Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев (7 қаңтар 1951 жыл, Жамбыл ауданы, Алматы облысы — 4 тамыз 2025 жыл) — кеңестік және ресейлік ғарышкер, қазақстандық мемлекет қайраткері, Қазақстан Халық қаһарманы, Ресей Федерациясының батыры, техника ғылымдарының докторы (2008), авиация генерал-лейтенанты (2007), Қазақстанның екінші, Ресейдің 79, әлемнің 309-ғарышкері.
| Талғат Аманкелдіұлы Мұсабаев | |
Мұсабаев, 1998 жыл | |
| Мемлекеті |
|
|---|---|
| Мансабы | инженер, зерттеуші-ғарышкер |
| Әскери атағы |
|
| Экспедициялары | Союз ТМ-19 |
| Ғарышта болған уақыты | 341 күн, 9 сағат, 48 минут |
| Туған күні | 7 қаңтар 1951 |
| Туған жері | Қарғалы, Жамбыл ауданы, Алматы облысы, Қазақ КСР, КСРО |
| Қайтыс болған күні | 4 тамыз 2025 (74 жас) |
Саяси қызметінде Мұсабаев Қазақстан Ұлттық ғарыш агенттiгінің төрағасы (2007–2016) мен Сенатор (2017–2023) болып көрген.
Өмірбаяны
Мұсабаев 1951 жылғы 7 қаңтарда Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылында туған. Оны ата-анасы аңызға айналған ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтың құрметіне Талғат деп атады. Анасы Салиха Хамидқызы Миндубаева Ұдмұртияның Можга қаласында туып-өскен. 1943 жылы Ижевск медицина институтын бітіріп, Сталинград майданына жіберілді. Соғыс кезінде әскери дәрігер ретінде Берлинге дейін жетті. Майданда болашақ жары, журналист Амангелді Мұсабаевпен танысты. Соғыстан кейін отбасы Алматыда орнықты.
Ата-анасы ұлдарын әр жаз сайын Можгадағы әжесі мен атасына алып баратын. Балалық шағынан авиацияға қызыққан Талғаттың бұл әуестігі соғыс жылдары аэродромда қызмет еткен ағасының әңгімелерінен бастау алды. Бала кезінде алғаш аспанда ұшақты көрген сәттен бастап, барлық арманы тек көкпен байланысты болды.
Мектеп жылдарында Талғат жеңіл атлетика, жүзу, футбол, бокс секілді спорт түрлерімен айналысты, бірақ ерекше ден қойғаны спорттық гимнастика болды. Алматыдағы Орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығып, 10-сыныпта КСРО спорт шеберлігіне кандидат бағдарламасы бойынша өнер көрсетті. Сонымен қатар Алматыдағы жас техниктер станциясында әуемодельдер құрастырып, авиациялық модельдеу бойынша спорттың бірінші разрядын алды.
1968 жылы Мұсабаев Рига азаматтық авиация инженерлері институтына оқуға түсіп, қысқы демалыстарда Можгаға барып тұрды. 1977 жылы ол авиациялық инженер мамандығын алған соң, Алматыдағы ДОСААФ әуеклубында әуе спортымен айналысты. 1978 жылы ол алғашқы жеке әуе рейсін орындады. 1982 жылы ол қазақ жастары арасынан тұңғыш болып, КСРО-ның жоғары пилотаждан спорт шебері атанды, ал 1983–1984 жылдары командалық есепте КСРО чемпионы болды.
Білімі
- 1968 жыл — Алматы қаласындағы №58 орта мектепті бітірген.
- 1974 жыл — Ленин комсомолы атындағы Рига азаматтық авиация инженерлер институтын «радиоэлектрондық жабдықтар» мамандығы бойынша бітірген.
- 1984 жыл — ДОСААФ Алматы әуеклубы.
- 1989 жыл — СЭВ-ке мүше елдердің авиациясының ұшқыш, диспетчер және инженер-техникалық құрамын даярлау бойынша Ульянов орталығы.
- 1993 жыл — Ақтөбе жоғары ұшқыштар училищесі.
