Қолдау
Тегін жүктеу және ақпараттық платформа

​Мұхаммедғазы"},"Партиясы":{"wt":""},"Білімі":{"wt":""},"Мамандығы":{"wt":""},"Қызмет еткен жылдары":{"wt":""},"Құрамында болды":{"wt":""},"Әскер түрі":{"wt":""

Елбарыс хан

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

​I Елбарыс хан
түрікм. Ilbars-Han; өзб. Elbarsxon
Лауазымы
Хиуа хандығының ханы
1511  1518
Ізашары Лауазым пайда болды
Ізбасары Сұлтан Қажы хан (1518–1519)
Өмірбаяны
Дүниеге келуі 1456 (1456)
Орталық Азия
Қайтыс болуы 1518 (1518)
Көнеүргеніш, Хиуа хандығы
Балалары Сұлтанғазы
​Мұхаммедғазы

​I Елбарыс хан (Әбіл-Мансұр Елбарыс; 1456–1518) — өзбектің Хорезм ханы және Хорезм мемлекетіндегі Арабшахтар әулетінің негізін қалаушы. Ол 1511–1518 жылдары Көнеүргеніш қаласынан билік жүргізді. Шыңғыс хан әулетінің Шайбанилер тармағынан шыққан.

Өмірбаяны

Өзбек ұлысының билеушісі Жәдігер ханның төрт ұлы болған, соның бірі — І Елбарыс ханның әкесі Береке сұлтан. І Елбарыс ханның Білбарыс есімді інісі болды, ол ел арасында көбіне Білікіш есімімен танымал еді. Олар туралы Хиуа ханы әрі тарихшы Әбілғазы былай деп жазған:

« Береке сұлтаннан екі ұл қалды: үлкенінің есімі — Елбарыс, кішісі — Білбарыс... Екі ұлы да ержеткенде ширақ, айбынды батыр болды; олар әкесінің жұртында тұрды. Шайбани хан (оған Алланың рақымы жаусын!) Мәуереннахрды иеленді; сол себепті олардың иеліктері қолдарынан кетті. Бұл иелікте тек Жәдігер ханның ұлдары ғана қалған еді. »

Саяси және әскери қызметі

​XVI ғасырдың басында Хорезм Темір әулетінен шыққан Хусейн Байқараның иеліктері құрамында болды және 1505 жылы оның бас қаласы Үргенішті 11 ай бойы қоршауға алғаннан кейін Шайбани хан жаулап алды. 1510 жылы Шайбани хан қаза тапқан соң, Хорезм І Исмаилдың билігіне өтті, бірақ қызылбастардың үстемдігі ұзаққа созылмады.

Билікке келуі

​Хорезмнің солтүстігіндегі Уәзір қаласының тұрғындары арасында Сефевилер билігіне қарсы астыртын әрекет ұйымдастырылды. Сефевилік наместниктерді өзбек тайпаларының өкілдерімен алмастыруды ұйымдастырушылардың бірі — Хорезмге танымал шейх Сейіт Ата Сейіт Ахметтің ұрпағы Сейіт Хисамиддин Китал болды. Оның бастамасымен 1511 жылы Уәзір қаласының тағына Береке сұлтанның ұлы I Елбарыс шақырылды. ​Астыртын әрекетті ұйымдастырушылар Елбарысты інісімен бірге Дешті Қыпшақтан шақыртып, олар бұл үндеуге жауап беріп, Хорезмге келді. Шах наместнигі Рахманқұл араб бастаған Уәзірдегі барлық қызылбастардың көзі жойылды. Осыдан кейін халық жиналысы ұйымдастырылып, онда Елбарыс хан болып жарияланды және қаланың бұрынғы басшысының үйіне орналастырылды.

