Қолдау
Тегін жүктеу және ақпараттық платформа

Казус белли (лат. casus belli — «соғысқа себеп болатын жағдай», «әскери оқиға») — рим құқығы дәуірінен шыққан заң ұғымы: соғыс жариялауға формалды себеп. Алғашқ

Casus belli

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Казус белли (лат. casus belli — «соғысқа себеп болатын жағдай», «әскери оқиға») — рим құқығы дәуірінен шыққан заң ұғымы: соғыс жариялауға формалды себеп. Алғашқы мағынасында casus belli ежелгі Римнің арнайы құқық жүйесіне жататын заң санаты болды. Оны сенат шешімдерін жүзеге асыру кезінде абыздар алқасының мүшелері қолданған, бұл шешімдер көршілес халықтарға қойылған талаптарды қамтыған. Сенаттың ультиматум түрінде қойылған талаптарына белгіленген мерзімде жауап берілмесе, немесе жауап теріс не қанағаттандырмайтын болса, бұл әскери әрекеттерді бастауға себеп ретінде қарастырылған.

XX ғасырда соғысты ұлттық саясаттың құралы ретінде қолдану құқығы жойылғаннан кейін, casus belli ұғымы кейбір мемлекеттер үшін ескірген деп есептеледі. Сонымен бірге БҰҰ Жарғысы қарулы шабуыл жасалған жағдайда мемлекеттердің жеке немесе ұжымдық өзін-өзі қорғау мақсатында әскери әрекеттер жүргізуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, бейбітшілікке төнген қатерді, бейбітшіліктің бұзылуын немесе агрессия актісін жою үшін халықаралық қарулы күштерді қолдану мүмкіндігі қарастырылған, егер бұл мәселелерді басқа құралдармен шешу мүмкін болмаса.

Терминология

Casus belli термині Еуропада XVII–XVIII ғасырларда кең тарады. Бұл ең алдымен Гуго Гроций (1653), Корнелиус ван Бейнкерсхук (1707) және Жан-Жак Бурламаки (1732) сияқты ойшылдардың еңбектері арқылы, сондай-ақ jus ad bellum («әділетті соғыс теориясы») саяси доктринасының дамуына байланысты болды. Термин бейресми түрде де қолданылып, мемлекет қақтығысқа кіру үшін алға тартатын кез келген «әділетті себепті» білдіруі мүмкін. Ол сондай-ақ бұл ұғым кең таралғанға дейін соғысқа негіз болған жағдайларды сипаттау үшін, әрі ресми соғыс жарияланбаған кезде де әскери әрекеттердің негіздемесін түсіндіру үшін қолданылады (мысалы, Тонкин шығанағы қарары қабылданар алдындағы жағдайды сипаттағанда).

Casus belli-ді ресми түрде жариялаған кезде үкімет әдетте соғысқа барудың себептерін, соғысты жүргізудің жоспарланған тәсілдерін және басқа тараптардың соғыстың алдын алу үшін қандай қадамдар жасай алатынын түсіндіреді. Осы арқылы мемлекет соғысқа тек ең соңғы шара ретінде (ultima ratio) жүгінетінін және оған «әділетті себеп» бар екенін көрсетуге тырысады. Қазіргі халықаралық құқық соғыс жүргізудің кемінде үш заңды негізін мойындайды: өзін-өзі қорғау, шарт талаптарына сәйкес одақтасты қорғау және Біріккен Ұлттар Ұйымының мақұлдауы.

Пайдалану себептері

Мемлекеттер басқа бір елге шабуыл жасауды ақтау үшін қоғам алдында белгілі бір негіздеме қажет деп есептеуі мүмкін. Бұл соғысқа ішкі қолдауды күшейту үшін де, сондай-ақ ықтимал одақтастардың қолдауын алу үшін де маңызды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қабылданған БҰҰ Жарғысы қол қойған мемлекеттерге соғыс жүргізуге тыйым салады, тек мына жағдайлардан басқа:

  • Агрессияға қарсы өзін қорғау немесе шарттық міндеттемелерге сәйкес одақтасты қорғау мақсатында.
  • БҰҰ ұйымы операцияға алдын ала рұқсат берген жағдайда.

Сонымен қатар БҰҰ агрессиялық соғыс бастаған, бірақ ұйымға мүше емес мемлекеттерге қарсы әрекет ету үшін мүше елдерден араласуды талап ету құқығын да өзінде қалдырады.

Тарихи мысалдар

Бұл бөлімде қазіргі заманда болған casus belli-дің ең белгілі және/немесе даулы бірнеше жағдайлары сипатталады.

