Қолдау
Тегін жүктеу және ақпараттық платформа

Virgin Records, Atlantic Records, Warner Records, Walt Disney Records және Rhino Entertainment Company

Фил Коллинз

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Фил Коллинз
Сурет
Коллинз 2022 жылы
Негізгі ақпарат
Туған кездегі есімі

ағылш. Philip David Charles Collins

Толық аты

Филип Дэвид Чарльз Коллинз

Туған күні

30 қаңтар 1951 (1951-01-30)(75 жас)

Туған жері

Уондсуэрт, Лондон, Англия, Ұлыбритания немесе
Лондон, Ұлыбритания

Белсенділік жылдары

1963—2011
2015—қ. у.

Мемлекет

 Ұлыбритания

Мамандықтары

барабаншы, әнші

Дауыс түрі

тенор

Аспаптары

ударлық қондырғы, соқпалы аспаптар, фортепиано, керней, бас-гитара, волынка және гитара

Жанрлары
  • поп
  • софт-рок
  • прогрессивный рок
  • арт-рок
  • голубоглазый соул
  • джаз фьюжн
Ұжымдары

Flaming Youth, Genesis, Brand X

Лейблдері

Virgin Records, Atlantic Records, Warner Records, Walt Disney Records және Rhino Entertainment Company

Марапаттары

Корольдік Виктория орденінің лейтенанты (LVO)
Толық тізім

Фил Коллинз LVO (ағылш. Phil Collins; толық аты-жөні Филип Дэвид Чарльз Коллинз (ағылш. Philip David Charles Collins); 30 қаңтар 1951 жылы, Лондон) — британдық әнші, барабаншы, әндер авторы, дыбыс жазу продюсері және актер.

Genesis рок-тобының қатысушысы ретінде танымалдылыққа ие болды, содан кейін өз альбомдарының 150 миллионнан астам данасын сатып, әсерлі жеке мансап жасады.

Фил Коллинз — бүкіл тарихты ескергенде, альбомдары бүкіл әлем бойынша жеке орындаушы ретінде де және (бөлек) музыкалық ұжымның қатысушысы ретінде де жүз миллионнан астам данамен сатылған үш музыканттың бірі (Пол Маккартни және Майкл Джексонмен бірге). Бүкіл мансабында Genesis тек бір-ақ рет (1986 жылы) Billboard Hot 100 чартының шыңына көтеріле алғанымен, Коллинз мұны жеті рет орындай алды — «Against All Odds» (1984), «One More Night» (1985), «Sussudio» (1985), «Separate Lives» (1985), «A Groovy Kind of Love» (1988), «Two Hearts» (1988) синглдарымен және — өзінің ең танымал әні болуы мүмкін — «Another Day in Paradise» (1989) туындысымен. Ал Коллинздің өзіндік визит карточкасы болып әлі де оның ең алғашқы жеке синглы — «In the Air Tonight» қала бермек.

Ол Пол Маккартни, B.B. King, Оззи Осборн, Джордж Харрисон, Роберт Плант, Эрик Клэптон, Майк Олдфилд, Стинг, Джон Кэйл, Брайан Ино, Питер Гэбриел, Рави Шанкар, Томми Болин, Адам Ант, Фрида Лингстад, Тина Тернер, Игги Поп, Энни Леннокс, Марк Нопфлер, Джон Андерсон, Дзуккеро, Брайан Ферри және 2pac сияқты танымал музыканттармен жұмыс істеді.

Оның марапаттарының арасында — 8 «Грэмми», 2 «Алтын глобус», 6 «Brit Awards», «Оскар», «Disney Legend» сыйлығы, жетістіктері үшін «Халықаралық сыйлықты» қоса алғанда, Британдық композиторлар мен авторлар академиясы (ағыл.) 6 марапаты бар. Ол 1999 жылы Голливудтың Даңқ аллеясында жұлдыз алды, 2003 жылы «Ән авторларының даңқ залына» және 2010 жылы Genesis тобының қатысушысы ретінде «Рок-н-ролл даңқ залына» енгізілді.