Келісім бойынша, үш лауазымды тұлға Елбарысқа Хорезм тағына отыру туралы өтінішпен барады. Шабарманның бірі қайтып келіп, Елбарыстың інісі Байбарыспен бірге жеткенін хабарлағанда, «кәрі-жас» түгелдей қызылбастарға қарсы аттанды. Келесі күні таңертең Елбарыс сұлтан Уәзір қаласына кірді. Әбілғазының жазуынша, лауазымды тұлғалар мен халықтың қатысуымен «өзбектер мен сарттар» Елбарысты таққа отырғызды, «бұл қой жылы, хижра бойынша 911 жыл (1511) еді». Мунистің айтуынша, осы уақыттан бастап Елбарыс хан «басына хорезмшахтардың тәжін киді».

Хорезмнің бірігуі

​Хан болып жарияланғаннан кейін Елбарыс ханға Уәзір қаласы мен оның маңындағы қызылбастарды қыруға қатыспаған елді мекендер бағынды. Жаңғы шаһар ханның інісі Білбарыс сұлтанға, ал Терсек ханың «ерекше» наместнигі — нөкеріне берілді. Бұл уақытта Хорезмнің қалған қалаларында шахтың екі даруғасы немесе наместнигі билік жүргізіп тұрған еді. Деректерден Үргеніш даруғасының есімі Сұбханқұл араб болғаны белгілі, ал Хиуа мен Хазарасп даруғасының есімі беймәлім.

1512 жылы Үргеніш үшін болған шайқаста Шайбани әулетінен шыққан Елбарыс ханның әскері жеңіске жетеді. Елбарыс хан Үргенішті иеленген соң, Дешті Қыпшақтан немере ағалары Әбілек хан мен Әмінек ханды шақыртады. Олар өздеріне қарасты өзбек руларын Үргенішке көшіріп әкеліп, жиендерінің алдағы жоспарларына қолдау көрсетеді. Біраз уақыттан кейін Хиуа мен Хазарасптағы қызылбастардың көзі жойылып, Хорезмнің барлық иелігі олардан толық тазартылады.

Нәтижесінде 1512 жылға қарай мемлекет басына Дешті Қыпшақ даласынан келген, жаңа әулеттің негізін қалаушы хандар келді. Бұл әулет Мәуереннахрдағы Шайбанилермен туыс болып келеді және еуропалық тарихи әдебиеттерде Хорезмде 200 жылға жуық билік құрған Арабшахтар деген атпен көбірек танымал. Бастапқыда жаңа билеуші әулеттің негізгі әлеуметтік тірегін, негізінен, кезінде Әбілқайыр ханға қарсы шығып, Шайбани ханмен бірге Мәуереннахрға кетпеген тайпалар құрады. Осылайша Хорезм дербес мемлекетке айналды.

Түрікмендерді бағындыруы

​Деректерден белгілі болғандай, І Елбарыс ханның інісі Білбарыс Маңғыстау жорығы кезінде әскерге басшылық етіп, Маңғыстау түрікмендерін Хорезмге бағындырған. Сондай-ақ, сефевилік шах І Исмаил қайтыс болғанға дейін Арабшахтардың Хорасанға жасаған шапқыншылықтары туралы айтылады. Ал шах қайтыс болғаннан кейін, қазіргі Түрікменстанның оңтүстік бөлігіндегі аймақтардың барлық наместниктері бұл жерлерден қашып кеткендігі жазылған. Арабшахтардың іс-әрекетін сипаттай келе, Әбілғазы былай деп жазады:

« «Олар Хорасанға шапқыншылық жасай бастады. Осы кезде Исмаил шах дүние салды. Хорасан тауларының теріскей бетіндегі, шығыста Мегинаға, батыста Дарунға дейінгі барлық аймақтың билеушілері өзбектерден сескеніп, өз иеліктерін тастап қашты. Осылайша өзбектердің иелігі кеңейді: олардың басшылары сол аймақтарға кіріп, иелік ете бастады. Содан бері олар оңтүстікте Хорасанға, батыста Абылхан мен Маңғыстауға сан мәрте күйрете жорықтар жасап тұрды». »

Мәдениет саласындағы саясаты

​І Елбарыс хан «шыншыл мүмін әрі тақуа» билеуші болған. Сарай тарихшысы Өтеміс қажы өз қызмет жолын І Елбарыс ханның сарайында бастаған. Мәулән Мұхаммед Достиұлы Өтеміс қажы (XVI ғасыр) — тарихшы, 1550 жылы жазылған «Тарихи Дост-сұлтан» (Дост-сұлтан тарихы) трактатының авторы. Өтеміс қажы Елбарыс ханға қызмет еткен ықпалды әулеттен шыққан. Өтеміс қажының ата-бабалары Жәдігер ханға қызмет етсе, оның өз мансабы Елбарыс ханның тұсында басталды.