Екінші апиын соғысы

Толық мақаласы: Екінші апиын соғысы
Париждің Шетелдік миссиялар қоғамының миссионері Огюст Шапделеннің өлім жазасына кесілуі Францияның Екінші апиын соғысына қатысуының ресми себебі болды

Еуропалықтар Бірінші апиын соғысынан кейін жасалған Нанкин келісімшартына сәйкес Қытай порттарына қол жеткізе алды. Франция Екінші апиын соғысына себеп ретінде Огюст Шапделеннің өлімін (casus belli) пайдаланды. 1856 жылғы 29 ақпанда француз миссионері Шапделен шетелдіктерге кіруге рұсат етілмеген Гуанси провинциясында өлтірілді. Бұған жауап ретінде британдық және француз әскерлері тез арада Гуанчжоу (Кантон) қаласын бақылауға алды.

Америкадағы азамат соғысы

Толық мақаласы: Америкадағы азамат соғысы
«Форт Самтерге шабуыл» - Конфедераттар Форт Самтерді атқылауда (гравюра, шамамен 1861–1865 жж.). Миссури тарих мұражайы

Солтүстік және Оңтүстік штаттар арасындағы ұзаққа созылған қайшылықтар (негізінен құлдық мәселесіне байланысты моральдық даулар мен әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтар) Америкадағы азамат соғысының негізгі себептері болды. Алайда Конфедерация әскерінің Форт Самтерге шабуылы (1861 ж. 12–14 сәуір) Одақ үшін соғыстың casus belli-і, яғни ресми басталуына себеп болған оқиғаға айналды.

Тарихшы Дэвид Герберт Дональд (1996) президент Авраам Линкольннің «инаугурациядан Форт Самтерге оқ атылғанға дейінгі айларда қақтығысты болдырмауға қайта-қайта тырысқанын» атап көрсетеді. Бұл оның «бауырластық қанын бірінші болып төкпеу» туралы уәдесін ұстанғанын білдіреді. Сонымен қатар ол бекіністерді беріп жібермеуге де ант берген еді. Осы қарама-қайшы ұстанымдардың жалғыз шешімі Конфедерацияның бірінші болып оқ атуы болатын — және дәл солай болды.

Конфедерация ардагері Уильям Уотсон 1887 жылы сол уақытқа дейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Уильям Г. Сьюард «бөлініп шыққан штаттарға қарсы соғыс жариялау үшін әділ себеп таба алмағанын», ал Самтер оқиғасы оған «іздеген casus belli-ін бергенін» жазған. Уотсон Джефферсон Дэвис пен басқа Конфедерация жетекшілерінің Самтердегі жеңісті мақтан тұтып тойлағанын сынға алады. Оның пікірінше, олар бірінші болып шабуыл жасау Конфедерацияға халықаралық деңгейде агрессор ретінде жағымсыз бедел әкелгенін және Сьюардқа «Солтүстіктің толық қолдауына» ие болуға мүмкіндік бергенін ұмытып кетті.

Испан-Америка соғысы

Толық мақаласы: Испан-Америка соғысы
1898 ж. шамасында салынған Испанияға ескерту жасап тұрған соғысқұмар Сэм ағайды бейнелейтін карикатура

«Мэн» — 1898 жылғы 15 ақпанда Испаниялық Кубадағы Гавана айлағында батып кеткен АҚШ Әскери-теңіз күштерінің кемесі. «Мэн» кемесінің жойылуы Испанияға қарсы соғыстың бірден жариялануына әкелмегенімен, бейбіт шешім мүмкіндігін іс жүзінде жоққа шығарған саяси ахуал қалыптастырды.

Испандық тергеу жарылыс көмір қоймаларындағы өздігінен тұтанудан болды деген қорытындыға келді, ал АҚШ-тың Сэмпсон комиссиясының тергеу соты жарылыс сырттан жасалған, яғни торпедадан болған деп шешті. Мак-Кинли әкімшілігі бұл жарылысты ресми түрде casus belli ретінде көрсетпегенімен, кейбіреулер Кубадағы қатыгездік әрекеттер мен Испанияның бақылауды жоғалтуы туралы пікірлерге байланысты Испаниямен соғысуды бұрыннан жақтаған еді.

Соғыс жақтастары «Мэнді еске алыңдар! Испанияға қарғыс болсын!» деген ұранды кеңінен қолданды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс

1914 жылғы 12 шілдеде шыққан италиялық La Domenica del Corriere газетінде жарияланған қастандық көрінісі. Суретші Акилле Белтраме салған
1917 жылғы Циммерман жеделхаты туралы саяси карикатура
Толық мақаласы: Бірінші дүниежүзілік соғыс

1914 жылдың шілдесінде Аустрия-Мажарстанның Сербияға қарсы casus belli-і Сараевода Австрия эрцгерцогі Франц Фердинандты өлтірген қастандықшыларды қаруландыруға, дайындауға және қаржыландыруға сербиялық мемлекеттік қызметкерлердің қатысы бар-жоғын тергеуден Сербияның бас тартуына негізделді. Соғыс Франц Фердинандтың өлімінен бір ай өткен соң Сербия үкіметі Аустрияның ресми талап-нотасынан бас тартқаннан кейін, Аустрия-Мажарстан соғыс жариялауымен басталды. Франц Фердинандтың қастандықпен өлтірілуі Бірінші дүниежүзілік соғыстың ең тікелей себебі ретінде қарастырылады.