Қызметі
1968 жылы Алматы қаласындағы № 58 орта мектепті үздік аяқтады. 1974 жылы Рига азаматтық авиация инженерлері институтын «Радиоэлектрондық жабдықтар» мамандығы бойынша тәмамдады.
Диплом алғаннан кейін бір жыл Боралдай азаматтық авиация отрядында радио жабдықтар инженері болып жұмыс істеді. 1975 жылдың қаңтарында Алматыдағы Комсомол комитетінің босатылған хатшысы болып сайланды. Кейін Қазақ азаматтық авиация басқармасында нұсқаушы, аға нұсқаушы болып еңбек етті.
1986 жылы қазақстандық ғарышкерді ұшыру бағдарламасы аясында медициналық комиссиядан өте бастады, бірақ жоба жалғасын таппады. Сол жылы 30-оқу-жаттығу авиациялық отрядын аяқтап, азаматтық авиация пилоты куәлігін алды. 1987 жылдан Ан-2 ұшағының екінші пилоты, 1989 жылдан командирі болып қызмет етті.
1988 жылы қайтадан медициналық тексеруден өтіп, арнайы дайындыққа рұқсат алды. 1990 жылдың мамырында ғарышкерлер құрамына ұсынылды. Сол жылдың қазанында Ғарышкерлерді даярлау орталығына жіберіліп, жалпы ғарыштық дайындыққа кірісті. 1991 жылы наурызда «ғарышкер-сынақшы» кандидаты лауазымына бекітілді.
1991 жылы «Қазақ бағдарламасы» аясында ғарышқа ұшу үшін дайындалды, бірақ қаржы үнемдеу мақсатында ұшу тоқтатылып, экипаж таратылды. Қыркүйекте жалпы дайындықты аяқтап, «ғарышкер-сынақшы» біліктілігі берілді. 1993 жылы Ақтөбе жоғары ұшқыштар училищесін тәмамдады.
Ғарыш
Талғат Мұсабаев екі рет «Мир» орбиталық станциясында және бір рет Халықаралық ғарыш станциясында (ХҒС) болды.
1991 жылғы 1 қыркүйекте ХҒКК шешімімен ол ғарышкер-сынаушы қызметіне тағайындалды. Осыдан кейін үш ғарыш сапарын жасады. 1991–1993 жылдары «Мир» орбиталық кешені бағдарламасы бойынша ғарышкерлер тобында дайындықтан өтті. 1994 жылғы ақпан–маусым айларында «Мир» орбиталық кешенінің 16-экспедициясы бағдарламасы бойынша негізгі экипаждың бортинженері ретінде, сондай-ақ «Полёт» (Қазақстан) бағдарламасы бойынша ұшуға дайындалды.
Бірінші ұшуы
1994 жылғы 1 шілдеден 4 қарашаға дейін «Союз ТМ-19» кемесінің және «Мир» орбиталық кешенінің бортинженері ретінде ЭО-16 бағдарламасы бойынша алғашқы ғарыш сапарын жасады. Ұшу барысында екі рет ашық ғарышқа шықты. Ұшу ұзақтығы 125 тәулік 22 сағат 53 минут 36 секунд болды. Ресей Президентінің 1994 жылғы 24 қарашадағы Жарлығымен «Герой России» (Ресей Батыры) атағы берілді.
Міне, оның алғашқы ашық ғарышқа шығуы туралы естелігі:
«Мен ғарыштан Жердің сұлулығына таңғалдым — ол Жанның арбаушы көгілдір жарығын шашып тұрды. Қорқыныш сезімі орбиталық станцияның люгін ашқан сәтте таңданысқа ауысты: «О, менің Қазақстаным!» Таңғаларлығы, менің алғашқы ашық ғарышқа шығуым дәл «Мир» станциясы туған жерімнің үстінен ұшып өткен сәтке тұспа-тұс келді. Әрине, ғарышта бүкіл Жер — туған. Бірақ таныс таулардың, көлдердің бейнесін және шексіз қазақ даласын көргенде, мен оның белгі екенін түсіндім. Бұл — қазақ жерінің ұлына берілген батасы еді. Ашық ғарышқа шыққан алғашқы қазаққа берілген бата еді».
