киноөндіріс компанияларының қаржылық қолдауына ие болу үшін көптеген қиындықтарға тап болды.
- Кино жанрлары
- Спорттық фильмдер