1917 жылы Германия империясы Мексикаға Циммерман жеделхатын жіберді. Онда Мексиканы соғысқа қосылып, АҚШ-қа қарсы соғысуға көндіруге тырысты; оның орнына Мексикаға бұрын өзіне тиесілі болған Техас, Нью-Мексико және Аризона аумақтарын қайтару уәде етілді. Бұл жеделхатты британ барлау қызметі тарапынан ұсталып, Әскери-теңіз басқармасының криптографиялық қызметі («40-бөлме») арқылы дешифрланды. Жеделхат белгілі бір дипломатиялық сақтық шаралары қабылданғаннан кейін жеделхат АҚШ-қа беріліп, 1 наурыз күні баспасөзде жарияланды. Нәтижесінде президент Вудро Вильсон осы жеделхатты Конгресті АҚШ-ты Бірінші дүниежүзілік соғысқа Антанта жағында қатысуға көндіру үшін пайдаланды. Циммерман жеделхатының мазмұны Америкада антигермандық көңіл-күйдің күрт өсуіне әкелді. 1917 жылғы 6 сәуірде АҚШ Конгресі Германияға ресми түрде соғыс жариялады.

Сол кездегі Мексика президенті Венустиано Карранса бұл ұсыныстың жүзеге асу мүмкіндігін әскери комиссияға тексертіп, комиссия бірқатар себептерге байланысты мұның мүмкін еместігі туралы қорытындыға келді.

Екінші дүниежүзілік соғыс

Толық мақаласы: Екінші дүниежүзілік соғыс
Жапондықтардың Перл-Харборға жасаған шабуылдың салдары

Маньчжоу-го аумағында Жапония империясы 1937 жылы Марко Поло көпірі оқиғасын ұйымдастырып, оны Екінші қытай-жапон соғысын бастау үшін casus belli ретінде пайдаланды. Бұл соғыс көбіне Екінші дүниежүзілік соғыстың Тынық мұхиты майданының басталуы ретінде қарастырылады.

Адольф Гитлер өзінің «Mein Kampf» атты өмірбаяндық еңбегінде 1920-жылдары неміс халқы үшін Lebensraum («тіршілік кеңістігі») саясатын жақтаған, бұл іс жүзінде Германияның Шығыс Еуропаға қарай аумақтық кеңеюін білдіретін.

1939 жылдың тамызында осы саясаттың алғашқы кезеңін жүзеге асыру үшін Гитлер басқаратын нацистік Германия үкіметі Глайвиц оқиғасын ұйымдастырды. 31 тамызда нацистік күштер концлагерь тұтқындарын поляктардың кейпіне енгізіп, Германияның Жоғарғы Силезия аймағындағы Глайвиц қаласында (қазіргі Польшадағы Гливице) орналасқан Sender Gleiwitz радиостанциясына шабуыл жасады. Бұл оқиға Екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында орын алды. Осы оқиға келесі айда Польшаға басып кіру үшін casus belli ретінде пайдаланылды.

1941 жылғы 7 желтоқсанда Жапония империясы Гавайидегі Оаху аралында орналасқан Перл-Харбор әскери-теңіз базасындағы АҚШ-тың Тынық мұхиты флотына күтпеген әскери шабуыл жасады. Сол кезде АҚШ Екінші дүниежүзілік соғыста бейтарап ел болатын. Әуе шабуылы әуе кеметасушылардан ұшқан ұшақтар арқылы жүзеге асырылды. Перл-Харборға жасалған бұл шабуылдың нәтижесінде АҚШ келесі күні Жапонияға соғыс жариялады.

Вьетнам соғысы

Толық мақаласы: Вьетнам соғысы
1964 жылғы 4 тамызда болған оқиғаның АҚШ сипаттамасы

Көптеген тарихшылар Тонкин шығанағындағы екінші оқиға Вьетнам соғысына қолдан жасалған сылтау болды деген болжам жасайды. Солтүстік Вьетнамның Әскери-теңіз күштерінің өкілдері екінші оқиға кезінде Солтүстік Вьетнам әскери күштері тарапынан USS Maddox кемесіне ешқашан оқ атылмағанын ашық мәлімдеді. «Соғыс тұманы» (The Fog of War) деректі фильмінде сол кездегі АҚШ Қорғаныс министрі Роберт Макнамара екінші оқиға кезінде шабуылдың болмағанын мойындайды, дегенмен ол өзі мен президент Джонсонның сол уақытта бұған сенгенін айтады. Тонкин шығанағындағы бірінші оқиғаны (2 тамыз) Тонкин шығанағындағы екінші оқиғамен (4 тамыз) шатастырмау керек.

