
Афина не болмаса Минерва үкісі — бүкіл Батыс әлемінде білімнің, даналықтың, көрегендіктің және эрудицияның символы болып есептеледі.
Ежелгі грек мифологиясында кішкентай үкі (Athene noctua) дәстүрлі түрде даналық пен соғыстың пәк құдайы — Афинаны бейнелейтін немесе оны ертіп жүретін жануар ретінде қабылданған. Рим мифологиясында Афинаға теңестірілген Минерва құдайымен де осы үкі байланыстырылған. Осыған байланысты бұл құс — көбінесе «Афина үкісі» немесе «Минерва үкісі» деп аталады
Үкі бейнесі Жаңа дәуір философиясында да метафора ретінде қолданылды. Мысалы, Георг Вильгельм Фридрих Гегельдің әйгілі афоризмі кең таралған: «Минерва үкісі ымыртта ғана ұшады (немесе қанатын жаяды)». Бұл сөз тіркесі адамға өз дәуірінің шындығын тек өткеннен кейін ғана толық түсінуге болатынын білдіретін философиялық ойды білдіреді.
Антикалық әлем
Ежелгі Грекия
Афина мен үкінің арасындағы байланыс себептері нақты анық емес. Кейбір мифографтар, мысалы Дэвид Кинсли мен Мартин П. Нильссон, Афина Миной өркениетіндегі құстармен байланыстырылған сарай құдайынан тарауы мүмкін деп болжайды, ал Мария Гимбутас Афинаның шығу тегін Еуропаның көне дәуіріндегі құс пен жылан құдайы бейнесінен іздеуге тырысады.
Басқа көзқарас бойынша, Синтия Бергер үкінің кейбір қасиеттері — мысалы, түнде көру қабілеті — оны даналықтың символына айналдыруға себеп болды деп пайымдайды, ал Джеффри Арнотт секілді зерттеушілер Афинаның пайда болуы туралы мифтер мен ежелден бері белгілі — аймақта үкілердің көптеп кездесетіндігі арасындағы қарапайым байланысты алға тартады (бұл жайлы көне заманның өзінде-ақ Аристофан «Құстар» және «Лисистрата» пьесаларында атап өткен). Шамамен б.з.д. 400 жылы ол «Афинаға үкі тасу» деген тіркесті енгізген. Бұл сөз тіркесі мағынасыз, қажетсіз іс-әрекетті білдіреді — яғни бір жерде онсыз да көп нәрсені сол жерге тағы әкелу, артық әрекет жасау.
Қалай болғанда да, Афина қаласы өз қамқоршысы — пәк құдайы Афинаға адалдығының белгісі ретінде үкіні қабылдағандай көрінеді. Танымал шығу тегі туралы мифке сәйкес, бұл оқиға Парфенон ғимаратының батыс фронтонында бейнеленген: онда Афина қала тұрғындарының қолдауын Посейдонға қарағанда тартымдырақ сыйлық ұсынып, өзіне қаратып алғаны баяндалады.
Үкі бейнесі афиналықтар тарапынан жиі пайдаланылған — оларды құмыраларға, таразы тастарына және Панафиней ойындарындағы жеңімпаздарға арналған амфораларға салып отырған. Афина үкісі б.з.д. 510 жылдан кейін Афина тетрадрахмаларының негізгі бетінде жиі бейнеленетін болды. Филохордың айтуынша, бұл тетрадрахма бүкіл ежелгі дүниеде глаукс (γλαύξ — кішкентай үкі) атауымен танымал болған және қазіргі нумизматикада да «үкі» деп аталады.
Дегенмен, үкілер тек Афинада ғана Афина құдайын бейнелеу үшін қолданылған емес. Олар басқа грек қалаларында да рух беруші белгі ретінде пайдаланылған. Мысалы, б.з.д. 310 жылы Сиракузалық Агафокл карфагендіктерге қарсы шайқаста жеңіске жеткенде, ұрыс алаңы үстінен ұшқан үкілер Афинаның батасын білдіретін белгі ретінде қабылданған. Сол сияқты, үкілердің ерекше мағынасы Саламин шайқасында да байқалады — бұл оқиға Плутархтың Фемистокл өмірбаянында суреттелген.
Рим мифологиясында
Үкі мен құдай арасындағы байланыс римдік мифологияда Минерва арқылы жалғасын тапты, онда ол Афинамен теңестірілген, бірақ Минерва кейде үкіні жай ғана қасиетті немесе сүйікті құс ретінде қабылдайды. Мысалы, Овидийдің «Метаморфозаларында» қарға (Корона) өзінің құдайдың қасиетті құсы ретіндегі орнын үкі алып қойғанына шағымданады. Бұл оқиғада үкі — Лесбос патшасы Эпопейдің қарғыс атқан қызы Никтимена болып шығады.
Этрустарда де үкі Минерва құдайының атрибуты болған. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, Минерва — этрус тектес құдайша, ал кейінірек оны римдіктер мен басқа италиялық мәдениеттер Минерва ретінде қабылдап алған.
