Қолдау
Тегін жүктеу және ақпараттық платформа
  • Уикипедия

Жәуміт (түрікм. Ýomut) — түрікмен халқының ірі этнографиялық топтарының бірі. Тарихи қоныстанған аймағы — Түрікменстанның Балқан уәлаятының оңтүстік бөлігі, Атр

Жәуміт тайпасы

  • Басты бет
  • Жәуміт тайпасы

Жәуміт (түрікм. Ýomut) — түрікмен халқының ірі этнографиялық топтарының бірі. Тарихи қоныстанған аймағы — Түрікменстанның Балқан уәлаятының оңтүстік бөлігі, Атрек өзенінің маңы және Иранның Атрек пен Горган өзендері аралығындағы іргелес жерлері, сондай-ақ солтүстіктегі Дашоғыз уәлаяты. «Жәуміт» сөзінің шығу тегі «алайонтлы» сөзінен бастау алуы әбден мүмкін. Жәуміт түрікмендері отырықшы, жартылай көшпелі және көшпелі болып бөлінген, олардың басым көпшілігі көшпелі болды. Отырықшы жәуміттер Чикишляр және Есенқұлы ауылдарында тұрды, жартылай көшпелісі жаз айларында Атрек өзенінің төменгі ағысында (екі ірі ауылда) қоныстанса, қыста шағын топтарға бөлініп, маңайда көшіп-қонып жүрді. Көшпелі жәуміт күз бен қыста әдетте Атрек өзенінен өтіп, Иран аумағына кететін болған.

Жәуміт
түрікм. Ýomut
Ең көп таралған аймақтар

 Түрікменстан,  Иран,  Өзбекстан

Тілдері

түрікмен тілі, парсы тілі (Иранда екінші тіл ретінде), өзбек тілі (Өзбекстанда екінші тіл ретінде)

Діні

Суннизм (ханафизм)

Түрікменстан туындағы жәуміт руының ою-өрнегі

Түрікменстан Мемлекеттік елтаңбасының қызыл шеңберінің бойында сағат тілінің бағытымен түрікмен халқының бірлігі мен достығын бейнелейтін бес негізгі кілем гөлі орналасқан: ахалтеке, салор, ерсары, шәудір және жәуміт.

Мазмұны

Тарихы

 
Жәуміт руынан шыққан түрікмен әйелдері
 
Жәуміт-түрікмен

Афшарлар әулетінің негізін қалаушы Нәдір шаһ Афшар 1740 жылы Хиуа билеушісі Елбарыс ханға кешірім сұрап келуін талап етіп хат жолдайды. Нәдір шаһтың елшілері хатты алып, жәуміт, (өзге де) түрікмен, қазақ және өзбектерден құралған 20 мың атты әскерге қолбасшылық етіп отырған Елбарыстың лагеріне келеді. Хатта былай делінген: «Сіз бірнеше мәрте қарақшы жәуміт руымен бірге тонау мақсатында қасиетті Мешхед маңына шабуыл жасап, әр кез сәтсіздікке ұшырап, жеңіліс тауып, Хиуаға бетіңіз қайтып оралдыңыз. Менің бейбітшілік ниетіме қарамастан, жәуміт руынан үш мың адам түнделетіп шабуыл жасау мақсатында Шаржоуға келді. Мұны білген соң, (Нәдір шаһтың) әскері бір соққымен олардың көзін жойып, Жетіқарақшының жұлдыздарындай жан-жаққа тарқатып жіберді. Олардың басым бөлігі қырылып, тұтқынға алынды, тек аз ғана бөлігі мың бір бәлемен қауіпсіз жерге жетіп үлгерді. Бұл оқиға Нәдір шаһтың (Елбарыс ханға деген) қаһары мен наразылығына себеп болды».

Шахқазы хан билігінің соңында (шамамен һижра бойынша 1181 жылы — 1767 жылы) түрікменнің жәуміт және шәудір руы Хиуаны басып алғандығы айтылады. Қарсылық көрсету әрекеттерінің нәтижесінде хан тақтан құлатылды.

Сол жылы Мұхаммед Әмин инаққа жау ниеттегі кейбір сарай қызметкерлері оған қарсы күрес бастады. Осы себепті инақ жәуміт түрікменіне кетіп, (бірақ) 18 күннен кейін оны Әбд-ус-Саттар бай қайта алып келді. Бұл уақытта жәуміттің үстемдігі шектен шығып, олардың қатыгездігі мен қысымы халықты (фуқара) әбден титықтатқан еді.