1 тамызға қарай Солтүстік Вьетнамның патрульдік катерлері Солтүстік Вьетнам суларына жақын маңда сигналдық барлаумен айналысып жүрген АҚШ Әскери-теңіз күштерінің эсминеці Maddox-ты бақылай бастады, ал ұсталған бірнеше хабарлама олардың шабуылға дайындалып жатқанын көрсетті. Maddox шегінгенімен, келесі күні ең жоғары жылдамдығы 28 түйін құрайтын бұл кеме өзінің күнделікті патрульдеуін қайта бастады. Содан кейін оның соңынан ең жоғары жылдамдығы 50 түйін болатын Солтүстік Вьетнамның үш P-4 торпедалық катері ілесті. Торпедалық катерлер жақындаған кезде, Maddox үш ескерту оғын атты. Содан кейін Солтүстік Вьетнам катерлері шабуылға көшті, ал Maddox үш катердің шабуылына ұшырағаны туралы радиоарна арқылы хабарлады.

Вьетнам соғысының басталуына себеп болған жағдай (casus belli) — екінші оқиға. 4 тамызда бірінші оқиғадан кейін «өз күшін көрсету» мақсатында USS Maddox пен Turner Joy әскери кемелері Солтүстік Вьетнам жағалауына бағытталды. Ауа райы бұзылып, теңіз толқындаған кеште эсминецтер Солтүстік Вьетнам әскери-теңіз флотының кезекті шабуылы ретінде қабылданған радарлық, сонарлық және радиосигналдар алды. Шамамен екі сағат бойы (жергілікті уақытпен сағат 21:40-тан 23:35-ке дейін) кемелер радарлық нысаналарға оқ жаудырып, жау туралы электронды және визуалды мәлімдемелер арасында белсенді маневрлер жасады. Әскери-теңіз күштері шабуылдаған екі торпедалық катердің суға батырылғанын алға тартқанына қарамастан, оқиға орнында ешқандай сынықтар, қаза тапқан Солтүстік Вьетнам матростарының денелері немесе болжамды қақтығыстың басқа да физикалық дәлелдері табылмады. АҚШ билігі Вьетнамның екі катері USS Maddox-қа шабуыл жасамақ болғанын және олардың суға батырылғанын мәлімдеді. Солтүстік Вьетнам үкіметі екінші оқиғаны толығымен жоққа шығарды. 4 тамызда түн ортасына таман Джонсон ұлттық телеарнада сөзін бөліп, хабарлама жасады. Ол өз мәлімдемесінде Ханойды/Хо Ши Минді агрессор ретінде көрсетіп, Солтүстік Вьетнам кемелерінің АҚШ Әскери-теңіз күштерінің екі әскери кемесіне — Maddox пен Turner Joy-ға — жасаған шабуылын сипаттап, әскери жауап қайтаруға өкілеттік сұрады.

Кейінгі тергеу амалдары 4 тамыздағы шабуылдың мүлдем болмағанын анықтады; ол жерде Солтүстік Вьетнамның ешқандай кемелері болмаған. Оқиғадан кейін көп ұзамай АҚШ Қорғаныс министрлігінің агенттігі — Ұлттық қауіпсіздік агенттігі (NSA) — шабуыл жасалды деген әсер қалдыру үшін барлау мәліметтерін әдейі бұрмалаған.

Араб-Израиль соғысы

Толық мақаласы: Алты күндік соғыс
Синайдағы БҰҰ-ның төтенше күштерінің (UNEF) орналасуы (Газа секторындағы орналасу орындары бұл картада көрсетілмеген)
Синайды басып алу картасы. 1967 жылдың 5–6 маусым күндері

1956 жылғы Суэц дағдарысынан кейін, Мысыр барлық тараптардың 1949 жылғы бітімгершілік келісімдерін сақтауын қамтамасыз ету үшін Синай түбегінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Төтенше Күштерін (UNEF) орналастыруға келісті. Кейінгі жылдары Израиль мен оның араб көршілері, әсіресе Сирия арасында көптеген ұсақ шекаралық қақтығыстар орын алды. 1966 жылдың қараша айының басында Сирия президенті Нұреддин әл-Атасси Мысырмен өзара қорғаныс туралы келісімге қол қойды. Осыдан көп ұзамай, Палестинаны азат ету ұйымының (ПАЗҰ) партизандық әрекеттеріне, соның ішінде үш адамның өмірін қиған мина шабуылына жауап ретінде,Израиль қорғаныс әскері (IDF) Иорданның Батыс жағалауындағы ас-Саму ауылына шабуыл жасады. Израильдіктермен шайқасқа түскен Иордания бөлімшелері тез арада кері шегіндірілді.Иордания королі Хусейн Мысыр президенті Гамаль Абдель Насерді Иорданияға көмекке келмегені және «БҰҰ күштерінің етегіне тығылып отырғаны» үшін сынға алды.