Талғат Мусабаев ғарышқа Қазақстан туын алғаш рет алып шықты және орбитаға Құранды жеткізген ең алғашқы және әзірге жалғыз ғарышкер болды. Өзінің айтуынша, қасиетті кітапты ғарышқа одан бұрын да, кейін де ешкім апармаған.
Екінші ұшуы
Екінші ғарыш сапарында Талғат Мұсабаев «Союз ТМ-27» кемесінің және «Мир» орбиталық кешенінің командирі қызметін атқарды. Ұшу 1998 жылғы 29 қаңтарда басталып, 25 тамызда аяқталды. Бұл сапар кезінде бортинженер Николай Бударин және ғарышкер-зерттеуші Юрий Батуринмен бірге «Бейбітшілік Жалауы» халықаралық қоғамдық ғылыми-ағартушылық ғарыш жобасына қатысты. Бес рет ашық ғарышқа шықты.
«Спейс шаттл» бағдарламасы бойынша MTKK «Дискавери» кемесінің ғарыш сапары (бағдарламаның 91-ұшуы) 1998 жылғы 2 маусымда Флорида штатындағы Кеннеди ғарыш орталығынан басталды. STS-91 — «Мир — Шаттл» бағдарламасы бойынша «Мир» орбиталық кешеніне соңғы сапар болды. 1998 жылғы 12 маусымда STS-91 экипажы мен «Мир-ЭО-25» ғарышкерлері «Мир» станциясының орталық модулінде шаттлдың соңғы «Мир» миссиясы кезінде естелік суретке түсті. Экипаждар Жерден әкелінген «Бейбітшілік Жалауларымен» алмасты.
Үшінші ұшуы
Талғат Мұсабаевтың үшінші ғарыш сапары ең қысқа болып, шамамен 8 күнге созылды: 2001 жылғы 28 сәуірде басталып, 6 мамырда аяқталды. Бұл жолы ол «Союз ТМ-32» кемесінің командирі болды. Сол сапарда Талғат Мұсабаев және оның экипажы ғарыш туризмінің дәуірін ашты. Экипаж құрамында алғашқы ғарыш туристі — америкалық миллионер Деннис Тито болды.
Мемлекеттік қызметте
- 2000 жылы ол техника ғылымдарының кандидаттық диссертациясын қорғаған.
- 2001 жылдан 2005 жылға дейін Мұсабаев Ресей ғарыш мекемесінде болды.
- 2003 жылғы 27 қарашада РҒҒЗИ ОӘО бастығының бұйрығымен жаңа қызмет орнына ауысуына байланысты 26266 әскери бөлімінің жеке құрамынан шығарылды.
- 2003 жылғы тамызда Армиялық (тікұшақ) авиация басқармасының жауынгерлік даярлық жөніндегі бастығы болып тағайындалды.
- 2003 жылғы қарашада Жуковский атындағы ӘӘК академиясы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды.
- 2005 жылғы 30 мамырда «Ангара» зымыран-тасығышы негізіндегі ғарыштық зымыран кешені жобасына арналған «Бәйтерек» қазақстандық-ресейлік бірлескен кәсіпорны» АҚ-ның бас директоры болып тағайындалды.
- 2007 жылы Қазақстан Республикасының азаматтығын алды. 2007 жылғы 13 ақпанда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
- 2007 жылғы 27 наурызда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы болып тағайындалды.
- 2007 жылғы 27 маусымда «Нұр Отан» партиясының мүшелігіне өтті.
- 2014 жылғы тамызда Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.
- Ресей мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия жанындағы Байқоңыр кешені бойынша Ішкі комиссияның тең төрағасы.
- 2016 жылғы 20 қаңтарда 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі өкілеттік мерзімімен Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды.
- 2017 жылғы 13 шілдеде Мемлекет басшысының Жарлығымен Сенатының депутаты болып тағайындалды.