Осының салдарынан Мұхаммед Әмин инақ, Әбд-ус-Саттар бай және Әбд-ур-Рахим мехтер жәуміт түрікменіне қарсы жорыққа шықты, бірақ Араб-ханэ түбіндегі шайқаста жеңіліс тапты. Жәуміт олардың соңынан қуып, Қаратөбеге тоқтады да, қоршауға дайындала бастады. (Хиуалықтардың) кейбірі бітім туралы айта бастады; сарай қызметкерлері (умара) шығып, жәуміт басшыларымен кездескен кезде, олар тұтқындалды. Сонымен бірге жәуміт қала тұрғындарының теке мен салорды қуып жатқанын пайдаланып, Хиуа қаласын басып алды.

Жәуміт аралдықтардың көмегімен Қоңыратты бағындырды, (осыдан кейін) билік солардың қолына өтті.

Билік басына олар осы (жәуміт) руының жақтасы әрі тілекшісі болған Хангелді инақты қойды, ал Мұхаммед Әминнен бастап басқа сарай қызметкерлерімен санаспады, тіпті оларға менсінбей қарады. Өздері болса бұл уақытта халықтың мүлкі мен әйелдерін тартып алып, түрліше қорлық көрсетіп, тонай бастады.

1770 жылы өзбектің қоңырат руының көсемі Мұхаммед Әмин инақ жәумітті талқандап, хандықта өз билігін орнатты.

1779 жылы Мұхаммед Әмин инақтың жарлығымен Хиуа маңына Хорасан және Горган түрікмендерінің қатарына жататын жәуміт әскері келді. Бұл жәуміт екі түрлі тармаққа (тайпаға) бөлінетін: біріншісі — байрамшахлы, екіншісі — қарашоқа деген лақап атпен де белгілі шонышереп. Мұхаммед Әмин инақ оларды қызметке қабылдады. Осыдан кейін бұл екі әскер де оның жауларына қарсы соғысқа кірісті.

Инақтың ұлы әрі мұрагері Аваз бидің (1804 жылғы 13 наурызда қайтыс болған) билігі кезінде жәуміт онымен ашық жауласпаған көрінеді. Оған 1206 жылы (һижра бойынша; 1791/92 жылдары) олардың иелігіне қашқан Палуанқұлы байдың инаққа қайтарылуы дәлел. Олар байды инақтың «қаһары мен қаталдығынан қорыққандықтан» ұстап берген делінеді.

1219 жылы (һижра бойынша; 1804/05 жылдары) Аваз инақ қайтыс болған соң, Хиуадағы билік оның ұлы Елтүзерге өтті, ол көп ұзамай өзін хан деп жариялады. Бүкіл елден түрікмен, қарақалпақ және өзбек рулары топ-тобымен келіп, оны құттықтап жатты. Бірақ 60 жыл бойы Үргеніште тұрып, Хиуа хандарына бағынбаған жәуміт Елтүзер ханға күле қарап, бойұсынбайтынын білдірді.

Елтузер хан таққа отырғаннан кейін әскерге жалақы үлестіріп, Хиуа қаласының оңтүстігінде — Иран мен Гүрген аумағындағы Астрабад жақ бетте, шөл жиегінде қоныстанған жәумітті талқандауға аттанды. Олардың кейбірі отырықшы болса, басым көпшілігі көшпелі еді. ХІХ ғасырдың басында олар шамамен 12 мың түтін болды. Әр отбасы екі атты әскер шығаратын, олардың асыл тұқымды тұлпарлары бар және найза мен қылышты жақсы меңгерген. Осылайша, аталған ру екіге бөлінді. Бір бөлігі: «Біз ата-бабамыздың мекенін тастап кете алмаймыз, жат елде қалай күн көреміз!» — деп, бағынуға шешім қабылдады. Елтүзер хан: «Егер шапқыншылықты, бойұсынбауды және тонауды тоқтатып, басқа бағыныштылар сияқты қой, түйе және егіншіліктен салық төлеп тұрсаңдар — жақсы, әйтпесе мемлекетімізден кетіңдер», — деген соң, бір бөлігі бағынудан бас тартты. Біраз уақыттан кейін Елтүзер хан Астрабадтағы жәумітке ант беріп, сенім білдіру үшін: «Отбасыларыңмен және ру-ластарыңмен ата-баба мекеніне қайтып оралыңдар, біз сендерге қамқорлық пен сүйіспеншілік көрсетеміз, байлығымызды бірге бөлісесіңдер», — деп жаушы жіберді. Жәуміт қуана-қуана кері қайта бастады. Елтүзер хан оларға егіншілікпен айналысуы үшін бұрынғы иеліктерін қайтарып берді.

