Қолдау
Тегін жүктеу және ақпараттық платформа

Жар Мұхаммед — Маңғышлақ ханның ұлы, Алтын Орданың іс жүзіндегі соңғы ханы Кіші Мұхаммедтің немересі және Жошының ұлы Тоқа Темірдің ұрпағы. «Бахр ал-асрар» мәлі

Жар Мұхаммед

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Жар Мұхаммед
Өмірбаяны
Дүниеге келуі XVI ғасыр
Қайтыс болуы XVII ғасыр
Әкесі Маңғышлақ хан

Жар МұхаммедМаңғышлақ ханның ұлы, Алтын Орданың іс жүзіндегі соңғы ханы Кіші Мұхаммедтің немересі және Жошының ұлы Тоқа Темірдің ұрпағы. «Бахр ал-асрар» мәліметтеріне сәйкес, ол әкесімен бірге Мәуереннахрға келіп, Маңғышлақ хан қайтыс болғаннан кейін 14 жасында Аштархан әулетінің басшысы болды.

Өмірбаяны

Төртінші рүкіннің 11-тарауында Махмуд ибн Уәли барлық Аштархан әулетінің ресми басшысы Жар Мұхаммед ханның билікке келуі туралы баяндайды. Айта кететін жайт, «Бахр ал-асрардан» басқа ешбір дереккөзде Жар Мұхаммед ханның қай жерде болмасын билік жүргізгені туралы айтылмайды. Махмуд ибн Уәли шығарманың бұл бөлігінде саяси әдепті сақтау үшін оқиғалардың хронологиясын саналы түрде бұзған. Жар Мұхаммед Қандағардан оралғаннан кейін ғана, 1599–1600 жылдары хан деп жарияланды. Осы үзік мәліметтерге сүйене отырып, зерттеушілер оны еш жерде билік құрмаған деп есептейді. Барлық істерді оның ұлы Жәни хан (Жәнибек, Жәни Мұхаммед) және немерелері Дін Мұхаммед пен Бақи Мұхаммед басқарған. Бұхара ханы Абдалмумин қайтыс болғаннан кейін, Дін Мұхаммед пен Бақи Мұхаммедтің бастамасымен Жар Мұхаммед хан Хорасан мен Забулистанның ханы болып жарияланды, десе де әулеттің нақты басшысы бұрынғысынша оның немересі Дін Мұхаммед болып қала берді. Дін Мұхаммед 1598 жылы Гератта өз атасы Жар Мұхаммедтің атынан құтпа оқытып, теңге соқтырды. Сәл кейінірек оның басқа немерелері Бақи Мұхаммед Самарқандта және Уәли Мұхаммед Балхта Жар Мұхаммедтің есімімен теңгелер шығарды.

Осылайша, II Абдолла ханның бұрынғы империясының аумағында төрт негізгі саяси орталық қалыптасты: II Пірмұхаммед хан билік құрған Бұхара, Әбдіуәси бидің қол астындағы Самарқанд, Әбділамин сұлтан иелік еткен Балх және Аштархан әулетінен шыққан Жар Мұхаммед пен Дін Мұхаммедтің билігіне өткен Герат.

1601 жылы Бағишамал жерінде II Пірмұхаммед хан әскері мен Аштархан әулеті арасында болған шайқас кезінде Жар Мұхаммед, Жәни Мұхаммед және әулеттің басқа да мүшелерімен бірге Самарқандтан шықпады. Махмуд ибн Уәли бұл әрекетті «сақтық мақсатында» деп түсіндіреді. II Пірмұхаммедті жеңгеннен кейін Аштархан әулеті мемлекет астанасы Бұхараны және Мәуереннахрдың маңыздылығы жағынан екінші қаласы Самарқандты өз бақылауына толық алды. Бұхара хандығының жоғарғы билеушісі болып сол кезде жасы едәуір ұлғайған Жар Мұхаммед жарияланды. Ол мемлекетті басқаруға батпай, билікті өзінің үлкен ұлы Жәни Мұхаммедке берді. Осылайша хан билігі мен егемендігінің барлық нышандары (құтпа, сикка, лауазымдар) Жәни Мұхаммедке өтті. 1601 жылдан бастап төрт ақша сарайында: Бұхара, Балх, Самарқанд және Ташкентте Жәни Мұхаммедтің есімімен теңгелер шығарыла бастады.

Жар Мұхаммедтің 6 ұлы және 2 қызы болған. Жәні Мұхаммед хан, Аббас сұлтан, Рахманқұл сұлтан — бұлардың анасы Қожа Мир Хайдар әулетінен шыққан Шах бигім; Мәлік сұлтан, Тұрсын Мұхаммед сұлтан — бұлардың анасы қоңырат тайпасынан шыққан Шайх бигім.

Бұл әулет өкілінің туған және қайтыс болған жылдары белгісіз. Махмуд ибн Уәлидің айтуынша, ол әулетті жас кезінде басқарған және Бұхарадағы Хазірет Қожа Бузург мазарында жерленген.

Жар Мұхаммед қайтыс болғаннан кейін, әулеттің ресми ағасы болып оның ұлы Жәни Мұхаммед қалды.

Әдебиет

  • Алексеев А. К. Политическая история Тукай-Тимуридов: По материалам персидского исторического сочинения Бахр ал-асрар  СПб.: С.-Петерб. ун-та, 2006. — 229 б. — ISBN 5-288-03987-9.
  • Давидович Е. А. Корпус золотых и серебряных монет Шейбанидов. XVI век.  М.: Наука. Главная редакция восточной литературы, 1992. — 504 б. — ISBN 5-02-017171-9.
Жоғары