Rolling Stone журналының «Барлық уақыттағы 100 ең ұлы барабаншы» тізімінде 43-орынға ие болды.

Өмірбаяны

Филип Дэвид Чарльз Коллинз 1951 жылғы 30 қаңтарда Ұлыбританияның лондондық Уондсуэрт боросында дүниеге келген.

Бес жасында ата-анасы Филге ойыншық ударлық қондырғы сыйлады, бұл оның бас айналдыратын музыкалық мансабының бастауы болды. Оның алғашқы музыкалық тәжірибесі теле- және радиобағдарламалардың музыкалық сүйемелдеуіне ілесіп, ырғақты соғу болды. Барабанда ойнау Фил үшін басты әуестікке айналды.

Жасөспірім кезінде Коллинз актерлік шеберлікке де әуестенеді, алайда музыкаға деген құштарлық басым түсіп, 1969 жылы ол Flaming Youth тобының барабаншысы ретінде өзінің алғашқы келісімшартына қол жеткізді. Бұл ұжым шығарған альбом орташа табысқа ие болды, ал бір жылдық гастрольдер мен келіспеушіліктерден кейін ұжым тарап кетті. 1970 жылы 19 жастағы Коллинз перкуссионист ретінде Джордж Харрисонның «Art of Dying» трегін жазуға қатысты және дәл сол жылы Melody Maker музыкалық журналындағы мынадай хабарландыруға үн қатты: «Ансамбль акустиканы жақсы сезінетін барабаншы іздейді». Ансамбль жеке мектеп түлектері ұйымдастырған Genesis тобы болып шықты. Питер Гэбриелдің ата-анасының үйіне тыңдауға келген Коллинз ондағы жағдайға таңғалды — орманды жер, террасадағы рояль, жүзу бассейнінің болуы, жайқалған бақтың көлеңкесіндегі ударлық қондырғы және сол уақытта жаңа шыққан Trespass альбомының дыбысталуы. Коллинз тыңдауда басқа үміткерлердің бәрін оңай артқа тастап, бірден топ құрамына қабылданды. Коллинздің куәлік етуінше, оның Genesis-тегі алғашқы гонорары аптасына 10 фунт стерлингті құраған — бұл оның Flaming Youth тобында алғанынан 2 есе көп.

Соқпалы аспаптарда ойнаумен қатар, Коллинз композицияларды жазуға бэк-вокалист ретінде де қатысты. Фил Коллинздің Genesis-тегі толыққанды вокалдық дебюті 1971 жылғы Nursery Cryme альбомындағы «For Absent Friends» (аударғанда ағылш. — «Өмірден өткен достарға») композициясы болды. 1975 жылы топтан оның негізін қалаушы Питер Гэбриел кеткеннен кейін, жаңа вокалист туралы мәселе туындады. Ұжым төрт жүзден астам үміткерді тыңдады, бірақ ақыр соңында топ микрофонды өздерінің барабаншысына (бұған айтарлықтай күмәнмен қараған) беруді ұйғарды. бұл сәт тек Коллинз үшін ғана емес, топтың өзі үшін де ең маңызды сәттердің біріне айналды. Келесі жиырма жыл ішінде топ әлемдегі ең танымал ұжымдардың біріне айналды; бұған топтың вокалисі әрі барабаншысы ғана емес, сонымен қатар оның көптеген әндерінің музыкасы мен мәтіндерінің авторы болған Коллинздің өзі де үлкен үлес қосты. Genesis-пен қатар Коллинз көптеген жылдар бойы Brand X джаздық аспаптық жобасымен жұмыс істеді, сондай-ақ Питер Бэнкс (Yes) пен Энтони Филлипстің (Genesis) альбомдарына қатысты. Коллинздің айтуынша, ол Кит Мун қайтыс болғаннан кейін The Who тобының барабаншысы орнын басуға дайын болған, алайда топқа Кенни Джонс шақырылып қойған еді.

