Экзокринді бездер (glandulae ехосгіпае, лат. glandula — без, гр. ех — сыртқа, гр. krinos — белу) — бөлінділерін (секреттерін) сыртқы ортаға немесе сыртқы ортамен қатысатын дене қуыстарына бөліп шығаратын мүшелер.
Экзокринді бездер екі бөлімнен құралған. Олар: секрет бөлетін соңғы бөлім және шығару өзегі. Соңғы бөлімнің қабырғасын безді жасушалар (гландулоциттер) құрайды. Құрылысына, бөліндіні белу, оны шығару сипатына және бөліндінің құрамына байланысты: экзокринді бездер бірнеше түрлерге ажыратылады. Құрылысына қарай қарапайым және күрделі бездер болып бөлінеді. Қарапайым экзокринді бездердің тарамдалмаған тек бір ғана шығару өзегі, ал күрделі бездердің шығару өзектері бірнеше тарамға тарамдалып жатады. Соңғы бөлімдерінің пішініне сәйкес экзокринді бездер: түтікше, көпіршікше (альвеолалы) және түтікше-көпіршікше бездер болып ажыратылады. Қарапайым түтікше бездерге: қарын (асқазан), ішек, жатыр, тер бездері; қарапайым көпіршікше бездерге: май бездері; күрделі түтікше-көпіршікше бездерге: сілекей, өңеш, ұйқы бездері жатады. Бөлінділерін гландулоциттерден сыртқа бөлу сипатына қарай: мерокринді (бөлінді белу кезінде жасуша құрылымы бұзылмай, сел сүзіліп шығады), апокринді (жасуша жартылай бұзылады) және голокринді (жасушалар толық бұзылып, бөліндіге айналады) бездерге бөлінеді. Бөліндінің құрамына сәйкес: протеинді, кілегейлі, протеинді-кілегейлі экзокринді бездер (сыртқы секреция бездері) болып ажыратылады.