| Прогрессивті рок | |
| | |
| Бағыт | Рок-музыка |
|---|---|
| Бастаулары | Психоделикалық рок |
| Пайда болған уақыты мен жері | 1960 жж. соңы, Ұлыбритания |
| Өркендеу жылдары | 1970—1975 |
| Ұқсас жанрлар | |
| Психоделикалық рок • Джаз-фьюжн • Краут-рок • Арт-рок | |
| Туыстас жанрлар | |
| Кентербери • Симфо-рок • Спейс-рок | |
| Туынды жанрлар | |
| Нео-прогрессив • Прогрессивті метал | |
| Прогрессивті рок мысалдары | |
|---|---|
| Pink Floyd - Shine On You Crazy Diamond | |
| King Crimson - Starless | |
| Rush - Tom Sawyer | |
Прогрессивті рок (ағылш. progressive rock, қысқаша «прог-рок» немесе жай ғана «прог») — рок-музыканың ауқымды жанры. Ол негізінен 1960 жылдардың ортасы мен аяқ кезінде АҚШ пен Ұлыбританияда қалыптасты. Бастапқыда «прогрессивті поп» деп аталған бұл стиль стандартты поп немесе рок дәстүрлерінен бас тартып, джаз, фолк немесе классикалық музыкаға тән аспаптық және композициялық тәсілдерді қолданған психоделикалық топтардан бастау алды. Бұл ретте рок-музыкаға тән аспаптар сақталып қалды. Басқа бағыттармен синтезделу тұрғысынан алғанда, прогрессивті рок рок-музыка үшін джаздағы фьюжн жанрының баламасы болып табылады деуге болады. Прогрессивті роктің пионерлері бұл үндестікті екі мақсатта пайдаланды: бірінші жағынан, жеңіл жанрлы бастауларымен және поп-индустрияның шектеулерімен танымал рок музыкасын жоғары өнер деңгейіне жақындату үшін, ал екінші жағынан (мысалы, олардың көбі консерваториялық білімге ие болғандықтан) өз шығармашылығында қатаң академиялық формалардың шеңберіне ғана шектеліп қалмау үшін қолданды.
Жанрға «прогрессивті» деген атаудың берілуіне өзге де факторлар әсер етті: ән мәтіндері поэтикалық сипатқа ие болды, жаңа дыбыстарды жасау үшін заманауи технологиялар қолданылды, музыка өнер деңгейіне жақындады және сахна емес, студия музыкалық шығармашылықтың орталығына айналды. Бұл көбінесе билеуге емес, тыңдауға арналған музыканы дүниеге әкелуге мүмкіндік берді.
Прогрессивті рок стильдердің, тәсілдер мен бағыттардың тоғысуын қамтиды, сондай-ақ ол әдетте алуан түрлілігімен және эклектикалығымен ерекшеленеді. Прогрессивті рок көбінесе ұзақ сололармен, созылыңқы композициялармен, қиял-ғажайып мәтіндермен, ауқымды сахналық декорациялар мен костюмдермен, сондай-ақ техникалық шеберлік пен виртуоздыққа деген шексіз берілндікпен байланыстырылады. Бұл жанр жоғары және төменгі мәдениеттің өзара бірігуімен жиі аталып өтсе де, батыстық классикалық әуендерді өз шығармашылығында айтарлықтай дәрежеде қолданған өнерпаздар аз болды — тек топтардың шағын бөлігі ғана (Emerson, Lake & Palmer, Renaissance, Ekseption т.б.) классикалық музыкаға еліктеп немесе соған сілтеме жасады.
1970 жылдардың басы мен орта шенінде Pink Floyd пен Yes сияқты прогрессивті рок топтары бүкіл әлем бойынша үлкен жетістікке жетті; ал 1970 жылдардың аяғында оның танымалдылығы құлдырап, толықтай қалпына келген жоқ. Жалпыға ортақ пікір бойынша, бұған панк-роктың пайда болуы себеп болды, бірақ құлдырауға басқа да бірнеше факторлар әсер етті. Прогрессивті рок стилін «өркөкірек» (тәкаппар), ал дыбыстарын «даңғой» және «шамадан тыс дөрекі/көпіршіген» деп атаған музыкалық сыншылар бұл жанрға қарсы болды немесе оны мүлдем елемеді. 1970 жылдардың аяғынан кейін прогрессивті рок көптеген түрлерге бөлініп кетті. Кейбір топтар 1980 жылдарға дейін коммерциялық жетістіктерге қол жеткізді (дегенмен құрамдары өзгетіліп, ән құрылымы ықшамдала түсті) немесе симфо-поп, арена-рок және нью-вейв бағыттарына ауысты.
Прогрессивті рок белгілерін ертерек көрсеткен алғашқы топтар кейіннен «прото-прог» деп сипатталды. 1960 жылдардың аяғында пайда болған Кентербери сценасы үррмелі аспаптарды, күрделі аккорд өзгерістері мен ұзақ импровизацияларды қолдануға баса назар аударған прогрессивті рок топтарының бір тармағын білдіреді. 1970 жылдардың аяғындағы Rock in Opposition (Қарсы тұрған рок) бағыты әлдеқайда авангардты болды және ол Кентербери стилімен бірігіп, аван-прогты дүниеге әкелді. 1980 жылдары жаңа субжанр — нео-прог біраз коммерциялық табысқа қол жеткізді, алайда ол бастапқы нұсқаларға тым ұқсас (туынды) және жаңашылдықтан жұрдай деген сындарға да ұшырады. Ал пост-прогрессив 1970 жылдардың ортасынан бергі поп-музыка мен авангардтағы жаңа тенденцияларға сүйенеді.
- Музыка жанрлары
- Прогрессивті рок
- Рок-музыка жанрлары
- Прогрессивті музыка жанрлары