Ежелгі Рим фольклорында үкілер өлімнің нышаны ретінде қабылданған — егер олар үйдің төбесінде отырып үкілік болса, бұл жақында болатын өлімнің белгісі деп саналатын. Сондай-ақ, ұйықтап жатқан адамның жанына үкінің қауырсынын қою — оның түсінде сөйлеп, құпияларын ашуына себеп болады деген сенім болған.
Жаңа дәуірде қолданылуы
Иллюминаттар ордені
Жаңа дәуірде үкінің бейнесі көбіне интеллект және рационалдылықпен байланыстырылатын болды. 1776 жылдан 1785 жылға дейін өмір сүрген радикалды-ағартушылық бағыттағы құпия қауымдастық — Иллюминаттар ордені — үкіні, ашық кітаптың үстінде отырған бейнеде, даналықтың символы ретінде қолданған.
Гегель
Ақыл-ойды түнгі үкіге теңеу метафорасы философияда кем дегенде Аристотельдің «Метафизикасынан» бастау алады: онда жарқанаттың күндіз нашар көруі мен адамның таным қабілеті арасындағы ұқсастық келтіріледі (Аристотель, Met. II 993 b9–11). Бұл — таным үрдісіне күмәнмен қарайтын, яғни теріс реңктегі эпистемологиялық метафора — кейінгі философиялық дәстүрлер арқылы ұзақ уақыт бойы жалғасып отырған. Мысалы, Томас Аквиндік де осы бейнені «Пұтқа табынушыларға қарсы Сумма» атты еңбегінде (45 сұрақ та) қолданған.
Ал 19 ғасырдағы неміс идеалист философы Георг Вильгельм Фридрих Гегель, керісінше, осы бейнені оң мағынада қолдана отырып, әйгілі афоризм айтқан: «Минерва үкісі ымырт түскенде ғана қанат жаяды». Бұл — философия тарихи жағдайды оның аяқталу сәтінде ғана түсіне бастайды дегенді білдіреді. Философия тек «шынайылықтың кемеліне келген сәтінде» пайда болады, өйткені ол өткенге қарап түсінеді.
Философия — дүниенің ой түріндегі көрінісі — шынайылық өзінің қалыптасу үдерісін аяқтап, дайын болған кезде ғана пайда болады. Осылайша, тарих мына қағиданы растайды: тек шынайылықтың кемеліне келген сәтінде ғана оған қарсы тұратын идеал пайда болады, ол нақты дүниенің мәнін ұғынып, оны ақыл-ой патшалығына айналдырады.
Философия сұр түсті сұрға бояған кезде (яғни, бәрін ой елегінен өткізіп, бейтарап бағалағанда), өмірдің бір формасы ескіреді, ал оны бұл сұрлық арқылы қайта жасарту мүмкін емес — тек тану ғана мүмкін. Минерва үкісі тек түн көлеңкесі түсе бастағанда ғана ұшады.
— Г.В.Ф. Гегель, Құқық философиясы (1820), «Кіріспе».
Клаус Фивег бұл үзіндіні өзінің Гегельге арналған өмірбаянында «философия тарихындағы ең көркем метафоралардың бірі» деп сипаттайды. Жақында жүргізілген зерттеулерге сәйкес, дәстүрлі философиялық ойға қарсы тұрған Гегельдің бұл бейнелі, оң метафорасы алғаш рет 1795 жылы Йенада — Гёте мен аса танымал емес философиялық жазушы Якоб Герман Оберейттің шығармаларының арасында пайда болған болуы мүмкін. Гегель Йенаға көп ұзамай келіп, дәрістер оқыған.
Геральдикада пайдалануы
Швейцариядағы Монтаньола елді мекенінің елтаңбасында Минерва үкісі бейнеленген. Ол циркульдің үстінде отыр, ал Монтаньола құрамына кіретін Коллина-д’Оро саяси қауымдастығының елтаңбасында осы циркульге сәйкес келетін бұрыш өлшегіш те бар. Минерва үкісі, циркуль және бұрыш өлшегіш — барлығы да франкмасондықтың (еркін құрылысшылардың) рәміздері болып табылады және бұл символдар қала тарихымен байланысты: өткенде бұл жерде, мысалы, Деметрио Камуцци сияқты көптеген еркін ойшылдар өмір сүрген.
Нумизматикада пайдалануы
Минерва үкісі грек 1 еуро тиынында да бейнеленген — бұл бейне б.з.д. V ғасырдағы ежелгі афиналық тетрадрахмадағы көрініске сәйкес жасалған. Ол грек мифологиялық дәстүрлерін, сондай-ақ олардың мәдениетін — әсіресе батыс философиялық және ғылыми ойының негізін қалаған философиялық және ғылыми мұрасын еске салу мақсатында таңдап алынған.
- Ежелгі грек мифологиясы
- Рим мифологиясы
- Ежелгі Грекия тиындары
- Афина