Хорезмдегі Арабшахтар әулетінің билігі Дешті Қыпшақ даласынан келген көшпелі халықтың Хорезмге жаппай енуі мен біртіндеп отырықшылану процесін жандандырды. Сондай-ақ бұл әулет түрлі саяси және әлеуметтік институттарға көшпелі халықтардың дәстүрлерін енгізуге ықпал етті.

Отбасы

​І Елбарыс ханның сегіз ұлы болған, олардың ішінде тек үлкен екеуінің есімі белгілі: Сұлтанғазы және Мұхаммедғазы. Ол өз ұлдарының есіміне «ғазы» ныспысын беріп отырған, ал оның інісі Білікіш сұлтан өз ұлдарының есіміне «қажы» ныспысын қосқан. Тарихи әдебиеттерде «ғазы» ныспысының есімдерге қосыла бастауы І Елбарыс ханның Уәзір қаласын қызылбастардың қол астынан азат етуінің құрметіне байланысты екені айтылады.

Қайтыс болуы

​Елбарыс хан 1518 жылы дүние салып, билікке Сұлтан Қажы хан келді. Әмударияның қос жағалауындағы қалаларға іргелес жатқан жерлерді хан әулетінің өкілдері басқарды. Олардың міндетіне ханның шақыруымен әскери қызмет атқару кірді, сол үшін бағынышты жерлерден жиналатын алым-салық қазынаға емес, өз пайдаларына түсіп тұрды. Мұндай саясат орталықтан тепкіш үрдістердің күшеюіне алып келді. Бұл жағдай І Елбарыс хан қайтыс болғаннан кейін, билеуші әулеттің түрлі тармақтары арасында билік үшін әулеттік күрес басталған кезде айқын көрініс тапты.

Әдебиет

  • Гулямов Я. Г., История орошения Хорезма с древнейших времен до наших дней. Ташкент. 1957
  • История Узбекистана. Т.3. Т., 1993.
  • Құраст. Лунин Б. В. История Узбекистана в источниках  Ташкент: «Фан» Узбекской ССР, 1984. — 222 б.
  • Муминов И. М. ред. История Хорезма: с древнейших времен до наших дней  Ташкент: «ФАН» АН Узбекской ССР, 1976. — 314 б.
  • Султанов Т. И. Судьба властной элиты Дешт-и Кипчака // Чингиз-хан и чингизиды  Москва: АСТ Москва, 2006. — Б. 180. — 445 б. — ISBN 5-17-035804-0; 5-9713-1680-X.
  • Тревер К. В. История народов Узбекистана. От образования государства Шейбанидов до Октябрьской Революции. / Якубовский А. Ю., Воронец М. Э.  Ташкент: АН УзССР, 1947. — Т. 2. — 514 б.
  • Н. Н. Мингуловтың ауд. Тарих // Материалы по истории казахских ханств XV-XVIII веков. (Извлечения из персидских и тюркских сочинений).  Алма-Ата: Наука, 1969.
  • Хорезм в истории государственности Узбекистана / Ртвеладзе Э. В., Алимова Д. А.  Ташкент: «Узбекистан файласуфлари миллий жамияти», 2013. — 336 б.
  • Утемиш-хаджи ибн Маулана Мухаммад Дости От ответственного редактора // Чингиз-наме / Б. А. Ахмедов ред.  Алма-Ата: Гылым, 1992.
  • Веселовский Н. И. Очерк историко-географических сведений о Хивинском ханстве.  Спб, 1877. — Б. 101.
Жоғары