- 2018 жылғы 7 қаңтарда ғарышкерлерді даярлау орталығы Талғат Мұсабаевтың туған күніне орай ол туралы деректі фильм жариялады.
- 2025 жылғы 3 тамызда 74 жасында қайтыс болды. 2025 жылғы 6 тамызда Алматы қаласында Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсімі өтті. Қоштасу Офицерлер үйінде туыстарының, әріптестерінің, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің қатысуымен өтті. Рәсімде Қазақстанның бірінші және үшінші ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов, ресейлік ғарышкер Сергей Крикалёв, қорғаныс министрі Даурен Қосанов және басқа да ресми тұлғалар болды. Ол Кеңсай зиратында жерленді.
Ғылымдағы жолы
Техникалық ғылымдар кандидаты, екі рет қорғаған:
- «Ғарыштық пилотталатын кешеннің бортында ғылыми-қолданбалы эксперименттер мен зерттеулер бағдарламасын орындау кезінде «Экипаж — пилотталатын ғарыш аппараты» жүйесінің жұмыс сапасын арттыру бағыттары» тақырыбында (Ю.А. Гагарин атындағы ғарышкерлерді даярлау орталығы, Жұлдызды қала, Ресей Федерациясы, 2000);
- «Ұшырылым кезінде ғарыштық мақсаттағы зымырандардың ақаусыздық деңгейін арттырудың кешенді әдістемесін әзірлеу» тақырыбында (Мәскеу авиациялық институты, Ресей Федерациясы, 05.04.2007);
- Қазақстанның көптеген жоғары оқу орындарының құрметті профессоры;
Техникалық ғылымдар докторы, диссертация тақырыбы: «Разработка комплексной методики повышения уровня безотказности ракет космического назначения в полете» (22.06.2008). Диплом 26.11.2008 күні табыс етілген;
- Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі (17.06.2009);
- Халықаралық астронавтика академиясының, Халықаралық ақпараттандыру академиясының, Ресей Қорғаныс, қауіпсіздік және құқық тәртібі академиясының, К.Э. Циолковский атындағы Ресей ғарыш академиясының (2010) академигі.
Марапаттары мен атақтары
- Австрия Республикасының «Ерен еңбегі үшін» құрмет белгісінің I дәрежелі Рыцарьлық кресті (Австрия, 1991)
- Халықтар достығы ордені (1991 жылғы 10 қазан) — «„Мир“ орбиталық ғылыми-зерттеу кешенінде ғарыштық ұшуға дайындыққа белсенді қатысқаны, Кеңес Одағы мен Австрия Республикасы халықтары арасындағы өзара түсіністік, достық пен сенімді нығайтуға қосқан зор үлесі үшін»
- Ресей Федерациясының Батыры (1994 жылғы 24 қараша) — «„Мир“ орбиталық ғылыми-зерттеу кешенінде ұзақ мерзімді халықаралық ғарыштық ұшуды сәтті жүзеге асыруға белсенді қатысқаны, көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін»
- Ресей Федерациясының ұшқыш-ғарышкері (1994 жылғы 24 қараша) — «„Мир“ орбиталық ғылыми-зерттеу кешенінде ұзақ мерзімді халықаралық ғарыштық ұшуды сәтті жүзеге асыруға белсенді қатысқаны, көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін»
- Қазақстанның Халық Қаһарманы (1995 жылғы 12 қаңтар)
- Қазақстанның ұшқыш-ғарышкері (1995 жылғы 12 қаңтар)
- «Отан алдындағы қызметі үшін» III дәрежелі орден (1998 жылғы 25 желтоқсан) — «„Мир“ орбиталық ғылыми-зерттеу кешенінде ғарыштық ұшу кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін»
- «Отан» ордені (1998 жылғы 11 қараша) — «ғарыш кеңістігін игерудегі зор еңбегі, „Мир“ орбиталық кешенінде халықаралық және қазақстандық ұшу бағдарламаларын сәтті орындағаны, көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін»
- «Ғарыштық ұшқаны үшін» медалі "NASA Space Flight Medal" (NASA, 1998)
- «Астана» медалі (1999)
