Америкалық кинематографиялық өнер және ғылым академиясының сыйлығы, ресми түрде — «Академия сыйлығы» (Academy Awards), 1940-жылдардан бастап «Оскар» (ағылш. Oscar) деген атпен танымал — кино өнері мен оның техникалық салаларындағы жетістіктер үшін жыл сайын табысталатын әлемдегі ең беделді марапат. Бұл сыйлықты жыл сайын АҚШ-тың Кинематографиялық өнер және ғылым академиясы (AMPAS) кино саласындағы үздік туындылар мен мамандарды марапаттау мақсатында ұсынады. Жеңімпаздарды Академияның мүшелері дауыс беру арқылы анықтайды.
| «Оскар» сыйлығы | |
|---|---|
| |
| «Оскар» мүсіншесі | |
| Шынайы атауы | ағылш. Academy Awards |
| Мемлекет | |
| Түрі | Кинематографиялық |
| үшін марапатталады | Киноөнері мен ғылымына қосқан зор үлесі үшін |
| Негіздеуші | Луис Барт Майер (AMPAS негізін қалаушы) |
| Жағдайы | белсенді |
| Негізделді | 1929 жыл |
| Сайты | oscars.org |
| Academy Awards Ортаққорда | |
Алғашқы «Оскар» марапаттау рәсімі 1929 жылы өтті. 1930 жылғы екінші рәсім радио арқылы хабарланған алғашқы шара болса, 1953 жылғы рәсім алғаш рет теледидардан көрсетілді. 2002 жылдан бастап марапаттау рәсімі Лос Анжелес қаласындағы «Долби» театрында (2012 жылға дейін «Кодак» деп аталған) өткізіліп келеді. Оскар — жыл сайын табысталатын төрт ірі америкалық ойын-сауық марапатының ішіндегі ең көнесі. Оның баламалары: телевизиядағы «Эмми», театр өнеріндегі «Тони» және музыкадағы «Грэмми» сыйлықтары осы Академия марапатының негізінде жасалған.
«Оскар» мүсіншесі арт деко стилінде жасалған рыцарьды бейнелейді.

Тарихы
Алғашқы «Оскар» марапаттау рәсімі 1929 жылдың 16 мамырында «Голливуд Рузвельт» қонақүйінде өткен жеке кешкі ас кезінде ұйымдастырылды. Шараға шамамен 270 адам қатысты.
Марапаттаудан кейінгі кеш «Мэйфэйр» қонақүйінде өтті. Сол кешкі салтанатқа қонақтарға арналған билеттің құны 5 доллар (бұл 2024 жылғы бағаммен 92 долларға тең) болды. 1927–28 жылдар аралығындағы жұмыстары үшін сол кездегі киноиндустрияның әртістеріне, режиссерлеріне және басқа да қатысушыларына 15 мүсінше табысталды. Рәсім небәрі 15 минутқа созылды.
Осы алғашқы салтанатта жеңімпаздардың есімдері БАҚ өкілдеріне үш ай бұрын хабарланған болатын. 1930 жылғы екінші рәсімде және одан кейінгі алғашқы онжылдықта нәтижелер газеттерге марапаттау кешіндегі сағат 23:00-де жариялау үшін беріліп отырды. Алайда, 1940 жылы Los Angeles Times басылымы жеңімпаздарды рәсім басталмай тұрып жариялап жіберді. Соның салдарынан, 1941 жылдан бастап Академия жеңімпаздардың есімдерін ашу үшін жабық конверттерді қолдана бастады.
«Үздік актер» номинациясы бойынша алғашқы жүлдені «Соңғы бұйрық» (The Last Command) және «Тән азабы» (The Way of All Flesh) фильмдеріндегі рөлдері үшін Эмиль Яннингс иеленді. Ол марапаттау рәсіміне дейін Еуропаға қайтуы керек болғандықтан, Академия оған жүлдені ерте беріп жіберді; осылайша ол «Оскар» тарихындағы ең алғашқы лауреат атанды.
Алғашқы марапаттау рәсімінде жеңімпаздар іріктеу кезеңі аралығындағы бірнеше фильмдері үшін марапатталатын. Мәселен, Яннингс өзі басты рөл сомдаған екі фильм үшін марапатталса, Джанет Гейнор үш бірдей фильмдегі рөлі үшін алғашқы «Үздік актриса» жүлдесін жеңіп алды. Екінші рәсімнен бастап актерлер әр фильм үшін бөлек номинациялар алатын болды. Ал үшінші марапаттау рәсімінен бері бір номинация бойынша бірнеше фильммен қатар түскен актерлер болған емес.