Страсбург, 1981 жыл

1980 жылдардың басында Фил Коллинз жеке мансабымен айналыса бастады. Жеке мансабын бастаған танымал топтардың вокалистерінің ішінен топта қол жеткізген жетістігінен асып түсе алатындар некен-саяқ, бірақ Коллинздің бұған тиесілі дәрежеде қолы жетті. Оның ең алғашқы жеке альбомы Face Value-дің тиражы Genesis альбомдарының тираждарынан асып түсті, ал «In the Air Tonight» композициясы оның визит карточкасына айналды. бұған қоса «гейтирленген реверберация» (ағылш. gated reverb) әсеріне негізделген (Гэбриел, Коллинз және олардың бірлескен продюсері әрі дыбыс инженері Хью Пэдхэм ойлап тапқан) барабандардың қуатты дыбысы да оның қолтаңбасы болып, ол «80-жылдардың дыбысталуын алдын ала айқындап берді». 1980 жылдар бойы Коллинз бірқатар табысты альбомдар шығарды және сонымен бірге Genesis-пен бірге жұмыс істеуді жалғастырды, сондай-ақ Роберт Плант, Эл Ди Меола, Тони Левин, Адам Ант, Филип Бейли, Эрик Клэптон, Чака Хан, Говард Джонс, Пол Маккартни, Tears for Fears сияқты жұлдыздармен бірге ән жазды.

1985 жылғы шілдеде Фил Коллинз Live Aid қайырымдылық фестивалінде өнер көрсетіп, «Уэмблиде» Стингпен бірге ойнады, содан кейін Филадельфиядағы JFK стадионында Led Zeppelin тобының өнер көрсетуінде (Роберт Планттың шақыруы бойынша) барабандар партиясын орындау үшін «Конкорд» ұшағымен АҚШ-қа ұшып кетті. Led Zeppelin тобының өнер көрсетуі сәтсіз өтті; (Коллинз белгілі бір сәтте сахнадан кетіп қалғысы келді); бұл ретте екі тарап та бұған бір-бірін кінәлайды. Өзінің өмірбаянында Коллинз Плант пен Пейджбен бірге өнер көрсетуге келісімі «Led Zeppelin-нің қайта бірігуіне» айналатынын бірден түсінбегенін, сондай-ақ репетицияларға қатыспағанын, ал екінші барабаншының бар екенін тікелей өнер көрсетер алдында ғана біліп, нәтижесінде көбіне «ауада» ойнағанын есіне алады.

1996 жыл

1990 жылдардың басында Коллинз өзін жеке жобаларға және киноға түсуге арнау үшін Genesis тобынан кетуге шешім қабылдады. Алайда Genesis-тен кетер алдында ол топтың «Гэбриелден кейінгі» тарихындағы ең үздік альбомдардың бірі We Can’t Dance (1991) туындысын топ қатысушыларымен бірге жазып, үлкен қоштасу турнесіне (1992—1993) қатысты. 1999 жылы ол Walt Disney Pictures студиясының «Тарзан» мультфильміне саундтрек жазып, «You’ll Be in My Heart» әні үшін «Оскар» және «Алтын глобус» сыйлықтарын алды.

Фил Коллинз көптеген фильмдерге түсті. Оның қатысуымен шыққан ең танымал фильмдердің бірі — «Бастер» (1988), бұл 1963 жылғы пошта пойызын тонау туралы туынды.

Коллинздің репертуары махаббат туралы нәзік те әуезді әндермен ғана шектелмейді. Фил Коллинз өзінің әндерінде (өзінің жеке репертуары үшін де, Genesis үшін де) маңызды әлеуметтік және моральдық тақырыптарды көтереді: әскери қақтығыстар, ата-ана мен бала арасындағы күрделі қарым-қатынастар, үйсіздердің өмірі және басқа да өткір мәселелер.

2002 жылғы 3 маусымда Фил Коллинз Королева Елизавета II-нің алтын мерейтойына арналған концертте барабанда ойнады. 2007 жылы Фил «Turn It On Again» қоштасу туры үшін Genesis тобымен қайта бірікті.