1967 жылғы мамырда Насер Кеңес Одағынан Израильдің Сирия шекарасына әскер жинап жатқаны туралы жалған мәліметтер алды. Насер Израиль шекарасындағы Синай түбегінде өз әскерлерін екі қорғаныс шебіне жинай бастады (16 мамыр), БҰҰ-ның төтенше күштерін (UNEF) Газа мен Синайдан шығарды (19 мамыр) және Тиран бұғазына қарап тұрған Шарм-әл-Шейхтегі БҰҰ позицияларын иеленді. Израиль 1957 жылы жасаған мәлімдемелерін қайталап, бұғаздың кез келген жабылуы соғыс қимылы немесе соғысқа сылтау ретінде қарастырылатынын ескертті. Бірақ 22–23 мамырда Насер бұғазды Израиль кемелері үшін жабуға бұйрық берді.

30 мамырда Иордания мен Мысыр қорғаныс пактісіне қол қойды. 31 мамырда бұған дейін Хусейннің Иорданияға әскер жіберу туралы ұсынысынан бас тартқан Ирак президенті Абдул Рахман Ариф Израильге қарсы тұру үшін Иорданияға әскер мен бронетанктік бөлімшелерді орналастыруға келісті. Кейінірек олар мысырлық контингентпен күшейтілді. 1 маусымда Израиль өз кабинетін кеңейту арқылы Ұлттық бірлік үкіметін құрды, ал 4 маусымда соғысқа шығу туралы шешім қабылданды. Келесі күні таңертең Израиль соғысты бастаған «Мокед» (ивритше מבצע מוקד‎ — «фокус») операциясын — күтпеген әуе шабуылын жасап, алты күндік соғыс басталды.

Қытай-Вьетнам соғысы

Толық мақаласы: Қытай-Вьетнам соғысы
Қытай шабуыл жасаған Вьетнам қалаларының картасы
КСРО-дан Вьетнамға Қытайды айналып өтетін, өзара көмек туралы шарт бойынша Вьетнам халық әскеріне арналған әскери жүктерді жеткізу үшін пайдаланылған кеңестік әскери-көлік авиациясының әуе бағыттары

1979 жылғы ақпанда Қытай әскерлері Солтүстік Вьетнамға күтпеген жерден басып кіріп, шекара маңындағы бірнеше қаланы тез арада басып алды. Сол жылдың 6 наурызында Қытай өзінің «жазалау миссиясы» орындалғанын жариялады. Осыдан кейін Қытай әскерлері Вьетнамнан шығарылды. Вьетнам Камбоджаны 1989 жылға дейін басып алуын жалғастырды, бұл Қытайдың Вьетнамды Камбоджа ісіне араласудан бас тартқызу туралы алға қойған мақсаттарының біріне қол жеткізе алмағанын аңғартады. Дегенмен, Қытайдың бұл операциясы Вьетнамды Ханойдың қорғанысын күшейту үшін Камбоджаға басып кірген күштердің құрамынан 2-ші корпусты кері қайтаруға мәжбүр етті. Бұған қоса, бұл оқиға Қытайдың қырғи қабақ соғыстағы коммунистік қарсыласы — Кеңес Одағының өзінің вьетнамдық одақтасын қорғай алмағанын көрсетті.

Вьетнам коммунистері мен Қызыл кхмерлер бұған дейін өзара ынтымақтастықта болғанымен, 1975 жылғы 17 сәуірде Қызыл кхмерлер басшысы Пол Пот билікке келіп, «Демократиялық Кампучияны» құрғаннан кейін қарым-қатынас нашарлап кетті. Екінші жағынан, Қытай Халық Республикасы Камбоджадағы азаматтық соғыс кезінде және кейіннен елді басып алу барысында Лон Нол режиміне қарсы маоистік Қызыл кхмерлерді қолдады. Қытай Қызыл кхмерлер билігі кезінде оларға ауқымды саяси, логистикалық және әскери қолдау көрсетті. Вьетнам мен Камбоджа арасындағы шекарада болған көптеген қақтығыстардан кейін және Шығыс аймақтағы тазартулардан қашқан Қызыл кхмерлердің дезертирлерінің итермелеуімен Вьетнам 1978 жылғы 25 желтоқсанда Камбоджаға басып кірді. 1979 жылғы 7 қаңтарға қарай вьетнамдық күштер Пномпеньге кіріп, Қызыл кхмерлер басшылығы Камбоджаның батысына қарай қашты. Бұл шабуыл қытайлықтарды аяқ асты қалдырды, Пномпеньдегі Қытай елшілігі Қызыл кхмерлермен бірге джунглиге қашып, сонда 15 күн бойы бой тасалауға мәжбүр болды. Дегенмен, Қызыл кхмерлердің құлауы күтпеген жағдай емес еді, бірақ Қытайдың көзқарасы бойынша, Вьетнамның Камбоджаны иеленіп алуы Қытайдың Үндіқытай түбегіндегі мүдделеріне және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы коммунистік емес Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының (АСЕАН) мемлекеттері арасындағы позициясына қауіп төндірді. АСЕАН мүшелері Вьетнамның Камбоджаға басып кіруін халықаралық шекараларды ашық бұзу және агрессиялық акт ретінде қабылдады. Қытай бұл шабуылды Вьетнамның 1978 жылы Камбоджаға басып кіріп, оны иеленуіне және соның нәтижесінде «Қызыл кхмерлер» билігінің аяқталуына жауап ретінде бастады. Қақтығыс шамамен бір айға созылды, 1979 жылдың наурыз айында Қытай өз әскерлерін кері қайтарды.

