| Барақ Сатыбалдыұлы | |
| Туған күні | 1743 |
|---|---|
| Туған жері | Сам құмы, Үстірт, Бейнеу ауданы |
| Қайтыс болған күні | 1840 |
| Қайтыс болған жері | Сам құмы, Үстірт, Бейнеу ауданы |
| Мемлекет | |
| Әскер түрі | жасақ |
| Қызмет еткен жылдары | 1761-1840 |
| Атағы | батыр |
| Шайқасы | Сырым Датұлы бастаған қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы |


Барақ Сатыбалдыұлы (1743, Үстірт, Сам құмы — 1840, сонда) — батыр, Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі.
Өмірбаяны
Барақ Сатыбалдыұлының батыр атағы 18 жасында (1761) торғауыт батыры Алакөбікті жекпе-жекте жеңгеннен кейін шықты. 18 ғасырдың 70-жылдарына дейін шөмішті-табын қолын бастап, Еділ мен Жайық арасында қалмақтармен соғысты. 1785-1792 жылдары Сырым Датұлы бастаған Ресей отаршылдығына қарсы күресте көтеріліс басшыларының қатарында болды.
Сырымның жақын серігі Барақ Сатыбалдыұлы 3 мыңдық жасағымен Орынбор шебіндегі қамал-бекіністер бойында және қазақ даласына жіберілген патша үкіметінің жазалаушы отрядтарымен кескілескен шайқастар жүргізді. Орал әскери кеңесінің рапортында (1785 жылы наурыз) Барақ Сатыбалдыұлының екімыңдық жасағымен үкімет әскеріне қарсы тұрғаны жазылған. Барақ Сатыбалдыұлының әскери күші туралы барон О.А. Игельстромның император Екатерина ІІ-ге жазған хатында да айтылады. Батырдың тегеурінді қарсылық әрекеттері орыс отаршыларының зорлық-зомбылығын шектеп, Жайықтың оң жағалауындағы қазақ жерлерін сақтап қалуға септігін тигізді, Батыс Қазақстанның отарлануын тежеп, әскери бекіністердің көптеп салынуына жол бермеді. Барақ Сатыбалдыұлының есімі табын руының ұранына айналды.
Отбасы және естелік
Оның ерліктері “Барақ батыр” дастанына арқау болған. Барақтың ұлы Асау (1763-1846) мен немересі Дәуіт те атақты батырлар болған. Барақ пен Асау батырлар Сам құмында Тұрыш ауылының оңтүстік-шығысында, 15 км жерде жерленген. 1993 жылы Барақтың бейітіне күмбезді кесене тұрғызылды.
- Алфавит бойынша тұлғалар
- 1743 жылы туғандар
- Бейнеу ауданында туғандар
- 1840 жылы қайтыс болғандар
- Бейнеу ауданында қайтыс болғандар
- Қазақ батырлары
- Ұлт-азаттық қозғалыстардың көсемдері