- «Отан алдындағы қызметі үшін» II дәрежелі орден (2001 жылғы 28 қыркүйек) — «халықаралық ғарыштық ұшуды орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін»
- «Барыс» ордені I дәрежесі (2001 жылғы 10 желтоқсан) — «мемлекет алдындағы еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан айрықша үлесі, сондай-ақ республиканың тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай»
- Құрметті легион орденінің офицері (Франция, 2010 жылғы қазан) — «ғарышты игерудегі еңбегі және 1998 жылғы екінші, 208 тәуліктік ғарыштық ұшуы кезінде Францияның кең ауқымды ғарыш бағдарламасын орындағаны, сондай-ақ „Қазкосмос“ басшысы ретінде Франциямен тиімді стратегиялық әріптестігі үшін»
- «Назарбаев» ордені (2011)
- «Ғарышты игерудегі еңбегі үшін» медалі (2011 жылғы 12 сәуір) — «адам қатысатын ғарыш саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесі үшін»
- «Алексей Леонов» медалі (Кемеров облысы, 2015) — «ашық ғарышқа сегіз рет шығуы үшін»
- Әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2015)
- «Парламенттік ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» медалі (ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, 2019 жылғы 18 сәуір) — «парламентаризмді дамытуға, демократияны нығайтуға, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттерде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қосқан ерекше үлесі үшін»
- «Бейбітшілік пен келісім» ордені (Қазақстан православ шіркеуі, 2024)
Спорттағы жетістіктері
- КСРО-ның жоғары пилотаж бойынша спорт шебері;
- КСРО-ның спорттық гимнастика бойынша спорт шебері;
- Жоғары пилотаж бойынша командалық есепте КСРО чемпионы (1983, 1984).
Әскери қызметі, әскери және арнаулы атақтары, сыныптық шендері
| Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Talgat Musabayev |
- КСРО Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен мерзімді әскери қызметке шақырылды (06.03.1991);
- Армиялық (тікұшақ) авиация басқармасының жауынгерлік дайындық бастығы (08.2003);
- Жуковский атындағы ӘӘК академиясы бастығының орынбасары (11.2003);
- Запастағы лейтенант (06.03.1974);
- Запастағы аға лейтенант (29.06.1978);
- Майор (06.03.1991), кезектен тыс, ерекше тәртіппен;
- Подполковник (11.08.1993), мерзімінен бұрын;
- Полковник (17.12.1995), мерзімінен бұрын;
- Ресей Федерациясы әскери әуе күштерінің генерал-майоры (09.08.2003);
- Қазақстан Республикасы авиациясының генерал-лейтенанты (07.05.2007).
Талғат Мұсабаевқа арналған Қазақстан поштасының маркалары
- Талғат Мұсабаев
- Юрий Маленченко,
Талғат Мұсабаев,
Ульф Мербольд - Деннис Тито,
Талғат Мұсабаев,
Юрий Батурин - Талғат Мұсабаев
Отбасы
- Әкесі — Мусабаев Амангелді Орынтайұлы (1916—1983), журналист.
- Анасы — Мусабаева (Миндубаева) Салиха Хамидқызы (1919—1994), терапевт-дәрігер. Ата-анасы соғыс майданында танысқан, онда Салиха Хамидқызы әскери дәрігер болып қызмет еткен.
- Ағайындары — Болатбек, 1939 ж.т., мүсінші; Марат, 1941 ж.т., физика-математика ғылымдарының кандидаты; Мұрат, 1945 ж.т., слесарь.
- Жұбайы — Мусабаева (Лацис) Виктория Вольдемаровна, 1952 ж.т., тіс дәрігері.
- Ұлдары — Данияр, 1975 ж.т., Қазақстан Республикасы ІІМ әскери қызметшісі; Жансұлтан, 15.09.2011 ж.т.
- Қыздары — Камиля, 1981 ж.т., Ресей мемлекеттік университетін «психология» мамандығы бойынша бітірген; Дания, 14.03.2008 ж.т. Хоббиі — фортепиано, гитара ойнау, ән айту.