1979 жылғы Қытай-Вьетнам соғысы кезінде Қытай басшысы Дэн Сяопин Америка Құрама Штаттарына Вьетнаммен соғысу жоспары Вьетнамның Қытайдың одақтасы болған Камбоджадағы «Қызыл кхмерлер» режимін құлатқаны үшін кек алу екенін айтты. Дегенмен, қытайлық ұлтшылдар соғыстың нақты себебі (casus belli) Вьетнамдағы этникалық қытайларға көрсетілген нашар көзқарас, сондай-ақ Вьетнамның Кеңес Одағының қолдауымен Камбоджаны өзіне қосып алуға тырысуы деген күдік болғанын алға тартады.

2003 жылғы АҚШ-тың Иракқа басып кіруі

Толық мақаласы: 2003 жылғы АҚШ-тың одақтастарымен Иракқа басып кіруі
Толық мақаласы: Ирак соғысы
2003 жылғы 5 ақпанда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде баяндама жасап тұрған кезде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлл қолында күйдіргі (антракс) үлгісін бейнелейтін құты ұстап тұрған сәті
2003 жылғы 13 желтоқсанда «Қызыл таң» операциясы кезінде Саддам Хусейн жасырынған жерінен ұсталып шығарылуда

2003 жылы АҚШ Иракқа басып кірген кезде, ол 1990–1991 жылдардағы Парсы шығанағы соғысына қатысты бітім шарттарын Ирактың орындамауын, сондай-ақ 1993 жылы бұрынғы президент Джордж Бушқа жасалған қастандық әрекетін жоспарлауын және ұшуға тыйым салынған аймақтарды бақылап жүрген коалиция ұшақтарына оқ атуды өзінің casus belli ретінде көрсетті.

Джордж У. Буш әкімшілігі 2001 жылдың соңында Иракқа қарсы әскери араласуды белсенді түрде қолдай бастады. Ирак соғысының негізгі негіздемесі АҚШ Конгресінің бірлескен қарары — «Ирак жөніндегі қарар» арқылы тұжырымдалды. АҚШ-тың мақсаты «Ирактағы жаппай қырып-жою қарулары (ЖҚҚ) бағдарламасын жою, 2001 жылғы 11 қыркүйектегі шабуылдардан кейін оның «Әл-Каидамен» байланысын үзу мен Саддам Хусейннің терроризмді қолдауын тоқтату және Ирак халқын азат ету» деп жарияланды.

Әкімшілік Ирак БҰҰ-ның бұрынғы қарарларына сәйкес қарусыздану жөніндегі міндеттемелерін орындамағанын, ал Саддам Хусейн ядролық қару жасауға ұмтылып, қолда бар химиялық және биологиялық қару арсеналын кеңейтуге тырысқанын мәлімдеді. 2001 жылдың соңынан 2003 жылдың басына дейін Буш әкімшілігі Иракқа басып кіруді негіздеу үшін дәлелдер жинаумен айналысты; бұл үдеріс 2003 жылғы ақпанда сол кездегі мемлекеттік хатшы Колин Пауэллдің Қауіпсіздік Кеңесіндегі баяндамасымен аяқталды. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлл 2003 жылғы 5 ақпанда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің пленарлық отырысында осы себептерді әскери әрекеттерді ақтау үшін келтірді. Басып кіруден кейін көп ұзамай Орталық барлау басқармасы, Қорғаныс барлау агенттігі және басқа да барлау органдары Ирактың қаруларына қатысты дәлелдер мен «Әл-Каидамен» байланысы туралы мәліметтерді жоққа шығаратын ақпарат ұсынды. Кейін құпиялығы алынған Ұлттық барлау бағалаулары (NIE) бұл негіздемелердегі сенімділік дәрежесінің асыра көрсетілген болуы мүмкін екенін көрсетеді; алайда бұл асыра бағалаудың көлемін, шығу тегін және мақсатын аталған құжаттар негізінде нақты анықтау мүмкін емес.