1221 жылы (һижра бойынша; 1806 жылы) Елтүзер ханнан кейін билік Мұхаммед Рахым ханның қолына өтті, оған жәуміт те бағынды.

Жәуміттер жергілікті тұрғындарды ұрлап әкетіп, кейін оларды негізінен Хиуа хандығына құлдыққа сату үшін Персияның Астрабад пен Мазандаран провинцияларына және Хорасанға шапқыншылық жасап тұрған.

1877 жылы жәуміт-түрікменінің кейбір көсемдері теке руымен араздығына байланысты Ресей билігіне өздерін бодандыққа қабылдау туралы өтініш білдірді, бірақ сол уақытта оларға бас тартылды. Жәуміттер Ресей бодандығына 1881–1884 жылдары өтті.

1918 жылдың көктемінде жәуміт-түрікменінің көсемі Жұнайыд хан Хиуадағы билікті басып алды. 1919 жылдың қарашасында коммунистердің бастауымен көтеріліс басталды. Алайда көтерілісшілердің күші үкімет әскерін жеңуге жеткіліксіз болды. Көтерілісшілерге көмекке Ресейден Қызыл Армия әскерлері жіберілді. 1920 жылдың ақпан айының басына қарай Жұнайыд ханның әскері толығымен талқандалды.

Мәдениет

​Жәуміт үлгісіндегі түрікмен кілемі

 
​Жәуміт үлгісіндегі түрікмен кілемі, XIX ғасыр.

Жәуміт үлгісіндегі кілем — түрікменнің қолдан тоқылған кілемдерінің бір түрі.

«Күштдепді» биі

​Ежелгі заманда бұл би ритуалдық жоралғы — «зікірдің» (құдайды ерекше үлгіде және белгілі бір тәртіппен іштей немесе дауыстап еске алу) бір бөлігі болған. Күштдепді дәстүрлі мерекелердің ғұрыптық-ойын-сауық бөлігі ретінде сақталып қалды.

​Күштдепдінің үш түрі бар. Олар: «бір депім» — биге қатысушылар оң қолымен және оң аяғымен бір мезгілде солға қарай өзіндік жарты айналым жасап, содан кейін бастапқы қалыпқа оралып, шеңбер бойымен қозғалысты бірге жалғастырады; «екі депім» — бишілер қатарынан екі жарты айналым жасайды; «үш депім» — үш жарты айналым жасайды. Мұнда бірыңғай ырғақты және қозғалыстардың үйлесімділігін (синхрондығын) сақтау маңызды.

​Күштдепді барлық мерекелерде, салтанатты жиындарда немесе тойларда биленеді. 1990 жылдардың соңында күштдепді биін бүкіл Түрікменстан бойынша билей бастады және ол түрікмен халқының ұлттық биіне теңестірілді.

Жылқы шаруашылығы

​Бұл ру өзіне тән жергілікті жәуміт тұқымын сақтап келген. Ол ақалтеке сияқты ежелгі жылқылардың ұрпағы болып саналады. Түрікменстанның оңтүстік-батыс бөлігінде және Иранмен шекаралас таулы аймақтарда үйірмен бағу жағдайында өсіріледі. Тұрпаты жағынан жәуміт жылқылары дала тұлпарларына жақын, олар ақалтекелерге қарағанда ірілеу келеді. Бітімі мен негізгі қолданысы бойынша мінуге арналған жылқы болғанымен, қазіргі уақытта жәуміттерді жегінге де пайдаланады. Шыдамдылығы жағынан олар ақалтекелерден асып түседі, бірақ шабыс жылдамдығы жағынан соңғыларға жол береді.

←Келесі жазбаАлдыңғы жазба→
Ең көп оқылған - Уикипедия
  • Сәуір 05, 2026

    Гурьев уезі

  • Наурыз 21, 2026

    Қоғам

  • Сәуір 04, 2026

    Электронды пошта

  • Сәуір 07, 2026

    Дешті қыпшақ

  • Наурыз 23, 2026

    Негіздер

Студия

  • Уикипедия

Жаңалықтарға жазылу

Байланысу
Бізбен байланыс
© 2025 www.wikimap.kk-kz.nina.az - Барлық құқықтар қорғалған.
Авторлық құқық: Dadash Mammadov
Жоғары