2011 жылғы 7 наурызда Фил Коллинз өзінің музыкалық мансабын аяқтайтынын жариялады. «Мен мансабымды аяқтауды ұйғардым, өйткені екі кішкентай ұлыма күнделікті әрі толық күндік әке болғым келеді» — деп хабарлады ол өзінің ресми сайтында. Сол мәлімдемесінде ол әртүрлі әлемдік БАҚ-тың оның музыкалық мансабын аяқтауына түрткі болған себептер туралы алға тартқан пікірлерін жоққа шығарды: «Мен баспасөздегі жаман сын немесе жағымсыз шолулар кесірінен кетіп бара жатқан жоқпын», «Мені ешкім жақсы көрмейтіндіктен кетіп бара жатқан жоқпын. Менің шығармашылығымды бағалайтын жанкүйерлерімнің көп екенін білемін. Сіздерге рахмет».

2016 жылдың күзінде Фил Коллинз сахнаға қайта оралатынын мәлімдеді — 2017 жылдың жазында ол өзі «Әлі өлген жоқ» деп атаған тур аясында Лондон, Кёльн және Парижде тоғыз концерт береді. Өзінің оралатыны туралы мәлімдемені 65 жастағы музыкант Лондондағы үлкен баспасөз мәслихатында жасады.

Жеке өмірі

1975 жылы Фил Коллинз Андреа Берторелли есімді қызға үйленді, онымен алғаш рет 11 жасында Лондондағы театр мектебінде танысқан болатын. Коллинз сонымен қатар оның бірінші некесінен туған қызы Джоэлиді (ағыл.) (1972 ж.т.) де асырап алды. 1976 жылы ерлі-зайыптылардың Саймон (ағыл.) есімді ұлы дүниеге келді. Алайда Андреа Филдің концерттер мен гастрольдердегі тұрақты бос еместігімен еш көне алмады, сөйтіп 1980 жылы олар ажырасып кетті.

1985 жылы музыкант америкалық Джилл Тэвелманға үйленді. 1989 жылы олардың Лили есімді қызы дүниеге келді. 1996 жылы Фил мен Джиллдің некесі ыдырады.

Әншінің үшінші әйелі мексикалық тектегі швейцариялық модель Орианна Цевей болды. Үйлену тойы 1999 жылы өтті. 2001 жылы ерлі-зайыптылардың ұлы Николас, ал 2004 жылы — ұлы Мэттью дүниеге келді.

2008 жылы Фил мен Орианна ажырасып кетті. Музыкант бұрынғы әйеліне 25 миллион фунт стерлинг (шамамен 50 миллион доллар) төледі — бұл ажырасу процестерінің бүкіл тарихындағы ең үлкен өтемақы сомаларының бірі болып табылады. Алайда 2016 жылы әнші Цевеймен татуласқанын және енді олар балаларымен бірге Майамидегі Филдің үйінде тұрып жатқанын хабарлады. Бірақ 2020 жылдың қазан айында Коллинз Цевейдің сол жылдың тамыз айында-ақ басқа ер адамға жасырын түрде тұрмысқа шығып кеткенін шокпен біліп, содан кейін оны үйден шығару туралы ордер талап етті. Цевей Майамидегі ортақ үйлері құнының жартысын талап етіп, қарсы талап-арыз берді. 2021 жылы Коллинз бұл үйді 39 миллион долларға сатып жіберді.

1990 жылдардың ортасынан бастап Филдің денсаулығында кінәраттар пайда болды. Бастапқыда бұл есту қабілетінің ішінара нашарлауынан көрінді, ал кейіннен екі қолының да жүйке талшықтарының зақымдануы салдарынан барабанда ойнау мүмкіндігінен мүлдем айырылды. 2015 жылы Коллинз омыртқасына ота жасатты, ал екі жылдан кейін өзінің қонақүй нөмірінде тайып жығылып, басынан жарақат алды. Ауыр халдегі Фил лондындық ауруханаға жеткізілді, ал Альберт-холлда жоспарланған концерттерді кейінге шегеруге тура келді. Содан бері Коллинз таяққа сүйеніп қозғалады, ал өзінің концерттерінде, әдетте, отырып өнер көрсетеді.