Кейін Буш пен Блэр әкімшіліктері соғысқа қосымша негіздемелер келтірді, соның ішінде Саддам Хусейн үкіметінің адам құқықтарын бұзуы және Иракта демократияны дамыту қажеттілігі аталды.

Ресей-Украина соғысы

Қырым аннексиясы

Толық мақаласы: Қырым аннексиясы
Ресей президенті Владимир Путин (ортада, отырған) 2014 жылғы 4 наурызда баспасөз алдында сөйлеп, Ар-намыс төңкерісін «конституцияға қайшы төңкеріс» деп айыптап, Мәскеудің Украинадағы орыстарды қорғауға құқығы бар екенін мәлімдеді
Айырым белгілері жоқ ресейлік арнайы жасақтар Қырымды басып алуда.

2014 жылдың ақпан–наурыз айларында Ресей Украина құрамындағы Қырым түбегіне басып кіріп, кейін оны аннексиялады. Бұл оқиғалар Ар-намыс төңкерісінен кейін қалыптасқан салыстырмалы билік вакуумы жағдайында өтті. Бұл Ресей–Украина соғысының басталуын білдірді. 2014 жылғы 22 ақпанда Киевтегі оқиғалар нәтижесінде Украина президенті Виктор Янукович биліктен кетірілді, бұл Қырымда ресейшіл және сепаратизмге қарсы демонстрациялардың басталуына түрткі болды. Сол уақытта Ресей президенті Владимир Путин қауіпсіздік қызметінің басшыларына «Қырымды Ресейге қайтару» бойынша жұмыс бастауға бұйрық берді.

27 ақпанда айырым белгілері жоқ ресейлік арнайы жасақтар Қырымдағы стратегиялық нысандарды басып алды. Алғашында Ресей бұл іске қатысын жоққа шығарды, бірақ кейін Путин олардың ресейлік әскер екенін мойындады. Қарулы адамдар Қырым парламентін бақылауға алғаннан кейін, ол Қырым үкіметін таратып, ресейшіл Аксёнов үкіметін орнатты және Қырымның мәртебесі туралы референдум жариялады. Референдум Ресей әскерінің бақылауымен өтті және Ресей қолдайтын биліктің мәліметі бойынша, оның нәтижесі Ресейге қосылуды басым көпшілік қолдағанын көрсетті. Келесі күні, 2014 жылғы 17 наурызда Қырым билігі тәуелсіздігін жариялап, Ресей құрамына кіру туралы өтініш білдірді. Ресей 2014 жылғы 18 наурызда Қырымды Қырым Республикасы және Севастополь федералдық қаласы ретінде ресми түрде өз құрамына қосты.

Ресей Федерациясы Қырымды аннексиялағаннан кейін, Ресей президенті Владимир Путин Қырым мен басқа да өңірлер XVIII ғасырда алынғаннан кейін «Украинаның құрамында болмағанын» алға тартты. Қырымдағы және Шығыс Украинадағы этникалық орыс халқының болуы Ресейдің аннексиясын ақтауға арналған casus belli ретінде қарастырылды. Ресей Сыртқы істер министрлігі Украина Қырымдағы үкімет ғимараттарын басып алуға тырысты деп мәлімдеп, мұны да casus belli ретінде келтірді. Аннексиядан кейін Ресей түбекті милитаризациялап, сыртқы араласуға қарсы ескерту жасады.

Ресейдің Украинаға басып кіруі (2022 - қазіргі кез)

Толық мақаласы: Ресейдің Украинаға басып кіруі

2021 жылғы шілдеде Путин «Орыстар мен украиндардың тарихи бірлігі туралы» атты мақаласын жариялап, онда Украинаны «тарихи тұрғыдан орыс жерлері» деп атап, «украин халқының орыстардан бөлек ұлт ретінде қалыптасуының тарихи негізі жоқ» деп мәлімдеді. Путин Ресей империализмін, тарихи ревизионизмді және жалған ақпарат таратуды насихаттады деп айыпталды. 2021 жылғы желтоқсанда Ресей Батысқа ультиматум қойып, онда НАТО-ның Шығыс Еуропадағы мүше елдеріндегі барлық қызметін тоқтатуды және Украинаның немесе бұрынғы Кеңес Одағына кірген кез келген басқа мемлекеттің ешқашан альянсқа қосылмауын талап етті. Батыстың бірнеше саяси сарапшылары Ресей өз талаптарының «орындалмайтынын» алдын ала білгенін, бұл оған басып кіру үшін сылтау жасауға мүмкіндік бергенін айтты. Путин Ресей талаптарының «ескерусіз қалғанын» айтып, әскер шоғырлануы жалғаса берді.