«Үздік шет тіліндегі фильм» номинациясы (қазіргі таңда «Үздік халықаралық толық метраждыфильм» ретінде белгілі) 20-шы марапаттау рәсімінде арнайы жүлде ретінде енгізіліп, 29-шы «Оскар» салтанатынан бастап негізгі бәсекелестік номинацияға айналды.
1973 жылдан бері барлық «Оскар» марапаттау рәсімдері (2021 жылды қоспағанда) «Үздік фильм» номинациясымен аяқталады.
2002 жылы өткен 74-ші «Оскар» марапаттау рәсімінде алғаш рет «Үздік анимациялық толықметражды фильм» номинациясы ұсынылып, оны «Шрек» мультфильмі жеңіп алды.
2020 жылдың 9 ақпанында өткен 92-ші «Оскар» марапаттау рәсімінде «Паразиттер» туындысы «Үздік фильм» номинациясын жеңіп алған алғашқы шет тіліндегі фильм атанды.
Мүсіншенің «Оскар» деген лақап атының шығу тарихы әлі күнге дейін даулы, өйткені бұл атауды кім қойғаны туралы нақты дерек жоқ.
Оскар номинациялары
Негізгі номинациялар
Қазіргі уақытта «Оскар» сыйлығы 25 негізгі номинация бойынша табысталады:
|
|
2024 жылдың ақпанында Академия жаңа номинацияның пайда болғанын жариялады: 2026 жылдан бастап марапат Үздік кастинг үшін берілетін болады.
2025 жылдың сәуірінде Академия «Үздік трюктер дизайны» номинациясын тағайындағанын хабарлады. Бұл номинация бойынша марапат алғаш рет 2028 жылы 100-ші «Оскар» марапаттау рәсімінде табысталады.
Арнайы номинациялар
Арнайы «Оскар» марапаттарына бүкіл Академия мүшелері емес, арнайы комитеттер дауыс береді. Бұл жүлделер міндетті түрде жыл сайын беріле бермейді.
Қазіргі арнайы категориялар
- Құрметті Оскар сыйлығы (Academy Honorary Award): 1930 жылдан бері табысталады.
- Ғылыми-техникалық жетістіктері үшін Оскар сыйлығы (Academy Scientific and Technical Award): 1931 жылдан бері берілетін үш түрлі марапат.
- Гордон Сойер атындағы сыйлық (Gordon E. Sawyer Award): 1982 жылдан бері.
- Джин Хершолт атындағы гуманитарлық сыйлық (Jean Hersholt Humanitarian Award): 1957 жылдан бері.
- Ирвинг Тальберг атындағы сыйлық (Irving G. Thalberg Memorial Award): 1938 жылдан бері.
Тоқтатылған арнайы категориялар
- Академияның балалар сыйлығы (Academy Juvenile Award): 1935 жылдан 1961 жылға дейін берілді.
- Ерекше жетістіктері үшін Оскар сыйлығы (Academy Special Achievement Award): 1973 жылдан 1996 жылға дейін тұрақты түрде, сондай-ақ 2018 жылы берілді.
Ескірген номинациялар
| Енгізілді | Тоқтатылды | Номинация |
|---|---|---|
| 1928/29 | 1928/29 | Үздік режиссер (комедиялық фильм) |
| Үздік режиссер (драмалық фильм) | ||
| Үздік инженерлік эффектілер | ||
| Үздік титрлер | ||
| Үздік бірегей және көркем қойылым | ||
| 1957 | Үздік әдеби негіз | |
| 1932/33 | 1936 | Үздік қысқаметражды фильм — Комедия |
| Үздік қысқаметражды фильм — Новелла | ||
| 1933/34 | 1938 | Үздік режиссер көмекшісі |
| 1936 | Үздік хореография | |
| 1937 | Үздік қысқаметражды фильм — Түрлі-түсті | |
| 1957 | Үздік қысқаметражды фильм — 1 бөлімді | |
| Үздік қысқаметражды фильм — 2 бөлімді | ||
| 1964 | 2020 | Үздік дыбыс монтажы |
| 1996 | 1999 | Үздік музыкалық немесе комедиялық фильм музыкасы |
Қазақстан атынан ұсынылған фильмдер
Тек бір қазақстандық фильм («Моңғол») сыйлыққа ұсынылды. Екі фильм («Келін» және «Айка») тоғыз фильмнің қысқа тізіміне (Шорт-лист) енді, бірақ қорытынды номинацияға жете алмады.