Әсері

Прогрессивті рокты айқындаған «аңыздар» туралы кітабында америкалық барабаншы Рич Лаковски былай деп жазды: «Фил Коллинздің Genesis-тің алғашқы жазбаларындағы грувы көптеген талантты барабаншыларға жол ашып берді. Оның барабандарды ерекше музыкалық өлшемдерде асқан шеберлікпен „айқайлату“ және соншалықты сенімді түрде үйлестіру қабілеті көптеген барабаншылардың құлаққаптарын лақтырып тастап, Филге ілесіп ойнауына мәжбүр етті». 2014 жылы Rhythm журналының оқырмандары Коллинзді Genesis тобының 1974 жылғы The Lamb Lies Down on Broadway альбомындағы жұмысы үшін прогрессивті роктың ең ықпалды төртінші барабаншысы етіп таңдады. 2015 жылы MusicRadar Коллинзді прогрессивті роктағы барабан ойнау өнерінің алты пионерінің бірі деп атады. 2005 жылы Planet Rock радиостанциясының тыңдаушылары Коллинзді тарихтағы ең ұлы бесінші рок-барабаншы ретінде таңдады. Коллинз Gigwise нұсқасы бойынша «Барлық уақыттағы ең ұлы барабаншылар» тізімінде оныншы орынға ие болды, ал 2010 жылы MusicRadar-дың «Соңғы 25 жылдағы 20 ең ұлы барабаншы» тізімінде тоғызыншы орыннан көрінді. 1987 жылы Коллинз өзінің Brand X және ерте кезеңдегі Genesis-тегі жылдам ойнау мәнерін еске алып: «Мен бұдан былай бұлай ойнай алмаймын» — деген болатын.

Foo Fighters барабаншысы Тейлор Хокинс Коллинзді өзінің барабан ойнаудағы кумирлерінің бірі деп атайды. Ол: «Коллинз — керемет барабаншы. Барабанда жақсы ойнағысы келетін кез келген адам оған назар аударуы керек; бұл адам — нағыз шебер» — деді. Modern Drummer журналының 2001 жылғы сәуірдегі санында Dream Theater барабаншысы Майк Портной өзіне әсер еткен және өзі құрметтейтін барабаншылар туралы сұраққа жауап берген сұхбатында Коллинзді атап өткен болатын. 2014 жылғы тағы бір әңгіме барысында Портной оның 1970 жылдардың басы мен ортасындағы «таңғажайып прогрессивті барабан ойынын» жоғары бағалады.Rush тобының барабаншысы Нил Пирт оның Genesis тобының 1973 жылғы Selling England by the Pound альбомындағы «әдемі барабан ойыны» мен «тамаша дыбысталуын» жоғары бағалап, оны «барабан ойнау өнерінің мәңгілік шедеврі» деп атады.Джо Сатриани мен Стивен Уилсон сияқты орындаушылармен бірге жұмыс істеген барабаншы Марко Миннеманн Коллинзді «өз партияларын шығару және содан алатын дыбыс сапасы» үшін «жарқын» музыкант деп атады. Ол: «Фил мен үшін Джон Бонэм сияқты. Мен оның даралығын, оның көзқарасын естимін» — деді. Ол «барлығы білетін он нотаның» мысалы ретінде «In the Air Tonight» әніндегі соқпалы аспаптар сәтін ерекше атап өтіп, «Фил — өте талантты барабаншы» деген қорытынды жасады.

Оны өздеріне әсер еткен музыкант ретінде атап өткен немесе оның барабанда ойнау шеберлігіне таңданыс білдірген басқа барабаншылардың қатарында Mastodon тобынан Брэнн Дэйлор,Spock’s Beard және Big Big Train топтарынан Ник Д’Вирджилио,Spock’s Beard-тен Джимми Киган, Dance Gavin Dance тобынан Мэтт Мингус, Cephalic Carnage-тен Джон Мерриман және Стивен Уилсон мен Frost жобаларынан Крейг Бланделл бар.Джон Бонэмнің ұлы Джейсон Бонэмнің айтуынша, оның әкесі «Фил Коллинздің барабанда ойнау мәнерін өте қатты құрметтеген», ал оның ең сүйікті әндерінің бірі — өзі онымен бірге ойнағанды жақсы көрген Genesis тобының «Turn It On Again» туындысы болған.