Луганск электр станциясы Донбаста Ресей қолдайтын күштердің атқылауынан кейін, 2022 жылғы 22 ақпан
27 ақпанда Бучада жойылған ресейлік колоннаның қалдықтары.
Украинаның шығысындағы басып кіру кезіндегі көріністер

Франция президенті Эммануэль Макрон мен Германия канцлері Олаф Шольц 2022 жылғы ақпанда Путинмен кездесіп, оны басып кіруден бас тартуға көндіруге тырысты. Шольцтың айтуынша, Путин оған Украина тәуелсіз мемлекет болмауы тиіс деп айтқан.

Ресей әскерлері Украина шекараларына шоғырланған кезде, Ресей қолдайтын күштер Донбасста украин әскерлеріне қарсы мыңдаған шабуыл жасады. Құрамына Украина мен Ресей де кіретін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылаушылары 2021 жыл бойы атысты тоқтату режимінің 90 000-нан астам бұзылуын тіркеді; олардың басым бөлігі Ресей бақылауындағы аумақта болды. 2022 жылғы 17 ақпаннан бастап Донбастағы қақтығыстар күшейе түсті. Украина мен Ресей қолдайтын сепаратистер бір-бірін өз аумақтарына оқ атқаны үшін айыптады. 18 ақпанда Донецк және Луганск «халық республикалары» барлық бейбіт тұрғындарға астаналарынан кетуге бұйрық берді, алайда бақылаушылар толық эвакуация бірнеше айға созылуы мүмкін екенін атап өтті. Украина бұқаралық ақпарат құралдары Донбаста Ресей қолдайтын күштердің артиллериялық атысты күрт күшейткенін хабарлап, мұны Украина әскерін арандату әрекеті ретінде бағалады. Сепаратистік көшбасшылар Украина жақын арада шабуыл бастайды деп мәлімдеді, бірақ ешқандай дәлел келтірмеді; ал The Guardian газеті Украина үшін Донбасқа шабуыл жасау «өте қауіпті» болатынын, әсіресе Ресей әскерлері шекараға шоғырланған кезде, атап өтті.Зеленский Украина әскері арандатуларға жауап бермейтінін айтты.

2022 жылғы Ресейдің Украинаға басып кіруіне дейін Ресей Донецк пен Лугансктегі сепаратистік республикаларды танып, олардың арасындағы одақ тиісті парламенттерде ратификацияланды, осылайша қолдануға болатын casus belli қалыптастырылды. Ресей сондай-ақ Украинада орыс тілінде сөйлейтіндерге қарсы неонацистік топтар тарапынан геноцид жасалып жатыр және Украина үкіметі неонацистерден тұрады деп мәлімдеді.

Басып кіруге дейінгі күндері Ресей үкіметі дезинформация науқанын күшейтті. Украина мен Батыс елдерінің басшылары Ресейді басып кіруге сылтау жасау үшін жалған жалау операцияларын ұйымдастырды деп айыптады. Ресейдің мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары Украина әскерлері Донбасста орыстарға шабуыл жасап жатыр деген мазмұндағы қолдан жасалған бейнероликтерді көрсетті; кейін бұл «шабуылдар», жарылыстар мен эвакуациялар Ресей тарапынан ұйымдастырылғаны анықталды. 17 ақпанда Ресей қолдайтын күштер балабақшаны атқылап, оны Украинаға жапты, алайда балабақша Украина бақылауындағы аумақта орналасқан еді. 21 ақпанда Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің (ФҚҚ) басшысы Ресей әскерлері Ресей аумағына өткен бес украин «диверсантын» жойып, бір украин әскери қызметкерін тұтқындап, екі бронды техниканы жойғанын мәлімдеді. Украина бұл мәлімдемені жоққа шығарып, мұны Ресейдің басып кіруге қосымша негіз іздеп жатқанын көрсетті деп бағалады. The Sunday Times бұл оқиғаны «Путиннің соғыс жоспарының алғашқы қадамы» деп сипаттады. Ресей үкіметінің мүшелері, соның ішінде Путин, басып кіруден бір күн бұрынға дейін Украинаға шабуыл жасау немесе басып кіру жоспарлары бар екенін жоққа шығарды.

Ескертпелер

  1. Дипломатиялық қиындықтарды болдырмау үшін іс телеграмма туралы ақпарат британ барлауынан емес, америкалық барлауынан шыққандай етіп көрсетілді («Why was the Zimmerman Telegram so important?» Мұрағат көшірмесі 17 қаңтардың 2017 Wayback Machine мұрағатында, BBC News, 17.01.2017)
Жоғары