«Modern Drummer» журналының оқырмандары 1987-1991 жылдар аралығында жыл сайын Коллинзге «Поп-музыка/мейнстримдік роктағы жыл барабаншысы» санатында дауыс беріп отырды. 2000 жылы ол «Big Band бағытындағы жыл барабаншысы» болып танылды. Ал 2012 жылы ол Даңқ залына енгізілді.

Дискографиясы

Коллинз (Genesis тобының құрамында) «In the Cage» әнін орындауда, 2007 жыл
Толық мақаласы: Фил Коллинздің дискографиясы

Студиялық альбомдар

  • 1981: Face Value
  • 1982: Hello, I Must Be Going!
  • 1985: No Jacket Required — жылдың үздік альбомы үшін «Грэмми» сыйлығы
  • 1989: ...But Seriously
  • 1993: Both Sides
  • 1996: Dance into the Light
  • 2002: Testify
  • 2010: Going Back

Концерттік альбомдар

  • 1990: Serious Hits… Live!
  • 1999: A Hot Night in Paris
  • 2004: Finally… First Farewell Tour
  • 2017: Not Dead Yet Live!

Саундтректер

  • 1983: Risky Business
  • 1988: Buster
  • 1999: Tarzan
  • 2003: Brother Bear
  • 2006: Tarzan (Broadway)

Жинақтар

  • 1987: 12"ers
  • 1998: …Hits
  • 2004: The Platinum Collection
  • 2004: Love Songs: A Compilation… Old and New
  • 2016: The Singles
  • 2019: Other Sides

Genesis

Толық мақаласы: Genesis
  • 1971: Nursery Cryme
  • 1972: Foxtrot
  • 1973: Selling England by the Pound
  • 1974: The Lamb Lies Down on Broadway
  • 1976: A Trick of the Tail
  • 1976: Wind & Wuthering
  • 1978: ...And Then There Were Three...
  • 1980: Duke
  • 1981: Abacab
  • 1983: Genesis
  • 1986: Invisible Touch
  • 1991: We Can't Dance

Brand X

Толық мақаласы: Brand X (группа)
  • 1976: Unorthodox Behaviour
  • 1977: Moroccan Roll
  • 1977: Livestock
  • 1979: Product
  • 1980: Do They Hurt?
  • 1982: Is There Anything About?

Flaming Youth

  • 1969: Ark 2 (ағыл.)

Фильмографиясы

1980 жылдары.
  • «Майами полициясы» («Phil the Shill») (1985) — Фил Мейхью
  • «Бастер» (1988)
  • «Капитан Крюк» (1991) — полиция қызметкері, инспектор Гуд
  • «Вирус» (1993) — Эдди Папасано
  • «Алаяқтар» (1993) — Роланд Коппинг

Фил Коллинз кездейсоқ «Қиын күннің кеші» фильміне түсіп қалған. «If I Fell» әніне массовка ретінде жақын маңдағы мектептерден жиналған балалар өздерінің алдында The Beatles тобы өнер көрсететінінен мүлдем бейхабар еді. Осы балалардың арасында 13 жастағы Коллинз де бар болатын. Соңғы монтаж кезінде Фил Коллинз бар кадрлар фильмге енбей қалды. Алайда кейінірек бұл кадрлар мен оның берген түсініктемелері «Қиын күннің кеші» фильмінің DVD басылымында қолданылды.

Фил Коллинз Grand Theft Auto: Vice City Stories бейне ойынында өз-өзін дауыстады. Ойында шырқалатын аттас әннің құрметіне аталған «In the Air Tonight» миссиясын орындағаннан кейін, оның концертіне баруға болады. Бұл ән сонымен қатар Dead Space 3 ойынының трейлерінде, «Мальчишник 3» фильмінің соңында, сондай-ақ «Miami Vice» және «Германия-83» сериалдарында ойнайды.

Жоғары